Жуырда қазақстандық кәсіпкер, BI Group құрылыс компаниясының негізін салушы Айдын Рахымбаев өзінің Facebook парақшасында мектептердегі оқу аптасын ұзарту туралы бастама көтерді. 

"Еліміздегі білім деңгейі алдыңғы қатардағы мемлекеттерден неге төмен екендігін зерттеп көрдік. Оның бір себебі – оқу жылының ұзақтығы, мысалы, кәрістің баласы 42 апта оқыса, біздегілер тек 34 апта оқиды. Яғни қазақстандық он бірінші сыныптың оқушысының білім деңгейі кәрістің тоғызыншы сыныптағы баласымен тең. Оған қоса, олар мектептен 70 қана күн, ал қазақтың балалары 120 күн демалатынын білдіреді. Бірақ американдық зерттеулер бойынша ұзақ уақыт демалған бала оқыған материалының төрттен бірін ұмытып қалады. Сондықтан біз Binom мектептерінде оқу жылын 38 аптаға дейін ұзартуды ұсындық. Сонымен қатар, мектепке дейінгі сыныптар да ашылмақ",– деп жазды Айдын Рахымбаев.

Кәсіпкер осы бастамасын Премьер-министр қолдағанын және BINOM мектептерінде пилотты түрде енгізуді тапсырғанын жазды. Осы ретте әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бір топ бастамаға оң қабақ танытса, екіншісі қарсылық білдірді.

Осы ретте informburo.kz ұстаздар, ата-аналар мен оқушылардың аталған мәселеге қатысты пікірін сұрады.

"Семестрлік жүйеге көшетін уақыт келді"

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның директоры:

– Жалпы біздің бір жылдағы оқу күніміз 34 апта, бірақ оның ішінде қаншама мереке бар. Шыны керек, бір жылға санаған кезде шамамен 365 күннің 140-ында ғана оқитын шығармыз. Бұл әлем елдерімен салыстырғанда өте төмен. Оның үстіне көп мектеп екі-үш ауысымды. Онда оқушы жарты күн ғана оқиды. Осының бәрін ескерсек, біздің оқу уақытымыз тым қысқа екені шындық. Оқу аптасын ұзарту мәселесіне байланысты бұған дейін де айтқан болатынмын. Менің ойымша, әлемдегі көптеген елдер сияқты семестрлік жүйеге көшетін уақыт келді. Төрт тоқсанға бөліп емес, университеттегідей екі семестрлік оқу арқылы ортадағы каникул уақыттарын қысқартып, 37-38 апта оқуға болады деп ойлаймын. Маусым айының 10-ына дейін, яғни кей өңірлерде күн қатты ысып кететін мезгілге жеткенше оқуға болады. Мен оқу аптасын ұзарту туралы көзқарасты қолдаймын.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Директордың бір мектепте 15 жыл басшылық етуі оқыту тиімділігіне әсер етпей қоймайды


"Мәселе оқу жылының ұзақтығында емес"

Нұрмұхаммед ДОСЫБАЕВ, Astana Garden School мектебінің негізін қалаушы:

– Әр елдің тәжірибесі әртүрлі. Азия елдерінде балаларға академиялық тұрғыдан өте көп жүктеме беріледі. Олардың өз жолы, менталитеті бар. Сонымен қатар, халық саны көп екенін ескерсек, бұл олардың бәсекеге қабілетті адамдарды дайындап шығарудағы бір әдіс-тәсілі деп айтса да болады. Ал Батыс елдерін алатын болсақ, ол жақта халық саны да аз, бәсеке де салыстырмалы түрде төмен, демография да жыл сайын азайып бара жатыр. Ол жердегі балаларды нарыққа, үлкен өмірге дайындау әдіс-тәсілі де өзгеше.

Балаларға түсетін жылдық академиялық жүктемені алатын болсақ, Азия елдеріндегі жүктеме ауыр. Мысалы, Оңтүстік Корея, Қытай сынды елдердің жүктемесі өте көп. Соның ішінде Қазақстан да алдыңғы қатарға кіреді. Ал халықаралық ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бұл әдіс-тәсіл ешқандай жақсылыққа әкелмейді. Себебі үлкен жүктемемен оқыту бес саусақтың бәрінің ыңғайына келе бермейді. Бір балаға ыңғайлы болса, қалған төрт балаға ауыр болуы мүмкін. Ал, ол төрт бала батыстық әдіс-тәсілді, жүйені тиімді қабылдап отырады. Сондықтан, Қазақстанның жолын Азия елдерімен емес, керісінше Батыс елдерімен салыстарған жөн.

Бізде мектептердің контексті өте нашар. Өкінішке қарай, қалада орналасқан мектептердің 95 пайызға жуығы екі немесе үш ауысымда жұмыс істейді. Балалардың жүктемесі тиімді болуы үшін бірінші кезекте оларға орта жарату керек. Балалар таңнан кешке дейін мектепте оқып, сабақтан кейінгі қосымша дамумен қамтылуы керек. Ұстаздардың жүктемесі де соған сай болуы қажет. Бізде ұстаздардың жүктемесі ставка жүйесімен жасалады. Ал білім беру тек сыныптың ішіндегі сабақпен аяқталмайды ғой, ол – өте ауқымды процесс. Баламен бос уақыт өткізу, оған көңіл бөлу, баланың ата-анасымен кездесу, әр балаға дамуы бойынша кері байланыс беру, кері байланыс негізінде қосымша жұмыс жасау, соны сараптау – осының бәрі дамыған елдерде ұстаздардың иығындағы тәжірибе. Ал біздің мемлекетте, өкінішке қарай, мұндай тәжірибе тек қана жекеменшік, ақылы немесе мамандандырылған, арнайы қаржыландырылатын мемлекеттік мектептерде қолданылады. Қалған мектептерге мұндай мүмкіншілік жасалмаған. Сондықтан ол жердегі білім сапасы да бір деңгейде емес. Біреуінің нәтижесі жақсы болып жатса, басым көпшілігінің мүмкіншілігі өте шектеулі. Мұны түлектердің университетке түсу үлесінен де байқауға болады. Мысалы, Назарбаев университетінде оқитын студенттердің 70 пайызы – арнайы мамандандырылған немесе жекеменшік халықаралық мектептің түлектері. 30 пайызы ғана – кәдімгі орта мектепті бітірген балалар. Бұл жерде мәселе оқу жылының ұзақтығында емес. Мәселе оқушылардың алып жатқан біліміне арнайы ортаның қамтамасыз етілмеуінде. Сондықтан мемлекет – қоғам – жекеменшік сектор болып, мүмкіндігінше, екі ауысымды мектептерді түбегейлі жою керек.  Ал бізде керісінше екі ауысымды мектептер көбейіп жатыр. 


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Директордың бір мектепте 15 жыл басшылық етуі оқыту тиімділігіне әсер етпей қоймайды


"Білім сапасы оқу жылының ұзақтығына байланысты болса..."

Дана РАУ, қоғам белсендісі:

– Білім саласындағы болып жатқан жаңалықтарды мұқият қарап отырамын. Еліміздің "белді", белгілі құрылысшысы Айдын Рахымбаевтың ұсынған оқу жылын шетелдегідей 38-40 аптаға созу туралы ұсынысын министрлік құптаған көрінеді.

Иә, жаңартылған білім мазмұны енгеннен бері шетел тәжірибесін алға тартып талай жаңалықтарды енгіздік. Бірақ, 7 жылдан бері тұтас бір ұрпақтың келешегіне алаңдатуды ғана туғызғаны баршамызға аян. Оның себеп-салдары зерттеулеріне сол күйі қол жеткізе алмадық. Дүниежүзілік банктың қатысуымен "Білім беруді жаңғырту" жобасы аясында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі жеті құлыптың астында.

Шетел тәжірибесіне құмарлығымыз бен әуестігіміз бар екен, онда толықтай барлық білім жүйесін сол шетел тәжірибесіне сүйеніп жаңғыртайық. Жақсы, білім сапасы оқу жылының ұзақтығына байланысты екен, онда:

  • Тоқсан (семестр, триместр) аралық демалыс күндерін де шетелдік тәжірибеге сүйеніп жоспарлайық – каникул күндері бала да, мұғалім де демалады;
  • Басқару жүйесін де шетелдік тәжірибеге негіздейік – мектептерге академиялық еркіндік беріп, жылдық оқу үрдісін жоспарлау аумақтық, климаттық-географияялық жағдайына сүйеніп таңдау жасасын;
  • Білім беру басқармаларын таратып, тек инспекторлық бақылау қалсын;
  • Педагогты даярлауды да, педагог аттестациясын да шетелдік тәжірибеге сүйеніп жасасын. Бір алған санатын қайта дәлелдей бермей, қалауы бойынша аттестациядан өтуді өз таңдауына берсін. Ал біліктілік санатын курстан, сынақтан (емтихан, курстық жұмыс, тағы басқа) өткенде онсыз да дәлелдейді;
  • Педагогтерді "сауатсыз", "жаңартылған білім мазмұнын ұқпайды", "оқымайды" дей бермей, сапалы білім беру жағдайымен қамтамасыз етілсін;
  • Бәрін біліп, тапжылмай тағында отырған мыңдаған шенеуінік сол мұғалімдерге көмек көрсету уәкілдері ретінде жан-жаққа жіберілсін. (Бірақ, барғанда, "мен министрліктен, басқармадан келдім" деп ақырып-зекірмей, зерттеу жүргізіп, мұғалімге көмектессін);
  • Ең маңыздысы: ақыры, шетел тәжірибесі екен, онда мектепке дейіннен бастап, білім мазмұнының барлық оқу жоспары мен оқу бағдарламалары шетел тәжірибесіне сүйенсін. Сағат саны, оның құрылымы, принциптері (философиясы - ұлттық, принциптері - үлгі бойынша). Әйтпесе, ЖБМ-ды "Білім беру мен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері" деп енгізіп, тап-тамаша бастаманы сапасыз оқу жоспары мен оқу бағдарламаларын ұсынумен құртып, төмен сапаның өшін педагогтерден алуды қойған дұрыс.

Айдын Рахымбаевтың шынымен білім беру саласына, еліне, халқына жаны ашып тұрған шығар. Онда, ең әуелі сол білім беретін қауымның әлеуметтік-экономикалық жағдайын қамтамасыз етсін – педагог, дәрігер, тағы басқа әлеуметтік қызмет көрсететін сала мамандарына тегін үй берсін. Педагогтердің демалыс күндері денсаулығын қалпына келтіруге сауықтыру санаторийлеріне тегін жолдама берсін, жылына екі рет тегін медициналық, психологиялық көмек ұйымдастырылсын. Сонда педагог ипотекасын жауып, емделу үшін 50-60 сағат алып, салпақтап мектептен мектепке жүгірмейді.

Қорытындылай келе айтарым: Саны бар, сапасы жоқ толып кеткен мән үйретушілер. Енді оған құрылысшылар кіріссе, білім саласы не болғаны? Қойшыға барып онда қой бағуды да үйретсін. 

Құрақтан құралған көрпенің тігісі сөгілмей қоймайды. Қайта жамағанмен, тігісі келісіп, жаңа көрпедей жарқырамайды. Жаңартсақ, түбінен төбесіне дейін жаңартайық.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Мектепке алғаш жұмысқа тұратын педагогтер енді міндетті тестілеуден өтеді


Ата-аналар мен оқушылар не дейді?

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, ата-ана:

– Оқу жылының ұзартылуын қолдамаймын. Биыл арасында онлайн оқыған оқушылардың уақытында демалғаны дұрыс деп ойлаймын.

Меніңше, стандартқа сай Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу жылын ұзартудың қажеті жоқ. Онда оқушылардың мүмкіндіктері қарастырылғанына сенімдімін. Қазіргі бағдарлама оқушыларға қиын. Демалыс уақытында балалардың демалғанын қалаймын.

Айзада КАМАЛИЕВА, ата-ана:

– Мен Айдын Рахымбаев мырзаның мектепте оқу жылын 38 аптаға ұзарту жайлы ұсынысын қолдамаймын. Себебі қазіргі таңда оқушылардың заман талабына сай әртүрлі үйірмелерге қатысуына уақыт онсыз да тапшы. Менің ойымша, бала мектептен тыс уақытта өзіне ұнайтын іспен айналысуы керек. Ал оқу уақытын 38 аптаға созған жағдайда пәндер санын азайтып, күнделікті сабақ санын қысқарту керек болады. Себебі бала болған соң, оларға физикалық тұрғыда да ауырлық тудыруы мүмкін. Жазда бала асыр салып ойнап, физикалық тұрғыда шынығып, күннің көзінен Д3 дәруменін алып, миы тынығуы қажет. Жабық кеңістікте көп отырған баланың сабақ оқуға ынтасы да азая түседі деп ойлаймын.

Нұрай СӘРСЕНҒАЛИ, №59 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы:

– Менің ойымша, оқу жылын маусым айына дейін созудың қажеті жоқ. Себебі, емтихандардан, сабақтың әсерінен балаларда көптеген стресс басталады. Баяғыдан бері келе жатқан үш айлық жазғы каникул уақыты жеткілікті деген ойдамын. 

Таңшолпан ЗАМАНБЕК, №82 "Дарын" мамандандырылған лицейінің 3 "Ә" сынып оқушысы

– Мен оқу жылының 38 аптаға ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын. Себебі оқушылар үшін үш ай демалыс өте ұзақ. Жаз кезінде оқушылар бір жыл оқыған білімін ұмытып қалады. Көпшілігі уақытты ойынға жұмсайды. Сондықтан екі ай демалу жеткілікті. Оқушылар білімді, сауатты болуы үшін көбірек мектептен білім алғаны дұрыс деп ойлаймын. Біздің мемлекетіміз қоңыржай белдеуде орналасқандықтан, ауа райы жаз мезгілінде ыңғайлы. Менің сыныптастарым да осы пікірмен келіседі деп ойлаймын.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Мектеп салуда емес, салынатын мың мектепке 150 мың педагог дайындауда мәселе бар


Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы:

Осыған дейін 2021 жылғы тамыз кеңесінің қорытындысы бойынша министрлік Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясына оқушылардың жүктемесін азайту шараларына қатысты, тиімді оқу жылының ұзақтығын анықтау, білім беру ұйымдарында еңбекақы төлеудің сағаттық жүйесі мен және жалақының артықшылықтарын, үлгілік оқу бағдарламаларын жаңарту жөнінде бірқатар зерттеулер жүргізуді тапсырған болатын.

Бұл ретте нақты шешім қабылдау және пилоттық түрде жүргізу үшін зерттеулерді аяқтау керек. Сондықтан барлық білім беру ұйымдары меншік нысанына қарамастан мемлекеттік жалпыға міндетті стандартты сақтауға міндетті. Жаңа жобаларды енгізу кезінде дәлелдемелермен және алдын ала талқылаумен бекітілген ғылыми тәсіл маңызды деп санаймыз. Білім және ғылым министрлігі үшін оқушылар мен студенттердің мүдделері бірінші кезекте тұрады.