Мақсұт Жұмаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Лобуче шыңын бағындырды
Гималайдағы Лобуче шыңының биіктігі – 6 119 метр.Қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев Гималайдағы алты мыңдық шыңдардың бірі Лобученің шығысына Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне Қазақстан туын тікті.
Мақсұт Жұмаев миссиясын сәтті орындады. Ол Катмандуға оралғаннан кейін ғана байланысқа шыққан. Оның сөзінше, Непалда эпидемиологиядық жағдайдың күрделенуіне байланысты локдаун енгізілген. Альпинист карантин жеңілдетілген соң елге оралуды көздейді.
"Кеше сағат 11.30-да 6 119 метрлік шығыс Лобуче шыңына жеттік. Түнгі сағат үште шабуылды бастадық. Ауа райы тып-тыныш болды. Айнала жақсы көрінді. Таң ашық болды. Айналадағы сегіз мыңдық шыңдардың бәрі анық көрінді. Алайда таңғы тоғызға қарай ауа райы нашарлап, бұлт қаптап, қар жауды. Жолды қар басқандықтан ақырындап жүрдік. Тобымыз шыңға асықпай баяу көтерілді", – деді альпинист.
Мақсұт Жұмаев шыңда көп тұрмаған. Күші мен уақыты тумен фотоға түсіп, құттықтау видео жазуға ғана жеткен. Одан кейін лагерьге қайтқан.
"Бұрылып артқа қайтып кеткім келген сәттер болды. Қар жауып, тіпті найзағай түсуі мүмкін еді. Бірақ мойныма жауапкершілік алғаннан кейін міндетімді орындауым керек. Лобуче шыңына шығып, туды ұстап фото мен видеоға түстік те, содан кейін төменге жәйлап түсе бастадық. Кешке лагерьге жеттік", – деді ол.
Қазіргі таңда альпинист Катмандуда. Миссиясын аяқтаған Мақсұт Жұмаев туған жері Қазақстанға тезірек оралғысы келеді.
"Бастамамызды альпинизм және құзға өрмелеу федерациясы қолдағанына қуаныштымын. Лобуче шыңы Гималайдағы ең биік және айтулы шың болмаса да пандемия кезінде шекара асып, шыңға көтерілу кез келген адамның қолынан келе бермейтінін ескерген жөн. Непалда 6 мамырдан бері толық локдаун енгізілді. Авиахабарламалар тоқтады. 15 мамырда локдаун не жеңілдетіледі, не күшейтіледі. Непалда ауырып жатқандар көп, сол себепті карантин жеңілдейді дегенге ешқандай кепіл жоқ. Қазақстанға қайтудың амалын іздеп көремін. Ендігі міндетім осы", – деді Мақсұт Жұмаев.
Қазақстандық танымал альпинист Мақсұт Жұмаев 2018 жылы Эвересті екінші рет бағындырды. Алғаш рет ол сегіз мыңдық шыңға 2007 жылы көтерілді. Ол әлемдегі ең биік 14 шыңды бағындырған санаулы альпинистің бірі.