Әміржан Қосанов мемлекеттік тілден емтихан тапсырды

Лингвистикалық комиссия төрағасы М.Жолдасбековтың айтуынша, ол үш кезеңнен өткен емтиханды сәтті тапсырған. "Ұлт тағдыры" қозғалысының атынан ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсынылған Ә.Қосанов өзінің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін көрсетті" деп хабарлады комиссия төрағасы.

"Бірінші орын алмағаным бір жағынан дұрыс болды"

Ресейлік "Голос.Дети" байқауында бақ сынап, екінші орын иеленген оралдық Ержан Максимді бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы қабылдады.

– Бірінші орын алмағаныма ренжімеймін. Байқаудан кейін көп нәрсе өзгерді. Бәрі мені қолдап жатыр. Инстаграмда да жазылушыларым көбейіп жатыр, – дейді жас өнерпаз.

Байқаудың бас жүлдесін ресейлік әнші Алсу мен банкир Ян Абрамовтың қызы Микелла қанжығасына байлады. Алайда, дауыс беру қорытындысына көрермендер мен шоу-бизнес өкілдері наразылық білдіріп, дауысты қайта есептеуді талап етті. Бірінші арна басшысы Константин Эрнст тексеру қорытындысын хабарлауға уәде берді.

Мамыр айындағы мерекелер қарсаңында қосымша пойыздарды жолға шығарады

"Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықтың сұранысына байланысты "Алматы2 – Түркістан", "Ақтөбе – Бейнеу", сондай-ақ "Нұр-Сұлтан – Павлодар" бағыттарында қосымша пойыздар шығарылады. Бұған қоса жолаушылар көп жүретін бағыттарға қосымша вагондар тіркеледі. Пойыз кестесіне қатысты ақпаратты 105 нөмірінен алуға болады.

Елдегі ірі компаниялар қызметкерлеріне "7-20-25" ипотекасымен үй алуға көмектесіп жатыр

"Баспана" ипотекалық ұйымының хабарлауынша, ERG компаниясы несиені алуға керек бастапқы жарнаны өз қызметкерлеріне бере бастады. "Қазақстан" телерадиокорпорациясы да жұмысшыларына бастапқы жарнаға қаражат беру мақсатында 100 млн теңге бөлген.

Павлодарлық "KSP-Steel" және "УПНК" ЖШС кәсіпорындары да өз қызметкерлеріне көмектесуді жоспарлап отыр.

Жекеменшік оқу орындары жатақхана салудан көш бастап тұр

Үкімет басшысы А.Мәмин мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде студенттерге жатақхана салуды жалғастыруды тапсырды.

– Елбасы 2022 жылға дейін жатақхана тапшылығын жойып, 75 мың жаңа орынды пайдалануға беруді тапсырды. Осы жобаны іске асырудың бірінші жылы 5 мың орынды пайдалануға беру жоспарланған, бірақ бұдан да жақсы нәтижелер бар. Биыл 9 мыңнан астам орын пайдалануға берілмек, – деп мәлімдеді А.Мәмин. Үкімет басшысы мемлекеттіктен гөрі, жекеменшік оқу орындары бұл жұмысты белсендірек жүргізіп отырғанын атап өтті. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысы, Ақтөбе және Түркістан облыстарында көрсеткіштің өте нашар екендігі айтылды.

Цеснабанк "Жусан банк" болып өзгерді

Қаржы институтының сайтында "банктің аты "First Heartland Jýsan Bank" , бөлшектік бренді – Jýsan Bank болып өзгертілді" делінген.

– Біздің банктің латын қарпімен жазылған қазақша жаңа атауы – Jýsan Bank біздің құндылықтарымызды: тұтастығымыз бен ілгері дамуымызды білдіреді,– деп мәлімдеді банктің басқарма төрағасы Біржан Пірматов. Биыл кезең-кезеңмен банктің сыртқы жарнамалары өзгертіліп, Jýsan Bank атауымен және белгісімен жаңа банктік өнімдер енгізілетін болады. Бұл ретте клиенттерге банк қызметіне байланысты құжаттарға қандай да бір өзгертулер енгізу, карталарды қайта шығару және шарттарға қайта қол қою сияқты мәселелер жөнінде алаңдаудың қажеті жоқтығы хабарланды.

Гауһар Бөрібаева "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорын басқарады

Ол бұған дейін осы қордың басқарма төрағасының орынбасары лауазымында болған. Қордың бұрынғы басшысы Абай Сарқұлов Қазақстанның Даму банкіне басшы болып тағайындалды.

Қытай Қазақстанмен шекараны 5 күнге жабады

1-5 мамыр күндері Қытайда Көктем және еңбек мерекесі аталып өтіледі. Осыған байланысты бұл күндері екі елдің мемлекеттік шекарасын тек әуе жолы арқылы кесіп өтуге болады.

ҚР ҰҚК шекаралық өту жолдарының Қытай тарапының бастамасымен жабылатынын мәлімдеді. Шекара 6 мамырда қайта ашылады.

Еріктілердің бірыңғай платформасы таныстырылды

Qazvolunteer.kz сайтында еліміздегі еріктілерге қатысты барлық мәліметтер жарияланады. Олардың тізімімен бірге, атқарған қызметтері, соған байланысты рейтингтері де жасалды. "Бұл платформа еріктілер қызметін еңбек өтіліне есептеудің алғақшы қадамы болып отыр" дейді жоба авторлары.

"Аманат" азаматтық алаңы сайлауды бақылайды

Оның құрамына қоғамдық ұйым, БАҚ өкілдері, сарапшылар мен қоғамдық белсенділер кірді. "Азаматтық алаңның негізгі мақсаты – алдағы сайлаудың әділ, әрі ашық өтуін қоғамдық бақылау" деп хабарлады баспасөз қзметінен. Сайлауда мониторинг жасау үшін өңірлерде де "Аманаттың" өкілдері жұмыс істейтін болады.

Елордада Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 519 мың теңгеден беріледі

Осы мақсатта бюджеттен 402,9 млн теңге бөлінді деп хабарланды әкімдіктің сайтында. ҰОС 71 ардагеріне 509 мың теңге, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне берілетін жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген 332 адамға 22 725 теңге беріледі. Соғысқа қатысушыларға берілетін жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген өзге санаттағы 3519 адам 11 363 теңгеден алады.

"Бұдан басқа, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жол жүруге және тегін тіс протездеуге құқылы" деп хабарлаған әкімдіктің сайтында.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Мереке қарсаңындағы ауа райы қандай? Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады, жауын-шашын, солтүстік аймақтарда арты қарға ұласатын жаңбыр және бұршақ жауады, екпінді жел соғады, қысқа мерзімге жылығанымен күн қайта суытады: батыста түнде -2+5°С, күндіз +7+15°С; солтүстік-батыс жартысында түнде -5,+5°С, күндіз +15+20°С-тан +2+10°С дейін төмендейді; қалған аймақтарда найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады, бірақ жылы ауа райы +15+25°С сақталады.

Sputniknews.kz: Ең төменгі күнкөріс деңгейі қашан өседі? Сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, ЕАЭО елдері арасында ең төменгі күнкөріс деңгейі Қазақстанда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев "ең төменгі күнкөріс деңгейі инфляцияға сәйкес кезең-кезеңмен көтеріледі" деп мәлімдеді.