Әлеуметтік қызметтер порталын пайдалану үшін электрондық цифрлық қолтаңба, интернет және компьютерде жұмыс істеу дағдылары қажет. Алайда, мүгедектігі бар адамдарда компьютердің жоқтығы және ғаламдық желіге қосылу мүмкіндігінің болмау жағдайы жиі кездеседі.

"Бүгінде барлық аймақтарда, әр ауданда немесе ауылдық округтегі әкімдіктерде, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінде және басқа да мемлекеттік мекемелерде өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары құрылды. Олар интернетке жалғанған компьютермен жабдықталған. Мұндай бұрыштарда мүгедектігі бар адамға Әлеуметтік қызмет көрсету порталында тапсырыс беруге көмектесетін кеңесші немесе мемлекеттік мекеменің қызметкері болуы керек", – деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектігі бар жандарға оңалтудың техникалық құралдары (ОТҚ) мен әлеуметтік қызметтерге өздігінен тапсырыс беруге мүмкіндік жасайтын автоматтандырылған жүйе. Портал 2020 жылдың қаңтарынан бастап іске қосылды.

Аталмыш интернет-алаңда мүгедектігі бар жандарға оңалтудың техникалық құралдарының сан алуан түрі – құрылғылар, аспаптар, қажетті материалдар ұсынылған. Сонымен қатар, сурдоаудармашы немесе жеке көмекші сияқты арнайы қызметтерді де таңдауға болады.

Портал арқылы қызметтер мен ОТҚ мемлекет кепілдік берген сома аясында тегін ұсынылады. Оны арнайы комиссия тауарлар мен қызметтердің орташа нарықтық құнын негізге ала отырып есептейді.

Порталдың басты артықшылығы – қажеттіліктерді, өзге пайдаланушылардың рейтингі мен бағалауларын ескере отырып, ОТҚ-ны таңдау мүмкіндігі.

Келесі артықшылығы – уақытты үнемдеу. Бұған дейін мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырысты мүгедектігі бар адамдарға 6 айға дейін күтуге тура келетін. Ал бүгінде порталға тапсырыс бергеннен бастап үйге жеткізу уақыты 15 тәулікті құрап отыр. Жеткізу қызметі де мемлекет есебінен төленеді.

Соңғы мәліметтер бойынша, портал арқылы ел бойынша 24 мыңнан астам тауар жеткізілген.

Порталдың жұмысына қатысты барлық сұрақтар бойынша 1411 нөміріне хабарласуға болады.