Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев твиттер желісінде латын әліпбиіндегі олқылықтарды жойып, жетілдіруді тапсырғанын жариялады.

Осыған орай латын графикасына өткен елдердің әліпбиін салыстырып көрдік. Бізге қайысы жақын?

Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

Қазақстанның латын әліпбиі Өзбекстандікіне ұқсайды

Латын графикасына көшкен үш елдің әліпбиімен салыстырғанда Өзбекстандікіне 21 әріп ұқсайды. Оның екеуі – диграф. Екеуі – үтірлі (акут) әріп.

Ал Түркия мен Әзербайжандікіне жеке-жеке 19 әріптері ұқсайды. Оларда диграф әріп жоқ. Егер 1991 жылғы уағдаластықта белгіленген түркі ортақ әліпбиін негізге алғанда 26-27 әріптің ұқсас болуы мүмкін еді.

Өзбекстан латынға көшуді 20-25 жыл бұрын бастағанымен әліпбиді 2 рет өзгертті. Тағы да өзгертуі мүмкін екені айтылып жүр. Ондағы басты мәселе – дигарфтар мен апострофтар. Қазақстан да Өзбекстанның жолымен жүріп, 3-ші нұсқаға жетті.


Қазақстанның қабылдаған латын әліпбиінің басқа елдермен ұқсастық кестесі / Кестені жасаған informburo.kz

Өзбекстан компьютер пернетақтасындағы 26 әріптен аспау мақсатында диакритикалық (ноқаты бар) әріптердің орнына қос әріп пайдаланды. 1995 жылы Өзбекстанның тіл мамандары кирилл әліпбиіндегі "ә" әрпін латын алфавитінде "ае" деп белгілеген-ді. Олар өз латын әліпбиіндегі Ç ç, Ş ş сынды диакритикалық таңбаларын Ch ch, Sh sh әріптеріне 1995 жылы ауыстырған.


Қазақстанда кей әріптер кереғар пікір тудырып отыр / Кестені жасаған informburo.kz

Тіл саясаты комитетінің Төрағасы Ғалымжан Мелдешовтың жауап хатында:

"Ғалымдардың айтуынша, "Біз Өзбекстан әліпбиін негіз етіп алып отырмыз" деген пікір – қате. Қазақ тілінің әліпбиі біздің тіл заңдылықтарына икемделіп жасалған өзіндік ерекшеліктері бар.

Сол сияқты Өзбекстанның латынға көшу процесінің өз ерекшелігі бар. Өзбек халқы латынға көшуді ХХ ғасырдың 90 жылдары экономикалық дағдарыс кезінде бастап кетті, ал біз компьютерлік техника дамыған шақта, ғалымдардың ғана емес, жастардың, қалың жұртшылықтың қолдауымен көшіп отырмыз" – делінген.

Қабылданбай қалған "Ұлттық жоба"

2017 жылы 18 мамырда "Ана тілі" газетінде "Қазақтың ұлттық ен-таңбасының (кодының) бірі – ұлттық жазу" деген атпен жүзден астам жобадан таңдап алынған, ортақ түркі әліпбиіне негізделген қазақ латын әліпбиінің "Ұлттық жоба" деп аталған нұсқасы таныстырылды.


2017 жылы 18 мамырда жарияланған / Ана тілі газетінен алынды

"Заңды нұсқадағы" әріптерге қатысты пікірталас тоқтамай тұр

2017 жылы 11 қыркүйекте Парламенттік тыңдауда ұсынылған жоба біраз жұрттың жағасын ұстатты. Сонымен, ҚР Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы № 637 Жарлығымен жаңа қазақ әліпбиінің қазіргі қолданыстағы, барлық қоғам таныған "заңды нұсқасы" бекітілді.

Алайда, ол да біраз ғалымдардың көңілінен шықпаған. Бұл туралы Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі, жазушы Қазыбек Иса да ренішін жеткізді.

"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде осы мәселені көтердім. Латын әліпбиіне де көзіміз үйреніп, көңіліміз сеніп келе жатыр. Бірақ бір-екі түзетуді айтпай кетуге болмайды. Біріншіден, соңғы акутты нұсқада "і"-нің бас әрпі жоғалып кеткен. "И" әрпі екеуін де бір "І" таңбамен белгілеген. "Қазақтың І әрпін қайтарып, екі диграфтан құтқарыңыздар!" деген қазақ жазушылары мен ғалым, зиялыларының Ашық хаты былтыр жарияланған", – дейді ол.

Ашық хатқа ондаған ақын-жазушылар қол қойған.

Енді Тіл саясаты басқармасы берген жауапты оқыңыз:

"Бүгінгі таңда жеке азаматтармен бірге белгілі тіл саласының ғалымдары тарапынан да жоғары тұрған мемлекеттік органдарға, Министрлікке әліпби мәселесі бойынша ұсыныс хаттар жиі түсуде. Бұл өтініштерге талдау жүргізіліп, ұсыныстары зерделеніп отыр. Анықталғаны барлығы да бүгінгі әліпбиімен жалпы келісетіндігін тек әріптерге қатысты ішінара реттеулер қажет екенін алға тартып отыр. Аталған мәселе Министрліктің жіті бақылауында".

"Дыбыс жоғалтпауымыз керек"

Қазыбек Исаның айтуынша, түріктер "К" мен "Қ" әріптерінің орнына осылай бір ғана "К" әрпін алғандықтан, оларда қазір "Қ" дыбысы жойылып кеткен. Мұндай мәселе қырғызда да бар. Қытайдағы қырғыздар Қ-мен сөйлесе, Қырғызстанда Қ жоғалып барады.

Дәл сондай "І, і" мен "Ы, ы" және бірде дауыссыз бірде дауысты дыбыс болатын "Йй (Ии) мен Уу" (Ахмет Байтұрсынұлының емлесі бойынша) дыбысы да қазақтың табиғатына сіңген, бөгенайы бөлек әріптер. Әрине, егер осы "й", "и", "і" дыбыстары бір әріппен белгіленсе "і" дыбысының табиғатына нұқсан келіп, тағдыры талқыда қалары анық.

Қазыбек Иса: "Қазақтың тіл дыбысына сәйкес келмейтін, орыс тілінен енген "Ч" мен "В" дыбыстары жабысып, әлі қалмай келе жатыр да, "W" таңбасының түкке жарамай түсіп қалғанын түсінбей қалдық. "Х" таңбасы да "жетім" қалды.

Ал "Ш" әрпін "SH" деп белгілегенше, Ш-ны "Ś" деп белгілеу керек еді. Ал легионер "CH" деп белгіленген, қазақтың тіл дыбысына жат, орыс тілінен келген "Ч" әрпін мүлде алып тастау керек!" – дейді.

Қазақтар "басы биттеген" латыншадан қайда қашады?

Әдебиеттанушы, журналист Асылбек Байтан болса:

– Қолданысқа енгіземіз деп жатқан нұсқаны әлі жетілдіру қажет. Кез келген тұтыну предметіне қойылатын ең басты талап – тұтынушы үшін қолайлылығы. Латын әліпбиі дәл осы талыптарды толық қамтамасыз етіп отырған жоқ.

Сондықтан біршама әріптердің дыбысты таңбалаудағы ерекшеліктерін пысықтап жетілдірген дұрыс. Сонымен қатар, бұған дейін кириллицамен жазылып келген сөздердің латын жазуымен жазылатын нұсқасының бірізділігін сақтау керек.

Мысалы: біраз жылдар бойы тсирк, тсех, байан, ойан, айу, қойан т.б. түрде жазып, ұғымға сіңіру қажет. Осы және көптеген халық үшін жасалатын қадамдарға бармаған жағдайда бұл әліпби көп қиындық тудырып, қазақ балаларының орыс мектептеріне жаппай қашуына себеп болады, – деп отыр.

Бірақ Тіл саясаты комитеті басшысы Ғалымжан Мелдешов:

"Латын әліпбиі үшін балаларын қазақ мектебінен алып жатыр екен" деген сөз негізсіз. Ұлты қазақ азаматтардың ішінде балаларын орыс мектептеріне оқытатындар бұрыннан бар. Бұл жердегі факторлардың әліпбиі мәселесіне мүлде қатысы жоқ" – депті редакциямызға жазған жауап хатында.

"Әріптің өзгеруі – тағдырдың өзгеруіне әкеледі"

Ақын, профессор Ықылас Ожай:

"Тіл – байланыс құралы ғана емес. Тіл – болмыс, тағдыр. Мәселен, неміс ғалымы Вильгельм Гумбольдт: "Тілді байланыс құралы есебінен гөрі тағдыр мен пешене ретінде қарау керек" деген көзқарасын ұсынған болатын. Оның рухани шәкірті Йоханн Вайсгербер "Біз өз тағдырымызбен өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймыз. Шын мәнінде олай емес. Қай тілде сөйлесек сол тіл арқылы ғана дүниені танимыз. Ендеше әр тілдің өзіндік тағдыры бар. Біз бар болғаны сол тағдырдың ішінде ғанамыз", – дейді.

"Сондықтан әріптің өзгеруі – түрдің, тағдырдың өзгеруіне алып келеді. Осындай тағдырлы дүниеге асығыстық жасап, оны саясиландыруға болмайды. Сол үшін көп талқылап, ақылдасыа отырып таза үніміздің, әуеніміздің, болымысымыздың сақталуын толық қадағалайтын әліппелік түзілім жасау керек. Негізі кәсіби лингвистердің айналысатын жұмысы. Ал саясат оны заттандырады. Біреулер айтты екен деп асығыстық жасауға болмайды. Мұның артында тағдырымыздың жауапкершілігі жатыр".

Латын әліпбиіне көшу үшін атқарылып жатқан жұмыстар

Осыған орай жолдаған сауалдарымызға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінен жауапта былай делінген:

  1. ҚР Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы 27 өкімімен "Қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспары" бекітілді.
  2. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия, оның жанынан орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі 4 жұмыс тобы құрылып, жұмыс істеп жатыр.
  3. ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 31 наурыздағы №151 қаулысымен "Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" құрылды және жұмыс топтарының жұмысын үйлестіру аталған орталыққа жүктелді.
  4. Жұмыс топтары әзірлеген Жаңа емле ережесі жан-жақты сараптамадан, республика бойынша кең көлемде талқылаудан өткізілді және 5 млн-нан аса адам қамтылды. Ұлттық комиссияның 2018 жылғы 6 желтоқсанда өткен отырысында Қазақ тілінің жаңа емле ережесінің жобасы мақұлданды.
  5. Жаңа әліпбиді ақпараттық кеңістікке енгізу мақсатында Министрлік 2018 жылы бірқатар ақпараттық-технологиялық жобаларды іске асырды. Оның ішінде:
  • Әртүрлі сюжеттегі 30 бейнеблок әзірленіп көрсетіліп жатыр;
  • Билбордтар, лайтбокстер, баннерлер қойылып жатыр;
  • "Тіл-құрал" мемлекеттік тілді үйретуге арналған веб-сервисі, "Sozdikqor.kz" порталы іске қосылды;
  • Көпфункционалды конвертер әзірленіп қолданысқа енгізілді;
  • Әліпбиді балалар мен ересектерге үйретуге арналған iOS, Android платформаларында "iles", "sózálemi", "jasyryn sóz", "zerek bala", "sózdi tap" интелектуалды ойын түріндегі мобильді қосымшалары қолданысқа берілді;
  • Жаңа емле ережесін көпшілікке оқытудың әдістемесін әзірледі;
  • Латын әліпбиі калавиатурасының 3 нұсқасы көпшіліктің пікірін ескеру мақсатында "egov" ашық үкімет порталына орналастырылған. Нәтижесінде көпшік қолдаған клавиатура нұсқасы негізінде Lenovo компаниясымен 250 дана клавиатура шығарылып, олар өңірлерде апробациядан өткізілді.

Тіл комитеті әліпбиіндегі әріптерге қатысты пікір білдірді

Google.com, wikepedia.com секілді әлмдік коорпорациялар қолданып отырған латын харпіндегі қазақ әліпбиі неге қолайсыз?

"Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық жұмыс тобы мүшелері мен "Тіл-Қазына" орталығы ғалымдарының пікірінше Википедиядағы латын қаріптерімен жазылған Уәлихан, Аруна, энциклопедия, Абылай хан, институт сөздерінің таңбалануы: Wälïxan Arwna, éncïklopedïya, Abılaý xan, ïnstïtwt. Ал қазіргі латын әліпбиімен жазылған нұсқасы: Ýálıhan, Arýna, ensıklopedıa, Abylaı han, ınstıtýt. Айырмашылығы көріп отырғандай кирилдегі Х-ны Википедия латынның Х-сымен берген. Ал ол латындағы Н-мен таңбалану керек. Себебі латындағы Х әрпі КС болып оқылады, сонда хан емес, ксан деп оқып кету қаупі зор. Сондай-ақ Википедия ұсынғандай W таңбасын әліпбиге алудың қажеті жоқ, әрі ол дауыссыз дыбыс таңбасы бола тұра, википедиядағы латын нұсқасында ïnstïtwt сөзінде дауысты дыбысты таңбалап тұрғаны қолайсыздық тудырады" – депті өз жауабында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов.

Түркия, Әзербайжан, Германия, Аустрия қатарлы елдер мен шетелдегі этникалық қазақтар қолданып отырған латын әліпбиі туралы не дейсіздер?

"Шетелдердегі қазақтардың қолданатын әліпбилері әр алуан. Сондықтан олардың қолданатын әліпбилеріндегі ортақ әрі ұтымды тұстары ескерілді. Жаңа әліпби еліміздің қазіргі санасындағы жазу-графикалық образдарды, концептілерді ескеріп құрылуы маңызды.

Жаһандық ақпарат кеңістігінде латын графикасындағы ақпараттардың саны күн санап артып жатқанын мойындауымыз керек".

Ахмет Байтұрсынұлының емілесіндегі 33 әріптен құрылған, екі қосарлы дыбысы бар (И мен У) әліпбиі негізнде, (Әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертуге болады) деген қағида сай латын әліпбиін дайындауға не кедергі?

"Сондай-ақ А.Байтұрсынұлының "төте жазу" деп аталатын арабграфикалы әліпбиінде 33 емес, небары 25 таңба, оның бірі қосалқы таңба "дәйекше" болған. А.Байтұрсынұлы қазақ тіліндегі жіңішке дауысты дыбыстарға жеке дара таңба алмаған. Бұл – жұртқа түсінікті, әрі ауызша сөз нормасын бұзбайтын тұста әліпбиді ықшам, үнемді жасаған абзал екенін білдіреді. Олай болса кирил әріптерімен ЫЙ мен ІЙ-ді бір ғана И-мен, ҰУ мен ҮУ-ді бір ғана У-мен жазып-сызып келген халыққа оларды латында таратып, әрқайсысын екі әріппен жазғызу ешқандай мақсатқа сай емес. Әрі бұларды бір таңбамен жазғаннан ешбір орфоэпиялық норма бұзылмайды, СҰУ деп жазғанда қалай дыбысталса, СУ деп жазғанда да дәл солай дыбысталады. Сондықтан емлеші ғалымдардың пікірі әбден орынды, кирилдегі базалық нормаға айналған ережелерді бұзбай, ҰУ, ҮУ және ЫЙ, ІЙ дыбыс тіркестерін бір ғана У және И әріптерімен таңбалау керек".

Шын мәнінде қытайдағы қандастар қолданып жүрген "төте жазу" нұсқасында 35 дыбыс, 33 әріп бар деп көрсетілген (Автор).

Латындағы "x, c, w" әріптерін қосарлы белгіден тұратын немесе нүктелі әріптердің орнына қолдануға неге болмайды? Мысалы, "ш""x"-ге, "ғ""с"-ге өзгертсек немесе керісінше болса?

"Ал Х, С, W таңбаларына тоқталар болсақ, мұндай таңбалар қазіргі латыннегізді әліпбиімізде жоқ. Себебі олардың әлімде қалыптасқан дыбыстық мазмұны қазақ тілінде жоқ. Х таңбасы КС дыбыс тіркесін білдіреді, бұл дыбыс тіркесі қазақ тілінде К және S екі таңбамен жазылады. С таңбасы бірде К дыбысын, бірде С (S) дыбысын таңбалауға жүреді, ал ол дыбыстардың таңбасы біздің әліпбиде бар. W таңбасы жоғарыда айтып кеткеніміздей қазіргі кеңейтілген латын әріптерінің базасына кейіннен енген жасанды таңба, аты айтып тұрғандай екі таңбаның қосындысынан тұрады. Бұл таңба, яғни W дауыссыз қос ерін жуысыңқы үнді У дыбысын таңбалауға жүреді. Ал біз қазіргі әліпбиде үнемдеу принципімен осы дауыссыз дыбысты және тілімізге орыс тілінен енген сөздердегі дауысты У-ды, сол сияқты ҰУ, ҮУ тіркесін бір ғана таңбамен береміз. Бұл жаңа әліпбимен жазуға дейін қалыптасып қалған дәстүрді сақтауға да, шеттілдік сөздердің түпнұсқа тілдегі образын бұзбауға да өте ыңғайлы екендігіне тіл ғалымдары дәлелдер келтіруде".

С әрпі қытай қтарлы шығыс елдерінде Ш болып дыбысталады. Мысалы, Қытай басшысы Ши Жинпиң – Xi Jinping болып жазылады (Автор).

"Заңды нұсқада" кемшіліктер бар"

"Тек мақсатты, жүйелі жүргізілген, дұрыс ұйымдастырылған жұмыс қана мұндай қиындықтарды еңсеруге, мәселені дұрыс шешуге, ұлт тілінің мерейін өсіруді көздеген игі мақсатымызға жетуге мүмкіндік береді. Ал енді қазіргі акутты әліпбиге келсек, оны жетілдіру, жақсарту керек деген пікірлерге біз де қосыламыз. Өйткені бұл әліпбиде де кемшіліктер бар", – дейді филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы. Оның ойынша:

Ә, ғ, і, и, й, ң, ө, ұ, ү, ы, у, ш әріптерін латын қаріптерімен таңбалау және v, ф, х, ч дыбыстарын таңбалайтын әріптерді жаңа әліпбиде қалдыру-қалдырмау, егер қалдырсақ, х, ч-ға қай таңбаны телиміз деген мәселе төңірегінде ғана жүріп жатыр. Қалған таңбаларға қатысты ешқандай мәcеле жоқ.

Әлемде диакритикалық таңбаларды пайдаланудың түрлі тәжірибесі бар

Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, олар гравис, акут, макрон, бреве, анцепс, умлаут (диерезис) тәрізді диакритикалық таңбалар. Бұл дыбыстың қандай да бір қасиетін – қысқалығын, созылыңқылығын, мұрын жолдылығын, ашық, қысаң, жұмсақ, қатты айтылуын, жуан, жіңішкелігін, тон ерекшелігін және т.б. қасиеттерін білдіреді.

Мәселен, енді өзгеріс жасасақ қолданайық деп жүрген грек тілінде "ұзақтық", "ұзындық" деген мағынанны білдіретін "макрон" (Ā, Ē, Ī, Ō, Ū) таңбасы көптеген тілдерде негізінен созылыңқы айтылатын дыбыстарды білдіру үшін, кейбір ұлт тілдері өзге мақсатта да пайдаланылады. Халықаралық фонетикалық таңбаларды, орфографиялық және диакритикалық таңбаларды негізінен ұлт тілдері мақсатты қолданады. Бізде олар төл дыбыстарымызды белгілеу үшін ғана қолданылды.

"Егер бізге диакритикалық таңба пайдалану керек деп шешсек, онда жіңішке дауыстылардың төбесіне умлаут (диерезис) қойып Әә – Ä ä, Өө – Ö ö, Үү – Ü ü түрінде алуға болады. Біз үшін таңбалардың кең тарағандығы маңызды деп тапсақ, мұндай умлаутты таңбаларды немістер, шведтер, голландықтар, финдер, албандар, эстондар, түріктер, мажарлар, әзербайжандар қолданады. Ал бізге ұлт тілінің дыбыстық жүйесін сақтау бәрінен маңызды десек, онда ешкімге жалтақтамай-ақ сирек таңбаларды да пайдалануға болады, – дейді Шерубай Құрманбайұлы.

Ғалымның айтуынша, Іі әрпінің орнына чехтар, поляктар, румындар пайдаланатын - ł ł таңбасын алуға да болар еді. Іі – іі, Ы ы – ł ł (Yy), Йй – ІІ, Ңң – Ƞ ŋ Ғғ – Ģ ǥ (Ǧ ǧ ), және т.б. Басқа таңбаларға қатысты да соны айтуға болады. Бұл мәселені қиындату мамандардың әрқайсысы ерекшеленгісі келуден, ортақ іске жұмыла алмаудан туындап отыр.

"Ахаң өткен ғасыр басында-ақ айқындап берген"

– Ұлт тіліндегі төл дыбыстарымыздың басы ашық. Оларды Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) өткен ғасыр басында-ақ айқындап берген. Латын әліпбиінде және кең тараған символдар арасында оларды белгілеуге қажетті қаріптер де жеткілікті. Айталық, Sh sh, Сh ch қос таңбаларымен берілген дыбыстарды Шш – Ş ş, Чч – Сс (Ç,ç /Č č ) түрінде өрнектеуге болды. Біз төл дыбыстарымызды бейнелейтін осы айналдырған бес-алты таңбаның тағдырын тәлкекке салудың негізі бар деп санамаймыз. Тек келісіп-кеңесіп, ортақ шешімге келу арқылы көп таңбаның арасынан бізге тиімдісін таңдап алу керек, – дейді Шерубай Құрманбайұлы.

Шерубай Құрманбайұлының пікірінше, ең дұрысы – диакритикалық және орфографиялық, фонетикалық таңбаларды әріптердің асты-үстіне қойып үтір-нүкте, тәж-доғалар мен сызықша-имектерді көбейткенше, әліпбиміздегі кірме дыбыстарды таңбалайтын әріптерден арылтып, оны 28 таңбаға дейін ықшамдап, бос қалған латын таңбаларын немесе Ƞ ŋ, яки түріктің Ş ş әрпі сияқты диакритикасыз тұтас таңбаларды пайдалану.

Бұл жазуға да оқуға да, түрлі ІТ құралдарында қолдануға да қолайлы. Жыпырлап көзге қолайсыз көрінетін қосымша таңбалар мүлде болмаса немесе неғұрлым аз болса, соғұрлым әліпби оқып-жазуға икемделіп, оның қолданбалылық сипаты, практикалық құндылығы арта түседі.

Бес таңбаның v, ф, х, Һ, ч тағдырын айқындау керек

Ғалымның айтуынша, одан да маңыздырақ, күрделірек мәселе, қазіргі әліпбиде қалып отырған бес таңбаның v, ф, х, Һ, ч тағдырын айқындау. Кей мамандардың х, Һ дыбыстары туралы пікірлері әртүрлі.

Лингвистикалық – ұлт тілінің дыбыстық жүйесін өз қалпында сақтау тұрғысынан қарағанда бұлардың жаңа әліпбиде болмағаны дұрыс.

Әлеуметтік – көпшіліктің пікірін есепке алу тұрғысынан олардың әліпбиде қалғанын қалайтындар басым. Міне, осы мәселе дұрыс шешімін табу керек.

"Жалпы латын әліпбиіне көшу мәселесін бастапқыда халықтың басым бөлігі қолдады. Алайда қазір латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу мәселесі төңірегінде әңгіме тым көбейіп кетті.

Неге бұлай болып отыр? Айналдырған бір жылдан астам уақыт ішінде жұрттың латын қаріпті әліпбиге деген көзқарасы неге өзгере бастады?" – дейді Шерубай Құрманбайұлы.

Латынға көшуге сенімсіздіктің бес себебі

Ең алдымен, тұтас бір ел халқының 3-4 ұрпағы 80 жылға жуық уақыт бойы пайдаланып келген, оқып-жазуға әбден машықтанған әліпбиінен мүлде жаңа әліпбиге көше салу біреулердің ұрандатып, желпініп айтып жүргеніндей "оп-оңай" бір күндік шаруа емес екенін жұртшылық түсіне бастады.

"Бізде бір жаңа бағдарлама басталса, жаңа жоба қолға алынса соны әсіре дәріптеп, жер-көкке сыйғызбай мақтау, содан басқа маңызды шаруа қалмағандай бар назарды соған аудартуға тырысатын науқаншылдық әдеті бар. Латынға қатысты да соны айтуға болады. Әр бесжылдық басталған сайын ұрандататын кеңестік кезеңнен қалған науқаншылдық латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу туралы шешім қабылданған күннен бастап көрініс берді," – дейді Шерубай Құрманбайұлы.

Екіншіден, латын әліпбиіне көшу туралы ширек ғасыр сөз қозғалып келгенімен, нақты іске келгенде зерттеу нәтижелері мен өзгелердің тәжірибесі негізге алынбай, тіл табиғаты мен әліпбиге қойылатын талаптарға сай жасалмаған әліпби нұсқалары бекітілді. Қоғам оны қабылдамады.

Алғаш ұсынылған диграфты әліпбидің ғұмыры тым қысқа болды, тумай жатып туа шөкті. Артынша халық "басы биттеген әліпби атаған" апострофты әліпби ұсынылды. Оны да жұртшылық жаратпады. Одан кейін қазіргі үшінші рет ұсынылған акутты әліпби дүниеге келді. Енді мұны да өзгерту туралы толассыз пікірталас жалғасып жатыр. Енді қоғам әліпби жасаушыларға үш рет жарымжан бала тапқан денсаулығы нашар дімкас анаға, ал олар жасаған латын әліпбиіне шалажансар туған әлсіз балаға қарағандай сенімсіздікпен қарай бастады.

Үшіншіден, біздің қоғам, соның ішінде жер иесі саналатын қазақтың өзі қазақтілді және орыстілді болып қақ жарылып отыр. Бір бөлігі орысша, екіншісі қазақша сөйлейді, мектеп пен жоғары оқу орындары осы екі тілде білім береді. Латынға тек қазақ мектептері мен қазақтілділер ғана көшеді, орыс мектептері кирилл әлібиінде қала береді деген ұйғарым жаңа әліпбидің беделіне нұқсан келтірді.

Қаны бір болғанымен сөйлейтін, ұғынысатын тілі бөлек болып отырған бүгінгі қазақтың енді баратын мектебі ғана емес жазуы да екі түрлі, екі басқа болса, бұл графика ұлт тұтастығын қалай күшейтеді деген күдік қылаң беріп отыр. Сондықтан бұл мәселенің дұрыс шешілуін тек тіл мамандары ғана емес, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар тереңірек зерделеуі қажет.

Төртіншіден, ортақ мүдде төңірегіне топтасып, күш біріктіріп, жұмылып іс тындырудан гөрі жеке шауып, дараланып көрінгісі немесе топтанып жан-жаққа тартып, өз ұсыныстарын қалайда өткізгісі келетін кейбір әліпбишілдер де латын әліпбиінің абыройын асырып тұрған жоқ. Егер емле төңірегіндегі пікірталастар мен келіспеушіліктер де ұзаққа созыла берсе, бұл да жаңа әліпбидің жолын қиындата түседі.

Бесіншіден, қазақ тілі өзінің ақпараттық кеңістігін қалыптастырып, басқа әліпбиге негізделген оңаша отау тіккенін қаламайтындардың іште де, сыртта да бар екені белгілі. Олар да осындай осал тұстарымызды пайдаланып, латын әліпбиіне көшудің кешеуілдеп, оны қолдамайтындардың қатарының артқанын қалайды. Осы және басқа да себептер, латын әліпбиіне көшу үдерісіне біршама кедергілер келтіріп отыр.