Коронавирустың "британдық штамы". Бұл не және Қазақстанға қауіп бар ма?
Коронавирустың "британдық штамы" қазірге дейін әлемнің 40-тан астам елінде анықталды.Қыркүйектің ортасында Ұлыбритания астанасы Лондонда пайда болған коронавирустың жаңа түрі тез қарқынмен әлемге жайылып барады. ДДСҰ мәліметінше, Австралия, Дания, Германия, Италия, Испания, Канада, Нидерландтар, Швейцария, Франция және Жапония мен Қытай сынды 40-тан астам елге жеткен вирус мутациясы іргелес Ресейде де тіркелді. Бұл туралы Роспотребнадзор жетекшісі Анна Попова хабарлады. Вирус Ұлыбританиядан оралған Ресей азаматынан анықталған. Бірақ, оның "британдық коронавирусты" нақты қай кезде жұқтырғаны белгісіз. Қазір екі ел арасында әуе қатынасы тоқтаған.
"Британдық коронавирус штамы" деген не?
Ұлыбританияда тез тарап жатқан вирус – коронавирустың мутацияланған түрі. Оған VOC-202 012/01 деген атау берілді. Қазіргі уақытта бұл штамның ерекшелігі – оның жұғу ықтималының жоғарылығында. Мамандар коронавирустың жаңа түрі кәдімгісіне қарағанда 50-70 пайыз жылдам таралатынын айтып отыр. Дегенмен ауру ағымы өзгермейді. Вирус мутациясы Ұлыбританияда шапшаң жайылғаны салдарынан аталған елде кейінгі күндері бір тәулікте 50 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген жоғары көрсеткіш. Осының кесірінен билік қайтадан жаппай локдаун енгізуге мәжбүр болған. Қазірде 50-ден астам ел Ұлыбританиямен арада әуе рейстерін жапты.
Оқи отырыңыз: Covid-ке қарсы вакциналар: 8 факт пен 4 сұрақ
Коронавирустың жаңа түрі қаншалықты тез таралады?
Бұл жаңа штамм былтыр алғаш рет қыркүйек айында анықталды. Қараша айында Лондондағы коронавирус жұқтырғандардың шамамен 25%-ы аурудың дәл осы жаңа нұсқасымен сырқаттанған болатын. Ал желтоқсан айының ортасында олардың саны 65%-дан асты. Алайда, бұл жаңа штамның қаншалықты жұқпалы екенін дәл көрсететін нақты сан жоқ.
Жаңа штамм неліктен алаңдаушылық тудырады?
Медицина мамандарының деректерінше, коронавирус мутациялануға бейім. Covid-19 анықталғалы бері коронавирус 20 рет мутацияланған екен. Ал соңғысында үш фактордың жиынтығы ғалымдардың ерекше назарын аударады:
- ол сол вирустың басқа штамдарын тез арада жояды;
- мутация вирустың ерекше маңызды бөліктерінде жүреді;
- осы мутациялардың кейбіреуі зертханалық жағдайда вирустың жасушаларға ену қабілетінің жоғарылағанын көрсетті.
Мұның барығы бұл вирустың тез таралуы мүмкін екенін көрсетеді. Дегенмен, мамандарда бұған әлі толық сенім жоқ.
Инфекционистердің пікірінше, жаңа штамм коронавирусты жеңе алмаған иммунитеті әлсіз науқас ағзасында жетіліп, дамыған болуы мүмкін. Коронавирустың жаңа нұсқасы, алдын-ала болжам бойынша, әдеттегіден 70% жұқпалы болуы мүмкін болғанына қарамастан, оның өлімге немесе ауруханаға жатқызу деңгейіне әсері туралы әлі ештеңе айтылмаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдай жөніндегі басқарма жетекшісі Майк Райан індет кезінде жаңа штамның пайда болуы қалыпты құбылыс, соған бола жағдай бақылаудан шықты деп айтуға болмайды деп санайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Pfizer вакцинасын сатып алады. Елдегі эпидахуал қандай?
Коронавирустың "британдық штамы" Қазақстанға жету мүмкін бе?
Желтоқсан айында Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова коронавирустың "британдық штамы" Қазақстанға жете алатынын айтты. Оның айтуынша, вирус үшін мутация – бұл табиғи процесс. Коронавирус айтарлықтай мутацияға ұшырады.
Қазақстанда мамыр айынан қыркүйек айына дейін жүрген штамдар зерттелді, ал бүгінде Германияда, Испанияда, Украинада, Ресейде, АҚШ-та және Қытайда таралған штамдар елде анықталды.