Бұған дейін әлеуметтік желіде Атырау облысында 9 жасар қыз баланың бойынан "жын шығарған" сәттің видеосы тараған болатын. Аталған видеоға қатысты психолог Назира Бурханова мен ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл пікір білдірді. 


Оқи отырыңыз: "Изгнание шайтана" в Атырауской области: ребёнку оказывают психологическую поддержку


ҚМДБ: Адамға жын кіргеннің белгісі қандай және қалай қорғанамыз?

ҚМДБ адамға жын кіргеннің белгісі қандай болатынын түсіндірді.

Жындар – ойдан шығарылған қиял емес. Адам сияқты оларға да құлшылық парыз етілген жаратылыс. Жындар да ішінара жақсы және жаманға бөлінеді. Ежелде жыннан қорқып, олар жайлы шындыққа жанаспайтын түрлі әпсана-ертегілер шығарылған. Құран Кәрімде: "Адамдардың ішіндегі кейбір кісілер жындардың ішіндегі кейбір еркек жындардан пана сұрап, олардың менменсіп, басынуларын арттыратын еді", – деген аят бар. Оның мәнісі, араптар жазық далаға келіп, түнемек болады да, сол маңайдағы жындардың үлкенінен пана сұрайды. Есірген жындар оларды ақылдан адастырады. Иә, жын адамға зиян тигізуі мүмкін.

Жындар көбінесе лас және таза емес орындарда, айдала мен шөл далада жүреді. Күн батқанда жер бетіне тарала бастайды. Құран Кәрімде: "Ақиқатында, оның билігі оны өзіне дос, қамқоршы тұтатындарға және онымен серік қосатындарға ғана жүреді", – дегендей жын өзін мазалаған адамға жамандық етеді. Мәселен, кірдің суын немесе ыстық суды есік алдына немесе көшеге төге салу, айдалада ұйықтап қалу, күл-қоқысты басу, елсіз жерде түнделетіп жүру, малдың сүйегін тебу, үнемі күнә жасап жүру және сиқырланып қалу сияқты себептермен жын тиюі мүмкін. Қазақтың "күл баспа", "кірдің суын жолға төкпе", "түнде жүргенде "бисмилла" айтып жүр", "шошынып қалсаң "бисмилла" де" деген сияқты сөздер айтуының сыры да осында жатыр.


Оқи отырыңыз: "Әсіре сәндеуге рұқсат жоқ": Қазақстанда зират көтеру мен құлпытас қоюдың тәртібі қандай


Жынның адамға тиетін жолы көп. Оның арнайы белгілері де жоқ. Әр қилы және түрлі себептер болуы ықтимал.

Бірақ тәжірибе көрсеткендей көбінесе төмендегідей белгілерінен байқалады:

  1. Ешбір себепсіз үнемі бас ауру;
  2. Аяқ-қолдың ұйығанын сезіну;
  3. Алла Тағаланы зікір еткенде, Құран оқығанда іштей қарсылық сезіну;
  4. Құранды тыңдағанда бас ауруын сезіну немесе дене-мүше еріксіз қимылдай бастауы;
  5. Жынның науқас тілімен сөйлей бастауы;
  6. Беймаза түстер көру және ұйқыда бейне бір құлап бара жатқандай сезіну.

Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл жыннан қорқудың қажеті жоқ екенін айтады. 

"Алайда жын адамның ішіне кіре алады, демек оның қолынан барлық нәрсе келеді екен деп одан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше мұсылман адам жын-шайтанның зиянынан сақтану жолдарын қарастыруы керек. Алла Тағаланы еске алып, зікір ету – жын-шайтанға қарсы ең күшті әрі сенімді қару. Әсіресе, "Фатиха", "Кафирун", "Ықылас", "Фалақ", "Нас" сүрелері мен Курси аятын оқудың пайдасы өте зор. Сондай-ақ Хақ Тағалаға тәуекел етіп, барлық ісінде шынайы Оған сүйену, тамақтанғанда бисмиллә айту, дәрет алып жүру, жуыну, өзіне дем салу сынды іс-әрекеттер пәленің жоламауына немесе одан құтылуға ықпал етеді. Сонымен қатар жыннан қорғану үшін Пайғамбарымыз үйреткен таңғы және кешкі сүннет дұғаларды оқып жүру қажет", – деді ҚМДБ өкілі Хасан Аманқұл.


Оқи отырыңыз: Жат ағым өкілдері интернет арқылы өз идеясын таратуды жиі пайдаланады – ҚМДБ


 

"Емшіге жүгінуге қорқыныш, білімсіздік және сабырсыздық итермелейді"

Психолог Назира Бурханова адам бойындағы қорқыныш пен сана сезімнің сәби деңгейінде қалуы алаяқ емшілерге ұрынуға алып келетінін айтады. Сондай-ақ ол кез келген жастағы адамның елес, жын-шайтан көруі шизофрения секілді ауыр аурулардың себебі болуы мүмкін екеніне тоқталды. 

 

"Адам баласы шарасыз күйге түскен кезде сәбиге айналады. Шизофрения, психоз секілді аурулар ешқашан жазылмайтын дерт секілді көрініп, "әп-сәтте емдеп-жазамын" деген адамға қарай жүгіреді. Тіпті осы сөздерді айтқан адамның білімі бар-жоғына қарамайды, тексермейді. Кез келген ауру емделеді, бірақ оған уақыт керек. Өкінішке орай, көп адам сабыр танытып, өзімен жұмыс істеуге дайын емес. Мұның орнына себепті қандай да бір тылсым күшке аудара салған оңай. Қорқыныш, білімсіздік және сабырсыздық адамды алаяқ емшілерге жүгінуге мәжбүрлейді", – деді Назира Бурханова.  

Еске салсақ, желіде атыраулық Кейқуат Оспанов кішкентай қызды ішінен жын шығару әдісімен емдеген видеосы тарады. Видеода екі ер адам жерде жатқан қыз баланың қолын байлап, тамағынан қысып жатқанын көруге болады. 

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бұл оқиғаға түсініктеме беріп, полицияның да бұл іске қызығушылық танытқанын айтты. Емшінің кім екені мен баланың орналасқан жері анықталды. Сондай-ақ балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.