Жүкті спортшы, "киллер" мерген, интерсекс боксшы. Париж Олимпиадасының қызықтарына шолу
Париж Олимпиадасы ашылу салтанатынан бастап қызу талқыға түсті. Жазғы ойындарда ЛГБТ+ тақырыбы шет қалмады. Бұл Олимпиадада ер мен әйел спортшылардың саны да тең. Олимпиада ойындары тарихында ешқашан жүлде алмаған елдердің атлеттері медаль алды. Ерекше көзге түскен спортшылар әлеуметтік желілерде танылып, қаһарманға айналды.
Осы орайда Информбюро порталы Париж Олимпиадасындағы ең деген ерекше оқиғаларға шолу жасады.
Құрсақтағы жеті айлық баласымен сынға түскен спортшылар
Мысырлық семсерлесуші Нада Хафез құрсақтағы жеті айлық баласымен Олимпиадаға қатысып, 1/8 финалға дейін жетті.
"Екі адам семсерлесіп жатқанымызбен, бұл жерде үшінші адам болды. Мен, қарсыласым және әлі дүниеге келмеген балам. Балам екеуміз Олимпиадаға жету жолында қаншама қиындықпен бетпе-бет келдік. Аяғым ауыр кезде көңіл-күйім құбылмалы болса, өмір мен спорттың тепе-теңдігін сақтау үшін де күресу қажет болды және бұл соған тұрарлық. Жолдасым маған сенді. Үш рет қатыссам да, бұл Олимпиада бәрінен өзгерек. Бұл жолы ішімде кішкентай Олимпиадашы болды", – деп жазды спортшы.
Парижде садақ атудан сынға түскен әзербайжандық мерген Яйлагюль Рамазанованың да құрсағында жеті айлық бала болған.
"Баланың жағдайы жақсы. Ішімде бала болғанына қарамай Олимпиадаға дайындалдым. Көрермендер мені қатты қолдады. Жеңіске жеткім келді, бірақ нәтиже ойлағанымдай болмады", – деді ол.
Шетелдік медиа спортшылар туралы жазса, әлеуметтік желілерде адамдар аяғы ауыр спортшыларға қолдау білдірді.
Ең үздік фото
Париж Олимпиадасында серфинг бәсекесі Парижден 16 мың шақырым жердегі Француз Полинезиясында өтті. Тынық мұхитындағы Таити аралында үздік спортшылар ең мықтыны анықтады. 30 шілде күні мұхиттың асау толқындарымен жарысқан серферлердің бірі бразиялық Гарбриэль Медина 9,9 балл жинап, рекорд жасады. Мединаның жеңісін тойлаған сәті француз фотографы Жерома Бруйенің таспасына ілікті. Бұл фото әлеуметтік желіде, медиа бетінде кең тарап, Париж Олимпиадасындағы ең үздік кадр аталды. Фотосуретте Медина тақтасымен ауада қатып қалықтап тұрғандай.
Қырық жыл күткен теннисші
Қытайда туған Чжиин Цзен 58 жасында алғашқы Олимпиадасына қатысты. Үстел теннисінің әжесі атанған ол Париж Олимпиадасында Чили құрамасы атынан сынға түсті. Ол Чилиде 1989 жылдан бері тұрады. Өзінің жиһаз компаниясы бар. Содан кейін ол спортты біржола қойып, кәсіппен айналысқан. Пандемия кезінде қайтадан қолына ракетка алып, жарыстарға қатыса бастаған.
Чжиин Цзен 1977 дәне 1986 жылдары үстел теннисінен Қытайдың жастар командасы сапында болды. 1984 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасына баратын Қытай құрамасына ілікпей қалған. Парижде жүлдеге ілікпесе де, спортшы арманы орындалғанына мәз.
"Отыз жылдан кейін үстел теннисіне оралдым. Жеңілгенде көңілім түскен жоқ, өйткені бұл – спорт. Жолдасым, ұлым, мен жақсы көретін жандардың барлығы атымды атап, қолдау білдірді. Менің жасымда қиналмай, керісінше қуана ойнау керек. Чили атынан сынға түсем деп ойламадым. Бұл елді жақсы көремін. Қытайда жете алмаған арманыма Чилиде жеттім. Ешқашан берілмеу керек. Қайтадан бала болсам және біреу қандай арманың бар деп сұраса Олимпиадаға қатысу дер едім. Келесі Олимпиадаға да қатысқым келеді", – дейді Цзэн.
2023 жылы ол Панамерика ойындарының қола жүлдегері атанып, Оңтүстік Америка чемпионатында күміс медаль алды.
Волонтер чемпион
Париж Олимпиадасында чемпион атанған Адриана Руаноның хикаясы фильм сценариінен кем түспейді. Ол бастапқыда спорттық гимнастикамен айналысқан. Гватемала атынан әлем чемпионатына дайындалып, Лондон Олимпиадасына жолдама алмақ болған. Алайда жаттығу кезінде арқасы ауырып, омыртқасы зақымданғаны анықталған. Осылайша ол гимнастикадағы карьерасын аяқтауға мәжбүр болған.
Адриана жарақатынан соң не істерін білмей дал болған. Уайым түбіне түспес үшін Рио Олимпиадасына барамын деп шешкен. Бұл жолы өзін спортшы емес, волонтер ретінде байқап көрген. Жазғы ойындар кезінде жаңа спорт түрін көріп, сонымен айналысуға бел байлаған.
"Олимпиадаға атлет ретінде бара алмасам, онда волонтер ретінде барамын дедім. Өтінім жібердім. Атуға жазыпты, спортшыларға қараймын. Кенет гимнастика қолымнан келмесе, онда атуды неге көрмеске деген ой келді", – деді ол.
Осылайша бұрынғы гимнаст тез арада стдент атуды үйреніп, 2021 жылы Токио Олимпиадасына жолдама алады. Жазғы ойындар алдында әрқашан қолдайтын әкесі қайтыс болып, алғашқы Олимпиадасы оңайға соқпайды. Адриана 26-орын алады.
2023 жылы Руано Панамерика ойындарында алтын медаль алып, Парижге жеңіс тұғырынан көріну үшін барады. Парижде ол 45 ұпай жинап, алтын медаль алып қана қоймай, Олимпиада рекордын орнатты.
"Өз көзіме өзім сене алмай тұрмын. Бақыттымын әрі өзімді мақтан етемін! Тұғырдан көріну оңай болған жоқ. Гватемала еліме, әсіресе әкеме алғыс айтамын. Парижде мені қолдайтын анам мен бауырым жанымда болғаны жақсы болды", – деді спортшы.
Айта кетсек, Адриана Руано арманына жетіп қана қоймай, Гватемала тарихындағы тұңғыш Олимпиада алтынын алып отыр.
Еліне тұңғыш медаль сыйлағандар
Сент-Люсиялық спринтер Джулиан Альфред пен доминикандық үш рет қарғып секіруші Теа Лафонд еліне алғашқы Олимпиада медалін сыйлады. Екеуі де Париж Олимпиадасында алтын медаль алды.
"Шынымды айтсам, керемет сезім. Таңертең оянғанда Жюльен Альфред – Олимпиада чемпионы деп жаздым. Өзіңе сенсең бәріне жетуге болады. Өзіме сендім, бапкеріме сендім, ең бастысы Құдайға сендім. Бұл медаль шағын аралдар үшін құнды. Аядай ғана аралдан осындай тұғырға көтеріле алатынымызға шабыт береді", – деді Альфред.
Сент-Люсия премьер-министр Филипп Дж. Пьер Facebook парақшасында "Бүгін Кариб аралдары халқы үшін ұлы күн. Бір күнде Сент-Люсия мен Доминика алғашқы Олимпиада медалін жеңіп, алтын алып, тарихты жаңартты" – деп жазды.
30 жастағы доминикандық үш рет қарғып секіруші Теа Лафонд та 15,02 метрге секіріп, жеңіске жетті.
Олимпиада тарихында 66 ел, яғни қатысушы елдердің үштен біріне әлі күнге дейін медаль бұйырмады.
Сөз салу
Қытайдың бадминтоннан аралас командасы Олимпиаданың алтын жүлдесіне ие болды. Ақтық сында Чжэн Сывэй және Хуан Яцюн жұбы оңстүстік кореялық қарсыластары Ким Вон Хо мен Чон На Ынды жеңді. Марапаттау рәсімінен кейін Яцюнді тосынсый күтіп тұрды. Оған Қытай құрамасының мүшесі, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Лю Юйчэнь ұсыныс жасады. Яцюн тұрмысқа шығуға келісетінін айтып, көз жасына ерік берді. Бұл сәтке куә болған көрермендер оларды қолдап, қошеметін аямады.
"Жеңіске жеткеннен кейін тағы да жыладым. Чемпион атанып қана қоймай, жаңа өмірге алғашқы қадам жасадым. Осы жазым мінсіз өтіп жатыр. Бақыттымын, сезімдерімді айтуға сөз жетпейді", – деді Хуан Яцюн.
Франциялық жеңілатлет Алис Фино мәре сызығын кескеннен кейін ғашығына ұсыныс жасады. Ол мәреге төртінші болып келді.
"Барлығы секілді бір нәрсені жасағым келмейді. Ол маған әлі ұсыныс жасамады. Мен де алғашқы қадамды жасауыма болады ғой деп ойладым да, тоғыз минуттың ішінде жүгіріп шықсам жасауға бекіндім. Тоғыз деген маған сәттілік әкелетін сан. Біз тоғыз жылдан бері біргеміз. "Париждегі махаббат" деп жазылған ілкекті сыйладым", – деді Фино.
"Киллер" мергендер
51 жастағы түрік Юсуф Дикеч серігі Шевваль Илайда Тарханмен бірге Париж Олимпиадасында пневаматикалық тапаншамен атудан аралас сында күміс жүлдеге ие болды. Ол жарысқа арнайы киім мен көзілдіріксіз, құлаққапсыз шығып, желі қолданушыларын таң қалдырды. Юсуфтың бір фотосуреті Олимпиада меміне айналды. Тіпті, спортшыны киллерге теңеді.
Спортшы 28 жасында атуымен айналыса бастаған. 2008 жылдан бері бес рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан.
The Olympic #shootingsport stars we didn’t know we needed.
— The Olympic Games (@Olympics) August 1, 2024
🇰🇷 Kim Yeji 🤝 Yusuf Dikeç 🇹🇷 pic.twitter.com/gfkyGjFg4I
Парижде алғашқы жүлдесіне ие болып қана қоймай, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.
"Арнайы киім, құрал-сайманмен шықсам өзімді жайсыз сезінемін, Ату – өзіңді ыңғайлы сезініп, бір нүктеге ден қоятын спорт. Арнайы киіммен өзімді жайсыз сезінетін болған соң кимеймін. Бұрын ешқандай да танымал емес едім. Парижден кейін көшеде жай жүре алмайтын болдым. Адамдар тоқтап, фотоға түскісі келеді. Түркияда ғана емес, әлемде танымал болып шыға келдім. Адамдар әлеуметтік желілерде мені белгілеп, жекеме жазып жатыр. Өте қуаныштымын", – деді Юсуф Дикеч.
Оңтүстік Кореядан келген мерген 31 жастағы Ким Е Джи Париж Олимпиадасында алтын медаль алмаса да әлеуметтік желіде таныла түсті. Ол 10 метрге тапаншамен атудан күміс жүлде алды. Медиа, әлеуметтік желі беттерінде спортшының салқынқандылығы, тұрған тұрысы мен киімі мыңдаған адамның назарына ілікті. Арнайы көзілдірік таққанына қарап "киллерге" тенеді. Қап-қара киінген атлет оң қолымен тапанша ұстаса, сол қолында кішкентай қызы берген жұмсақ піл бар. Бұл – Ким Е Джидің бойтұмары.
Жанкүйерлері Кимнің образына таңдай қағып, әлеуметтік желілерде суреттер салып, фото және видео жасады.
Интерсекс боксшы
Алжир боксшысы Иман Хелифті трансгендер, яғни бұрын еркек болған, кейін жынысын өзгерткен деп айыптады. Алайда боксшының әйел болып дүниеге келгені және жынысын өзгертпегені расталды. Ол – интерсекс, яғни тестостероны өте көп, XY еркектік хоромосомалар анықталған.
Иман 2023 жылы Әлем чемпионатында генедерлік тестен өте алмаса да, оған жазғы ойындарға қатысуға рұқсат берілді. Парижде 66 келіде сынға түсіп жатқан ол 1/8 финалда италиялық Анжела Каринамен кездесіп, қарсыласы 46 секундта Иманның қатты соққыларына шыдай алмай, жекпе-жекті тоқтатты. Италиялық боксшы бұрын-соңды мұндай ауыр соққылар тимегенін айтып жылады. Содан кейін медиада, әлеуметтік желіде Иман Хелиф трансгендер екен деген алыпқашпа әңгіме тарады. Халықаралық Олимпиада комитеті алжирлік боксшының әйел екенін айтып, бұл дауға нүкте қойды. Ширек финалда венгр боксшысы Анна Хамориді төрешілердің бірауыз шешімімен жеңді. Жартылай финалда Таиландтан келген Джанджай Суванафенгті де айқын басымдықпен жеңіп, финалға шықты. Алтын сарапқа салынатын ақтық бәсекеде ол қытайлық Ян Люмен кездеседі.
"Бұл медаль – қаншама жылдық еңбектің жемісі. Бұл – елімнің, араб елдерінің медалі. Алжир жасасын! (...) Қатты қуанып тұрмын. Осы Олимпиадада жеңіске жету үшін сегіз жыл жұмыс істедім. Финалға жеткенім үшін өзіммен мақтанамын. Елімде қолдап отырған адамдарға алғыс айтамын", – деді Иман Хелиф.