Жер сілкінісінің ошағы Алматыға жақындап келеді. 130 жыл бұрынғы жойқын зілзала қайталана ма
Тәуелсіз сейсмолог Мұхтар Хайдаров Алматыда қуатты жер сілкінісі болуы мүмкін екенін айтты. Айтуынша, сейсмологиялық процесс үшке бөлінеді: форшок – алдын ала жер сілінісі, одан кейін негізгі үлкен жер сілкінісі болса, оның артынан афтершок болады. Сейсмолог бүгінгі дүмпуді форшок болуы мүмкін дейді.
"Алматыда жер сілкінісі қатты болды. Оның артынан қуатты жер сілкінісі болуы мүмкін. Мұндай қатты форшоктар жер қабығында үлкен қысымның бар екенін білдіреді. Бұл қауіпті. 23 қаңтарда жер сілкінісінің ошағы Ақсуда болды. Ал бүгінгі мүлдем басқа дүмпу, бірақ тым жақын. Бүгінгі жер сілкінісі шекарада Кемин деген үлкен жарық бар, тура соның ортасында болды. 130 жыл бұрын қатты қысымның салдарынан 1887, 1889 және 1911 жылдары қатты жер сілкінген еді. Қуатты жер сілкінісінен үйлер құлады. Сол жер сілкінісімен байланыс көрініп тұр. Жиналған қысым Алматыға жақынырақ жылжып жатыр. Бұл өте қауіпті. Баяғы үлкен жер сілкінісің ошағына келіп отырғаны біраз уайымға салып отыр. Енді ештеңе болмайды деп айта алмаймын", – деді сейсмолог.
Мұхтар Хайдаров бұл жолғы дүмпу 23 қаңтарда болған жер сілкінісінен мүлдем басқаша болғанын айтты.
"Физика тұрғысынан жер сілкінсінің түрлі импульсі бар. Мынау қалаға өте жақын болды. Таза импульсқа жақындадық. Импульс деген не? 23 қаңтарда өткен жер сілкінісі тербелген пойыз сияқты жұмсақ болды. Мынау жұмсақ емес, өте қатты. Себебі тасты тасқа соққандай импульс. Ол тасты, темірді бәрін опырып кетеді. Ошақтың ішіне кірсеңіз 5-6 шақырым жаңадан жасалған жарықты көресіз. Бір секундқа жетер-жетпес уақытта 5 шақырымға жарып жіберген. Көрдіңіз бе, қандай күш. Оған ешқандай үй, темір шыдамайды", – деді сарапшы.
Сейсмолог форшоктан кейінгі үлкен жер сілкінісі қандай болуы мүмкін деген сұраққа жауап берді.
"Форшоктың магнитудасы бес болса, ең үлкені сегізге дейін барады. Бірнеше сағат және бірнеше күннен кейін үлкен апат болса онда бүгінгіні форшок деп айта аламыз. Бірақ қазір бір ғана мәлімет бар болған соң нақты форшок деп айта алмаймын. Бір жағынан қорқатын ештеңе жоқ сияқты, екінші жағынан қызыл ошаққа келіп тұр. 1911 жылғы жер сілкінісі қайталана ма деп уайымдап жүрмін. Тура айта алмаймын. Ешкімді қорқытқым да келмейді. Бірақ, енді тыныш жүруге де болмайды. Бәрі дұрыс болады деп алдамай, шындықты, уайымды айту керек. Арғы жағын үкімет, қоғам шешеді. Ал жүз жылда қайталануы мүмкін дегенге нақты дәлел жоқ. Сондықтан олай айту негізсіз", – деді Мұхтар Хайдаров.
Әлеуметтік желіде "қытайлықтар байлық іздеп, жердің астын қазып жатыр, сол себепті жер сілкінісі жиіліп кетті" деген түрлі сыбыс тарап жатыр. Алайда тәуелсіз сейсмолог олай болуы мүмкін емес, себебі жер сілкінісін жасауға адамның шамасы жетпейді дейді.
"Ол мүмкін емес. Оған адамдардың күші, жағдайы жетпейді. Табиғатты бұрғылап, қолмен жер сілкінісін жасау мүмкін емес. Жерді бұрғылағаннан ешқандай апат болмайды. Жер сілкінісін жасау қажет болса бірнеше жыл бұрғылап, қаншама су құю керек. Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпарат жалған. Оның растығын зерттейтін органдар бар. Космосуретке қарайды. Қытайдың өзінен тікелей сұрауға болады", – деді сарапшы.
Мұхтар Хайдаров жер сілкінісі кезінде не істеу қажет екенін айта кетті.
"Алтыншы қабатта тұрамын. Қатты дүмпу болмаса үйде қала беремін. Киініп, дайын болып жатамын. Ал қатты дүмпу болса, амал жоқ, тездетіп далаға шығу керек. Ғимарат құламаса бір сағаттан кейін ішке кіремін. Жататын жерде аяқ киім болуы керек. Жойқын зілзала болғанда әйнектер сынып, аяғыңызға шыны кіріп кетуі мүмкін. Қуатты жер сілкінісі болса баспалдақпен, лифтімен түскен дұрыс емес. Бүгінгідей болса аяқ киімді киіп, су мен құжаттарды алып шығу керек. Далада күткен дұрыс", – деп кеңес берді сейсмолог.
Бүгін Алматыда сағат 11.22-де жер сілкінді. Алматы облысында жер сілкінісінің қуаты 5 балл болып сезілсе, Талдықорғанда (Жетісу облысы) зілзала қуаты 2 балл болды.