Виена Камарота: Орталық Азия елдеріне саяхат қауіпсіз екенін әлем білгенін қалаймын
Әйгілі Марко Полоның ізімен Венециядан Бейжіңге дейін саяхаттауды мақсат тұтқан Виена Камаротаның сапары аяқталуға жақын қалды. 74 жастағы әйелдің 15 мемлекетке саяхаты 22 мың шақырымға созылады. Үш қыздың анасы, үш немеренің әжесі бір ай Қазақстанда тұрақтап, Түркістан, Алматы қалалары мен Алматы облысының тыныс-тіршілігімен жіті танысқанын айтады.
"Барған мемлекеттерімде Еуропа мен Азияны қосқан Марко Поло еңбегінің маңыздылығы туралы айтып жүремін. Сондай-ақ керісінше Батыста Орталық Азия елдерінің саяхат үшін, ел болып араласу үшін қауіпсіз екенін жеткізуге тырысамын. Өйткені негізсіз алалаушылық бар. Мен үшін мемлекеттердің мәдениеті, салт-дәстүрі мен асханасы өте қызық. Қазақстан мен келіп отырған он бесінші мемлекет", – деді Виена Камарота.
Саяхатшы егде жастағы әйелдердің де өзі секілді әлемді аралағанын, өзі қалаған істермен айналысқанын қалайтынын айтады.
Оқи отырыңыз: Сеулге саяхат: 2023 жылғы күз бен қыста қонақтарды не күтеді?
"Өкінішке орай, қазір әлемде адамдар бір-бірінен қорқады, жау санайды. Алайда менің жолымда қаншама мейірімді, ашық-жарқын адамдардың кездескенін білсеңіздер ғой. Менің бұл саяхаттым баратын елдер саны мен жаяу жүріп өтетін жол туралы емес, адамдар, ұлттар арасындағы достық, жанашырлық қарым-қатынас туралы. Қазақстанда алдыңнан күлімсіреп шыға келетін, керек кезде қол ұшын созатын адамдар өте көп. Мұнымен қатар мен секілді 74 жасқа келсе де, әйелдердің жалғыз саяхаттауына, бала күнінен ойға алған армандарына ұмтылуына әлі де кеш емес екенін жеткізгім келеді", – деді саяхатшы.
Сондай-ақ Виена Марко Полоның маршрутын дәл қайталамауына не себеп болғанын түсіндірді.
"Марко Поло Жібек жолы бойымен жүріп өтті, мен де сол бағытта жылжып келемін. Самарқанд, Бұқара, Түркістан және Қазақстанның оңтүстік бөлігі аса маңызды. Екі ел арасындағы визалық келісімдерге байланысты бір мемлекетте бір айдан астам уақыт тұрақтай аламын. Кейбір мемлекеттерге визаға байланысты бара алмағаным рас. Қазақстан туралы барша әлемге айтатын боламын", – деді Виена Камарото.
Оқи отырыңыз: Қазақстанға Амур жолбарыстарын әкелуге дайындық қалай жүріп жатыр? Фоторепортаж