Вице-президент институты: Қазақстан мен шетел тәжірибесі және сарапшылар пікірі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстанда вице-президент лауазымын қайта енгізуді ұсынды. Бастама бойынша, ол президенттің тапсырмасымен халықаралық форумдарда және шетелдік делегациялармен келіссөздерде Қазақстанның мүддесін қорғайды. Сондай-ақ Парламентте президенттің мүддесіне өкілдік етеді.
Президентке вице не үшін қажет
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, вице-прездиентті парламенттің келісімімен, депутаттардың көпшілік дауысы арқылы президент тағайындайды. Ал өкілеттік ауқымын мемлекет басшысының өзі айқындайды.
Атап айтқанда, вице-президенттің негізгі функцияларына:
- парламентте президенттің өкілі болу;
- президенттің тапсырмасымен халықаралық форумдарда Қазақстанның мүддесін қорғау;
- шетелдік делегациялармен келіссөздер жүргізу;
- отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл орнату кіреді.
Вице-президенттің қызметтік функционалына қатысты негізгі ережелер алдағы уақытта Конституцияда нақты көрсетіледі.
30 жыл бұрынғы тәжірибе
Қазақстан тарихында вице-президент лауазымы осыдан 30 жыл бұрын – 1991-1996 жылдары аралығында болды.
1990 жылғы 20 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі "Қазақ КСР мемлекеттік билік пен басқару құрылымын жетілдіру және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылдап, алғаш рет вице-президент лауазымын енгізді. Бұл Кеңес одағы ыдырауға бет алған, республикаларда жаңа саяси институттар қалыптаса бастаған уақыт еді.
1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Қазақ КСР президентінің жалпыхалықтық сайлауында Ерік Асанбаев вице-президент болып сайланды. Ол бұған дейін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
10 желтоқсанда бұл лауазым ресми түрде Қазақстан Республикасының вице-президенті деп атала бастады. Ал 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Осылайша, вице-президент институты тәуелсіз мемлекеттің алғашқы билік құрылымдарының бірі ретінде қалыптасты.
Конституциялық мәртебесі: 1992 жылғы 2 шілдеде Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, президент пен вице-президентті Қазақстан азаматтары жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау арқылы 5 жыл мерзімге сайлайтын. Вице-президент лауазымына үміткерді президенттікке үміткер ұсынатын.
1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған жаңа Конституция бойынша:
- Вице-президент президентпен бірге сайланып, оның тапсырмасы бойынша жекелеген функцияларды атқарды және президент өз міндетін орындай алмаған жағдайда оны алмастырды;
- Вице-президентке депутат болуға, басқа мемлекеттік органдарда қызмет атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды. Оған иммунитет берілді;
- Өз еркімен отставкаға кету құқығын бекітті.
- Президент отставкаға кеткен немесе қайтыс болған жағдайда оның өкілеттігі вице-президентке өтетін.
- Вице-президент лауазымына ел аумағында кемінде 10 жыл тұрақты тұруған және мемлекеттік тілді білетін Қазақстан азаматы ғана үміткер бола алатын.
- Өтпелі ережелерде сол кездегі президент пен вице-президенттің өкілеттігі келесі сайлауға дейін сақталатыны көрсетілді.
Алайда бұл лауазымның ғұмыры ұзаққа созылмады. 1995 жылы 30 тамызда елде жаңа Конституция қабылданып, вице-президент лауазымы туралы баптар алынып тасталды. Ал 1995 жылы 24 қарашада президент әкімшілігі туралы жаңа ереже бекітіліп, онда вице-президент туралы мүлде айтылмады.
1996 жылы 22 ақпанда Ерік Асанбаев Қазақстанның Германиядағы елшісі болып тағайындалып, вице-президент институты жойылды.
Әлем тәжірибесі
Вице-президент лауазымы әлемнің көптеген мемлекетінде бар. Ең танымал мысал – АҚШ. Онда вице-президент президенттің міндетін уақытша атқарады және Сенат төрағасы болып саналады.
Сонымен қатар Бразилия, Аргентина, Колумбия, Панама, Коста-Рика, Доминикан Республикасы, Үндістан, Индонезия, Вьетнам, Иран, Қытай, Әзірбайжан, Ангола, Кения, Нигерия сынды бірқатар елде вице-президент институты жұмыс істейді.
Кей елдерде вице-президенті президентпен бірге халық сайласа, кей елдерде президент өзі тағайындайды.
Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейде вице-президент институты КСРО тарағаннан кейін бір-екі жыл ғана жұмыс істеп, таратылған.
Вице-президент лауазымы Қазақстанға не береді?
"Қазір, сірә, Тоқаев бәсекелестіктен азырақ қорқады және көбіне мұрагерлер туралы, сондай-ақ вице-президент пен жаңа бірпалаталы парламент спикері арасындағы жаңа тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің болашақ құрылымы жайлы ойлайтын секілді", – деді саясатанушы.
Дегенмен, саясаттанушы бұл лауазымның екінші жағы да бар екенін жазды.
"Тәжірибе көрсеткендей, егер кез келген қолдан жасалған саяси конструкция нақты саяси конъюнктураға бейімделіп, жиі конституциялық өзгерістер арқылы қалыптасса, халықтың сенім мандатын алмаған жеке тұлғаларға ғана арқа сүйесе және бұл жүйені мықты саяси институттар демеп тұрмаса, ол өте нәзік әрі тұрақсыз болады. Негізінде, сайлау және сот жүйелері осындай саяси-құқықтық тірек бола алар еді. Ұлттық құрылтай отырысында депутаттар конституциялық сот судьяларының кандидатураларын мақұлдайтыны, ал жоғарғы сотқа тағайындаулар президенттің ұсынысы бойынша жүретіні туралы тезистер айтылды. Сондай-ақ парламент орталық сайлау комиссиясына тағайындауларға келісім береді. Жалпы алғанда, бұл жаман емес сияқты. Бірақ бір "әттеген-ай" бар. Енді парламенттің өзі тек партиялық тізім бойынша сайланатын болады, бұл іс жүзінде оны атқарушы билік тармағына көбірек тәуелді етеді. Ал атқарушы билік болса, дәл сондай басқарылатын партиялық алаңды қалыптастырудың барлық құралдарын өз қолында сақтап қалды", – деп жазды Досым Сәтпаев.
"Бұл, ең алдымен, елімізде соңғы жылдары басталған мемлекеттік басқару жүйесін реформалау үрдісінің жалғасын табуымен тікелей байланысты. "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" ұстанымы негізінде президенттік басқару жүйесінің тиімділігін күшейтуден туындап отыр. Президенттің айтуы бойынша, жаңа конституциялық өзгерістер президенттік билік институтын әлсіретпей, керісінше күшейте түспек. Қазақстан алдағы уақытта президенттік басқару жүйесіне негізделген республика ретінде одан әрі дамитын болмақ", – деді саясаттанушы.
Сарапшының айтуынша, вице-президент лауазымын қайта енгізуге түрткі болып отырған факторлардың бірі – соңғы жылдары мемлекет басшысының шетелге ресми сапарларының жиілеуі. Оның сөзінше, президент мемлекетаралық келісімдер мен жоғары деңгейдегі кездесулерге байланысты уақыттың едәуір бөлігін шетелде өткізеді. Осындай кезеңдерде ел басқару тізгінін сенімді тұлғаға табыстау қажеттілігі туындайды.
"Тағы бір мәселе – алда президент сайлауы жақындап келеді. Саяси өзгерістерге сәйкес президент бұдан былай тек бір ғана мерзімге сайлана алады. Олай болса, мемлекет басшысына қазірден бастап өзінің мұрагерін дайындау қажет. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында болашақта елімізде болатын билік транзитінің қолайлы өтуі – мемлекеттің тұрақтылығының басты кепілі. Осыған байланысты билік қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, қоғаммен сенімді диалог орнату, сондай-ақ құқықтық және саяси жүйелерді нығайту тұрақты дамудың маңызды факторы болып саналады", – деді саясаттанушы.
"Ең басты мәні – кадрлық және саяси резервті жүйелі түрде қалыптастыру. Яғни, келешекте ел басқаруға дайын кандидаттардың легін ашық, заңды әрі саяси тұрғыдан "пісіріп" шығаратын механизм пайда болады. Ол кез келген тұрақты саяси жүйеге тән эволюциялық қадам. Екіншіден, егер вице-президент институты іске сәтті қосылса, премьер-министрдің де, болашақта Құрылтай спикерінің де саяси аясы кеңейеді. Неге десеңіз, кез келген әлемдік саяси жүйеде жазылмаған, бірақ бәріне белгілі бір "қағида" бар: қанша жерден тиімді жұмыс істесең де, беделің мен танымалдығың президенттен асып кетпеуі тиіс. Бұл көптеген лауазымды тұлғаның әлеуетін толық ашуға бейсаналы түрде тосқауыл болды. Енді сол "саяси соққыны", яғни қоғамдағы артық назар мен символикалық бәсекелестікті вице-президент өз мойнына алатын сияқты. Ал басқа институттар: Үкімет те, Құрылтай да өз функцияларын артық саясиландырмай, кәсіби деңгейде орындауға мүмкіндік алады", – деді сарапшы.
Жалпы алғанда, сарапшының пайымдауынша, ықтимал конституциялық өзгерістерден кейін кей ауқымды әрі стратегиялық мәселелер вице-президенттің құзыретіне берілуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, вице-президент лауазымы формалды қызметпен шектелмей, нақты саяси салмағы бар институтқа айналуы ықтимал.
Сарапшы вице-президент институтын енгізу қазіргі реформалар логикасында саяси жүйені сақтандыруға, билік сабақтастығы мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған қадам екенін, алайда оның тиімділігі бұл тетіктің қалай іске асырылатынына тікелей байланысты екенін атап өтті.