"Үш жылда қазақты да, жұлдызды да өзгертуге болады". Мәдениеттанушы Қабатов, Нұртас және Әлқожаның бұзақылығы жайлы
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандық жұлдыздардың бірінен кейін бірі ұсталуына қатысты пікір білдірді. Ол мәдениет қайраткерлерінің қоғам алдында үлкен жауапкершілігі барын еске салып, заңды аттамауға шақырды. Ал психолог Назира Бурханова оларды эмоциялық қолдауға зәру десе, мәдениеттанушы Серік Ерғали жұлдыздардың осылай өзіне бейсаналы ұпай жинайтынын айтады.
"Қоғамды қарыштап өсіретін де, тұқыртып өшіретін де – мәдениет. Мәдениет тек өнер мен білім, озат талғам пен тазалык емес. Бұл, ең алдымен, адамның ішкі руханияты, халықтың өркениеттік болмысы. Ендеше, сол мәдениеттің туын көтеріп, өнердің тасын өрге домалатып жүрген әрбір майталман – елге үлгі, қоғамға бағдар болуы шарт. Өкінішке орай, соңғы кезде мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, кейде тіпті заңсыз әрекеттер жиілеп кетті. Әрине, жеке-дара адам ретінде, қарапайым азамат ретінде кімге болса да пендешілік тән қасиет. Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ оның арты заңды аттауға бармауы тиіс. Өзін нағыз "мәдениет қайраткерімін" дейтін жан үшін танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдырет емес. Олар қашан да ұлт мәдениеті дамуының қозғаушы күші саналады. Сондықтан олардың көпке ықпалы тек өнеге, насихат, жақсылыққа арқау болуы тиіс. Мәдениет қайраткерлері Заң мен Ұрпақ алдындағы осынау үлкен жауапкершілігін түсінуі керек", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Тұрсынбек Қабатов ұшақта тәртіп бұзғаны үшін 5 тәулікке қамауға алынды
Мұнымен қатар Аида Балаева жұлдыздардың қамауға алынуын заңның бәріне ортақ екенін көрсеткенін айтады.
"Бұл мемлекет басшысының барша қазақстандықтардан талап етіп отырған бірегей үндеуі. Лауазымына, танымалдылығына, қоғамдағы орнына қарамастан, заң бәріне ортақ. Ал мемлекет осы қағиданың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін болады", – деді Аида Балаева.
"Оңтүстік Корея секілді дамыған ел болсақ, халық оларды түтіп жейтін еді"
Мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали Оңтүстік Корея секілді дамыған мемлекеттерде заң бұзған жұлдыздардың еш қолдау таппайтынын мысалға келтіріп, екі елді салыстырып көрді. Айтуынша, екі елдің психологиялық-әлеуметтік дамуы екі түрлі және мұндайда заңның орындалуы маңызды фактор бола алады.
"Оңтүстік Кореяда заң жақсы жұмыс жасайды дәне әділдік жоғары деңгейде. Ал бізде енді жолға қойылып келеді, қарапайым халыққа әділдік табу қиын. Көпке дейін заң әртүрлі адамға түрліше жұмыс істеп келді. Егер керісінше бізде әділдік үстемдік құрғанда, халық мұны өзінен бастап билік басындағылардан, жұлдыздардан талап етер еді. "Сен неге түзу жүрмейсің? Неге есірткі тұтынасың?" дегендей түтіп жейтін еді. Сол себепті, мұндай оқиғаларға бей-жай қарайды, қабылдайды. Екіншіден, жұлдыздар осылай қыр көрсету арқылы өзіне ұпай жинайды. Саналы болмаса да, бейсаналы түрде бұл осылайша өзін ұмыттырмаудың бір құралы болса керек. Халықта "Қамауда болған Тұрсынбек қазір қалай екен?" дегендей қызығушылық арта түседі, өнерін тамашалауға барады. Дамымаған елдің қимыл-әрекеті атына сай болады. Дамыған ел болсақ, сөзіміз басқаша шығатын еді. Дегенмен әдеп, мәдениет, заңның орындалуын біз бір ғана Тұрсынбек, Қайрат, Әбдіжаппардан талап ете алмаймыз. Бұған қоғам болып үлес қосуымыз қажет. Резонанстың арқасында үш жылда заңды да, қазақты да, жұлдыздарды өзгертуге болады. Бұл үшін бәріміз ортақ заңға бағынуымыз керек", – деп түсіндірді Серік Ерғали.
Оқи отырыңыз: Сот қаулысы: Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынды
Адам неге балағат сөз айтады?
Психолог Назира Бурханова балағат сөз айтып, тәртіпсіздік жасаудың себебі әр адамда әртүрлі болғанмен, жан-дүниесінде шешімін таппаған қиындықтары барын, қиналып жүргенін көрсететінін айтады.
"Адам бір себеп болған соң боғауыз сөз айтпайды, керісінше боқтық сөздер – ішкі конфликтінің нәтижесі, бір іске қанағаттанбаудың салдары. Яғни ол адам қиналып жүр деген сөз. Темір торға қамалу – қоғамнан өзін тоқтатуды сұрағанмен тең. "Мен өзімді тоқтата алмаймын, маған шекара керек" дегендей. Балағат сөздер айту – біреу үшін эмоцияны шығару құралы, екіншілер үшін – энергия мен қордың жетіспеушілігі, үшіншілер үшін – мәдениеттің төмендігі, яғни сөздік қордың аздығы, төртіншілер үшін – күнделікті өмірдегі дағдысы. Меніңше, бұл жағдайдың бәрі жұлдыздардың да қарапайым адам екенін, эмоциялық қолдауға зәру екенін көрсетеді", – деді Назира Бурханова.