Бақтияр Адамжан – Astana Opera театрының жетекші балет солисі. Сарыөзектен шыққан ауыл баласы он жасында балет сабағына келіп, бүгінде әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, балет өнерінің биік шыңдарын бағындырып жүр. Қаншама халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған ол 26 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Бақтияр Адамжан Алматы мен Астанада өткелі жатқан Freedom Festival өнер фестивалінде Ұлыбритания, Германиядан келген әріптестерімен бірге Souvenir de Danse қойылымында өнер көрсетпек. Ұлыбританиядағы Корольдік балеттің хореографы Валентино Цукетти қойған бұл балеттің премьерасы Қазақстанда өткелі жатыр. 

Осы орайда Информбюро тілшісі премьера алдында қазақ балетін әлемге танытып жүрген Бақтияр Адамжанмен сұхбаттасып, аз-кем әңгіме өрбітті. 

– Бұл балетке онлайн дайындалу қыин болмады ма? Хореограф пен балет әртістерінің басы енді қосылып жатыр екен.

– Бұл қойылымға тікелей эфир арқылы дайындалдық. Мен үшін жаңа тәжірибе болды әрі бір жағынан жауапкершілік. Қытай сапарынан оралған соң бірден дайындықты бастап кетіп, он күндей жұмыс істедім. Деңгейі жоғары балет әртістерінің арасынан мені де таңдады. Көптеген халықаралық фестивальдерге қатысамын. Көбісі таниды. Шетелден келген әртістердің барлығы менің достарым. Солармен бірге өнер көрсетсін деп Қазақстанның балет өнері атынан шақырған болар.

Онлайн қойылғандықтан нюанс аз болмады. Хореограф та, бишілер де Алматыға келіп, дайындық жүргізіп жатырмыз. Көп жұмыс жасалды және ауқымы өте үлкен. Бәріміз өз ісіміздің шебері болғандықтан хореографқа жеңіл болған сияқты. Дегенмен де келген әртістер өз театрларының бетке ұстар балет әртістері. Әртүрлі хореографияларды меңгерген. Бүгін-ертең басымызды қосылып дайындалсақ жақсы дүние шығатын секілді.

Шетелге шақырғанда онлайн дайындықтар жүретін, бірақ та жаңа дүние қойылмайды. Бізге қойылған дүниенің видеосын жібереді де, біз содан қарап үйренеміз. Театрға барғанда тазарту жұмыстары жүреді. Бірақ та Алматыда қойылғалы жатқан жаңа дүниені қою оңай емес. Оны балет әртістерінің мүмкіншілігіне қарай қояды. Сондықтан бұл басқа жұмыс және осы тұрғыдан бұл алғашқы тәжірибем болып отыр. Жұмыс барысы қызық өтті.

Фото: astanaopera.kz

– Қандай қызық сәттер болды?

– Кейде хореографтың айтқанын біз түсінбей, біздің айтқанымызды ол түсінбей жатты. Тікелей эфир болғандықтан бес-он секундқа кешігіп жатады ғой. Ол басқа дүниеге көшіп қояды да, оның айтқаны бізге енді келіп жатады. Сондай қызықтар болды. Жұмыс істедік. Жеке де дайындалдым. Мен үшін абыройды сақтап қалу – үлкен жауапкершілік. Дүние жүзінде қазақ балатін жақсы жағынан дәріптеуге тырысамын. Көптеген халықаралық фестивальге қатысып жүрмін, көптеген театрдың сахнасында биледім. Шетелде қазақ балетін жақсы жағынан көрсетуге тырысамын. Шетелден келген балет әртістерімен бірге өз елімде сахнаға шығу, солардың қатарынан қалмай өнерімізді жақсы жағынан көрсету, кәсіби маман екенімізді халқымызға жеткізу – алға ұстар ойым. Өкінішке қарай, халық арасында шетелден келген әртістер, бишілер біздің әртістерден жоғары тұратын сияқты деген ой қалыптасқан. Алайда олай емес екенін дәлелдегім келеді. Біздің олармен кем дегенде тереземіз тең, ал былай асып та тұруымыз мүмкін. Соның барлығын сахнада көрсетуге тырысамын. Қазақ елі қаншалық қонақжай болсақ та, абыройға келгенде тізгінді жібермеуге тырысамыз.

– Мұндай фестивальдер қаншалық қажет?

– Өнермен байланысты дүниенің барлығы халқымызға өте қажет. Өнердің пайдасы өте зор, өйткені өнер арқылы адамдар рухани толысады. Екіншіден, шетелдің бетке ұстар әртістері келіп отыр. Көрермендер олардың өнерін өз көзімен көре алады. Шетелдің мықты хореографтарымен жұмыс жасау әртістерге ғана емес, көрермендердің де өнердің жан-жақты, алуан түрлі екенін көруге мүмкіндік береді. Сондықтан да әлемде болып жатқан өнер жаңалықтарын өз елімізде сахналай алатын болсақ, ол да бір үлкен жеңіс. Оның жемісі тез, себебі мұны өсіп келе жатқан хореографтарымыз қарайды. Көрермендер де бағалап, өнерге деген жақсы көзқарас пайда болады деп ойлаймын. Әрине, "міне, әлемдік жұлдызды көріңдер" деп шетелдік әртістерді алып келуге болады. Бірақ ол келіп сапасыз дүние көрсетуі мүмкін. Ал біз дәл қазір сапасы жоғары жақсы бір дүние жасап жатырмыз. Сол себепті бұл фестивальдің балет өнеріне деген пайдасы өте көп.

– Балет және партияңыз туралы айтып өтсеңіз...

– Қыз бен жігіттің арасындағы қарым-қатынасты суреттейміз. Музыкаға сай өзіндік ғажап стилі бар. Біз құрал ретінде сахнаға шығамыз. Міндетіміз – хореограф талап еткен іс-қимылдарды техникалық тұрғыда сахнаға дұрыс алып шығу. Кейінірек өзіміз де жақсы ой түйіндейтін шығармыз. 

– Өзінің қай кезден бері балетпен шұғылданасыз?

– Он жасымнан бастап айналысамын. Алматы хореографиялық училищесін бітіргенмін. Екі жыл Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында жұмыс істедім. "Astana Opera" театры ашылған соң ауысып, осы күнге дейін сонда жұмыс істеп келе жатырмын. Жалпы балет саласында жүргеніме 22 жыл болды.

Бақтияр Адамжан / Фото: astanaopera.kz

– Бұл балет контемпорари болып санала ма?

– Жоқ, аралас. Контемпораридің де іс-қимылдары кездеседі. Толықтай контемпорари деп айта алмаймын. Бұл – неоклассика. Бірақ та түпнұсқасы   классикалық балет. Барлық позиция, барлық аяқ-қол қалпы сақталуы керек. Тазалық болуы керек, жеңілдік болуы керек. Қыздар пуантыға (аяқтың ұшымен тұру) тұрады. Контемпорарида бұл міндетті емес. Классикалық балет пуантысыз классикалық балет болып саналмайды. Менің ойымша, бұл балеттің 70%-ы – классикалық балет. 

– Шетелдік сахналарда өнер көрсеткенде қазақ балеті туралы қандай пікірлер естиісіз?

– Мен олар үшін көбінесе экзотикамын. Олар менде Азияға тән жеңілдік бар екенін айтады. Сахнадағы тыныштық туралы айтып, секіргенің байқалмайды, жерге қонғаның естілмейді, бірақ та эмоцияға, актерлік шеберлікке келгенде өте жақсы керемет жеткізесің дейді. Корея, Жапония халқы көбінесе дыбыстық интонациямен эмоцияларын көрсетіп жатады. Қазақ халқының өзіне тән көзіміздің үлкендігі, бет қалпымыз дегенмен де пішінді ғой. Әртүрлі эмоция, қасымыздың қозғалғаны, көзқарасымыздың өзгергені сахнада көрінеді. Сондықтан олар "қазақ балеті керемет екен" деп таң қалады. Бірақ қазақ балеті бұрыннан бері жақсы деңгейде екенін біледі ғой. Маған дейін де әлем сахналарында жүрген әртістеріміз болды. Қазақ балеті дегенде балет әртістері арасында тек жақсы ой-пікір қалыптасқан.

– Қазақстанда неге балет әртістері халық арасында аса танымал емес?

– Халық арасында балет өнері туралы ақпараттың аздығынан деп ойлаймын. Мысалы, Олимпиаданы ұтып келсең "алтын-күміс алды", "қырды-жойды" дейді. Халық спортшыларды көтеріп, беретін сыйлықтарының бәрін береді. Ал балет дәл олай дәріптелмейді. Балетті де халқымыз "әй, би ғой" деп жеңіл қабылдайтын шығар. Өнерге келгенде "не көп, әнші мен биші көп" деген ой қалыптасады. Өз басым балет өнерінде жасаған жұмысымды спортпен салыстырар болсам үш дүркін Олимпиада чемпионымен қатар тұрар едім. 

– Балет өнеріне қатысты осындай хороеграфпен, осындай әртіспен жұмыс істесем, осы балетте билесем екен не осы театрда өнер көрсетсем екен деген арманыңыз бар ма? Әлде мұндай арманыңыздың бәрі орындалып қойды ма?

– Бұл арманның бәрі орындалды, өйткені мықты-мықты хороеографтармен жұмыс істедім. Шетелдің көптеген театрында солардың хороеграфиясындағы тұсаукесерлерді биледім. Қазір ойымда жүрген дүние – қазақ балетін әлемге жақсы жағынан таныту, ерекшелендіру. Сол жағынан көп жұмыс істеп жатырмын. Репертуарым – өте бай, кең.

Айтсам мақтанғандай болармын. Қазақстанда балет өнерінде көптеген дүниені алғашқылардың бірі болып жасаған адаммын. Сондықтан да осыны істесем ғой деген арман қалмады. Бірақ та өзім үшін жаңа деңгейді ашқандай болдым. Қазақ балетін қай жерде болмасын ерекшелендіріп, жақсы жағынан танытуды мақсет етемін.