Түркия тәжірибесі: АЭС Қазақстанды экологиялық таза энергиямен қамтамасыз ете ме?
Биылғы мамырда Энергетика министрлігі Қазақстанда атом электр станциясы Алматы облысындағы Үлкен ауылының төңірегінде бой көтеретінін нақтылады. Қазіргі таңда елімізге қауіпсіздік, экология және экономика тұрғысынан ең қолайлы технологияны таңдау мақсатында әлем тәжірибесіне жан-жақты зерттеу жасалып жатыр. Үздік танылған төрт тәжірибе терең талдауды қажет етеді. Солардың бірі – Үлкеннен тұп-тура төрт жарым мың шақырым қашықтықта, Түркия елінде, Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан Мерсин қыстағында салынып жатқан "Аккую" атом электр станциясы. Осы орайда атом энергетикасы саласының мамандары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Алматы облысы әкімдігі мен мәслихатының өкілдері, сондай-ақ, сарапшылар мен журналистерден құралған делегация "Аккую" АЭС-ның құрылыс алаңына арнайы барып, түрік елінің тәжірибесімен танысып қайтты.
Неге "Аккую"?
Аккую – түрік тілінен тәржімалағанда "Таза бұлақ" дегенді білдіреді. Әлбетте, "таза атом энергиясының бұлағы" дегенді меңзеп тұр. Бұл – Түркия тарихындағы алғашқы атом электр станциясы болғанымен, төрт реакторды қатар салу жөнінен әлем тарихындағы алғашқы тәжірибе. Құрылыс Түркия мен Ресей арасында 2010 жылы қол қойылған Үкіметаралық келісімге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда құрылыс алаңы күндіз-түні, бірнеше ауысымда қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Өйткені, станцияның алғашқы блогын жоспарлы мерзімнен ертерек, Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы аясында 2023 жылы іске қосу межеленіп отыр.
Қазақстандық делегация үшін АККУЮ НУКЛЕАР компаниясының өкілдері құрылыс нысандарына арнайы экскурсия әзірлеп қойған екен. Компанияның құрылыс және өндірісті ұйымдастыру жөніндегі директоры Дмитрий Сезёмин Түркия елінде атом станциясын салудың өндірістік ерекшеліктері туралы әңгімеледі.
Қысқаша баяндасақ, бір уақытта бой көтеріп жатқан төрт ВВЭР-1200 энергетикалық реакторының әрбірінің қуаты 1200 МВт. Төртеуі қатар жұмыс істей бастаған уақытта "Аккую" бүкіл Түркияның электр энергиясына деген қажеттілігінің 10 пайызын өтемек. Жоспар бойынша, 2026 жылдан бастап. Өйткені, бұл жылы төртінші реактор жұмыс істей бастауы тиіс. Ал арадағы екеуін іске қосу 2024 және 2025 жылдарға жоспарланған.
Қауіпсіздік – басты назарда
Дмитрий Сезёминнің айтуынша, станция 60 жыл қызмет етеді, одан әрі оны пайдалану мерзімін тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
"Аккую" – қазіргі таңда әлемде салынып жатқан ең үлкен атом электр станциясы. Қауіпсіздік мәселесіне айрықша көңіл бөлеміз. Гүлнар және Силифке аудандарының аумағында радиациялық жағдайды автоматты режимде бақылайтын 19 бекет жұмыс істейді. Біздің сайтымызда ол туралы ақпаратпен онлайн танысуға болады. Одан қалды, біз тұрақты түрде ашық есік күндерін өткізіп, жергілікті тұрғындарды құрылыс барысымен таныстырып, атом станциясының қалай пайдаланылатыны жөнінде түсіндіреміз. Біз сапа мен қауіпсіздікке жауап береміз", – дейді ол.
Қауіпсіздік шараларының жақсы жолға қойылғанын аңғару қиын емес. Стратегиялық нысан алаңына еркін кіріп-шығуға рұқсат жоқ. Алаңда бір уақытта 20 мыңнан астам адам жұмыс істесе де, бірде-бірі құрылыс алаңына тексерусіз жіберілмейді. Бірақ, соған қарамастан, алаңға кіргізу-шығару бекеттерінде кептеліс байқалмайды.
Құрылыстың өзі жергілікті экономика пайдасына жұмыс істейді
"Аккую Нуклеар" АҚ еншілес компаниясы болып табылатын "Росатом" мемлекеттік корпорациясы үшін Аккую атом электр станциясын салудың тағы бір ерекшелігі – станция "Сал – иелік ет – пайдалан" (Build – own – operate) бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Яғни, ресейлік компания станцияны жобалау, салу, оған қызмет көрсету, пайдалану және ақыр соңында станцияны істен шығару міндетін де өз мойнына алады. Сәйкесінше, бүкіл құрылыс жұмыстарына да қаражатты "Росатом" МК бөледі. Құрылыс бюджеті – 20 млрд АҚШ доллары шамасында.
Бұл орайда "Аккую Нуклеар" АҚ бас директоры Анастасия Зотеева Аккую Түркияда салынып жатқан алғашқы АЭС екенін еске салып, "Сал – иелік ет – пайдалан" бағдарламасы түркиялықтар саналы түрде таңдағанын атап өтті.
"Бұл елде бұрын-соңды ядролық кластер болмағандықтан, жобаны жүзеге асыру кадр мәселесінен бастап, нормативтік құжаттарды жаңадан әзірлеуге дейінгі дайындық жұмыстарын нольден бастауды қажет етті. АЭС жобасы Түркия Республикасының 76 ведомство мен министрліктерінде мақұлдаудан өтті. Атап өтерлігі, біздің тәжірибеміздегі ең көп талап қойған ел – Түркия болды. Ал талап жоғары болған кезде сапа да жоғары болады", – деп атап өтті Анастасия Зотеева.
Ең маңыздысы, алғашқы киловатт электр энергиясын өндірмей жатып-ақ, атом станциясы Түркияның экономикасын дамытуға үлкен үлес қосып жатыр. Айталық, құрылыс алаңындағы 20 мыңнан астам жұмысшының 80 пайызы – Түркияның азаматтары. Әрине, олардың көбі құрылыс жұмыстарына тартылғанымен, АЭС іске қосылғаннан кейін онда жергілікті мамандар да жұмыс істей алуы үшін 2010 жылдан бері түркиялық 500 жас ресейлік жоғары оқу орындарында білім алып, қазірдің өзінде "Аккуюда" қызмет етіп жатыр. Алдағы бес жылда мұндай мамандар қатары артып, саны мыңға жеткізілмек.
Қазақстандық делегацияның Силифке қаласы басшылығымен кездесуінде қала басшысы Садык Алтунук та, Сауда-өндірістік палата өкілдері де мұны растады. Құрылыс материалдарынан бөлек, ежелден ауыл шаруашылығымен танымал Мерсиннің шаруалары саудаға шығаратын азық-түлігін Аккую Нуклеарға өткізіп отыр. 20 мыңнан астам жұмысшыны күнделікті тамақтандыру үшін аз өнім қажет емес екені белгілі. Осылайша, жергілікті шаруалар тауарын шекара асырмастан-ақ экспорттап отыр. Ал металл құрастыратын, цемент өндіретін түркиялық кәсіпорындар логистиканы жеңілдету үшін цехтерін тұп-тура құрылыс алаңының өзінде-ақ ашып алған. Станция құрлысы басталғалы бері Аккую Нуклеар тапсырыстарын орындайтын жалпы саны 150-ден астам түркиялық жаңа компания Силифке қаласының Сауда-өнеркәсіптік палатасына мүше болғаны көп жайттан хабар беріп тұр.
Экологияға қауіп бар ма?
Құрылыс барысында экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді. Өңірдің ауыл шаруашылығы мен туристік әлеуеті ескеріле отырып, атом станциясының қоршаған ортаға ықпалын барынша азайту бағытындағы бағдарламалар әзірленген. Мемлекеттік корпорация мамандары 3+ буынды технологияларды қолдану арқылы станция жұмысы өңірдің экожүйесіне теріс ықпалын тигізбейтініне сенімді. Зиянды заттар жерге, ауаға және теңізге шығарылмайтын болады.
"Станцияның салқындату жүйесінде қолдану мақсатында теңізден алынатын және теңізге қайта құйылатын су ешқандай физикалық, химиялық және радиациялық ықпалға ұшырамайды. Судың теңізден алынған және қайта құйылған кезіндегі температурасы 3 градустан ауытқымайды. "Аккую" атом электр станциясын пайдалануға беру атмосфераға бөлінетін көмір қышқыл газының жылдық көлемін 17 миллион тоннаға азайтады", – деді "Росатом – халықаралық желі" компаниясының басшысы Вадим Титов.
Қазақстандықтар қандай ой түйіп қайтты?
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
Марат Дұлқайыров, ҚР Инженер-энергетиктер одағының бас директоры:
Қазақстанда энергия дефицитінің алдын алудың ең тиімді жолы – атом электр станциясын салу. Рас, тарихи тұрғыда атом электр станциясын пайдалану кезінде болған қайғылы оқиғаларға қатысты халықта қорқыныш пен үрей бар. Бірақ, қазір АЭС салу технологиясы әлемде мүлде бөлек. Заманауи технологиялар қолданысқа енгізілді. Қауіпсіздік шаралары әлдеқайда күшейтілген. Сондықтан, мұны халыққа дұрыстап түсіндіру, жеткізу маңызды.
Тимур Жантикин, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС бас директоры:
Сондай-ақ, ядролық отынды жергіліктендіру де маңызды мәселе. Кеңестік уақытта бүкіл Одақтың реакторларына арналған отын таблеткалары Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытында (ҮМЗ "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК құрамына кіреді) өндірілетін. Зауыт қазір де таблеткалар өндіреді, бірақ олар франциялық, қытайлық атом станцияларына лайық болғанымен, ресейлік АЭС үшін қайта құрылымдау қажет болады. Сондықтан, біз нақты бір технологияға басымдық бермей, жүйелі түрде талдау жасаймыз.
Ал жалпы АЭС салу тек қана ол бой көтеретін өңір емес, тұтас Қазақстанның индустриясының дамуына қуатты серпін бермек.
Ерік Әбитов, Алматы облыстық мәслихатының депутаты:
Жәнібек Байдулла, энергетика саласы бойынша тәуелсіз сарапшы:
Менің назарымды аударғаны – Түркия АЭС құрылысына тек энергетика мен экология мәселесін ғана емес, тұтас ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешетін ұлттық жоба сипатын берген. Бұл АЭС салынып жатқан ауданға ерекше мәртебе беріп, жаңа тынысының ашылуына дем септеседі. Түркия тәжірибесі бізге халықаралық консорциум мен үздік әлемдік тәжірибелерді қолдана отырып, энергетиканың жүйесі мәселелерін шешуге болатынын анық аңғартты.
Бану Нұрғазиева, "Қазақстанның азаматтық альянсы" ЗТБ президенті:
Бұл орайда мен үшін біздің елімізде де АЭС салынатын Балқаш өңірінің гүлдене бастағаны маңызды. Бұл тек электр энергетикасының мәселелерін шешу үшін ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру үшін де қажет. Сондықтан, кәсіпкерлермен қазірден бастап барынша көбірек ақпараттық жұмыс жүргізу қажет деп есептеймін. Олар бірнеше жылдан соң көптеген құрылыс материалдары мен қызметтерге, жұмыс күшіне үлкен сұраныс туатынын біліп, оған дайын болуы керек.
Сондай-ақ, техникалық мамандар да – дәнекерлеушілер, газбен кесушілер, инженерлер, кран мен арнайы техника жүргізушілері де көптеп қажет болады. Ал бұл үшін осы бастан кәсіби техникалық білім алған маңызды!
Алматы – Анталья – Мерсин – Анталья – Алматы