Шетелдіктерді қызықтырған қазақтілді оқу құралы қалай Amazon арқылы сатылымға шықты
Қазіргі таңда әлемде құндылыққа негізделген білім беруге көп мән беріледі. Жалпылама character education деп аталатын бұл термин оқушылардың бойына адами құндылықтарды дарытудың түрлі жолын қарастырады. Кейінгі бірнеше жыл көлемінде елімізде де бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп келе жатыр. Алайда құндылықтар негізінде білімді қалай берген жөн деген сұрақ көп мұғалімді мазалайды. Себебі, құндылықтар жүйесіне, жалпы алғанда, тәрбие жұмысын ұтымды жүргізуге бағытталған әдістемелер жоқтың қасы.
Қазақстан мектептеріне құндылыққа негізделген білім беру жүйесін енгізумен айналысып келе жатқан Qundylyq орталығы осы мәселенің шешімі ретінде 2021 жылы Qadam әдістемелік құралын жасақтап шыққан болатын. "Білім-Инновация" лицейлерінің көп жылдық тәжірибесі негізінде жазылған оқу құралы туралы әдіскерлер Алтынгүл Елубаева, Думан Қалық пен Самат Смақов баяндайды.
Әдістемелік құралдар қалай жазылды?
Қазақстан мектептеріне құндылыққа негізделген білім беру жүйесі енгізіле бастаған соң, оқушыларға құндылықтарды түсіндіру бойынша нұсқаулық жасау қажеттігі туды. Осы мақсатта Qundylyq кәсіби білім беру орталығы мен "Білім-Инновация" лицейлерінің әдіскерлері бірлесіп, Qadam кітабының алғашқы нұсқасын жасап шыққан болатын. Алғашқы кітап бір жыл бойы мектептерде сынақтан өтіп, нәтижесінде жалпы білім беру деңгейлері бойынша үш бөлек кітап жарық көрді.
Әдіскердің айтуынша, оқу құралын жазудағы басты мақсаттардың бірі – мұғалімдерге тәрбие жұмысын нәтижелі жүргізуге көмектесу.
"Біз өзіміз де мұғалім болдық және сабаққа дайындалуға, оқу материалдарын жасап, презентацияларды әзірлеуге көп уақыт кететінін жақсы білеміз. Әсіресе сынып жетекшілерінде уақыт тапшы. Сондықтан біз бұл процесті жеңілдететін және барлық қажетті материалдарды бір жерде ұсынатын әдістеме жасауды шештік", – деді педагог.
Әдістемелік құралды дайындауда құндылықтар жүйесін түсіндіруге ерекше мән берілген. Алтынгүл Елубаеваның пікірінше, әр адам құндылықтарды әртүрлі түсінеді, сондықтан кітап жазу барысында оқушыларға әр құндылықтың нақты мағынасын ашу маңызды болды:
"Мысалы, батылдықты әртүрлі түсіндіруге болады. Біреу үшін ол ештеңеден қорықпау болса, екінші адам үшін батылдық – жаңа нәрсені байқап көру немесе қиын жағдайдан шыға білу. Сондықтан біз оқушыларға құндылықтарды түрлі ұғымдар арқылы түсіндіретін, сондай-ақ өз менталитетімізді, ұлттық құндылықтарымызды ескеретін материалдар құрастырдық. Бұл әлем мектептерінде де бар тәжірибе. Құндылыққа негізделген білім беру бойынша Англия мектептерінің тәжірибесімен танысқан болатынбыз. Ол жақта құндылықтарды меңгеруде ата-ана мен баланың өзара жұмысына ерекше мән беріледі. Мысал ретінде бір мектепте бастауыш сынып оқушысының ата-анасы баласымен қан тапсыруға барғаны жайлы жазып, баласының қорықпай қан алдырғанын батылдық деп санайтынын бөліскен. Осындай сәттер оқу процесінің бір бөлігі ретінде қарастырылып, үнемі талқыланады екен. Ал біздің салтымызда ата-әже мектебі деген болатын. Әрбір отбасының құндылықтары осы мектепте қалыптасып, балалар сәбилік кезеңінен адалдық, мейірім, бауырмалдық, табандылық, ер-мінезділік деген секілді құндылықтарды естіп-тыңдап әрі көріп үйренетін. Дегенмен, қазір заман талаптарына сай әлсіреген тұстарымыз барын ашық айтуымыз керек. Қазіргі қоғамда жұмысбастылық бірінші орында тұр. Кейбір ата-аналар күн көру үшін күйбең тірлікпен арпалысып жүрсе, енді кейбіреуі бала тәрбиесін балабақша мен мектептерге жүктеп қойғаны рас. Бәріне бірдей топырақ шашпаймыз әрине, әйтсе де кейінгі жылдары бала тәрбиесін екінші орынға ысырып қойғанымызды мойындау керек. Ал бала деген біздің болашағымыз. Қазіргі бүлдіршіндер мен жасөспірімдер ертеңгі қоғамды құрайды. Сондықтан балалардың бойына құндылықтарды дарытуда мектеп те маңызды рөл атқарады".
Оқи отырыңыз: Білім берудегі жаңа тренд: Балалардың инженерлік ойлау машығын қалай арттыруға болады
Әдістемелік құралдар кімдерге арналған?
Qadam оқу-әдістемелік құралы тек сынып жетекшілеріне, педагогтарға ғана емес, ата-аналар мен мектеп ұжымына да арналған. Себебі, "оқушыларға жақсы тәрбие беру – бәріне ортақ міндет" деп санайды Алтынгүл Елубаева:
"Оқушы мектепке келгенде тікелей өзінің сынып жетекшісі мен пән мұғалімдерімен ғана байланысуы мүмкін. Бірақ бұл оқушылардың тәрбиесіне тек осы кісілер ғана ықпал етеді деген сөз емес. Ол мектепке кіргеннен бастап, күзет бөлімі, асхана, кітапхана, шаруашылық бөлімі жалпы мектепте жұмыс жасайтын барлық ересектерден үлгі алады. Мектеп ұжымы мен ата-ананы қоса алғанда ересектердің өзара қарым-қатынасы, баламен қарым-қатынасы оның тұлғалық қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Тіпті мектептің қабырғасында ілулі тұрған суреттер мен жазулы тұрған сөздер де баланы тәрбиелейді. Сол себепті, бала тәрбиесі тұтастай бір жүйені қамтиды".
Qadam – құндылықтарға негізделген білім берудің негізін қалыптастыруға бағытталған оқу-әдістемелік құрал. Мектептегі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырушыларыға ең қажетті материалдар топтамасын ұсынады. Тәрбие сағаттарында оқушыға адами құндылықтарды түсіндірудің әдіс-тәсілдері, оларды күнделікті өмірде қолдану жолдары, құндылықтармен байланыстыра отырып өткізуге болатын іс-шаралар мен жоба түрлері берілген. Сонымен қатар, құндылықтарға негізделген білім ата-ана – мектеп – оқушы үштігінің тығыз қарым-қатынаста болуын көздейді. Бала тәрбиесінің отбасы құндылығы мен мектеп атмосферасы үйлесімділігінің негізінде қалануына ықпал етеді. Осыған байланысты әдістемелік құралда ата-аналарға және ұжым қызметкерлеріне арналған әр құндылыққа арнайы іс-шара үлгілері ұсынылады. Тәрбие қызметінің тұтастығын, жүйелілігін қамтамасыз ететін таптырмас құрал болып табылады.
Qadam-дағы құндылықтар
Qadam мұғалімдерге оқушылардың жас ерекшеліктері мен білім алу деңгейіне қарай мақсаттар қоюға көмектеседі. Балаларды өтірік пен әділетсіз әрекеттерден аулақ болып, адалдыққа ұмтылуға үйретеді. Оқулықта осы қасиеттерді дамытуға ықпал ететін материалдар берілген.
"Құндылықтар барлығына бірдей, бірақ балалар арасында оларды қабылдау деңгейі әртүрлі. Мысалы, балаларға "әділдік" және "теңдік" ұғымдарын түсіндірерде олардың арасындағы айырмашылықты ажырата білуді де үйрету қажет. Сонымен қатар әр құндылықтың мағынасын баланың жас ерекшелігі мен түсінігінің деңгейіне қарай ұсынған абзал. Себебі, бастауыш сынып оқушысы мен жоғары сынып оқушысына әділдікті немесе тазалықты бір деңгейде түсіндірген жөн болмайды және оларға бірдей талап қоя алмаймыз. Әрбір құндылықтың мағынасы өте кең болғандықтан, оны баланың жасына сай жеткізген дұрыс. Мысалы, "тазалықтың" өзін кең ауқымда түсіндіруге болады. Балаға денесін, үйін, айналасын таза ұстауды үйретумен қатар, ой тазалығы, сөз тазалығы туралы да ой қозғауға болады", – дейді Алтынгүл Елубаева.
Оқу құралы 18 құндылықтан тұрады. Оқу жылы 9 айдан тұратындықтан, оқу құралының бір деңгейі екі жылды қамтуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Шетелдіктерге қазақша сөйлеу қиын ба? АҚШ-та қазақ тілін үйретіп жүрген докторантпен сұхбат
"Әдістемелік құралда әр құндылықты түсіндіру мерзімі күнтізбелік бір айға жоспарланған. Сәйкесінше, кітаптағы барлық материал бір айдың төрт аптасына жобаланған. Бұл жерде ұсынылған әр іс-шара сынып жетекші немесе тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушы педагог үшін тек қана үлгі. Әр ұйымдастырушы өз оқушыларының қажеттігіне қарай таңдау жасай алады. Балаға адамгершілік қасиеттерді міндеттеу, қинау арқылы дарыту мүмкін емес екенін ұмытпаған жөн. Дегенмен, мұғалімнің ұстаздық шеберлігі мен шығармашылығының арқасында оқушыларды қызықтыра отырып, көптеген жақсы әдеттерге үйретуге болады. Әр айға жоспарланған құндылық бойынша бір ізгі қасиет, бір машық, бір әдет үйренуді мақсат еткен дұрыс", – деді әдіскер.
Оқу құралын жазуға ат салысқан тағы бір әдіскер Самат Смақовтың айтуынша, балалар құндылықтарды сұрақтар, іс-әрекеттер мен жобалар арқылы жақсы түсінеді:
Бұл пікірмен кітаптың тағы бір авторы, Павлодардағы БИЛ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Думан Қалық та келіседі.
"Мың рет естігенше, бір рет көр" дейді. Бұл сөз оқу жасындағы, үйренгісі келетін балаларға тікелей қатысты. Теориядан гөрі практика балаларға көбірек білім береді, тәжірибе береді. Сондықтан іс-шараларды жинақтап, жазуда көп іздендік. Ол бір апта, бір ай емес, екі-үш жылдық жұмыс болды. Себебі іс-шаралар арқылы көптеген дүниені балалардың бойына сіңіруге болады. Сонымен қатар бұл оқулық балалардың әрқайсының қызығушылығына сай келетін іс-шараларды ұсынады. Мысалы біреуге дебат ұнаса, енді біріне концерт ұйымдастырған, пән бойынша тәжірибе жасаған ұнауы мүмкін", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Қағаз және аудио: Кітаптың бұл түрлерін қандай адамдар таңдайды
Оқу құралын әзірлеу барысында мамандар білім беру жүйесі дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінген. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Жапония бар.
Сонымен қатар әдіскерлер Qadam кітабындағы нұсқаулықтарды қатып қалған қағида ретінде емес, үлгі ретінде қолдануға кеңес береді.
"Кітапта келтірілген мысалдарды оқу-тәрбие жұмысында қолдануға болады, бірақ әмбебап формула жоқ – әр мұғалім әдіс-тәсілдерді өз ісіне бейімдей алады. Мұнда көрсетілген әдіс-тәсілдерді мектеп жағдайына, оқушыларға қарай бейімдеуге болады. Өйткені бір мұғалімге оңай болған нәрсе басқа мұғалім үшін қиын болуы мүмкін. Сондықтан әркім өзіне ыңғайлы тәсілдерді қолданып, шығармашылық тұрғыда еркін жұмыс істей алады", – деді Самат Смақов.
Qadam жарыққа шыққалы көптеген шетелдік мектептер қызығушылық танытқан. Сұраныс көбейген соң, 2022 жылы оқу-әдістемелік құралы ағылшын тіліне аударылып, қазіргі таңда Amazon арқылы сатылады. Сонымен қатар қазіргі таңда Qadam-ның орыс тіліндегі нұсқасы баспада дайындалып жатыр.
Әдістемелік топ алдағы уақытта оқушыларға арналған жұмыс дәптері мен жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған оқу құралын жазуды жоспарлап отыр.