2023 жылғы 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының біріккен сайлауы өтеді. Орталық сайлау комиссиясы сайлауға өз үміткерлерін ұсынған жеті саяси партияны тіркеген болатын.

"Хабар" телеарнасының тікелей эфирінде өткен пікірсайысқа осы 7 партия өкілдері қатысты. Олар: 

  • "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев;
  • "Аманат" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов;
  • "Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев;
  • Respublica партиясының тең төрағасы Айдарбек Қожаназаров;
  • Қазақстан Халық партиясының баспасөз хатшысы Оксана Әубәкірова;
  • "Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев.

Материалдың қысқаша мазмұны:

Informburo.kz партия өкілдері пікірсайыс барысында қандай мәселе көтеріп, не айтқанын ұсынады. 

Телевизиялық пікірсайыс 3 кезеңнен тұрса, алғашқы екі кезеңі екі бөлімнен құралды. 


Информбюроның орыс тілінде әзірлеген шолуы: Финальные дебаты: всё, что партии хотели сказать перед выборами в мажилис


Азаматхан Әміртаев: Біз табиғи ресурстарды ашкөздікпен игеруге қарсымыз

"Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев

Пікірсайыстың бірінші кезеңінде алғашқы сөз кезегі "Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевқа берілді. Ол өз партиясының негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың денсаулығы мен өндірістің заманауи таза технологияларына негізделген қуатты  экономика құру екенін атап өтті.

"Біз үшін әділдіктің жоғары көрінісі – адамның өмірі мен денсаулығын сақтау. Партия жақында тіркелгенімен, қозғалыс ретінде он жылдық тәжірибесі бар. Біздің кандидаттарымыз табиғи ресурстарды ашкөздікпен, аяусыз игеруге қарсы. Олар табиғи байлықтарды жоюдан, экологиялық заңнаманы бұзудан зардап шеккен адамдарды қорғау үшін орасан зор жұмыс жүргізіп жатыр. Біздің партиямызда экоқорғаушылар, ғалымдар, заңгерлер, экономистер, менеджерлер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, дәрігерлер, мұғалімдер бар. Сонымен қатар, әр өңірде қоғам белсенділері біздің партиямыздың мүшесі бола алады", – деді Азаматхан Әміртаев.

Оның сөзінше, партия кандидаттары қалың бұқарамен сайлау науқанында 3700 жиналыс кездесу өткізді. Сонымен қатар, арнайы 15 мың кездесу өңірлеге барып өткізді.

"Біздің партиямыз әлеуметтік желі арқылы 4,5 миллион адамды қамтып, өз платформасын түсіндірді. Халықтың талаптары негізінде мәжіліс пен мәслихаттарға арналған партияның іс-қимыл жоспарын жасап қойдық. Біз адамдардың денсаулығы мен құқықтарын қорғауға, қоршаған ортаны ластауды тежеуге, таза энергетика мен өндірісті дамытуға, жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартуға міндеттіміз. Ең бастысы, балаларымыздың таза табиғатта өмір сүруін жасау – бәріміздің міндетіміз", – деді "Байтақ" партиясының төрағасы.

Айдарбек Қожаназаров: Бізге ақша да, атақ та керек емес

Respublica партиясының тең төрағасы Айдарбек Қожаназаров

Respublica партиясының тең төрағасы Айдарбек Қожаназаров өз сөзінде партияға мүше жастарды таныстыруға көбірек көңіл бөлді.

"Бала кезімнен шаруашылыққа жақын едім. Әкемнің қасында жүріп егін егіп, оның өнімін алуға үйренгенмін. Қазір біздің мекемеміз – еліміздегі белсенді компаниялардың бірі. Мыңдаған адамға нарықтыұ бағадан жоғары жалақы төлеп отырмыз. Миллиардтаған теңге салық төлеп, адамдарға көмек көмектесіп, қайырымдылық шараларға атсалысып жүрген адамдармыз", – деген ол жақтастарының жетістіктерін атап өтті.

Олардың қатарында Моңғолиядан көшіп келген кәсіпкер, соңғы 3 жылда 20 млрд теңге салық төлеп, 1 жылда 800 мың қазаққа кітап оқытқызған Сырымбек Тауды, қарапайым есепшіліктен көтеріліп, бүгінде 3 мың адам ұжымы бар машина құрастыру компаниясын басқаратын Динара Шүкіжанованы үлгі етті.

"Қазағым деп жүрегі соққан үшінші төрағамыз – Қуаныш Шонбай. Ол көп аудитория жинап, қазақ тіліндегі кітабын 200 мыңнан астам данамен шығарып, бестселлер қылды. Бәріміз де кабинетте өскен адамдар емес, шынайы кәсіпкерміз. Бізге ақша да, атақ та керек емес", – деді ол.

Оксана Әубәкірова: Әйел алдымен өзгені, сосын барып өзін ойлайды

Қазақстан Халық партиясының баспасөз хатшысы Оксана Әубәкірова

Қазақстан Халық партиясының баспасөз хатшысы Оксана Әубәкірова аналар мен балалардың мәселелеріне назар аударды.

"Қазақ халқы соғысты да, аштықты да көрді. Қабырғасы қанша қайысса да, түңілмеді. Өзге елге кетіп қалып немесе "мен үшін бәрі шешіліп қойған" деп үйде отыру қиын емес. Мен де солай етер едім. Алайда, кешкі сегізде ауырыңқырап қалған, бір жастан асқан баламды тастап халық алдына шығып тұрмын. Еріккеннің ісі ме? Әйел алдымен өзгені, сосын барып өзін ойлайды. Әсіресе, ана. Митингке шығып жүрген де ана. Бала бағып отырудың орнына, жұмыс істеп жүрген де ана. Уақытылы зейнетке шыға алмай, баласына масыл болып отырған ана қаншама. Ана ұлым әскерден аман оралсын, балаларым күнделікті нәпақасын ойламай ғалым болсын, елге еңбегі сіңсін деп тілейді. Өз басым 63 жасқа дейін жұмыс істемей, аяулы әже болып, парасатты ұрпақ тәрбиелесем деймін. Бұл – менің ғана емес, барлық ананың тілегі", – деді Оксана Әубәкірова.

Оның айтуынша, елде ерекше қажеттілігі бар адамдар, сал балалар, аутисттер көп. Алайда, оларды ойлап отырған адам жоқтығына қынжылды.

"Ата-анасы бар ауру балалар қалай болғанда да қоғам арасына қосылуға мүмкіндік алады. Ал ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар далада қалып жатады. Миы болса да, түрі бөлек. Арасында Эйнштейн бар болар бәлкім? Айтпақшы, Эйнштейн де аутист болған. Оларды ойлаған ел ағасы бар ма? "Үйтеміз-бүйтеміз" деп, "үйдей пәлені шешеміз" деп, кейін халықтың аузын қу шөппен сүртеді", – деді ХДП өкілі.

Жигули Дайрабаев: Біздің ұстаным – қоғамдағы негізгі саяси күшке айналу

"Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев

"Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев партияның мақсаты – халқының әл-ауқаты жоғары, қуатты Қазақстанды құру екенін айтты.

"Ауыл" партиясы – іргелі саяси ұйым. Біздің партия мемлекеттік бюджеттен көк тиын да алмайды. Біз соңғы жылдары екі рет президент сайлауына қатыстық. Үшінші рет парламент мәжілісі сайлауына қатысып отырмыз. Қатарымызда елін, жерін сүйетін, нағыз патриот азаматтар біріккен. Менің артымда тау қопаратын қуаты бар мыңдаған жастар тұр", – деді Жигули Дайрабаев.

Оның сөзінше, партияның позициясы – қоғамдағы негізгі саяси күшке айналу. Парламент мәжілісіне өтіп, мемлекетімізде іс жүзінде орныққан бір партиялық жүйені өзгерту.

"Ауыл" партиясы негізгі саяси курсы азық-түлік қауіпсіздігіне және дамыған ауыл-аймақтарға негізделген. Халқының әл-ауқаты жоғары, қуатты Қазақстанды құру. "Ауыл" партиясы сөздің емес, нақты істің партиясы. Біз өз мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, ауылдық аймақтарға шарапатымызды тигізіп жүрген азаматтармыз. Оған халық куә. Мәжіліске өткенде тиісті заңнамаларды қабылдап, әділ жұмыс атқаруға дайынбыз", – деді ол.

Азат Перуашев: Біздің басымдықтар – ұлттық ұстанымдар

"Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев

"Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтің сөзінше, "Ақ жол" – отандық өндірушілер мен ұлтжанды азаматтардың партиясы.

"Біздің басымдықтар – ұлттық ұстанымдар. Еркін экономика мен отандық өндірушілерді қорғау. Парламенттік республика. Деофшоризация мен капиталды елге қайтару. "Ақ жол" партиясы парламенттегі жұмысы кезінде заң жобаларына 10 мыңнан астам ұсыныс, 600-ден астам депутаттық сауал жолдап, 14 заң жобасыны ңұйытқысы болды. Бюджеттің атқарылуы туралы есептер, министрлерді таңдау және басқа да маңызды мәселелер талқылағанда "Ақ жол" өзгеше пікірін айтып, дауыс беруде үкіметті ұдайы қолдамайды. Парламентте жұмыс істегенде біз билік тарапынан жылдар бойы қойылып келген бірқатар маңызды бастамаларды көтердік", – деді Азат Перуашев.

Оның айтуынша, соңғы жылдары партия бұрыннан көтеріп келе жатқан парламенттік оппозиция, жеке тұлғалардың банкроттығы сияқты заңдар қабылданған.

"Біз 2015 жылдан бері талап етіп келе жатқан отандық мемлекеттік сатып алу кәсіпорындарын қолдау да бар. Партия 2019 жылы өзгерістердің сөзсіз екенін, бірақ оны басқару маңызды екенін айтты. Біздің бағдарлама дәл осындай ұсыныстар мен өзгерістерден тұрады. Бұл жақында бірқатар реформалар ұсынатынын мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныстарымен үндесіп жатқанын көріп отырмыз. Өзгерістердің жай ғана әдемі сөз емес, нақты іске айналуы үшін демократиялық партия өз үлесін қосады", – деді ол.

Нұрлан Әуесбаев: Халықтық парламент құрып, Сенатты таратуды ұсынамыз

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаевтың мәлімдемесі ұсыныстар мен көздеген мақсаттарын таныстыруға арналды.

"Біздің мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Еліміз социал-демократтардың идеяларына зәру. Азаматтар үшін қажетті заңдар қабылдануы керек. Біздің ұсыныстарымыз – президенттік-парламенттік басқару жүйесін енгізу, халықтық парламентті құру, Сенатты тарату. Жүйелі жемқорлықпен белсенді түрде күресу. Тергеу жүргізіп, елден ұрланған және офшорларға жиналған қаражатты елге қайтару. Табиғи қазбаларды өңдейтін және олардың экспортымен айналысатын салаларды мемлекет қарамағына қайтару", – деді Нұрлан Әуесбаев.

Оның сөзінше, әр адамға қолжетімді әлеуметті қолдау көрсетілуі керек. Бұл үшін азаматтардың өмір сапасы стандарты қабылдануы тиіс.

"Осы салада зерттеу өткізіп, арнайы бағдарлама енгізген дұрыс. Олар адамдардың негізгі қажеттіліктерін ескеретін болады. Біз үшін тегін білім беру мен медицина, мектептер, ауруханалар, басқа да әлеуметтік нысандар салу, тұрғын үй бағдарламаларын қайта жетілдіру мәселелері маңызды", – деді партия төрағасы.

Ерлан Қошанов: Жылдар бойы жұрттың жүйкесін жұқартқан мәселе көп

Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов

Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов соңғы бір айдың ішінде Арқалықтан Қонаевқа дейін, Қызылжардан Қаратауға дейін, Зайсаннан Құлсарыға дейін – Қазақстанның төрт бұрышын партия өкілдері түгел аралап шыққанын айтты.

"Бағдарламамыз – нақты іс-қимыл жоспары. Оны жүзеге асыру үшін Amanat барлық деңгейдегі кандидаттарын ұсынды. Біз популизмсіз, бос уәдесіз сайлауға түстік. Сайлаушы біздің саяси адалдығымызды бағалайтынына сенімдіміз. Бүгін бізге үнемі сынап келгендер сенеді. Барлығымызды президентіміздің осыдан тура бір жыл бұрынғы жолдауында алға қойған мақсаттары біріктіреді", – деді Ерлан Қошанов.

Оның сөзінше, елде жылдар бойы қордаланған, жұрттың жүйкесін жұқартқан мәселе көп. Халық олардың шұғыл шешілуін күтіп отыр. Соған орай партия төрағасы үш негізгі мәселені алға тартты.  

  • Халықтың тұрмысын жақсарту. Азаматтардың табысын арттыру үшін нақты шаралар қабылданып, жұмыссыздықпен жүйелі түрде күрес жүргізіледі.
  • Жемқорлық пен әділетсіздік. Ұрланған, шетел асқан миллиардтаған қаржы міндетті түрде қайтарылады. Сот пен прокурор, полиция, әкімдер мен шенеуніктер азаматтарға қожайын емес, қорған болуы үшін салаға түбегейлі реформа жасалады.
  • Тәртіп пен қауіпсіздік.

"Халық – мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақтылығы үшін, қоғам – көше мен ауладағы тәртіп үшін, ата-ана – оқудағы, әскердегі баласының қауіпсіздігі үшін алаңдамауы тиіс. Amanat партиясы осы түйткілді мәселелерді шешуге бар күшін салады", – деді Ерлан Қошанов.


Оқи отырыңыз: Парламентке көз тіккен партиялардың пікірсайысы қалай өтті?


Бірінші кезеңнің екінші бөлімінде партиялардың өкілдері бір-бірінің сұрақтарына жауап берді.  

Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың ЖСДП Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаевқа сауалы: Кез келген партияның өңірлерде жақтастары, өз депутаттары болуы керек. Ал сіздер мәжіліске ғана кандидат ұсыныпсыздар. Демек, сіздің партиядан жергілікті мәслихаттарда депутат болмайды деген сөз. Өмірдің бәрі – өңірде. Аймақтық даму мәселесін кім арқылы жүзеге асырмақсыздар?

Нұрлан Әуесбаев: ЖСДП партиясынан биыл мәжіліске 19 адам тізім бойынша және 6 кандидат бір мандатты округтен түсті. Оған қосымша, барлық облыстарда мәслихаттарға 21 үміткер түсті. Бұл жерде ең бастысы, біз облыстарда, аудандарда мәслихат депутаттары бір мандатты округтен түскенін қалаймыз. Бұрыннан да ұсынысымыз солай еді, әлі де осы ұстанымда тұрамыз.

Өйткені, партияның тізімі бойынша сайланған депутаттар ертең өз халқының алдында жауап бермейді, партияның артында жасырынып жүреді. Ал енді бір мандаттық округтен сайланғандар – тікелей халық сайлаған депутаттар. Олар өз халқының алдында жауап береді. Сондықтан социал-демократиялық ұстанымда осы мәселені біз басты назарда ұстап тұрмыз.

Біздің ойымызша, облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарда партиялық тізімнің қажеті жоқ. Ол жерде барлығы бір мандатты округтер болуы керек. Бұл біздің бағдарламамызда 2012 жылдан бері бар.


ЖСДП Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаевтың Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошановқа сауалы: Біз ешқандай соғыс, басқа жағдай болғанын қаламаймыз. Бірақ "сақтансаң, сақтайды" дейді. Сондықтан, біздің қазіргі қауіпсіздік мәселеміз, Қарулы күштердің жағдайы туралы сіздің партияңыз не айта алады?

Ерлан Қошанов:

Еліміздің қауіпсіздігі неден басталады? Ол шекарадан, шекаралық аудандардан басталады. Сондықтан, жасыратыны жоқ, бүгінгі күнде біздің шекаралық аудандарымыз жалаңаштанып жатыр. Халық ол жерден көшіп жатқаны рас. Сондықтан біз осы мәселеге бағдарламамызда ерекше назар аударып отырмыз. Көптеген жабылып қалған шекаралардың қайтадан ашылуы – біздің бағдарламамыздың негізгі ұстанымы.

Екіншіден, қорғаныс әлеуетін күшейту керек. Ол үшін қаржы қажет. Сол қаржы бүгінгі күнде бізде ЖІӨ-нің 1 пайызын құраса, оған кезінде Amanat фракциясы жеткізген. Одан ары ұлғайту да біздің бағдарламамызда бар.

Үшіншіден, біздің жауынгерлеріміздің, офицерлеріміздің әлеуметтік мәселесін шешуіміз керек. Олардың жалақысын көбейтуді де бағдарламамызға кіргіздік. Әлеуметтік мәселесін шешу де бар. Сарбаздарымыздың жауынгерлік рухын көтеру, сонымен қатар олардың қауіпсіздігі мәселелері бар. Бүгінгі бейбіт күнде сарбаздардың опат болып жатқаны өкінішті, әрине. Сондықтан қоғамдық бақылау жасау жөніндегі мәселені заңға кіргізу қажет.


"Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтің "Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевқа сауалы: Сіздердің сайлауалды бағдарламаңызда партияның ауыл шаруашылығы жерлерін латифундистерден емес, халықтың пайдасына қайта беру мақсатында "Жер кодексін" қайта қарауды көздеп отырғаны айтылған. Бұл ретте "Жер кодексінде" ауыл шаруашылығы жер учаскелерін жалға да, жеке меншікке де беру шегі максималды мөлшерін белгілеу сіздерге дейін, яғни қазірдің өзінде қарастырылғанын айта кеткен жөн. Бағдарламаларыңыз кешігіп қалды ма, әлде басқа бір мәселе жайында айтып отырсыздар ма?

Жигули Дайрабаевтың жауабы:

Жер, ауыл шаруашылығы мәселесі бүгінгі күн тәртібінен түспейді ғой. Уақыт деген күнде өзгеріп жатыр. 2021 жылы республикалық жер комиссиясы жұмыс жасағаны мәлім. Одан бері бір жарым жылдай уақыт өтті. Уақыттың талабы өзгеріп жатыр. Сондықтан "жер мәселесін Қазақстан бойынша шешіп қойдық, барлығы нанға май жаққандай" деп айтуға болмайды.

Уақыт өте келе "Жер кодексіндегі" кей баптарға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Өйткені, қазір ауылдық жерлерде жайылым мәселесі ушығып тұр, жер жетпейді, су тапшы. Кезінде сол ауылдың төңірегіндегі жерді иеленіп алған азаматтар бар, қолында билігі бар азаматтар алып алған. Қазір бүкіл Қазақстанда ушығып тұрған мәселесі бар.

Сондықтан бұл мәселені жалғыз "Ауыл" партиясы болып шешеміз деп ойламаймыз. Ауыл, жер мәселесіне осы жерде тұрған жеті партияның басшылары – бәріңіз де атсалыссаңыздар, жер мәселесін тәртіпке келтіруге болады деп ойлаймын.

Ауыл шаруашылығымен айналысамын деген азаматтар болса, олар жерсіз қалмауы керек. Мал бағамын десе, егін егемін дейтін болса, оларға мүмкіндік жасалуы керек. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінен алынбауы шарт.


"Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевтың "Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевқа сауалы: Еліміздің оңтүстігінде Аралға құятын Сырдария өзені бар. Оның алабында 4 миллионнан астам халық тұрады. Өзеннің ауыл шаруашылығында, жалпы ел экономикасында маңызы үлкен. Сіздер Арал мәселесін, Сыр суының жыл санап азаюын шешу жолында қандай әрекет жасап жатырсыздар?

Азаматхан Әміртаевтың жауабы:

Біздің "Байтақ" жасылдар партиясының ең басты тақырыбының бірі – Арал теңізі мен Қазақстандағы су мәселесі. Біз бүгін Аралдан айырылу алдында тұрмыз. Ең басты әкелетін су – Сырдария. Ол бар, Шардара су қоймасы бар – бұл мәселелер шешілуі керек.

Мысалы, қазір Шардара су қоймасы толып кетті. Су тасқыны болса, үйлердің бәрін алып кетеді. Не үшін сол толып тұрған суды жинап, су қоймаларын салып, біз Аралға жібермейміз?

Сонымен қатар, Кіші Аралда Көкарал бөгеті бар. Сол бөгеттің тесігінен Өзбекстанға қарай су кетіп жатыр. Біз сол суды өзіміздің Кіші Аралда ұстап қалу үшін бөгетті қайтадан орнына келтіруіміз керек. Осы мәселені біз көтеріп жатырмыз.

Сондай-ақ, біз Өзбекстанның жасылдар партиясымен кездесіп, Сырдария суын үнемдеу, Арал мәселесін шешу туралы бір келісімге келдік. Сайлау науқаны өткеннен кейін біз ол мәселемен бірден айналысамыз. Өйткені, біздің қолдаушыларымыздың көбі – Арал халқы. 180 мыңға жуық Арал халқы бар. Солардың әлеуметтік жағдайын ойлауымыз керек.


Сурет: Хабар 24 Telegram арнасы

Қазақстан Халық партиясының баспасөз хатшысы Оксана Әубәкірованың Respublica партиясының тең төрағасы Айдарбек Қожаназаровқа сауалы: Өткен пікірталаста партияңыздың өкілі: "Саясаттанушы, мұғалім немесе сарапшы емес, нақты істің адамы біздің партиямыздың қатарында" деген еді. "Нақты істің адамы" дегенді түсіндіріп берсеңіз. Осы орайда, өзгелерден өздеріңізді жоғары ұстап тұрған жоқсыздар ма? Снобизм байқалмай ма?

Айдарбек Қожаназаров:

Мұғалімдер туралы айтсақ, біздің тең төрағаларымыздың арасында мен, Сырымбек Тау, Қуаныш Шонбай да екі мұғалімнің баласы. Руслан Берденовтің анасы мұғалім. Біздің парламентке үміткер 23 адамның арасында 6 мұғалім бар. Егер де бұл мәлімет жеткіліксіз болса, біздің мұғалімдердің мәртебесін көтеретін және мүддесін қорғайтын партия екенімізге дәлел керек болса, айтайын. Біздің бағдарламамыздағы ең бірінші тарау – білім саласы. Себебі, білімді халық – бақытты халық деп санаймыз.

Қазір ауылдағы мектептер мен қаладағы мектептерді салыстырсаңыз, олардың деңгейі едәуір жоғары. Маңғыстауда оқитын 15 жастағы оқушы мен Алматыда оқитын 15 жастағы оқушының айырмашылығы – 5 жас. Ол неден? Себебі, мұғалімдердің мүддесі қорғалмаған. Сондықтан біздің бағдарламамызда біріншіден осы ауылдағы және аудандағы мұғалімдердің тұрмыстық жағдайын жақсарту, оларға бөлінетін бюджеттерді үлкейту көзделген.

Ал жоғары білім орындарына қарасақ, біз бизнес өкілі болғандықтан, білім – мұғалім – жоғары білім – бизнесті ұштастырсақ, нәтижесінде білімді жастарды аламыз.


Respublica партиясының тең төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевқа сауалы: Сіздің бағдарламаңызда Еуроодаққа қосылу туралы бастама бар. Бізге, әсіресе, мұғалім тақырыбы қызық. Еуроодақ елдерінің қарапайым ғана мұғалімнің жалақысы 25 мың еуроға жақын. Сіз бағдарламаңызда біздің мұғалімдердің жалақысын сол деңгейге көтеруге уәде бересіз. Қарасақ, бізде қазір 560 мың мұғалім бар. Оны 25 мың еуроға көбейтсек, 5 трлн теңгеге жуықтайды. Ол біздің бүкіл республикалық бюджеттің 30 пайызын құрайды. Сіздің уәдеңіз неге негізделгенін түсіндіріп беріңізші.

Азат Перуашев:

Біріншіден, Еуроодаққа қосылу – шынын айтсақ, алыс перспективалық мәселе. Біз қазір Еуропаның тәжірибесін, стандарттарын қалаймыз. Әсіресе, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастағы стандарттарды қалаймыз.

Мұғалімдердің жалақысын қалай көтеруге болады? Негізінде, біз Мәжілісте, Үкіметте осы әлеуметтік мәселелерге байланысты жиі ұсыныс жасағанымызда, Үкіметтің жалғыз жауабы: "Оған тиісті қаражат жоқ" болатын. Бұл өтірік. Негізі, біздің еліміз өте бай мемлекет. Жеріміз де бай, халқымыз да талантты. Бірақ, біздің Үкімет қолымызда бар байлыққа дұрыс мән бермей отыр.

Мысалы, ұлттық компаниялар жұмыс істейді. Оларды мемлекет қаржыландырып отырса, табатын табысын өзіне қалдырып отыр. 2020 жылы пандемия кезінде президент осы ұлттық компаниялардың табысын 100 пайыз бюджетке қайтаруды талап етті. Ал олар 16 пайыз ғана қайтарды да, 80 пайызын өз қалтасында қалдырды.

Сосын ірі шетелдік инвесторлар бар. "Қашаған", "Қарашығанақ", "Теңіз" кеніштерінде жұмыс істеп, біздің ата-бабамыздан қалған байлықты иеленіп отыр. Сонда Қазақстанға қанша бөлінетінін білесіз бе? Біз сол сұрақты кешегі конституциялық реформадан кейін Үкіметке қойдық. Үкімет анық жауап бермей, қашып жүр. Баспасөздегі ақпарат бойынша, "Қашағаннан" 2 пайыз ғана пайда мемлекетке түседі, 98 пайызын шетелдік инвесторлар өз қалтасына басып, алып кетіп жатыр. Міне, мемлекетіміз бай. Тек осы байлыққа біз дұрыс мән берсек, тек мұғалімдер ғана емес, бүкіл халқымыз дұрыс өмір сүрер еді.


"Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың Қазақстан Халық партиясының баспасөз хатшысы Оксана Әубәкіроваға сауалы: Қазір экология мәселесі бірінші орында тұр. Сіздердің бағдарламаларыңызда осы қоршаған ортаны қорғау мәселесінде қандай пункттер, болашақта не істемек ойларыңыз бар?

Оксана Әубәкірова:

Бұл, шынына келгенде, арандатушы сұрақ. Біз қор болған, ренжітілген, көп балалы аналар, жұмыссыздар, кеншілер, металлургтер мен зейнеткерлікке дейін өмір сүріп жатқандардың партиясымыз. Бұл шындық. Елдің несие құлдығына айдалған 8 миллион бақытсыз азаматтарының партиясымыз.

Дегенмен, партия экология мәселесіне де үлкен назар аударады. Бағдарламамыз екі үлкен бағыттан тұрады.

Жалпы, әркім өз ісімен айналысуы керек. Ең бастысы – халықтық билік, жаппай бұрмалаусыз халықтық парламент болуы тиіс. Бүкіл экологияны саясат арқылы шешуге болады. Мәселен, сол "Митталдың" 15 миллион долларын қайтару мәселесі. Халықта билік болса, 1,5-2 миллиард қана шығарылатын еді. Яғни, саясат арқылы, салық салу арқылы экологияны әлдеқайда жөндеуге болар еді. Соның ішінде Теміртау қаласы, Қарағанды облысының мәселелері бар. Сол себепті сіздің өз бағдарламаңыз көңіліңізден шықпаса, біз парламентке өткенде өзіміздікін және сіздікін орындауға дайынбыз.


Екінші кезеңнің бірінші бөлімінде партия өкілдері Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту үшін не істейтіні туралы баяндады. 

Азаматхан Әміртай: Жасыл экономиканы дамытуға инвестиция тартамыз

Қазақстандағы ереуілдерінің 90 пайызы әлеуметтік мәселелерге байланысты. Себеп көп. Қарапайым тұрғын үй мәселесі, сапалы жол мен жылудың болмауы...

Астана қаласында қаншама кездесу өткіздік. Мысалы, бірнеше тұрғын үйде өзінің сквері мен автосалонын салып жатыр.  Біз таң қалдық. Кәсіпкерлікті дамыту деген монополияны емес, дарынды, іскер адамдарды қолдау. Әр адам осы өмірге келгенде белгілі бір дарынмен туады. Сол дарынды дамыту керек. Сол дарынды дамытатын мүмкіндіктер болуы керек.

Ал егер бірінші орынға ақшаны, материалдық ресурсты қоятын болсақ, біздің мемлекетіміз рухани азып кетеді. 30 жыл бойы "баю керек", "дүние табу керек" деп айтып келдік. Ал бірақ неге қол жеткіздік? Шағын, орта кәсіпкерліктің үлесі бүгін 15 пайызға жетпейді.

Бізде үлкен бизнестер бар. Бірақ, қоршаған ортаға бөлінетін 364 млн тонна көмір қышқыл газының 48 пайызын сол 120 кәсіпорын шығарып отыр. Содан адамдар түрлі ауруға қатерлі ісікке шалдығып жатыр. Астанадағы онкологиялық ауруханаға барсаңыз, науқастардың көбі Қарағанды, Теміртау және батыс өңірлердің адамдары екенін көресіз.

Міне, сондықтан біздің партиямыздың мақсаты – жасыл экономиканы дамыту. Біз оған инвестиция тартамыз.

Айдарбек Қожаназаров: Ауыл мен қаладағы білім сапасы теңесуі керек

Біздің мемлекет үлкен дағдарыстың алдында тұр. Өткен дебатта бұл туралы біздің тең төрағамыздың бірі айтып өтті. Мемлекеттің шығыны 21 трлн теңге болса, салық төлемдері – тек 17 триллионды құрайды. Яғни, мемлекетке 4 трлн теңге жетпейді. Дағдарыс пен банкрот алдында тұрғанымызды мойындауымыз керек.

Біздің команда антикризистік менеджерлерден құралған. Руслан Берденов Europharmа компаниясын аяққа тұрғызды. Динара Шүкіжанова дизель зауытын әртүрлі трактор мен комбайн жинайтын "Агромашхолдингке" айналдырды. Мен құлдыраған агрохолдингті 5 жыл ішінде аяққа тұрғызып, мемлекетіміздегі №1 агрохолдингке айналдырдым.

Бұдан өзге, бизнес ортаны жақсарту үшін бірқатар өзгеріс енгізу қажеттілігі туындап отыр. Біз әр азаматымыздың еркін болғанын қалаймыз. Еркіндік дегеніміз деннің сау болуы, білімді, мәдениетті болу. Сол себепті, біз өз бағдарламамызды негізгі үш бөлікке бөлдік.

Бірінші бөлік білімге арналған. Ауыл мен қаладағы білім сапасы теңесуі керек. Яғни қаладағыдай білім ауыл баласына да қолжетімді болуы тиіс.

Екіншісі – денсаулық саласын жақсарту. Бізге скринингті кеңейтіп, денсаулық саласындағы әртүрлі ауруды алдын алуға қатысты білім беруді жетілдіруіміз керек. Ауырмай тұрып, емделуді үйрену қажет.

Үшіншіден, мәдениет саласындағы олқылықтарды реттеу керек. Мен бірінші дебатты қарадым. Егер саясаткерлердің мәдениеті дәл осындай деңгейде болса, ұлттан не сұраймыз? Мәдениет саласына келгенде бірқатар өзгеріс енгізуіміз керек. Біз мұны тілді дамыту арқылы жүзеге асыруға болатынын көріп отырмыз.

Оксана Әубәкірова: Халық партиясы қазақстандық социализмді қалыптасырады

Осыдан тура бір жыл бұрын 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың жоспарын жариялады. Бізде Конституциялық сот пайда болды, саяси партияларды тіркеу шарты өзгерді, екі жаңа партия құрылды. Мыңдаған адам мәслихат пен мәжілістің бір мандаттық округтері бойынша сайлауға түсіп жатыр. Алғашында сенбеп едім, кейін сендім. Саяси жүйені өзгертуге болады екен.

Біздің партия қарапайым азаматтардың құқығын қорғайды, олар – әйелдер, балалар, жастар, жас отбасылар. Бұл партия – шахтерлер, металургтерд34 партиясы. Біздің артымызда миллиондаған еңбекқор адам тұр.

Жер бойынша өзгеріс енгізуге ұйытқы болған, халықпен бірге, әйелдермен бірге митингке шығып жүрген және ел бойынша балаларды асық үйірмелер3не қатыстырып жүрген, артспорт жобасы бойынша күресіп жүрген де осы Қазақстан халық партиясы. Біз ауылды дамыту, қандастарды Отанға көшіру бағдарламасын әзірледік. Стратегиялық салаларды мемлекетке қайтаруды қалаймыз. Кәсіпкерлердің қуатты орта табы құрылса дейміз.

Ол үшін салық кодексін өзгертіп, микро және шағын бизнесті салықтан босатуды көздейміз. Азаматтар мен бизнеске салынған банктердің әділетсіз пайызын алып тастау керек. Адамдар несиеге артық ақша төлемеуі тиіс. Халық партиясы қазақстандық социализмді қалыптасырады.

Көшпенділердің ұрпағы ретінде ұжымшылдық пен бостандық қағидаларын ұстана отырып, бейбітшілік дәстүрін жалғастыру керек. Бейбіт саясаттың жемісін көруге елдің билігі мен байлығы халыққа тиесілі әділетті қоғам құрылғанын қалаймыз.

Жигули Дайрабаев: Аграрлық ел үшін азық-түлікті импорттау – ұят нәрсе

Ауыл шаруашылығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің жалпы ішкі өнімінің отыз пайызын құрайтын. Қазір осы көрсеткіш бес пайыздан аспайды. Бұл – масқара тіршілік.

Еліміз азық-түлік импортына тәуелді. Мысалы, 2022 жылы сырттан 600 мың тонна сүт, 170 мың тонна ет, ал құс етінің 36 пайызын импорттадық. Бұл аграрлық әлеуеті бар ел үшін ұят. Біз осылайша шетелден азық-түлік алып қаншама қаражаттан қағылып отырмыз. Сол себепті, азық-түліктің бағасы күн санап қымбаттап, халықтың наразылығын тудырып отыр.

Халқымыз банк жүйесінен де зардап шегуде, себебі несиенің пайыздық үстемеақысы өте жоғары. Бұл – ашық тонау. Халық қарызға әбден батқан. Мұғалімдер бала оқытудан, дәрігерлер адам емдеуден қалып барады. Барлық жерде қағазбастылық бар. Жоғарыдан түскен стандарттар, бұйрықтар осыған мәжбүрлейді.

Біз денсаулықты нарыққа айналдырып жібердік. "Басты байлығымыз адам" деген құр сөзге айналды. Жалпы әлеуметтік салада мәселе өте көп. Ел құрғақ уәдеге тойды. Осындай жағдайда біз не ұсынамыз?

Біріншіден, мәжіліске келгенде алдымен азық-түлік қауіпсіздігі туралы заңды ел азаматтарымен ақылдасып отырып қабылдаймыз. Ол елді алға сүйрейтін заң болады.

Екіншіден, ауылдың инфрақұрылымын қалпына келтіреміз.

Үшіншіден, саланы тығырықтан алып шығу үшін 100 пайыз мемлекет капиталымен агробанк құрамыз.

Төртіншіден, ауыл шаруашылығы техникасын жаңалау және азаматтарымызды жұмыспен қамту мақсатында отандық техниканы жасауға басымдық береміз. 

Азат Перуашев: Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты орта тапты көбейту арқылы жоямыз

Қазақстанның ең маңызды мәселесі – индустриясыздандыру және байлар мен кедейлер арасындағы үлкен алшақтық. Оларды тек орта тапты көбейту арқылы жеңуге болады. Ол үшін жаппай кәсіпкерлікке жол ашып, әркімнің ұлттық табыстан өз үлесін алуына мүмкіндік беру керек.

Бізге ақша-несие, салық, инвестициялық және реттеу саясатын қамтитын экономиканы ырықтандырудың ауқымды бағдарламасы қажет. "Ақ жол" партиясы ШОБ несиелерін 3-4 пайызға дейін төмендетуді талап етіп отыр. Бұл шенеуніктерді бизнеске қудалау емес, инфляциямен күрес болмақ.

12 жылдан бері біз салық мөлшерлемелерін салалардың ерекшеліктерін ескере отырып енгізуді талап етіп келеміз. Бізде сүт өндірушілер, құрылысшылар, сауда желілері және шикізат алпауыттары төлейтін КТС пен ҚҚС бірдей. Бірақ, мемлекет мұнай мен газды экспорттаушыларға ҚҚС қайтарады, ал бүкіл елдің қарызы бар банктер мүлде төлемейді. Демек, бәрінен байлар аз төлейді, ал күнін әрең көріп отырғандар өзі үшін де, байлар үшін де төлейді екен.

1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев салалық салық мөлшерлемелерін енгізуді тапсырып, бұл дауға нүкте қойды. Біз бұл жұмысты іс жүзінде жүзеге асырғанша жалғастырамыз. Мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту, артық шенеуніктерді жұмыстан босату керек.

Сурет: Хабар 24 Telegram арнасы

Нұрлан Әуесбаев: Медицина мен білім беруді мемлекет қаржыландыруы тиіс

Біздің нақты ұсынысымыз – жемқорлық пен олигархтармен күресті жалпыұлттық деңгейге көтеру. Шенеуніктер міндетті түрде декларация тапсыруы керек. Заңсыз байлыққа жол бермеу, несие пайыздарын төмендету, энергетика нысандарын және коммуналдық кәсіпорындарды мемлекет қарамағына өткізу қажет.

Сонымен қатар, біз сайлауалды бағдарламада елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару бойынша ведомствоаралық комссия құрамына бізді енгізуді талап еттік. Біздің ойымызша, бұл жұмыс арнайы заңмен реттелуі қажет. Бұл заңды жаңа парламент қабылдауы тиіс.

Екіншіден, әлеуметтік саясаттың міндеті – әр азаматтың жағдайын жақсарту. Адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты назарына болуы керек. Біздің ұсынысымыз бойынша, медицина мен білім беру бюджеттен қаржыландырылуы тиіс.

Ерлан Қошанов: Ертең сайлаушыларымыздың көзіне тура қарағымыз келеді

Біз өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бүгін қоғамның да талап-тілегі өзгерді. Президентіміз айтқандай, құр сөз, құрғақ уәденің уақыты мен заманы өтті. Бүгінгі жағдайда айтқан сөз оқпен тең, берген уәде сертпен тең.

Тек мықты партия ғана жұмысын дәлдік пен нақтылыққа негіздей алады. Сандар тіліндегі жетістіктерімізге мысал келтірейін. Біз ең төменгі жалақыны екі есе арттыруға қол жеткіземіз. Дәрігерлер мен педагогтардың, әскери қызметшілер мен құтқарушылардың, кітапханашылар мен мәдениет қызметкерлерінің табысы өседі. Әлеуметтік көмекті 1,5 есе арттырамыз. Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерге арналған 200 орталық ашамыз. Зиянды өндіріс қызметкерлері үшін зейнеткерлікке шығу шарттарын қайта қарауға ұмтыламыз. Бизнес үшін 15 мың кедергіні жоямыз.

1,5 млн жас азамат жұмысқа орналасады. Ауылға барған жас дәрігерлерге 10 миллион теңге жәрдемақы төленетін болады. Мектеп түлектері аттестатпен бірге жаңа мамандық алып шығады. 300 мың сәби балабақшамен қамтамасыз етіледі. 300 жаңа нысан бой көтереді.

Біз береке мен бірлікті, ұлтаралық татулықты көз қарашығындай сақтаймыз. Ұлттық дәстүр мен отбасы құндылығын дәріптейміз. Әр азамат мемлекеттік тілді білуі қажет. Біз осы жерде айтқан сөзіміз үшін ауылдағы ағайынның өндірістегі, базардағы, басқа жерлердегі бауырлардың алдында жауап беретінімізді білеміз. Ол жауапты нақты іспен көрсетеміз. Себебі, ертең сайлаушыларымыздың көзіне тура қарағымыз келеді.


Екінші кезеңнің екінші бөлігінде партия өкілдері "Хабар" агенттігі арнайы ұйымдастырған сall орталыққа көрерменнен келіп түскен бір-бір сұраққа жауап берді.

Сұрақ: Ауыл кедейленіп барады. Жастардың ауылда қалғысы жоқ. Ауылды көтеру үшін жер мәселесін реттеу керек. Содан соң жастарға кәсіп жасайтын жұмыс көзін беру керек. Халықтың тұрмысы жақсарса дейміз. Осы секілді көптеген түйткілді мәселелерді қалай шешесіздер?

Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың жауабы:

Шынында да, ауыл мәселесі өте өзекті. Ауылымыз, бір сөзбен айтқанда, қартайып барады. Оның себебі – жұмыссыздық және басқа да мәселелер. Сондықтан, біздің Amanat партиясы жай сөз, құрғақ уәде емес, нақты істермен жұмыс жасап жатыр. Жигули мырзаның айтқанына толық қосыламын. Оның бәріміз тізе қосып жұмыс істейік дегеніне де қосыламын. Сол бойынша "Жер Аманаты" деген комиссиямызға барлық партиялар келіп қосылуға болады деп ойлаймын. Себебі, біз, құрғақ сөз болмасын, былтыр бес миллион гектар жерді қайтардық. Биылғы межеміз тағы бес миллион гектарды қайтару.

Екінші мәселе, ауылдық жердің ең үлкен мәселесі – әр отбасының табыс көзін көбейту. Бұл мәселе бойынша да "Ауыл Аманаты" деген жобамыз 1 қаңтардан бастап жүзеге асты. Бұл – ауылдағы жұмыссыздықты, сонымен бірге әр отбасының, әр ауылдың азаматының кірісін көбейтуге ықпалын тигізетін жоба. Бұған да басқа партиялармен тізе қосып, бірге жұмыс істеуге дайынбыз.

Үшінші мәселе, ауылдағы мамандардың, әсіресе, дәрігерлер мен мұғалімдердің жетіспеушілігі. Әсіресе ауылға баратын жас маман дәрігерге 10 миллион теңге көтерме ақша берілетіні туралы айтып кеттім. Осы мәселелердің барлығын шешіп, ауылдың жағдайын көтеріп, түлетеміз деп ойлаймын.


Сұрақ: Сіздер өздеріңізді оппозициялық бағытта көрсетесіздер. Дегенмен партияның атауы тек сайлау науқаны кезінде ғана және тек соңғы уақытта ғана естіліп жүр. Осыған дейін қайда болдыңыздар?

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаевтың жауабы:

Біздің партия шынымен оппозициялық партия. Бағдарламамызды көрсеңіздер, сонау 2012 жылдан бері әртүрлі өз ұстанымымыз бар. Бағдарламамызда бәрі толық жазылған.

Оппозиция деген не? Ол адамның, мысалға, сенің, менің, өзімнің ұстанымым мен көзқарасым. Сол көзқарасты жеткізу. Диванда отырып алып, әлеуметтік желіде әртүрлі ұсыныстары мен ойларын жазып, содан кейін өзін оппозиция санап жүрген емес.

Қазір біз Еуропадағы оппозициялық мәдениет үлгілерін ендіруіміз керек. Біз сол бағытта заңның аясында жұмыс істеуіміз керек. Біз оппозиция болып, көшеде қантөгіске, басқаға шақырмаймыз. Заңның аясында, бірақ қатал талап етеміз. Біздің өз көзқарасымыз бар. Біз сол бойынша нақты ұсыныстар жасаймыз.

Біз сайлауға не үшін бара жатырмыз? Біз парламентте өз көзқарасымызды, жаңа лепті енгізіп, қозғаушы күш боламыз. Сондықтан парламентке барып, өзіміздің, халықтың ойында жүрген ең терең мәселелерді сол жерде көтереміз және соны жүзеге асырамыз.


Сурет: Хабар 24 Telegram арнасы

Сұрақ: Сіздің партияңыздың негізі кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Бірақ, Қазақстанда орта тап өкілдерінің саны артты деу қиын. "Ақ жол" партиясы еліміздегі бизнесті дамыту үшін нақты қандай шаралар атқарды?

"Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтің жауабы: 

"Ақ жол" партиясы парламентте жұмыс атқарып, бірталай нақты-нақты шешімдердің ұйытқысы болды. Кейбір ұсыныстарымыз үкімет жағынан, парламенттік көпшілік жағынан кедергі көріп отыр. Соған қарамастан, біраз жеңіске қол жеткіздік деп ауыз толтырып айта аламын.

Мысалы, бұрынғы кезде Қылмыстық кодексте "Жалған кәсіпкерлік" деген бап болды. Соны алып тастадық.

Біз 12 жыл бойы түрлі салаларға салық ставкасын сол саладағы табысына сай келтіруді талап етсек, үкімет 12 жыл бойы қарсы шығады. Тек қана былтыр қыркүйекте президент Тоқаев жолдауында үкіметке тапсырма берді. Бұйырса, жаңа Салық кодексіне оны енгіземіз.

Былтыр Бас прокуратураның коллегиясында мен түрлі шаруашылық даулар үшін қамалған он шақты кәсіпкерді бостандыққа шығаруды талап еткеннен кейін, олар екі аптадан соң бостандыққа жіберді. Мәжілісте 600 астам депутаттық сауал жолдасақ, олардың 70 пайызы шағын және орта бизнесті қолдауға арналған. Үкіметтің кейде қарсы шыққанына қарамастан, парламенттік көпшілік бастамаларымызға қарсы шықса да, ерте ме, кеш пе бастамаларымыз іске асып жатыр. Сондықтан біздің сайлаушыларымыздың, шағын және орта бизнес алдында абыройымыз таза.


Сұрақ: Сіз өз партияңыздың көшбасшысы ретінде президент сайлауына қатыстыңыз. Одан бөлек тек сайлауда жиі үміткер болып жүрсіз. Бірақ сіздің атыңыз осындай сайлауалды жұмыстар басталғанда ғана естіледі. Сіз нақты қай ауылдың әл-ауқатын арттыруға күш салдыңыз?

"Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевтың жауабы: 

"Ауыл" партиясының төрағасының орынбасары екенім рас. Сонымен бірге, Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасымын. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасында агралық кешен комитеті төрағасы қызметін атқарамын. Біз енді ауылдан шықтық қой. Мен саналы өмірімді ауыл шаруашылығына арнаған азаматпын. Көп жылдар шаруашылық басқардым. Партия совет қызметтерін де атқардым.

Қазір ауылдың халі расында да мүшкіл. Ауылды халық болып көтермесек болмайды. Соңғы жылдары 1950 ауыл картадан жойылып кетті. Ол үлкен қателік. Әрбір ауылды адам санына қарамай, адами факторды бірінші кезекке қойып, сол ауылға жағдай жасау қажет.

"Ауыл" партиясының алдына қойған үлкен міндеттері, сайлауалды жоспары бар. Осы жоспардың бәрін орындайтын болсақ, ауыл көркейеді. Ауылдың жағдайы жақсармай, мемлекеттің жағдайы ешқашан жақсармайды.


Сұрақ: Сіздер өз партияларыңыз билік басына келсе, экологияға қатысты бірқатар мәселе шешімін табады дейсіздер. Сонда экономика жайына қала ма? Қазақстан жылу электр орталығынан дәл қазір бас тартуға қауқарлы ма?

"Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың жауабы:

Қазақстанда біз экологияны қорғаймыз және жасыл экономиканы дамытамыз деп айтамыз. Тұрақты дамуды қамтамасыз етуіміз керек. Тұрақты дамуда экономика мен экология қатар жүре алмайды. Экономика саласы бәрібір қоршаған ортаны қысып жібереді. Сондықтан партиямыз қоршаған ортаны қорғауды бірінші орынға қояды.

ЖЭО бойынша, Астана қаласында газ ЖЭО салатын олигарх 2013 жылы тендерді алды. Әлі күнге дейін салмай жатыр. Газдандыру жүрмей жатыр. Газдандыру бойынша Қызылордадан газды тартамыз деді. Ол дұрыс жоба болмады. Қазір, міне, басқа жолдарын іздеп жатыр. Тағы да біздің олигархтар кәсіпкерміз деп көкіректерін ұрып, барлық нәрсені басқа жаққа тартып жатыр. Бұл дұрыс емес. Бұл жерде біз халықтың өзі бақылауға алуға барынша жұмыс жасауымыз керек.

Алматы жылу-электр орталығына не үшін біз фильтр қоймаймыз? Екінші ЖЭО қанша шығарынды жасап отыр? 364 млн тоннада қанша үлесі бар? Не үшін оны есептемейді? Әлі күнге дейін есеп жоқ. Егер 2 миллиард доллар жіберетін болсақ, ақшаны далаға шашқан боламыз. Екінші тағы бір жолы, газбен жанатын шағын ЖЭО ашу керек. Олар арқылы біз өзімізді қамтамасыз ете аламыз.


Сұрақ: Сіздер әлеуметтік партиясыздар. Үнемі зейнетке шығу жасын төмендету жайлы айтасыздар. Мұны халықтың қай санатына ұсынасыздар? Бұл экономикаға соққы боп тимей ме?

Қазақстан Халық партиясының баспасөз хатшысы Оксана Әубәкірованың жауабы:

Шахташылар 63 жасқа дейін жұмыс істесе, бірақ ол жасқа дейін өмір сүрмесе, не айтуға болады? Бала тәрбиелеудің орнына әйелдер 63 жасқа дейін жұмыс істейді. Өкінішке қарай, ата-анасы жұмыс істегендіктен, қаншама қайғылы жағдай орын алып жатыр.

Сіздер өскен кезде жаныңызда әжелеріңіз болды ма? Оларға да жұмыс істеуге тура келді. Сол себепті, біздің мақсатымыз – аналардың, оның ішінде көпбалалы аналардың, мүгедек балалар өсіріп отырған аналардың зейнет жасын төмендету. Иә, зейнет жасын төмендету керек. Бұл ұстанымымыз берік.


Сұрақ: Сіздер өздеріңізді жас партия деп таныстырасыздар. Маңызды шешімдер қабылдау үшін тәжірибе керек. Сіздерге не ақсақалдарды жинау, не болмаса өсу керек емес пе?

Respublica партиясының тең төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың жауабы: 

Партия мүшелерінің орта жасы – 37 жас. Біздің ақсақалымыз Сырымбек Тау шығар, одан кейін үлкені – мен. Біздің күшіміз де осы, өйткені біз еліміздің гүлденгенін қалаймыз. Тәжірибеге келер болсақ, әрқайсымызда жиған орасан зор тәжірибеміз бар. Менде 70 мың адам жұмыс істейді. Динара Шүкіжанованың қарамағында 3 мың адам бар. Біз үлкен ұжымдарды қаншама жылдан бері басқарып келеміз. Адамдарды бақытты ету қолымыздан келді. Мұны қағаз не цифрмен емес, нақты істермен дәлелдедік. Біз – істің адамымыз. Алға қойған міндетті жүзеге асырамыз.

Еліміздің өзі жас. Халықтың көп бөлігі естуі үшін парламентте бір тілде түсінетін адамдар керек. 1990 жыл мен 2005 жылдар аралығында туған 5 миллиондай адам бар. Ал алпыстан асқан адамдар жарты миллион, 600 мыңға да жетпейді.

Үлкендерге қарау керек екенін жасырмаймын. Экономикамыз үлкен соққы алып жатқандықтан жаңа ойлар, жаңа идеялар, жаңа адамдар қажет. Жаңа нәтижеге жету үшін жаңаша қадамдар жасау керек деп есептейміз. Ескімен жету мүмкін емес.


Үшінші кезеңде теледебатқа қатысушы партия өкілдері қорытынды жасап, қазақстандықтарды өздері ұсынып отырған үміткерлерге дауыс беруге шақырды.