Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" атты үшінші отырысында вандализм мәселесінің өршіп тұрғанын айтты. Оны тағы бір кесел деп атап, мыңжылдық тарихы бар мәдени мұраларды жою әдетте айналғанын сынға алды. Бурабайдағы Жұмбақтас пен Баянауылдағы Кемпіртасты мысалға алып, туристердің өз есімін тасқа жазуын барып тұрған тәртіпсіздік пен мәдениетсіздік деп бағалады. Осы орайда ол Қытай, Сингапур, Жапония және Оңтүстік Кореядан үлгі алуға шақырды.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Құрылтай отырысында елімізге қатер төндіретін бес кеселге тоқталғанын еске салып, соның бірі – вандализм екенін айтқан болатын. 

"Тағы да қайталап айтқым келеді. Жұртты нашақорлық пен құмарпаздықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, вандализм мен ысырапшылдықтан қорғау – ортақ міндет. Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап жатыр", – деді мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады.

"Оның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Қоғамдық жерлердегі вандализм – соның айқын көрінісі", – деді президент. 

"Петроглифтер аңшылары" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры әрі үйлестірушісі Ольга Гумирова ежелгі суреттері бар таңбалы тастар орналасқан тек екі объектінің ғана мемлекет қорғауында екенін айтады. Сондай-ақ, ол әлі де таңбалы тастарды қиыршық тас жасау мақсатында пайдаланатындар саны артып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Мұнымен қатар мыңжылдық тарихы бар тастарға бей-жай қарап, өз есімін жазып кететіндер көбейген. 

"Қазіргі қолда бар ресми деректерге сүйенетін болсақ, петроглифтер шоғырланған жерлер саны үш жүзге жуық. Алайда іс жүзінде олардың саны едәуір көп. Көптеген ғалым Қазақстанның таңбаланған тастар саны мен ондағы суреттердің түрлілігі бойынша әлемде алдыңғы қатарда екенін мойындайды. Бірақ, өкінішке орай, оларды зерттеу мәселесіне келгенде ондыққа да кіре алмай отырмыз. Ал осы ескерткіштердің қорғалуы мәселесі тым нашар. Дәлірек айтсақ, белгілі 300 кластердің екеуі ғана мемлекет қорғауында – "Таңбалы" мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы (ЮНЕСКО ескерткіші) және "Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығындағы" "Ақ бауыр" кешеніндегі петроглифтер. Сондай-ақ Алтын Емел, Ақсу-Жабағалы және Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде жартастағы суреттерді қорғау мәселесі ішінара шешілді", – деді Ольга Гумирова.  

Оның айтуынша, қалған қасиетті орындар кез келген уақытта жойылуы мүмкін. Қонаев облысының орталығынан 70 шақырым қашықтықта және халықаралық тасжолдан 3-5 километр қашықтықта орналасқан Арқарлы ірі археологиялық кешені де жойылып кетті.

"Петроглиф аңшылары" командасындағы қоғам белсенділерінің, жергілікті тұрғындардың, мәжіліс депутаттарының және кейінірек қосылған Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мамандарының арқасында қасиетті жерді – 4 мың петроглиф пен мыңға жуық түрлі уақыттағы қорған мен қорымды сақтап қалдық. Оларды тас пен қиыршық тас жасаушылар өз ісіне жаратпақ болған еді. Петроглифтер мен басқа да археологиялық ескерткіштердің жойылуымен ұқсас жағдай Талдықорған жанындағы Қызылтас тауының бөктерінде қайталана жаздады. Онда "Темирбетон" компаниясы петроглифтер орналасқан төбеден қажет тастарды алу үшін учаскені иемденген. Қазір мәселе шешіліп жатыр", – деді Ольга Гумирова. 


Оқи отырыңыз: Түркі дәуірі суреттерінің көшірмесі қойылмақ: Алматыда петроглифтер саябағы ашылады 


Мұнымен қатар "Петроглифтер аңшылары" үйлестірушісі қазір тек паспортталған таңбалы тастардың мемлекет қорғауына алынатынын сынады. 

"Петроглифтер көп шоғырланған жерлерге қиыршық тас жасаушылар, басқа да шаруашылық субъектілері мен туристер көп зиян тигізеді. Мұндай орындар адам аяғы баспайтын алыс жерде орналасқандықтан ғана сақталып тұр деп айтсақ болады. Басқаша қорғалмаған. Археологиялық ескерткіштер тізіміне енбеген суреттерді жойғаны үшін ешкімді жазаламайды. Бұрын мұндай мәдени ескерткіштер табылса, бірден мемлекет өз қорғауына алатын. Ал қазір паспорттау жүргізілгеннен кейін ғана қорғауға алынады. Бұл өз кезегінде ұзақ уақытты, физикалық күшті және қаржыны қажет етеді", – деді ол. 

Сондай-ақ Ольга Гумирова дәл қазір ерекше қорғауды қажет ететін петроглифтер көп шоғырланған жерлерді атады.

"Әсіресе, ірі елді мекендерге жақын орналасқан қасиетті орындардың (кластерлердің) тағдыры алаңдатады. Қазір қола дәуірінен бастап біздің заманға дейінгі Арпаөзен (Түркістан облысы), Сауысқан (Қызылорда облысы), Қарасай (Тараз қаласы, Жамбыл облысы), Аққайнар (Алматы облысы), Арқарлы, Ешкіөлмес, Ордакүл, Қызылтас (Жетісу облысы), Көкентау (Абай облысы) сияқты бірегей әртүрлі суреті бар ірі киелі орындар (кластерлер) тәуекел аймағында тұр", – деп қосты Ольга Гумирова. 


Оқи отырыңыз: "Тастағы сурет үстіне өз есімін қашайды". Аққайнардағы таңбалы тастарға жойылу қаупі төніп тұр


Маманның айтуынша, осы аталған жерлерді мемлекет қазір өз қорғауына алмаса, Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызы зор мұрадан айырылуымыз мүмкін. Мемлекет басшысы да өз сөзінде вандалдармен күрес жүргізіліп, мәдени мұралар заңмен қорғалуы тиіс екенін айтқан болатын.