Алайда осы уақыт аралығындағы Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы тиімсіз болып шықты. Неліктен?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері (ҚР ДСМ қамқорлығымен жүргізілген GATS зерттеуінің көрсеткіштері) 2014 жылдан 2019 жылға дейін еліміздің ересек тұрғындары арасында темекі шегушілердің саны өзгеріссіз қалғанын айғақтайды – 2,8 млн адам. Ал жыл сайын зерттеулер жүргізетін беделді Euromonitor орталығының деректерінде 2024 жылдың басында ҚР-да 3,3 млн ересек адам темекі шегетіні хабарланған. Яғни төмендемек түгілі, өсіп кеткен – ҚР-да темекіге қарсы күрестің "нәтижесі" осы.

Темекіге қарсы күрестегі стратегияларды іс жүзінде Жәмилә Садықованың "қолшатыр" құрылымымен басқарылатын "Темекісіз" қоры сияқты ҮЕҰ-дар қабылдап отырған. Елдегі темекіге қарсы барлық заңнамалық бастаманы солар қалыптастырды. Қор бірнеше рет темекіге акциздерді көтеруге бастамашы болды, бұл темекі құнының 2014 жылмен салыстырғанда 4-5 есе өсуіне әкелді. Темекі шегудің қауіпті әсерін көрсететін науқандарға қомақты қаражат салынды. Ал Садықованың бастамасымен кальянға тыйым салу заңының нәтижесі көлеңкелі нарықтың өсуіне ықпал етті.

Жалпы, 2014 жылдан бері оның ұйымдары ұсынған барлық шара GATS салыстырмалы есебінде көрсетілгендей: "2014-2019 жылдар аралығында қазіргі темекі тұтынудың жалпы таралуында айтарлықтай өзгерістер байқалмайды". Мұндай зерттеуді Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ ұсынысы бойынша бес жылда бір жүргізеді. Яғни, 2024 жылдың соңында тағы жүргізілуі тиіс. Биыл еліміздегі темекі шегу статистикасы туралы жаңа есеп шығады деген сөз.


Оқи отырыңыз: Лобби және ақпараттық күрес. Майкл Блумбергтің темекімен күресі неге сынға ұшырады


Жаңа есеп дайын болғанша біз Қазақстанда жыл сайын зерттеулер жүргізетін Euromonitor тәуелсіз еуропалық агенттігінің деректеріне жүгіндік және оны ДСМ қолдауымен жүргізілетін GATS ұсынған деректермен салыстырдық. Euromonitor мәліметтері бойынша, 2019 жылы Қазақстанда темекі шегушілердің саны 3,8 млн-ға жетті, бұл GATS деректеріне қарағанда 1 млн-ға артық. Әрі қарай, 2019 жылдан бастап, түтінсіз баламалардың пайда болуымен, Euromonitor мәліметтері бойынша, темекі шегушілер саны азая бастады және 2024 жылға қарай 3,3 миллионға жетті. Әлбетте, төмендеу көптеген темекі шегушілердің зияны аздау түтінсіз баламаларға ауысуына байланысты болуы мүмкін. Бірақ 3,3 миллион адамның өзі GATS мәліметтері бойынша 2019 жылмен салыстырғанда 500 мыңға көп. Яғни, Қазақстанда темекі шегушілер саны бұрынғыдан артып кеткен. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылары көптеген жыл бойы ҮЕҰ-дың айтқанын істеп, қателескен сияқты. 

Қалайша Садықова Денсаулық сақтау саласында кәсіби тәжірибесі мен білімінің жоқтығына қарамастан, жай ғана қоғам белсендісі бола отырып, Қазақстанда темекіге қарсы күрестің бүкіл стратегиясын өз бақылауына алған? 

Жақында GSGR халықаралық талдау орталығының "Темекі түтінін әшкерелеу: Bloomberg-тің темекіге қарсы науқанының тиімділігін бағалау" атты зерттеуінде миллиардер Майкл Блумбергтің дүниежүзілік лоббистік желіні қалай құрғаны туралы айтылады. Авторлар ықпал ету топтарының қызметін егжей-тегжейлі талдайды. Зерттеуде Қазақстанның да аты аталады, ондағы мәліметтер бойынша Садықова мұнда шешуші рөл атқарады. Авторлардың пікірінше, Садықованың бастамалары "Блумбергтің темекі бағалары мен акциздерін көтеру жөніндегі жаһандық стратегиясына толығымен сәйкес келеді", бұл темекі шегудің азаюына емес, тек контрабандалық темекі нарығының өсуіне әкелді. Қазақстанда 2020 жылдан 2023 жылға дейін темекінің заңсыз нарығы бес есеге – 1,4%-дан 9,5%-ға дейін өсті.


Оқи отырыңыз: Қорабы – 400 теңге: Қазақстанға арзан темекі қайдан және қалай келеді?


GSGR қорытындылары да көрнекі: "Миллиардер қоры қолдайтын топтар жаһандық лоббистік желі құруды мақсат тұтады". Яғни, темекіге қарсы күрес сылтауымен Қазақстанда ұлттық саясатты өз ықпалына бағындыруға ұмтылатын шетелдік лоббистік құрылымдар жұмыс істейді. Бұл ел билігін алаңдатуы тиіс. 

Айта кету керек, Садықова "Блумберг бастамалары" аясында өзінің белсенді қызметін жарнамаламауға тырысады. 2011 жылы ол дәлелдердің қысымымен сотта грант алғанын мойындады. GSGR есебіне сәйкес, ол грант алуын күні бүгінге дейін тоқтатпаған. "Қоғамдық жанжалдардан кейін Садықова грант берушілердің есімдерін ашпай гранттар ала бастады. Соңғы 4 жылда ол 600 000 доллар сомаға грант алған".

"Садықованың депутат болуға деген ұмтылысы оның лоббистер желісін құру және саясаткерлерге ықпал ету жөніндегі талпынысынан көрінеді. Осылайша, ол Bloomberg-тің Қазақстандағы ықпалын кеңейтіп қана қоймай, өзінің саяси амбициясын ілгерілетуге ұмтылады. Бұл оның мақсаты темекімен күресу ғана емес, сонымен қатар жеке амбицияларды жүзеге асыру екенін көрсетеді", – дейді GSGR зерттеуінің авторлары.