2020 жылдың соңында "Қазақстанда автомобиль көлігімен қалалық жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешені" бекітілгеннен кейін, 2021 жылдан бастап елдің автобус парктері ұдайы түрде жаңаланып отыр. 

Бұл ретте газбен жүретін және электр автобустарына басымдық берілді. Оған аталған транспорт түрлеріне утиль алымының мөлшерін төмендету және жолаушылар тасымалын бәсекелестік нарыққа басыбүтін беру, яғни мемлекет қатысуымен автобус кәсіпорындарын құруға тыйым салу серпін бергенін айта кету керек. 

Жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке компаниялар Қазақстанға, оның ішінде Алматы, Астана секілді ірі қалаларға жаңа автобустарды көптеп әкеле бастады. Негізінен, Қытайда құрастырылған көліктер шекарадан бері ағылса, одан бөлек Қазақстанның өз ішінде де автобус құрастыратын Қарағандыдағы QazTehna, Семейдегі "СемАЗ", Алматыдағы Hyundai Trans Almaty сынды отандық және бірлескен кәсіпорындар қалыптасты. Олардың ішінде Қытайдың жетекші Yutong компаниясымен бірлесіп ашылған QazTehna автобус парктерін жаңартуда басты позицияны иеленіп отыр.

Республикадағы ең ірі мегаполис – Алматының мысалында қарайтын болсақ, қалада жолаушылар тасымалына жегілген қоғамдық көліктердің 50 пайызынан астамы – Yutong брендінің автобустары

Биыл Үкіметтің кешенді жоспары қабылданғанына 5 жыл толады. Ол саладағы қаржылық және автобустардың жетіспеушілігі мен ескіру мәселелерін шеше алды ма? Қауіпсіздік және экология тұрғысындағы көрсеткіштер қаншалықты жақсарды?

"Yutong құндылықтарын іздеу жолындағы саяхат" шарасы. Фото: Yutong Group

Informburo.kz журналистері Қытай халық республикасының Чжэнчжоу қаласында орын тепкен Yutong компаниясының фабрикасында болып, Қазақстанда құрастырылатын көліктердің негізгі бөліктері мен қосалқы бөлшектері қалай дайындалатынымен, сондай-ақ компанияның Қазақстанға әлі жете қоймаған жаңа технологияларымен де танысты. 

Yutong

Yutong компаниясы бүгінде қалалық, қалааралық, туристік, мектепке арналған, перронды, шағын автобустардан бөлек, арнайы техникаларды да шығарады. Дегенмен, сонау 1963 жылы компания жолаушылар автобусын жөндейтін мекеме болып құрылса, бүгінде де оның негізгі өндірісі жолаушылар тасымалымен байланысты.

Соңғы мәліметтерден сөз тартсақ, компания 2024 жылы орташа және ірі габаритті 46 918 автобусты сатқан, бұл өткен жыл көрсеткішімен салыстырғанда 28,48 пайызға көп. 2024 жыл соңындағы мәлімет бойынша, Yutong-тың жалпы экспорты 110 мыңға жуықтаған. Бұл автобустар әлемнің 100-ден астам елі мен өңіріне жеткізілген. 

Қазақстан бұл елдер арасында үлкен басымдыққа ие. Компанияның ТМД елдері бойынша сату менеджері Юан Мяоның айтуынша, Қазақстан экспорт көлемі жөнінен екінші орын алады. 

Бұл ретте айта кетейік, қазақстандық инвесторлар мен Yutong бірлесіп ашқан QazTehna 2021 жылы іске қосылғанымен, Yutong автобустары Қазақстанда 2005 жылдан бері жолаушы тасымалдайды. 

Yutong автобустарын сынақтан өткізу алаңы. Фото: Yutong Group

Оқи отырыңыз: Қазақстанда Көлік және логистика институты құрылады


QazTehna

Бүгінде Қазақстанда Yutong компаниясының 8 техникалық қызмет көрсету стансасы мен 1 қосалқы бөлшектер қоймасы бар. Сарань қаласындағы QazTehna зауыты бастапқыда SKD форматында (ірі бөлшектерді құрастыру – автор) жұмыс істесе, бүгінде бірте-бірте DKD форматын (ұсақ бөлшектерді құрастыру) да игерді. Әзірге бұл форматта автобустардың 3 моделі ғана құрастырылады. 

Зауыт аумағы 12 гектардан астам, ол жылына мың автобус пен 200 құрылыс техникасын шығару әлеуетіне ие. QazTehna өндірістік операциялардың толық циклін орындай алады. 

"Қазақстандық авто зауыттарда дайын көлікке тек дөңгелегін ғана салады деген сөздер жиі айтылып болады. Ол шындыққа жанаспайды. QazTehna мамандары қазір дәнекерлеу, бояп-сырлау, құрастыру және сапаны бақылау жұмыстарын да жүзеге асырады", – деген Юан Мяо "QazTehna өндірісте отандық өнімді қаншалықты қолданады?" деген сауалға да жауап берді. 

QazTehna зауыты. Фото: Primeminister.kz

Өндіріс отандыкі, өнім ше?

Оның сөзінше, әзірге негізгі және қосалқы бөлшектердің басым бөлігі Қытайдан жеткізілетін болса, автобус орындықтары сынды кейбір бөлшектер Ресейден тасымалданады. Ал қазақстандық өнім әзірге бұл өндірісте қолданылған емес. 

"Дегенмен, Qarmet компаниясымен олар өндіретін болатты өндірісімізге енгізу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ, қазақстандық металл қасиеті жөнінен қаттырақ келеді де автоөндірістен гөрі құрылыс жұмыстарына лайық саналады. Ал біздің стандарт бойынша иіліп жасалатын бөлшектерге болаттың өзге, жұмсағырақ түрі керек. Сондықтан, қазір металл құрамын өзгерту бойынша біздің мамандар Qarmet компаниясына өз кеңестерін берді. Алдағы уақытта қазақстандық болатты автобустардың негізгі қаңқасын жасауға қолданып қалуымыз әбден мүмкін", – деді Юан Мяо. 

QazTehna болаттан бөлек, елде өндірілген пластик бөлшектерді, орындықтарды, дөңгелектерді қолдануды жоспарлап отыр.  Бұл ретте өндірісті жергілікті жерде шоғырландыру және өндірісте отандық өнімді қолдану – тек компанияның өз бастамасы емес, Қазақстан үкіметінің де қойып отырған басты талабы екенін атап өту маңызды. 

Мяо осы орайда қазіргі таңда Қазақстанда жолға шығып жатқан жаңа Yutong автобустарының бәрі Қытайдан дайын күйде экспортталмайтынын, Қарағандыдағы QazTehna зауытында құрастырылатынын айтты. 

Yutong автобустарын құрастыру фабрикасы. Фото: Yutong Group

Оқи отырыңыз: Ақтау қаласындағы қоғамдық көліктер 100 пайызға жаңарды


Қазақстанда қандай автобустарға сұраныс жоғары?

2005 жылдан бері Yutong компаниясы Қазақстанға 6200-ден астам автобус сатқан. Ал биыл Қазақстан нарығына 1600-ден астам автобус сатуды жоспарлап отыр. Қазірге дейін оның 350-ге жуығы тапсырыс иесіне жеткізілген. Жыл басынан бері Атырау облысы мен Алматы қаласы автобус сатып алуда белсенді болса, енді Астанадан 300 автобусқа тапсырыс түскен. 

Компанияның Орталық Азия бойынша бас директоры Ли Хайфэннің айтуынша, Қазақстанда әр өңірдің автобусқа деген сұранысында өз ерекшелігі бар. Мәселен, әлемдегі суық қалалардың бірі болып саналатын Астана үшін автобустар жылырақ етіліп жабдықталады. Таңғы суықта автобустың жылдам оталуы үшін аккумулятор тұратын бөлігінің қаптамасы да қалыңдатылған. Оған қоса, жолаушылардың жайлылығы үшін бұл автобустарда сумен жылыту жүйесі іске қосылған. 

"2024 жылғы қаңтарда Астанада E18PRO Yutong электробусын ауа райының айрықша суығында сынақтан өткіздік. Сыртқы ауа температурасы -25 °C болғанына қарамастан, автобус ішіндегі температура 18°C-22°C-тан төмендеген жоқ. 100 пайыз толық қуатталып шыққан электробус 16 сағатта 374 шақырым жол жүріп, сынақтан сәтті өтті. Сапар соңында тіпті автобустың әлі 5% қуаты бар болатын. Сынақ аясында автобус аялдамаларда 350 рет тоқтап, 1500-ден астам жолаушыны тасымалдады", – деді Ли Хайфэн. 

Айта кетейік, компания Астананың жолаушылар тасымалына жүз E12 электробусын жасап берген болатын.

Ал Алматыға арналған автобустар өңірдің таулы географиясына оңтайландырылған. Компания алғашқыда Алматыға бензинмен жүретін дәстүрлі автобустарды ұсынса, кейін қаланың экологиялық ластануының алдын алу үшін газбен қозғалатын 12 метрлік 700 автобусты құрастырып берді.

Алматыдағы жолаушылар тасымалы кәсіпорындарынан энергия үнемдеуші және экологиялық таза қалалық автобустарға сұраныс жиірек түседі. 

Yutong электробустарын жылдам қуаттау жабдығы. Фото: Yutong Group

Жолаушылар тасымалынан бөлек, Қазақстанда соңғы үш жылда оқушыларға арналған автобустар жоғары сұранысқа ие болып отыр. Қазір QazTehna зауытында өндірілен мектеп автобустары Алматы Астана, Шымкентте және өңірлердің басым бөлігінде оқушыларды мектепке тасымалдайды. 

Алматыда қазір 15,3 мың бала 200 мектеп автобусымен қатынайтын болса, биыл автопарк осындай тағы 100 автобуспен толығады. 


Оқи отырыңыз: Алматы автопаркі газбен жүретін жаңа 37 автобуспен толықты


Қаншалықты қауіпсіз?

Чжэнчжоу қаласына сапар аясында қазақстандық журналистерді қызықтырған мәселе – автобустардың қауіпсіздігі болды. Өйткені, соңғы жылдары елде автобустардың қатысуымен бірнеше ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Олардың басым бөлігіне себеп – адам факторы болғанымен, мұндай жағдайларда жолаушылардың жарақат алу қаупін азайту мақсатында Yutong не істей алады және не істеп жатыр?

Компанияның Орталық Азия бойынша бас директоры Ли Хайфэннің айтуынша, Yutong автобустары пайдалануға берілмес бұрын бірнеше сатыдан тұратын сынақтан өтеді. Оның қатарында автобустың электр магниттік импульске сәйкестігі, -40 градус суықтан +40 градус ыстыққа дейінгі температурадағы қозғалысы, нөсер жаңбыр және жолды су басу кезіндегі жүрісі, сондай-ақ, автобус аккумуляторлары зақымдалған кездегі оның жарылу мүмкіндігіне тексерулер жүргізіледі. Сондай-ақ, жол апаты кезіндегі жолаушылар қауіпсіздігі үшін транспорт қаңқасы күшейтілген. 

Электробустардың аккумуляторлары азот технологиясы негізінде қорғалады. Бұл түрлі сыртқы күштердің әсерінен аккумулятор 200 градустан жоғары температура кезінде де жарылмай, осы уақытта жолаушылардың сыртқа шығып үлгеруіне толықтай мүмкіндік береді. 

Азотпен қорғалған аккумуляторды сынақтан өткізу сәті. Фото: Yutong Group

"Былтыр Қазақстанда су тасқыны кезінде Yutong автобустары "табиғи түрде" сынақтан өтті. Біздің бірде-бір транспорт жолда қалып қойған жоқ", – деді Ли Хайфэн. 

Ал компанияның ТМД елдері бойынша сату менеджері Юан Мяо 2024 жылы Алматы облысында болған оқиғаны еске алды. Қаскелең автобус паркіне тиесілі Yutong автобусы жүргізушінің денсаулық жағдайына байланысты рөлге ие бола алмауынан 10 метрден биік көпір үстінен жолға құлаған болатын. Жүргізуші жансақтау бөліміне түссе де, аман қалды. Автобусқа айрықша қатты зақым келмеген. 


Оқи отырыңыз: Алматы облысында жолаушылар автобусы көпірден кұлап кетті: жүргізуші ауруханаға жеткізілді


Мұндай жағдайлардың болмауы үшін компания жүргізушілерді үйрету жұмыстарын да жүргізеді. Yutong-пен келісімшарт жасасқан әрбір компанияға бірнеше сатылы оқыту шаралары тегін жүзеге асырылады. Оның барысында жүргізушілердің көлікті басқару қабілеті бағаланады. 

Сапар аясында компания өкілдері әрбір сынақ түрі қалай атқарылатынын имитациялық жағдайда таныстырды. 

Автобустар неге қымбат?

Арнайы баспасөз конференциясында Yutong өкілдері автобустардың бағасына қатысты да жауап берді. Бұл сауалға шараға қатысқан қазақстандық жолаушы тасымалымен айналысатын жеке компаниялардың "Yutong автобустары қауіпсіздік және жаңа технологиялар тұрғысынан әлдеқайда озық. Алайда, бағасы өзге брендтермен салыстырғанда тым жоғары" деген пікірі негіз болған еді. 

Компанияның Орталық Азия бойынша бас директоры Ли Хайфэн мұндай сауал клиенттер тарапынан да жиі қойылатынын айтты. 

Дегенмен, компания есебінше, Yutong ұсынып отырған сапа бағаны толық ақтайды. 

"Бастапқы баға өзге автобустарға қарағанда қымбат екені рас. Бірақ, оны ұзақ уақыт мерзім пайдалану тұрғысынан қарағанда, керісінше шығыны әлдеқайда аз болады. Біріншіден, біздің автобустар ұзақ уақыт бойы пайдалануға жарамды. Мысалы, біз Қазақстанға жеткізген автобустардың бірде-бірі әлі істен шыққан жоқ. Екіншіден, қосалқы бөлшектері де сапалы әрі ұзақ уақыт қызмет етеді. Ал бұл уақытта өзге автобус иелері бірнеше рет жөндеу жұмыстарын жүргізіп үлгереді. Осы факторлардың бәрін есепке алғанда, Yutong автобустарының құны өзге бренд автобустарына қарағанда жоғары деп айта алмаймын", – деп жауап берді Ли Хайфэн. 

Yutong автобустарын сынақтан өткізу алаңы. Фото: Yutong Group

Сондай-ақ, ол Қазақстан мысалында Yutong автобустарын сатып алған жеке компаниялардың оны бірнеше жыл пайдаланған соң, әлі де жоғары сапада және бағада өзге өңірлік компанияларға сатқанын да сөз етті. 

Айта кетейік, Қазақстанда 12 метрлік қалалық бір жолаушылар автобусының құны 70 млн теңге шамасында болса, мектеп автобусының құны 40 миллион теңгеге жуықтайды. Микроавтобус құны – 30 миллион теңге шамасында. 

Жаңа технологиялар

Yutong бүгінде автобус өндірісінде жаңа технологияларды қолдану бойынша қарқынды қызмет етіп, зерттеу және дамыту (R&D) жұмыстарына қомақты инвестиция бөлуде. 

Біз үшін әлі арман болып көрінетін жүргізушісіз автобустар Қытайда бірнеше жылдан бері жолаушыларды, жұмысшыларды және туристерді тасымалдауда қолданылады. Хэнань провинциясында Yutong автобустары сақиналы бағдар бойынша бақылаушы жүргізушінің қатысуымен жолаушы тасымалдайтын болса, шағын E7S автобустары толықтай автономды түрде жұмыс істей алады. 

Шағын E7S автобусының макеті. Фото: Yutong Group

Айта кетейік, дәл осындай шағын автобустар Астанада бұрынғы премьер-министр Асқар Маминге EXPO аясында таныстырылған болатын. Алайда, Қазақстанда әзірге оған қызмет көрсете алатын инфрақұрылым жасалмаған. Жүргізушісіз автобустарды іске қосу үшін сапалы 5G интернет желісі, сондай-ақ соған лайықты инфрақұрылым қажет. 

Шара барысында Yutong сутегімен жүретін автобустарды да, электробустарды жылдам қуаттауға арналған заманауи құрылғыларды да журналистер мен клиенттеріне көрсетті. 

"Бұл жаңа технологияларды Қазақстанда қашан көреміз?" деген сауалға Ли Хайфэн: "Біз өз технологиямызды апаруға қазір-ақ дайынбыз. Бірақ, ол үшін Қазақстан тарапынан қажетті жағдай жасалуы, ал интернет өте сапалы болуы қажет. Инфрақұрылым дайын болмаса, бұл технологиялар кәдеге жарамайды", – деп жауап берді.