Каскадер – жарақаты көп мамандық. Олар қауіпті трюктерді жасау үшін отқа да, суға да түсуге дайын. Фильмдерде жұмысы көзге көрінбесе де, төбелес сахналарының жақсы шығуына каскадерлер жауапты. Бүгінде қазақстандық каскадерлер шетелдік жобаларда төбе көрсетіп жүр. Солардың бірі – көп жылдан бері Kazakh union каскадерлік командасында өнер көрсетіп жүрген Жандос Иса.

Бүгінде Жандос өзі ашқан "Семсер" спорт клубында білгенін балалар мен жасөспірімдерге үйретіп, каскадерлікке баулып жүр. Осы орайда Информбюро порталы он жылдан бері каскадерлік өнермен кәсіби айналысып жүрген Жандос Исамен сұхбаттасып, бұл саланың қиындығы мен артықшылықтары туралы әңгіме өрбітті.

– Көп жылдан бері каскадерсіз. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Бала кезден спортқа жақын болдым. Ауылда күресіп, атқа шауып жүргеніммен, жоғары деңгейде өнер көрсете алмадым. Қалаға келген соң кәсіби бапкерлердің қолында жаттығып, 13-14 жастан бастап таеквондомен кәсіби түрде айналыстым. 

Анда-санда циркке барып, шеберлермен танысып, ақпарат алмасып жүріп 18 жасымда каскадерлік өнерге келдім. 2014 жылы Бауыржан Әбішев Kazakh Uninon Action Team деген каскадерлік топ құрды. Ешқандай тәжірибесіз қабылданып, сол жақта үлкен мектептен өттік. Көп нәрсе үйрендім.  

Каскадер "каскад" деген сөзден шыққан. Оны цирк артистері шығарған. Каскад – құлау деген сөз. Каскадер ең алдымен құлай алуы қажет. Жарақатсыз әрі халық сенетіндей әдемі құлайтын адамды каскадер дейді. Төбелес сахналарын қоюшы, атпен трюк жасаушы, атпен сахналар қоя алатын, көлік жүргізетін, мотоцикл айдайтын каскадерлер бар. Түрлері өте көп. Мен бәрін жасай алатын каскадер болуға тырыстым. Көбінесе төбелес сахналарын қоямын және де атпен шабамын.

Каскадер болуды ешқандай оқу орнында үйретпейді. Мұны ізденіп жүріп, белгілі бір топтарға қосылып, практика арқылы үйреніп аласыз.

– Қандай ірі жобаларға қатыстыңыз?

– Он жылда шығыс елдерімен көп жұмыс жасадық. Мысыр, Иордания елдерімен жұмыс істедік. Өзбекстанда да жоба болды. "Мың бір түн" деген телехикая шықты. Қай мемлекетте көрсетілгенінен хабарым жоқ. Сол кезде бастағанбыз. Былтыр ғана The Assassins деген сериалға түстік. Көлсай, Шарында түсірілді. Бұл жобаның Қазақстанда түсірілуіне командамыз түрткі болды. Бауыржан аға шығармашылық топқа елімізді-жерімізді таныстырып, локациялар қандай әдемі екенін көрсетіп, Қазақстанға шақырды.


Оқи отырыңыз: Каскадер Әлия Ысқақова: Ең қауіпті трюктер жылқы малының қатысуымен жасалады


– Халықаралық жобаларды қалай табасыздар?

– Бұл туралы білерім аз, себебі команда мүшесі қатардағы каскадермін. Өзіміздің тірлігіміз, тәртібіміз, жұмысымыз бар. Команда болғандықтан үлкен тапсырыстар түссе, әркімнің кәсіби деңгейіне қарай бөліп аламыз. Жетекшісіміз, бапкеріміз Бауыржан аға жоба туралы айтады. Бос болсақ қосыламыз, уақыты жоқтар өз жұмысымен жүреді.

– Каскадер болу бір жағынан қызық, екінші жағынан қауіпті іс қой. Басыңызға қатер төніп,  мүлдем қол үзіп кетердей сәт болды ма?

– Ондай кездер болды. Бала кезден киноға, трюк жасауға қызығып өстік. Бізді каскадерлік өнерге ешкім қинап әкелген жоқ. Қызығып келдік. 18 жаста тәжірибесіз келіп, екі-үш жыл бойы академияда оқығандай үйрендік. Ешкім ештеңе төлемейді, бітіргенде қолыңа диплом да бермейді. Каскадер боламын деген арман-мақсатпен еш қиындыққа қарамай көп трюк үйрендім. Тастап кетпеуге, қиындыққа шыдауға көп нәрсе әсер етеді.

2015 жылы "Әмір Темір" тарихи деректі сериалында біраз уақыт жұмыс істедік. Атпен шауып бара жатқанда қарсы беттен батыр келеді де,  найза лақтырады. Найза шаншылып, аттан артқа ұшып түсуім керек. Каскадер осындай сахналарды қояды. Он шақты дубль болды. Бір рет түсіреміз, камера кешігіп қалады. Енді бірде қажет кадр болмай қалады. Тоғызыншы дубльде бәрі күшті болды. Бұдан да күшті шығып қалар деп тағы бір рет түсіріп көрейік деді. Оныншы дубльде атпен шауып бара жатқанда арт жақтан резеңке арқан тартып қалады. Сол кезде қолымды сындырып алып, кәдімгідей екіге бөлініп қалды.

Осындай сахналарды каскадер қояды. Он шақты дубль болды. Бір рет түсіреміз, камера кешігіп қалады. Енді бірде қажет кадр болмай қалады. Тоғызыншы дубльде бәрі күшті болды. Тағы бір рет түсіріп көрейік, одан да күшті шығатын шығар деп оныншы дубльда төрт метр биіктікте шауып бара жатқан кезде арт жақтан арқан тартып алады, қолымды сындырып алдым, кәдімгідей қолым екіге бөлініп қалды.

Естіген адамға да, маған да ауыр. Қаншама қиындыққа төзген соң тастап кете алмадым. Ол кезде тәжірибем аз болды. Әрине, сындырмаған, жарақат алмаған жақсы. Бірақ адам қол-аяғын сындырамын деп сындырмайды ғой. Одан кейін де ұсақ-түйек жарақаттар болды. Негізі жиі жарақат аламыз. Қолымды сындырғаным әлі күнге дейін байқалады. Құлағанда мойынды қайырып алу, жүйке талщықтарының қысылып қалуы болып тұрады. Қызығушылығымыз, бала күнгі арманымыз, мінезіміз болғандықтан каскадерлікті тастай алмаймыз. Қаржы жағы да бар. Бірақ, адамдар қаржы табамын деп каскадер болмайды, қызыққан соң болады.

– Каскадерлер оқыс жағдайлардан қаншалықты сақтандырылған?

– Шетелде сақтандырылған. Америка, Еуропа елдерінде түсірілетін жобаларда каскадердің денсаулығы, өмірі сақтандырылады. Өкінішке қарай, бізде олай жасалғаны есімде жоқ.


Оқи отырыңыз: Канадада Nomad Stunts каскадерінің жұмысы ең үздік деп танылды


– Сонда жарақат алып қалсаңыз емге өзіңіз төлеуге тура келе ме?

– Иә, солай десе де болады.

– Каскадерлер жақсы ақша таба ма?

– Үлкен жобаларда, шетелдік жобаларда жақсы төленеді, жасыратыны жоқ. Ал елімізде аз төленеді. Командадағы каскадерлер тапсырыс болмаған кезде негізгі айналысатын спорты түрінен жаттықтырушы болады немесе циркті бітіргендер циркте өнер көрсетеді. Шетелдік ірі жобаларда жақсы төленеді. 

– Қазақстандық каскадерлер шетелдік жобаларға көптеп қатысады. Бұл салада мықты екенімізді білдіре ме?

– Ұзақ жылғы еңбек шығар. Бауыржан Әбішев Nomad Stunts халықаралық каскадерлер тобында он жылдай жұмыс істеді. "Көшпенділер" фильмінде ойнады, "Рекитердің" төбелес сахналарын қойды. Nomad Stunts "Жау жүрек мың балада" істеген ең негізгі каскадерлік топ болып саналады. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бауыржан Әбішев көбірек белсенді араласты. Біраз уақыт өткеннен кейін өзінің командасын құрды. Каскадерлер ірі жобаларға ұзақ жылдық еңбекпен келеді. Жылдар бойы табыс болмауы мүмкін. Біздің каскадерлерді таңдаудың ең негізгі себептерінің бірі – атпен жұмыс істеу. Қырғыз-қазақ – ат құлағында ойнайтын халық. Атқа мінуді, аттан құлауды жақсы меңгерген. Испандықтан да атпен мықты жұмыс істейді. Одан кейін – Қазақстан мен Қырғызстан. Ал төбелес сахналарын әр мемлекет әртүрлі стильде қояды.

– Фильмдерде дублер болып көрдіңіз бе?

– Иә, талай рет болдым. Шетелдік жобаларда түрі, жақ сүйегі, салмағы мен бойы келіп тұрса қатардағы каскадерлердің кез келгені дублер бола алады. Актердің істей алмайтынын істей алады. "Финансист" деген жобада Асылхан Төлеповтың дублері болдым. "Қазақ хандығында" бір-екі сахнада бір батырдың дублері болдым. Жұмысымыз болған соң есте қала бермейді. Киімін кигізіп, грим жасайды. Кейде кімді ойнап жатқанымызды білмейміз.

– Қазақстанда каскадерлердің жұмысы бағалана ма? Көрермен көбінесе режиссерді, актерді ғана танып жатады ғой.

– Иә, қарапайым адамдар каскадерлерді білмей жатады. Әлеуметтік желіден енді танып жатқан шығар. Жұмысы көзге көріне бермейді. Оның себебі жоқ емес. Трюкті актер жасады деп ойлайды. Үлкен төбелес сахналарын кім қойғанын түсінбейді, артындағы үлкен еңбекті көрмейді. Ол жұмыстың бәрін қарапайым адам түсіне бермейді. Түсінсе бағалар ма еді.

– Каскадер болуыңызға белгілі бір адам не актер әсер етті ме? Көбісі Брюс Лиді, Джеки Чанды айтады. Сіз кімге еліктедіңіз?

– ХХ ғасырдың соңында туғандардың экшнға қызығуына Голиивуд актерлері әсер еткен болар. Брюс Лиге қызықтық. Джеки Чанның трюктерін қарадық. Туған ағам Арман бойымдағы қабілетімді байқап, Қазақстанда да осы істі маман ретінде үйренуге болатынын және менің де қолымнан келетінін айтты. Ағам университетте оқып жүргенде "Жаужүрек мың бала" түсіріліп жатты. Фильмдегі әртүрлі төбелес сахналарын каскадерлер қоятынын, қылышпен жұмыс істейтіні айтып, сен де сондай болсаң болады деп қызықтырды. Қолыңнан келеді деп қолдады.

– "Семсер" деген клуб ашқан екенсіз. Ол жерде не үйретесіз?

– Иә, каскадерлік өнерде азды-көпті үйренгеніміз бар. Қылышпен жұмыс істегенді жақсы көрем. Каскадерлік санхналар қойсам да, залға келсем де жүгіріп барып бірінші қылышты қолға алып, түрлі әрекеттер жасағым келіп тұрады. Өзім жақсы көрген істі өзгелерге үйрету үшін "Семсер" деген спорт клубын аштым. Таеквондомен айналысып жүргенде тек соның жаттығуларын жасап, балаларды жарысқа апарып, сол спорттың айналасында ғана жүрдім. Ал каскадерлікті үйрететін бірде-бір мектеп жоқ.  Зерттей келе бойымдағы өнерімді спорт зал ашып, қызығып жүрген балаларға үйретейін деген едім. Үш-төрт айдан бері шәкірт тәрбиелеп жүрмін.

"Семсер" спорт клубында тарихи жәдігерлеріміз қылыш пен найза айналдырып үйренеді. Садақ атуды, акробатикалық гимнастика элементтерін де үйретеміз. Басқа жақта тек қана бір спорт түрін үйретеді. Ал "Семсер" клубында каскадер боламын дейтін балаларға бәрін үйретеміз. Балалар шетелдік қаһармандарға емес, өзіміздің тарихи батырларымызға еліктесін деген ойымыз болды. 

– Каскадер болғысы келетін балаларға қандай ақыл айтасыз? Неден бастау керек?

– Менің "Семсер" спорт клубыма келсін. Кеңес ауызша айтылмайды, практикада көрсетіледі. Каскадерлік – қызықты әрі қауіпті сала. Былай қарасаң оңай сияқты, ұрсаң адам құлап қала салатындай. Білімсіз істейтін болса не ана біреуді ұрып жарақаттайды, не камераға түсіргенде қвидеодан арасаң күлкілі әрекет болып шығады. Сондықтан білетін маманмен жаттығу, практика жасап үйрену керек. Бір қарап үйреніп алдым деуге болмайды. Өзі жасап үйреніп, бапкермен бірге жаттығуы керек. Жастарға көбірек практика, қайталауы керек. Спорт залда жүріп, шынығып, үнемі денсаулығына қарауы керек. Каскадерлік деген құлай салатын нәрсе емес. Барлығы өлшеніп, жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Жарақттанбау үшін жаттығу жасау керек.

– Әлеуметтік желіде "аз-аздан үздіксіз" деген ұстаным туралы жиі жазады екенсіз. Жетістікке жету үшін тәртіп қажет пе?

– Жетістікке жеткен адамдардың кез келгенін алып қарасақ олар асықпайды және өз ісін күнде қайталап істей береді. Жылдамдық дегеніміз асықпай тұрақты істеу деген сөз ғой. Бірнәрсені асығып істеп, қате кетсе ондай оны қайтадан істеу керек. Оданда асықпай бір-ақ рет істеген жақсы. Сол үшін күнделікті аз-аздан қайталап, берілген уақытты дұрыс пайдаланып тәртіппен жүретін болса кез келген адам қызыққан нәрсесіне жетеді деп ойлаймын.

– Ал сіз мақсатқа жету үшін күш-жігеріңізді қалай қамшылайсыз?

– Мақсатты шегелеп алғаннан кейін күнделікті жасайтын қадам айқындап бере алады. Сондықтан мұнда тәртіптен бұрын мақсатты айқындап алу қажет. Әр адамның миссиясы бар. Уақыт өте келе адамның миссиясы өзгере береді. Менің миссиям – салауатты өмір салтын ұстана отырып, бойымыздағы бар білімді өзім сияқты қызығатын жастарға үйрету. Осы миссияны ойға алсам шаршамаймын, өйткені қоғамға пайдалы іс жасап жатқанымды, бір адамның өміріне жақсы ереже енгізуге көмектесіп жатқанымды білемін. Күшін қайда жұмсарын білмей жүрген бала көп. Солардың мақсатына жетуіне көмектесемін. Тек тәртіппен ғана мақсатқа жету қиын. Мақсат болмаған кезде тек тәртіппен жүру адамның сағын сындыруы мүмкін. 

– Актерлер осындай рөл ойнасам екен, осындай жүлде алсам екен деп жатады ғой. Ал каскадерлер нені армандайды?

– Kazakh Union командамыздың мақсаты – каскадерлік өнерде қазаққа тән стильді қалыптастыру. Әр мемлекет өзінің стилімен танымал. Ата-бабамыз тек қана күреспеген болар. Олар да мықты жауынгер болды, ат құлағында ойнады. Осындай кең даланы қорғап қалған батырларымыздың бойында ерекше қасиет көп болған деп ойлаймын. Ал каскадерлік тереңде жатқан тарихымызды көрсетуге аз да болса әсерін тигізсе, осы салаға байланысты продакшн болып кино шығарсақ дейміз. Жауынгер халықпыз деген атқа сай ерекшелігімізді әлем таныса дейміз. "Қазақ" стилін қалыптастырып, оны әлемге танытуды мақсат тұтамыз.

– Сіз каскадерлікпен қоса зергерлік өнерге жақын екенсіз...

– Ауылда қиялдап өскен балалар бәріне қызыға береді ғой. 2020 жылы пандемия басталғанда жұмыс тоқтап қалды. Зергер Абзал Молдабекті он жылдан бері танимын, доспын. Бір өзі 200-ден аса дизайн шығарған зергерлік өнерде қолтаңбасы бар азамат. Досым болғаннан кейін жұмысына барып сырласамын, күні-түні жұмыс істеп жатады. Үйленер кезде сүйіктіме өз қолыммен неке сақинасын жасап бергім келді. Абзал бауырыма айтып көріп едім шеберханаға келіп жасай беріңіз деді. Неке сақинасы мен алқа жасауды меңгеріп алып, шеберханада бір жылдай жұмыс істедім. Десе де бала кезден спортқа жақын болғандықтан каскадер өнерімен кеттім. Ал зергерлікті одан әрі жалғастырмадым.