"Қазақ халқын жақсы көреміз". 10 жылдық саяхатқа аттанған еуропалық блогерлер Қазақстан туралы
Шетелдік саяхатшы жұп Силке мен Киран екі ай бойы Қазақстанның бірнеше өңірінде болып үлгерді. Олар барған жерлерінде барынша қарапайым адамдармен жолығып, сол елдің салт-дәстүрімен, тарихымен танысуды жөн санайды. Бұл жолы олардың сапары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен тұспа-тұс келіп, ұлттық ойындар мен қазақ мәдениетіне қаныға түсті. Шығыс Қазақстанда өткен құсбегілер фестиваліне де куә болды.
Силке мен Киран саяхаттап қана қоймай, әр сапарын таспалап жүреді. YouTube арналарына жазылушылар саны 50 мыңға жуықтаған. Әр апта сайын шығатын влогтарын мыңдаған адам қарап, алған әсерін айтып жатады. Осы орайда Информбюро тілшісі саяхатшы жұппен сұхбаттасып, Қазақстан туралы, қазақ халқы туралы әсерін сұрап білді.
– Өздеріңіз туралы айтып өтсеңіздер. Қайдан келдіңіздер?
– Біз, Силке мен Киран 10 жылдық бал айы саяхатында жүрміз. Шотландия және Бельгияданбыз. Шотландияда үйленген соң бірге үш жылдан бері тоқтаусыз көптеген елді аралап жүрміз. Оңтүстік шығыс Азиядағы Шри-Ланка, Үндістан, Лаос, Малайзия, Сингапур, Индонезияда болдық.
– Он жыл бойы саяхаттау деген ой қалай туды?
– Үйленгеннен кейін он жыл бойы саяхаттау деген ой Силкенің басына келді. Біз үйленгенге дейін де көп уақыт бірге саяхаттадық. Би компаниясында жұмыс істеп жүргенде таныстық. Силкемен кездеспей тұрып ол жұмысты да, саяхатты да қатар алып жүрді. Кейін ол маған саяхаттағы оқиғаларын айтып берді. Сол кезде ортақ естеліктеріміз көп болуы үшін бірге саяхаттауымыз керек екенін түсіндім.
– Қазақстанға қалай жол түсті?
– Қазақстанға қыркүйек айында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталар тұста келіп, жолымыз болып кетті. Қазақ салт-дәстүрі мен көшпенділер мәдениетіне қанық болдық. Көшпенділер ойындары Қазақстандағы саяхатымыздың тамаша бастамасы болды. Жолымызда сондай мейірімді жандарды кезіктірдік. Кейбірімен әлі күнге дейін хабарласып, көрісіп тұрамыз. Оларды дос қана емес, Қазақстандағы отбасымыз деп санаймыз. Қазақстандықтар бізді жылы қарсы алды. Сөзге тартып, жылы лебізін айтып, саяхатшы екенімізді білгенде бізге қызыға түсті.
Көкпар, мас-рестлинг, құсбегілік секілді өзге де көшпенділер ойындары туралы біз алғаш рет білдік және Қазақстанда өз көзімізбен куә болдық. Осындай да спорт түрлері бар екенін білмедік. Садақ ату секілді кейбір ұлттық спорт түрлерін өзіміз де байқап көріп, олар туралы терең зерттей бастадық.
– Қазақстанда Астанадан басқа тағы қай жерде болдыңыздар?
– Екі айда Астана, Бурабай, Өскемен, Қатонқарағай, Түркістан, Келінтөбе және Шымкентте болдық. Уақытымыз тығыз болғандықтан Шымкентті көріп үлгермедік. Қазақстанға тағы келгенде бұл қаланы асықпай аралаймыз деп үміттенеміз.
Әр жердің өзіндік ерекшелігі бар. Әрқайсы өзінше баурап алды. Қазақстанның шығысында, әсіресе Катонқарағайда бұрын-сонды көрмеген тұмса табиғатқа куә болдық. Досымыз Назеркенің туған жері Келінтөбе ауылында қонақ болып, керемет әсер алдық. Бұл сапар жүрегімізде мәңгі қалады.
– Қазақтар қандай халық екен?
– Қазақтар біз кездестірген ең қонақжай, құшағы кең халық екен. Адамдар үйінде қонақ қылып, ұлттық тағамдарынан дәм татқызып, қазақтың салт-дәстүрі туралы айтты. Қазақстанның әртүрлі өңірінде жүргенде жергілікті адамдардың үйінде тұрып, олардың күнделікті тіршілігімен таныстық. Адамдар ештеңе сұрамай-ақ құшағын ашып, төрден орын берді. Сондықтан осы сапарымызда Қазақстанда бұрыннан үйіміз бардай сезіндік.
– Саяхаттағанда аз ақша жұмсауға тырысасыздар. Бұл қиын емес пе?
– Аз ақшамен саяхаттау кейде қиынға соғады. Әсіресе, Қазақстан – біз болған ең қымбат елдердің бірі. Десе де жолымызда көп жақсы адамдар кезігіп, көмегін аямады. Қазақстанда екі ай жүрдік. Сол уақытта біз жергілікті тұрғындардың үйінде тұрдық. Бірге саяхаттадық, бір дастарханнан дәм таттық. Кейде бір жерден екінші жерге автостоппен жетіп алдық. Қазақстанның табиғаты мен халқын жақсы көреміз және бұл баға жетпес байлық деп ойлаймыз.
– YouTube желісінде саяхат туралы арналарыңыз бар. Саяхаттай жүріп влог түсіру қажытпай ма?
– YouTube арнамыз SilkyRonTheRoad деп аталады. Біз шытырманға толы саяхатымызды камераға түсіріп, көрерменге қаз қалпында жеткізуге тырысамыз. Екеуіміз де табиғатты жақсы көреміз. Сондықтан табиғатты көп түсіреміз. Оған қоса саяхаттап жүрген жерімізде ауылдарға барып, ауыл тынысын, тұрмыс-тіршілігін өзіміз көріп қана қоймай, көрерменге көрсетуге асығамыз.
Иә, саяхаттай жүріп влог түсіру оңай емес. Бәрін түсіріп алу үшін көп күш қажет, әрі арқалап жүрген құралдарымыз өте ауыр. Соған қарамастан, жасап жүрген жұмысымыз бізді бақытты етеді. Бекер емес екенін білеміз.
– Қазақстан туралы он шақты видео жариялаған екенсіздер. Көрермендер қалай қабылдап жатыр? Қандай пікірлер естіп жатсыздар?
– Қазақ халқы влогтарымызды ұнатып, жақсы сөздер жазып жатыр. Бұл елде видеомызды үзбей қарайтын, қолдайтын тамаша орта пайда болды. Адамдар біздің энергиямыз бен бір-бірімізге деген махаббатымыз туралы, кездестірген адамдарға деген сүйіспеншілігіміз туралы көп жазады. Сапарымызда таспалаған видеолардың сапасын айта келе, Қазақстанды танып қана қоймай, өзгелерге танытып жатқанымызға алғысын айтады. Пікірлерді оқыған сайын өзімізді мақтан тұтамыз. Жақында мына пікір көзімізге оттай басылды:
"Сәлем, достар! Discovery Channel немесе Lonley Planet жеңілгенін мойындауы керек деп ойлаймын! Контент сапасы технология тұрғысынан ғана емес, мазмұны жағынан да олардан асып түседі. Ең құндысы – адамдардың өмірін сол қалпында көре аласыздар және оны көрерменге жеткізе білесіздер. Сіздерді әрдайым Қазақстанда күтеміз!" – деп жазды.
– Ел-жер аралап, әртүрлі адамдармен кездесіп, қызық сәттерді бастан кешіп жүрген саяхатшы ретінде өмірден не түйдіңіздер?
– Саяхаттай жүріп көп нәрсе үйрендік, ойға тоқыдық. Бірақ, ең маңызды түйген дүниеміз ол – бақытты болу үшін көп нәрсе қажет емес екен. Шағын ауылдарға барып, барға қанағат дейтін, өмірге риза адамдармен көп уақыт өткіздік.
Ең бастысы – өміріңіздегі адамдар және сол адамдармен өткізген уақыт, естеліктер дер едім.
– Саяхаттауға жүрексінетін адамдарға қандай ақыл-кеңес бересіздер?
– Бұл барлық адамның қолынан келеді. Әлем деген сондай әдемі ғой. Мұнда көзбен көретін де, бастан өткеретін де нәрсе көп. Әлемнің қаншама жерінде тамаша жандарды жолықтырып, олардан талай жақсылық көрдік. Әлемді тани түсуге шабыт беретін де – мейірімді адамдар. Бұл дүниеде жаман адамдарға қарағанда жақсы адамдар көбірек. Қорықпаңыз. Жолыңызда жақсы адамдар жолығары сөзсіз.