Қағаз және аудио: Кітаптың бұл түрлерін қандай адамдар таңдайды
Қазіргі таңда жан-жақтылық үшін адамдарға кітап оқудың өзі жеткіліксіз. Өйткені, адамдардың назары тұрақсыз, ал ақпарат өте көп. Оның үстіне кітаптардың аудио нұсқасы пайда болды. Аудио кітаптардың артықшылығы неде? Кітап оқыған дұрыс па, әлде аудио кітап тыңдаған жөн бе?
Статистикаға сүйенсек, Аудио кітап тыңдау кітап оқуға қарағанда 40 пайыз көп уақыт алады екен. Егер cіз үшін уақыт пен жылдамдық маңызды болса, аудио кітап бұл жағынан қалыс қалады. Алайда аудио кітапты басқа жұмыс істеп отырып та тыңдауға болады.
Оқыған кезде біздің миымыздың сол жақ бөлігі жұмыс істесе, тыңдаған кезде мидың екі бөлігі бірдей жұмыс атқарады. Өйткені, ми тіл мен дыбысты өңдейді.
Кітап оқуға қарағанда аудиокітап тыңдау кез келген уақытта, кез келген жерде жасалатын жұмыс. Көлік жүргізіп келе жатып, тамақ жасағанда, үй жинағанда әртүрлі тақырыптағы кітаптарды тыңдауыңызға болады.
Ал кітап оқығанда тек кітапқа назар аударасыз.
Оқи отырыңыз: Психолог кітап оқудың пайдасы туралы: Депрессия мен күйзелістен арылтады
Психологтар адамдарды үш түрге бөледі:
- аудиалдар;
- визуалдар;
- кинестетиктер.
Аудиал адамдар құлақпен тыңдағанды жақсы көреді, қоршаған ортадағы ақпараттарды дыбыс арқылы алады. Олар музыканы ұнатады. Аудиалдар сезімтал, жараланғыш келеді. Олар ырғақты, дыбыс әлемінде өмір сүреді.
Визуалдар керісінше, өмірді көзбен қабылдайды. Олар үшін ақпаратты көру, оқу, қарау маңызды. Суретті де, мәтінді де көзбен қарағанды ұнатады. Олар үшін кез келген нәрсенің сыртқы келбеті өте маңызды.
Ал үшінші топқа жататын адамдар – кинестетиктер. Олар үшін қол тигізіп тексеру маңызды. Ондай адамдар әңгімелесіп тұрғанда өзге жанды сипалағанды жақсы көреді.
Егер сіз аудиалға жататын болсаңыз, кітапты тыңдағанды ұнатасыз, есте сақтау қабілетіңіз дамыған, ал егер визуал болсаңыз, онда кітапты мәтін түрінде оқығанды жақсы көресіз.
Аудиокітап – бұл жаңа тәуелсіз жанр деп айтуға болады. Ол актердің немесе актерлер тобының көмегімен жазылады. Кітаптарды оқығанда тек біздің қиялымыз іске қосылады, бірақ дыбыстар мен интонация, керісінше, диктордың дыбысы арқылы бізге жетеді. Ал кітап оқығанда біз ешкімнің ықпалынсыз өз қиялымызға ерік береміз.
Осы орайда біз кез келген саладағы жандардан кітап оқығанды ұната ма, әлде тыңдағанды құп көре ме деп сұрап көрдік.
Ерхан, кәсіпкер:
"Аудио кітап тыңдаймын деп айта алмаймын, жалпы видео көреміз. Уағыздар, тәрбие мәні бар видеоларды көремін. Көлік айдап келе жатқанда сүрелер қосып қоямын. Кітапты түпнұсқа күйінде оқығанды ұнатамын, әсіресе, кешкі уақытта кітаптың бірнеше парағын оқуды әдетке айналдырғанмын".
Есен, әнші:
"Аудио кітап та, қағаз түріндегі кітап та оқымайтын адаммын. Өз салам бойынша әрине кітап оқимын, алайда әдеби кітап оқуға уақыт жоқ".
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұлттық кітап күні белгіленеді
Психолог не дейді?
"Оқу мен тыңдау бас мидың әртүрлі бөліктері орындайды. Сондықтан оқу да, тыңдау да пайдалы. Мысалы әріп танымайтын кішкентай балаларға ата-аналары кітап оқып беріп жатады. Бұл олардың образды ойлау қабілетін арттырады. Ми көріністі елестетеді. Ханшайым, Ханзада, айдаһар сияқты ертегі кейіпкерлерін елестету арқылы ойлау қабілетін дамытады. Ал оқыған кезде біз кейіпкерлердің сипаттамаларын оқимыз. Бұл жерде мидың мүлде басқа бөлігі жұмыс істейді. Біз кітап оқыған кезде ойымыздағы бейне шындыққа сай келмеуі мүмкін. Мысалы, бір кітап желісі бойынша жазылған фильмді алайық. Кітабын оқып қойғансыз, алайда фильмдегі кейіпкер сіздің ойыңызға сәйкес келмей қалуы мүмкін. Сондықтан тыңдау да, оқу да өте пайдалы. Қазір уақыт аз, ақпарат көп уақыт. Біз кептелісте тұрғанда кітаптың аудио нұсқасын тыңдаудың артықшылығы көп", – дейді Алматы Вознесендік соборының психологы Виктория Левина.