Оқушының цифрлық күнделігі неге ешқашан қағаз күнделіктің орнын баса алмайды?
Қағаз күнделік – өткеннің сарқыншағы ма, әлде баланың дамуына ауадай қажет құрал ма? Осы сұрақ қайтадан күн тәртібіне шықты. Цифрландыру дәуірінде дәстүрлі күнделіктің орны қандай болуы керек? Сарапшылар мен ата-аналар не дейді? Оқу-ағарту министрлігінің осы мәселеге қатысты ұстанымы қандай? Informburo.kz зерттеп көрді.
Қазақстанда қағаз күнделік 2016 жылға дейін оқушының бағасы мен тәртібін қадағалайтын негізгі құжат болды. Күнделікті сабақ кестесі, үй тапсырмасы, баға – бәрі сонда жазулы тұратын. Мұғалім оқушыға қандай да бір ескертуі болса, оны да осы күнделікке жазып беретін.
2016 жылдан бастап білім беру жүйесінде электронды күнделік (kundelik.kz) енгізіліп, қағаз күнделік кезең-кезеңімен қолданыстан шыға бастады. Алайда балалар клиникалық психологы Айнұр Алдаш бастауыш сынып оқушылары үшін қағаз күнделіктің маңызы зор екенін екенін айта келе, оны мектепке қайтаруды ұсынды:
Күнделік балаға уақытты түсіну үшін керек. Қазіргі балалардың көбі мезгілдерді, ай аттарын, аптадағы күндерді білмейді. Жаттату қиын. Жаттап алса да, уақытты сезбейді. Күнделікті күнде қолданған бала қазір қыркүйек екенін, аптаның қай күні екенін, қай күні не болатынын біліп жүреді. Қайта-қайта көріп, ашып жүрген соң көру арқылы есте сақтайды.
Күнделік – көзге көрінетін сабақ кестесі. 90 пайыз бала – бұл жаста визуал. Ақпаратты көріп қабылдайды. "Не оқимын, қай сабақты дайындаймын" дегеннің бәрі көз алдында тұруы керек. Бұл өте маңызды.
Бала жоспарлап үйренеді. Мысалы, бүгін дүйсенбі. Бейсенбіге жаттау бергенін көрді. Ертең бір шумағын жаттаймын, сосын тағы бір шумақ. Бейсенбіге дейін күшімді, уақытымды ұтымды пайдаланамын деп жоспарлауды үйренеді. Дербестік күнделікпен тезірек дамиды. Шапшаңдық, өз-өзіне қызмет көрсету, өзі үшін әрекет ету, өз бетінше тапсырма орындау қабілеті қалыптасады", – дейді психолог.
Маманның айтуынша, электронды күнделік бастауыштағы балаға ыңғайсыз:
"6-7 жастағы бала электронды күнделікті өз бетінше ашпайды. Оны анасы қарайды. Анасы қарамаса, айтпаса, сабақ та орындалмайды. Орындауға балада ынта да болмайды. Сосын баланың орнына анасы сабақ оқып, сабақ кестесін жазып отырады. Ал балада өз бетінше тапсырма орындау қабілеті нөл болады" – дейді психолог.
Сонымен қатар Айнұр Алдаш күнделікке баға уақытылы қойылуы керек екенін атап өтті.
"Бала сабақта бағасын бірден алуы қажет. "Кешке", "ертең" деген, электронды күнделіктен көре салу деген жарамайды. Себебі баланың санасында себеп-салдарлық байланыс жоқ. Біраз уақыт өтіп кеткен соң қай бағаны не үшін алғанын бала ұмытып қалады. Бірден, дәл уақытында кері байланыс алмаған соң ол бағаның, бағалаудың бала үшін маңызы жоқ, бәрібір", – дейді маман.
Айнұр Алдаш жазбасының соңында Оқу-ағарту министрлігіне баяғы күнделікті қайтаруды ұсынды.
Министрліктің ұстанымы қандай?
Informburo.kz Оқу-ағарту министрлігіне осы мәселе бойынша ресми сауал жіберді. Министрліктің жауабына сүйенсек, білім беру саласындағы технологиялық шешімдерді енгізу жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Яғни, мектепте қай жүйені қолданатынын аймақтағы білім басқармалары шешеді.
Министрлік сонымен бірге кез келген жаңа жүйе заңнама талаптарына сәйкес келуі, барлық тараптардың мүддесін тең қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.
"Ақпараттық жүйелер саласындағы кез келген өзгерістер мен жаңашылдықтар заңнама талаптарына қатаң сәйкес келуі және білім беру процесіне қатысушы барлық тараптардың мүдделерінің теңдігін қамтамасыз етуі тиіс", – деп жазылған жауапта.
Оқи отырыңыз: Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына діни киім элементтерін қосуға болмайтынын еске салды
Ата-аналар не дейді?
Электронды күнделік пен қағаз күнделік мәселесі ата-аналар арасында да қызу талқыланып отыр. Бірі – қағаз күнделіктің баланың жауапкершілігі мен мотивациясын арттыратынын айтса, енді бірі – электронды жүйені тиімді санайды. Ал үшінші тарап екі нұсқаны қатар қолдануды қолдайды.
nurzhamalerzhankyzy1: "Күнделік ұстаз үшін де, ата-анаға да, балаға да өте тиімді. Ата-анасы баланың күнделікті алған білімін, тәртібін тексеріп, көріп отырады. Бұрынғыдай күнделікті қайтарсын. Бала күнделік арқылы күнді, апта аттарын, жыл мезгілдерін, күнді тағы басқа көптеген мағлұматты білетін болады".
araily.maratkyzy88: "Қызым оқитын мектепте кәдімгі күнделікті қолданады. Мұғалімдері күнделікті міндетті түрде толтырғызып, тексереді. Сабақ соңында баға қояды, ескертулері болса, оны да жазады. Кілең бестік алуға талпынып жүреді. Күнделіктің пайдасы көп".
nazerke_adilzhankyzy: "Астанада мен апайына айтып жүріп күнделік алғызғанмын. Одан кейін ата-аналардың өздері көбі қолдамай қарсы болған. Мен ғана күнделікке баға қойылсыншы деп шырылдап жүрдім. Күнделік қайтарылса жақсы болар еді".
adema_8994: "Электронды деп әбігерге салып қойды. Телефонға үңіліп отырамыз. Мұғалімнің де уақытын алады, апайлар кейде үй тапсырмасын уақытылы салмайды".
mokei89: "Қызым 6-сыныпта, күнделік алып беремін. Өзің үшін жазып жүр деймін. Есесіне тиянақты, бәрін жоспарлы түрде жасайды. Ұлыма да 1-сыныптан бастаттық".
aidankairosh: "Қағаз күнделік шықса, ондағы баға, баланың жазуын көріп, одан сайын жүйкеміз жұқаратын шығар. Одан да электронды болғаны сәл жақсы ма деймін. Әр бала оқуды әртүрлі қабылдайды. Озат балаға бәрі оңай. Ал қосымша білімді қажет ететін балаға ол ауыр болады. Орташа есеппен қарағанда сыныптағы 25 баланың бәрі жақсы оқымайды. Тең жартысынан көбі – орташа оқитындар мен төмен оқитындар. Әр сыныпта жақсы оқитын 5-6 бала ғана болса, қалған күнделікті қарық қылмайды".
gulnaz_asetovna: "Электронный күнделік қалсын. Бастауыштағы бала қағаз толтыра алмайды".
rustem31121985: "Бізде Түркістанда қағаз күнделік те, электронды күнделік те бар. Балалар екеуін де толтырады".
molya18.20: "Бізде электронды күнделік бар, бірақ біз оны мүлдем ашпаймыз. Қағаз күнделік те бар. Балам ертең қандай сабақ болатынын, қай сабақтан қандай тапсырма бергенін өзі жазып келеді. Үйге келген соң өзі орындайды. Күнделікке баға қойдырады. Бұл баланы одан сайын жігерлендіреді".
gulzat_nabievna: "Бізде 7-сыныпта қағаз күнделік бар. Оқушылар қолымен толтырады. Бағасын қойдыртады. Сынып жетекші ретінде апта сайын тексеріп отырамын. Ата-ана да тексереді. Баға санаймыз. Кімде көп болса, сол жеңімпаз атанады".
Қағаз күнделікке қатысты пікірталас – білім беру жүйесіндегі дәстүр мен цифрландырудың арасындағы теңгерім іздеудің көрінісі. Осылайша сарапшы бастауыштағы бала үшін қағаз күнделік қажет десе, министрлік шешімді өңірлерге қалдырды. Ата-аналар да үшке бөлінді.