"Өлілер қамын ойламай, тірілер риза болсын дейді". Ас беруде ысырапшылдық неге тыйылмай тұр?
Елімізде қайтыс болған адамға құран бағыштап, ас беремін деп ысырапшылдыққа жол беретіндер көп. Қырғызстанда ас бергенде жылқы мен ірі қара союға тыйым салынған. Жаназаға қатысушылар саны шектелмегенімен, еске алу шараларына келушілер 300 адамнан аспауы керек деп заң жүзінде бекіткен. Талапты бұзғандар айыппұл төлейді.
Ал Қазақстанда құдайы асты қашан, қалай өткіземін десе де әр адам өзі біледі, себебі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ысырап жасамауға үндейтін құжаты ұсыныс түрінде ғана қалып отыр. Осы орайда Информбюро порталы ас берудегі ысырапшылдыққа қатысты адамдардың, ҚМДБ өкілдерінің пікірін білді.
"Қара жамылған отбасын қанау"
Жадыра Нармаханова оңтүстік өңірде адам қайтыс болғаннан кейін жетісі, қырқына дейін әр апта бейсенбілігі, қырқынан кейін елу екі және жүз күндігі, бір жыл болғанда жылдық асы берілетінін айтты.
"Өлім – байдың малын шашады, жоқтың артын ашады" деп тура оңтүстік өңіріне айтылғандай көрінеді. Екі-үш жыл бұрын қайтыс болған анамызды ақтық сапарға арулап шығарып салуға тырыстық. Жаназасы оқылғаннан кейін бірден ас беріледі. Бір жылқының етін түгел қазанға салып, дастарханға самсаны да, бауырсақты да, балықты да қойдық. Кем дегенде 3-4 түрлі салат жасаймыз. Кепкен жеміс-жидек те қоямыз. Оның қымбат екенін адамдар ойланса деймін. Бейсенбілікке жоқ дегенде ауылдың 100-200 адамы келеді. Апта сайын осыншама қонақ күту оңай емес, оның үстіне әр уақытта келіп кетеді. Жақынын жоғалтып отырған отбасыға бұл үлкен салмақ. Жоқтап, қайғырып үлгермейсің. Жұрт не дейді екен деп дастархан жасауға ұмтыласың. Бұның бәрі ысырапшылдық", – деді Жадыра Нармаханова.
Жадыра Нармаханова діни басқарма өкілдері әр ауылдың молдасын Астанаға шақырып, тренинг өткізуі керек деп есептейді. Оған қоса дастарханда не тұруы қажет екенін бекітіп, одан асып кетсе басқаларға сабақ болуы үшін айыппұл салу керек дейді.
"Жылдық асына дейін қаншама рәсім жасалады. Қырқына дейін басын көтеру керек, ол уақытта көп адамдар болмайтын іс-шаралармен, дастархан жасап уақытын өткізіп жатады. Бұрын оңтүстікте қайтыс болған адамның қырызы болмасын деп ине-жіп пен жыртыс берілетін. Кәдімгі ақ матаны не сұрып пен пұлышты отыз да отыз көлемінде жыртып таратады. Бұрын аналарымыз сондай жыртыс маталардан құрақ құрайтын. Қазір ол да жоғалып бара жатыр. Оның орнына базардан сүлгі, бетомарал сатып алып тарататын болды. Оның көлемі кішкентай болса жұрт әңгіме қылады. Анамызға 1 200 сүлгі алып тараттық. Пұлышты екі метрден құда-жекжатқа тараттық. Қанша алсақ та жетпейді. Соны көріп қатты таңырқадым. Ысырапшылдықтың ең үлкен деңгейі деп жағамды ұстадым. Анаң өліп, жылап жатқанда "маған да бер" деп жыртысқа таласқанда жанға батады. Жұбатуға емес, сені талауға келгендей көрінеді. Керісінше, бар жағдайыңды жасап, жұбату керек, жылап шеріңді шығарып алуға мұрша беруі керек. Анамыз қайтыс болысымен базар аралап кеттік.Жылауға да уақыт болмады", – деді ол.
Сондай-ақ, көңіл айтып келген адамдар дастарханды сыпырып пакетке салып алып кетеді. Бұл өлім шығарып отырған отбасыны ел болып қанай дейді Жадыра Нармаханова.
"Қаза болған үйге әр бейсенбіде таңнан қара кешке дейін үздік-создық бару дым да жанашырлық емес. Олар қайғыра ма, әлде жұртқа тамақ бере ме? Бұл жылдар бойы қалыптасқан нәрсе, оны сен өзгерте алмайсың дейді маған. Өзгермейтіндей Құран сөзі емес қой. Кез келген нәрсені өзгертуге болады. Алматы облысынанмын, бізде көбінесе жетісін бірден жаназа болған күнге қосып бердік деп есептейді. Содан кейін қырқы. Қырқына дейін әр жұмада жеті шелпек пісіреді, оған топырлап бүкіл адам келіп алу деген жоқ. Көп дегенде бір-екі көршісі келуі мүмкін. Қырқынан кейін жылы. Үші, жүзі, тағы бірдеңесі деген жоқ. Әдетте жаназаға келе алмағандар қырқына келеді. Ет жақын адамдары болса, реті келген сәтте барып көңіл айта береді", – деді Жұлдыз Әбділда.
Психолог Жайна Жортарқызы бұл жерде "біреуден кем болмайық", "ел-жұрт не дейді?" деген менталитеттің ерекшелігі бар екенін айтып отыр.
"Басты ниет құран бағыштау болғандықтан, негізгі шараларды жасап, оны біреуден асып түсердей жасамаған жөн. Той сияқты дастархан жаю, артық сыйлық сыйламаған дұрыс. Иә, жылдар бойы түпсанамызға жазылып келген жоқшылық, ашаршылық, 90-жылдардағы тоқырау кезінде жабылмаған қажеттіліктер кейін осылай өтеліп жатуы да мүмкін. Бұған бір ғана емес әртүрлі фактор әсер етеді. Біреулер ел-жұрттан мақтау алсам, қадірім артса деп ойлайды. Өзінде барды көрсетуге ұмтылады. Біреулер өзін өзгеден кем көрмеу үшін ел-жұрттан қалмайық деп дастарханға бәрін қойып, ысырапшылдыққа жол береді. Ондай адамдар өзгенің ойына көп мән бередді", – деді психолог Жайна Жортарқызы.
Қазақстанда да ас беруге шектеу енгізу қажет пе?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2020 жылы имамдар форумында "Ас беру мәдениеті" деген құжат қабылдаған. Ауыл-аймақтағы имамдар үндеу, ұсыныс ретінде әзірленген құжатты насихаттайды.
"ҚМДБ бекіткен құжат бар. Шығыста болдым, шелпек, өрік-мейіз деген жеті тамақ болады. Артық тамақ, астамшылдық көрмедім. Батыста басқаша екен, оңтүстікте мүлдем басқаша деп естимін. Заң тұрғысынан дастарханыңа мынаны қой, мынаны қойма деп талап ете алмайсың. Сол адамның ар-ұят намысымен байланысты", – деді парламент мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев.
Оқи отырыңыз: "Жаназаны несие алып өткізетіндер бар". Құран бағыштау дастарханында қандай ас қойылады?
ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы мүфтият үндеуіне Павлодар, Ақмола секілді облыстар үн қатып, ереже бойынша құдайы астың мәзірін әзірлеп, ысырыпқа жол бермей келе жатқанын айтты.
"ҚМДБ ас беру барысында ысырапшылдыққа жол бермей, отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын етіп беруге үндейді. ҚМДБ құдайы ас беру мәдениетінің негізгі жеті тірегін баяндайды. Олардың қатарына ас беруде шынайы ниет ету, адамдарыдң жиналуы, Құран оқып, бата беру, ысырапқа жол бермеу, уағыз-насихат тыңдау, марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату кіреді. Ас беру ізгі амал үкімінде ол парыз немесе міндеттілікті білдірмейді, сондықтан мүмкіндікке қарап ас беріп қарызданбауға тырысқан жөн", – деді ҚМДБ орынбасары, Наиб мүфти Сансызбай Шоқанов.
"Ас беру мәдениеті" құжатында не жазылған?
Дүние салған кісіге сауабы тисін деген мақсатта жақындары "Құдайы ас" береді. Мұндай ас қайтыс болған кісі Алланың рақымы мен кешіріміне бөлену үшін өткізіледі.
Құжат Қазақстанның барлық аймағында шариғат шеңберінде, салт-дәстүрімізді ескере отырып, отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын және ысырапқа жол бермейтін құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында әзірленген.
"Қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастархан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ "көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз" деп дастархан жайып, шектен тыс шығын жасап, ас та төк, ағын-төгін дастархан жаяды. Бұл табысы орташа көптеген отбасыға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттеуді талап етеді. Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті", – деп жазылған құжатта.
"Перзенттік парызымды орындаймын" деп ел-жұрттан қарыз алып, одан қалса несие алып дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес. ҚМДБ осы рәсімдерді реттеп, бір жүйеге келтіретін арнайы құжат қабылдаған.
Қазақ халқында қайтыс болған адамды дәстүр бойынша арулап жуудан бастап, ақ матаға кебіндеу, жаназа намазын оқу, шығарып салу, жерлеу, қоштасу, асын беру, қазаның қайғысын бөлісу секілді діни және ұлттық жоралғылар бар. Осыған қарай құдайы ас беру жоралғысын өткізудің жылдар бойы қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері мен дәстүрлері бар. Халық түсінігінде берілетін астың, оқылған Құранның, жасалған дұға-тілектің қайтыс болған кісіге тигізетін пайдасы мен сауабы жайында терең сенім қалыптасқан. Ал марқұмдарға ас бермеу "ата-бабасын сыйламау, әруақтарды құрметтемеу" деп саналған.
"Сондықтан құдайы ас берудегі осы жоралғыларды реттеу – өзекті мәселе. Себебі уақыт өте келе халық арасында "ата-бабама ас бермесем елден ұят болады, перзенттік абыройымнан айырыламын" деген түсінік қалыптасты. Осылайша құдайы ас бергенде өлілер қамы емес, мейрамханада ас өткізу, қымбат дастархан мәзіріне мән беру секілді тірілер ризашылығы ерекше назарға алынатын болды. Ендігі кезекте, осы сынды бұрыс сенімдерден саналы түрде арылатын уақыт келді. Негізінде тірілерге де, қайтқан кісілерге де пайдасы тиетін дүниелерге бірдей мән берген дұрыс", – деп жазылған құжатта.
Ас беру парыз санала ма?
Қазақ халқының дәстүрінде марқұмдарға арнап берілетін құдайы астардың бірнеше түрі бар. Мысалы, "үш күндігін беру", "жетісін беру", "қырқын беру", "жүзін беру", "жылын беру" және т.б. Яғни көңіл айтып келген кісіге дастархан жайып ас беру қазақ халқының қанына сіңіп, дәстүріне айналған.
Сондықтан дүниеден озғандарға арналған құдайы астардан бөлек көпшілікке берілетін астар да бар. Ата-анасының, басқа туыстарының дүниеден озғанына бес жылдық, он жылдық, тіпті марқұмның 100 жасқа толуын еске алатын құдайы астың түрлері бар. Әсіресе, қазақ халқының тарихында хандар мен батырларға сондай-ақ, ақын бабалар мен би-шешендерге сауын айтып, арнайы құдайы ас беру дәстүрі кеңінен қалыптасқан.
"Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде "міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер" деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуға тиіс", – деп жазылған ҚМДБ тарапынан әзірленіп, жарық көрген "Жаназа және жерлеу рәсімдері" кітабында.
Құжатта құдайы ас беру мәдениетін де заман мен қоғам талабына сәйкестендіріп, ас берудің түпкі өзегін, мәнін сақтай отырып, жаңаша сипатқа көшу қажет екені жазылған.
"Құдайы астың нақты уақытын белгілеп, бүкіл халықтың сол уақытқа тоқтауын, белгілі бір дастархан мәзірін жасап, сол мәзірге бірауыздан келісуін, қысқасы, құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыратын бірізді ереже жасап, сол ережені бекітуді бүгінгі қоғамдағы ынтымақ бірлікті сақтау және заман талаптарымен санасу деп білеміз. Құжаттағы ережелер елдегі барлық мұсылман қауым үшін әзірленген. Бұл құжаттың мақсаты – мұсылман қауымының өзіндік құдайы ас беру мәдениетін қалыптастырып, оған қатысты жоралғыларды, қалыптасқан дәстүрді жүйелендіру", – деп жазылған құжатта.
Құжатта құдайы ас беру мәдениетінің жеті тірегі атап көрсетілген. Олар:
- Шынайы ниет ету;
- Құдайы асқа жиналу;
- Құран оқу, бата беру және дұға жасау;
- Ысырапқа жол бермеу;
- Құдайы аста уағыз-насихат айту;
- Марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату;
- Құдайы аста қарапайымдылықты сақтау.
Шынайы ниет ету
- Асыл дінімізде кез келген іске кіріспес бұрын әуелі шынайы ниет пен ықыласқа ерекше мән беріледі;
- Мұсылманның ниеті ісінен қайырлы;
- Шариғатта жасалған жақсылықтардың сауабы жүректегі ниетпен өлшенеді;
- Атқарылатын әрбір іске әрдайым шынайы ықылас қажет. Сауапты істе көзбояушылық жасауға болмайды;
- Марқұмның атынан ас берілгенде, негізгі ниет – бір Құдайдың разылығын ғана табу болуы тиіс. Одан өзге ниет – астың сауабын кемітеді. Ас беруші шаңырақ осы ниеттен арылмауы қажет;
- Құдайы астағы оқылған Құранның, жасалған дұғаның, берілген садақаның мақсаты – тірілердің не ойлайтыны емес, марқұмның мәңгілік өміріне пайдасын тигізетін ізгі амал жасап сауабын бағыштау.
Құдайы асқа жиналу
- Марқұмдарға арналған құдайы ас артында қалған ұрпақтарының, жұбайының, ұл-қыздарының және ет-бауыр жақындарының атынан беріледі.
- Берілетін асқа, онда оқылатын Құранға, жасалатын дұғаға қайтыс болған кісінің ұрпақтары мен туысқандарының қатысқаны абзал.
- Сондай-ақ Құдайы асқа жасы үлкен кісілер, жақын туыстары, көршілері мен достары шақырылады.
- Қайтқан кісінің артынан үздіксіз жетіп тұратын ізгі үш істің бірі –артында қалған ұрпағының жасаған дұғасы. Сол себепті, құдайы астарда марқұмның өз ұрпақтарының дұға жасағаны абзал.
- Басына қайғылы іс түскен жағдайда ағайын, туған-туыстар тез арада жиналып, ынтымақтасып, отбасының жанынан табылып, бірі-біріне қол ұшын бергені дұрыс.
- Қайғы-қасіретке ұшыраған отбасының материалдық жағдайы көтермейтін болса, туматуыстары көмек көрсеткені жөн.
- Ислам дінінде жеке жасалған іске қарағанда, көпшілікпен бірге атқарылған игі істердің сауабы көбірек болады.
- Құдайы асқа келгенде киім кию әдебіне де (әйел адамдар мүмкіндігінше шариғатқа сай киінуге) мән берген жөн.Елде төтенше жағдай орнаған жағдайда құдайы ас беруді кейінге қалдырған абзал немесе өз отбасымен ғана өткізген дұрыс. Ал індетке шалдыққан адамның мұндай жиындарға қатыспауы тиіс.
Құран оқу, бата беру және дұға жасау
- Әрбір құдайы астың түпкі мақсаты – дүние салған адамдардың рухына Құран аяттарын бағыштау.
- Асқа Құран оқыту үшін жергілікті мешіттің имамын шақырған жөн. Егер марқұмның ет бауыр жақындарының арасында Құранды сауатты оқитындар болса, оларға оқыту артықтық етпейді.
- Құран аяттарының бәрі де бірдей қасиетті екендігі айқын. Сондықтан қай сүрені яки қай аятты оқыса да болады.
- Құдайы асқа жиналған жұрттың уақытын үнемдеу мақсатында тым ұзақ емес, орташа (5-7 минут) көлемдегі сүре-аяттарды оқу құптарлық іс.
- Оқылған аяттың дұғасын жасағанда марқұмдардың өз атымен қоса оның әкесінің есімін қосып айтқан жөн.
- Дұға жасағанда оқыған Құранның сауабын пайғамбарлардың, қазақ даласынан өткен әулиелердің, батыр бабалар мен сол асқа қатысып отырған көпшіліктің де ата-баба, марқұмдарының рухтарына бағыштауға болады.
- Құран оқылып, дұға жасағанда жиналған көпшілік ниеттес болып отырғаны дұрыс.
- Құдайы аста Құран оқудан бұрын әулеттің үлкеніне немесе сол жерге келген қонақтардың ішінен жасы үлкен сыйлы ақсақалға бата жасату – қазақы мәдениетіміздің көрінісі.
Ысырапқа жол бермеу
- Уақыт – адам баласына берілген ең ұлық нығметтің бірі. Сондықтан құдайы астарды мезгілсіз уақытта бастап, ұзақ уақытқа созу, келген жұрттың уақытын алып, пайдасыз әңгімелер айту – орынсыз. Уақытпен санасу мәдениеттіліктің нышаны.
- Шақырған жерге кешікпей, уақытында бару – қазіргі қоғамның талабы. Кешігу үй иесінің мазасыздығын тудырады. Кешіккен адамдардың салдарынан өзгелер уақытын жоғалтады.
- Асқа шақыру игілік болса, сол асқа дәл уақытынан кешікпей бару да игілік. Кешігетін жағдайда үй иесіне алдын-ала ескерту қажет. Бұл басқаларға деген құрметтің белгісі болып саналады.
- Құдайы астың тағы бір талабы – асты уақытында бастап, барынша уақытылы аяқтау. Ол үшін өтетін астың бағдарламасын жасау заман талабы. Мысалы, асты сағат 12:00 де бастау, Құран оқу, әулет үлкендерінің келген кісілерге астың мәнісін түсіндіруі, үлкен кісілердің және құдажекжаттың марқұмның әулетіне көңіл айтуы, жұбату сөздері, имамның насихат айтуы, дастархан иелерінің келген кісілерге алғыс айтуы, асқа бата жасап, дұға оқып тарқауы. Жалпы айтқанда, асты мүмкіндігінше қысқа уақытта тәмәмдау. Өйткені асқа жиналған көпшіліктің жұмысын, жауапты қызметтерін, өзге де маңызды шаруаларын ескерген абзал.
- Құдайы ас өткізу жұма намазының уақытымен тұспа-тұс келмеуі тиіс.
- Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Қасиетті Құранда: "... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді" делінген ("Ағраф" сүресі, 31-аят).
- Шариғаттағы көптеген міндеттер орта деңгейлі отбасының жағдайына қарай белгіленген. Мысалы, рамазан айындағы пітір садақасы – жан садақасы бола тұра, барлық мұсылмандарға емес, тек дәулеттілерге ғана міндеттеледі. Сол үшін шығынның көптігімен емес, ниеттің тазалығымен таразыланады.
- Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Алайда марқұмның атынан басқа да сауапты амалдар жасауды қаласа, жетім-жесірлерге, кедейкепшіктерге қайыр-садақа беріп, мешіт, медресе, мектеп, бала-бақша, халық жүретін жол, көпір салып, ағаш егіп, басқа да ізгі істер арқылы өз ниетін іске асыруына болады.
- Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс.
- Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлде-қайда сауапты.
Құдайы аста уағыз-насихат айту
- Көпшілік жиналған құдайы астарда Алланы еске алудың, шынайы сенім мен имандылықтың маңызы жайлы, сауапты істер туралы имамның қысқаша уағыз айтқаны жөн.
- Мұнда уағыздың ұзақтығы емес, оның түсінікті, жүйелі және пайдалы болуы маңызды.
- Уағыз-насихат барысында Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен, сонымен бірге халқымыздың даналары мен ғұламаларының, бишешендерінің ғибратты өмірлерінен, өсиетті сөздерінен де үзінділер келтіру әдетке айналуы тиіс.
- Насихат айту барысында жиналған жұрттың уақытын алмау мәсәлесіне де ерекше назар аударған жөн.
- Асқа жиналған адамдар тойға емес, құдайы асқа келгенін терең сезініп, өзін-өзі соған орай барынша мәдениетті ұстағаны дұрыс.
- Қайғылы жағдай орын алып отырған шаңырақта, оған арналған аста әртүрлі пайдасыз, бос әңгімелер айтып, орынсыз күліп отыру – әдепке айшы. Ол қаралы әулеттің қайырымды ісіне зиян келтіреді.
- Құдайы аста мейлінше жақсы сөз айту, тілектес болып әдеп сақтап отыру.
Марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату
- Құдайы асқа жиналған қауым қаралы шаңырақтың қайғысын қозғауға емес, қиын сәтте қайратын қолдауға келеді.
- Біреудің құдайы асын жиналыс сипатына айналдыру мәдениеттілікке жатпайды. Асқа келген көпшіліктің арасынан нағашылары, құда-жегжаты, ағайыны сынды жақындары ниет білдіріп, көңіл айтып, марқұмның жақсылықтарын сөз етіп, артында қалғандардың көңілін жұбату мақсатында ғибратты әңгіме айтқаны жөн.
- Жұрттың көзіне көріну үшін құдайы аста көп сөйлеу жөнсіз.
- Шариғатта марқұмды жақсы жағынан еске алуға рұқсат етілген. Марқұмды жақсы танитын, онымен сырлас, сыйлас болған кісі оның көпшілік біле бермейтін жақсы мінез-құлықтары мен қасиеттері туралы қысқаша естелік айтуына болады.
- Сөз берілмесе, үндемей, іштей тілектестік білдіріп отыру мәдениеттілікке жатады.
Құдайы аста қарапайымдылықты сақтау
- Құдайы ас дастарханында қарапайымдылық таныту – әдептіліктің белгісі әрі мәдениеттіліктің көрінісі.
- Құдайы ас дастарханында дәулетті кісілер жоғары, жағдайы төмендер төменде отыруы тиіс деген теріс түсініктен аулақ болу қажет.
- Дастарханға мейлінше тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған жандарды көбірек қатыстырған абзал. Оның сауабы молырақ болады.
- Қасиетті Құранда: "Олардың (ізгі жандардың) мал-мүлік дүниелерінде, көмек сұраушының да (жоқшылыққа сабыр етіп, алақан жаюды ар көретін) пақырдың да тиесілі ақысы (сыбағасы) бар" деп баяндалған ("Зәрият" сүресі, 19-аят). Құдайы ас бергенде осы ережені назарда ұстау қажет.
- Құдайы астың дастархан мәзірінде барынша қарапайымдылық сақталғаны жөн.
- Құдайы ас дастарханында дәулетіне не мансабына қарай емес, асқа келген кісіге қарапайымдылықпен бірдей мәміле жасап, көңіл бөлінуі тиіс.