"Мүмкіндігіміздің шексіз екенін дәлелдедік". Мүгедек жандар қалай қоғамды өзгертіп жатыр?
Бұл материал Алматы мен Астанада тұратын мүгедектігі бар адамдардың өзіне қолайлы орта жасау жолындағы күресі туралы.Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар әлі күнге дейін күйзеліспен, қорқынышпен және бюрократиямен күресуге мәжбүр. Материал кейіпкерлері сол күрес жолындағы қадамдары туралы айтып берді.
"Біз мүмкіндіктеріміздің шексіз екенін дәлелдедік"
Алматылық Мусрят Елибакиев – Қазақстан голбол федерациясының басшысы. Голбол – көру қабілеті нашар және зағип жандар ойнайтын спорт түрі. Ойында дыбыс шығаратын доп қолданылады. Мусрят пен оның жұбайы Назира Құрмашева "Мейірімді ел" – "Мейірімді халық" қоғамдық бірлестігін құрған. Олар командасымен бірге зағиптарға арналған тактильді шахмат пен дойбы өндірісін бастап, әлеуметтік бизнес саласында қызмет етуде.
"Мейірімді ел" – қоғамдық бірлестігі Қазақстанда зағип жандардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жалғыз өндіріс орны. Сондай-ақ мұнда зағиптарға бейімделген тоғызқұмалақ ұлттық ойыны да жасап шығарылады. Мусряттың өзі – тоғызқұмалақтан спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ал білімі бойынша заңгер Назира құжаттама, келіссөздер жүргізу міндеттерін өзіне алған. Көру қабілеті бойынша екінші топ мүгедектігі бар ерлі-зайыптылар осылайша әлеуметтік маңызды кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
"Тағдырым осылай. Адам бәріне үйренеді екен. Жазатайым оқиғаның салдарынан көру қабілетімді толық дерлік жоғалттым. Шамасы, Жаратқан Ием маған дәл осы өмір жолын бұйырған болар", – дейді Мусрят.
Бірақ ол маңдайына жазылған ауыр тағдырын бірден қабылдамай алмады, әктастан күйіп, бір көзінің көру қабілетінің тек 7 пайызы ғана қалған жас кезінде қатты күйзеліске ұшырады. Үйде қамалып, адамдармен сөйлесуден бас тартты, өзін кемтар сезініп, қатты уайымдады. Дегенмен, ағасы Мусрятқа қолдау білдіріп, оны Талғар зағиптар қоғамына орналастырды. Сол сәттен бастап Мусрят зағиптарға арналған әр алуан спорт түрлерімен айналыса бастады.
"Менің мақсатым – көру қабілетін жоғалтқан адамдардың үйде отырмауына мүмкіндік жасау", – дейді ол.
Осылайша, Мусрят Елибакиев өзіне жаңа қызмет тауып, Зағиптар қоғамының жабдықтау бөлімінде жұмыс істеді. Зағип адамдар өндіретін өнімдерді сатумен айналысып, Түркіменстанға, Өзбекстанға іссапарлармен аттанды.
"Күресу керек, тағдырды кінәлап отырмай, Жаратушыға дұға етіп, алға жылжуымыз керек. Бізді мүмкіндігі шектеулі адамдар деп атағанымен, біз өз мүмкіндіктеріміздің шексіз екенін дәлелдедік. Астанадан Парижге дейін велосипедпен жүріп өткен зағип адамдар командасын елестетіп көріңізші. Бұл оқиға 2018 жылы болды. Бақтияр Базарбеков бастаған мен сияқты адамдар тобы төрт ірі веломарафон өткізді: "Алматы – Астана", "Алматы – Ыстықкөл" және "Еуропа – Азия" – "Астана – Париж". Тоғызқұмалақ ойынының арқасында Еуропаға үш рет бардым. Біздің өміріміз қарқынды өтіп жатыр", – дейді ол.
Алматыда тұрғындардың жалпы саны 2 миллионнан асса, бүгінде 55 мыңнан астам мүгедек адам тұрады. Оларды қоғамға тарту үшін қолайлы орта құруды қамтамасыз ету керек.
Қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, қалада мүгедек адамдардың және халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін көптеген табысты жобалар іске асырылды.
Мәселен, 2022 жылы Алматының 2025 жылға дейінгі даму және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада қаланың әлеуметтік тұрақтылығын дамытуға жеке тарау бөлінді. Алматы әкімдігінің жоспарында қалада инклюзивті және кедергісіз орта құру жобасы бар. Іске асырылған жобалардың бірі – Әлеуметтік қызметтер үйі.
Пилоттық жоба алматылықтарға "бір терезе" қағидасы бойынша мемлекеттік және әлеуметтік сипаттағы қызметтер спектрін ұсынады. Ол жалпы алғанда 750-ден астам позицияны құрайды. Қала тұрғындары сұраныс бойынша психологтың кабинетін пайдалана алады, заңгерлік көмек ала алады. Сондай-ақ 2022 жылы Алматы әкімдігі "Шапағат" көпсалалы күндізгі оңалту орталығын ашты, бұл аутизмі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, сондай-ақ мүгедек адамдарға үлкен көмек болды. Бұдан бөлек, оңтүстік астанада көптеген басқа да бастамалар жүзеге асырылды.
"Адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр"
Алматының тағы бір тұрғыны, мүгедектер арбасына таңылған Татьяна қалада инклюзивті орта құру процесіне қатысты пікірімен бөлісті. Физикалық шектеулеріне қарамастан, ол белсенді өмір сүріп, сүйікті істерімен айналысады – сурет салады, кесте тоқиды.
"Біз бірге жиналған кезде ешқандай кемшілікті сезінбейміз. Қалада біз үшін, қозғалыста белгілі бір проблемалары бар адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Ұлым айтқандай, біз өзіміз де жаңа жағдайларға бейімделіп келеміз. Мен әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге тырысамын, бұл ақша табудан бөлек, пайдалы қарым-қатынас береді. Әрине, қаладағы нысандардың пандустармен көбірек жабдықталғанын қалаймын. Дегенмен, оң өзгерістер болып жатқанын көрудеміз. Қаладағы көптеген қажетті жерлер пандустармен жабдықталған. Вознесенский соборында лифт бар екеніне қуаныштымын. Адамдар да, Құдай да мені тастап кетпегенін сеземін", – дейді қала тұрғыны.
"Астана – мүгедек адамдардың өмір сүруіне қолайсыз"
Алматы әлеуметтік көмек саласындағы көптеген инновациялар енгізіліп жатқан белгілі бір алаңға айналды. Бұл мәселеде елорда оңтүстік астанадан айтарлықтай артта қалып барады.
Астаналық Жасұлан Сүлейменов әлеуметтік желі парақшаларындағы контенттері арқылы қоғам белсенділері мен қала басшылығының назарын мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне аударуға тырысуда.
Жасұланның I топтағы мүгедектігі бар. Ол 20 жасында антенна орнатып жатқан кезінде бес қабатты үйдің төбесінен құлап, омыртқасын сындырып алған. Осылайша, жиырма жылдан астам уақыт бойы мүгедектер арбасына таңылған күйде өмір сүріп келеді. Оның пікірінше, Астанада өз санатындағы адамдар үшін өмір сүру қолайсыз.
"Біздің үй 1989 жылы салынған. Пәтер иелерінің кооперативі кіреберісте көтергіш жабдыққа, пандус орнатуға ақша жоқ дейді. Әкімдік те мұндай жабдықтарды орнатуға қаражат жоқтығына сүйенеді – бұл қажеттіліктерге бюджет бөлінбеген. Олар тұрғындардың өзіне мүгедектер арбасына арналған ортаны ұйымдастыру үшін ақша жинауды ұсынды", – дейді ол.
Жасұлан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, тіпті ҚР президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл омбудсменге өтініш жазған. Олар кіреберісті, үйді, жақын маңдағы аулалар мен көшелерді тиісті құралдармен жабдықтауға демеушілер тапса, көмектесетінін айтып жауап қайтарған. Бұл 2018 жылы болыпты.
"Бірақ содан бері демеушілер де, кәсіпкерлер де табылған жоқ. Мен екінші қабатта тұрамын. Далаға шығу үшін тақтайлар төсеп, төмен түсемін. Тақтайлар қозғалып кетіп бірнеше рет құладым, ескі қоқыс құбырына соғылдым. Барлық аулаларда менің және басқа да мүмкіндігі шектеулі адамдардың жаттығуына болатын төмендетілген спорт алаңдары жоқ", – дейді қала тұрғыны.
Алайда, оның бұл жағдайға төзіп, қол қусырып отыра беруге ниеті жоқ. Ол адвокаттармен бірге автобус парктеріне қарсы бес сотты жеңіп, нәтижесінде қоғамдық көлік жүргізушілері аялдамаларда пандустар шығаратын болды.
"Жүргізушілер пандус шығарғысы келмей, мені аялдамада қалдырып кететін кездер де болды. Бұл мәселенің шешілуіне қол жеткіздік, енді пандустар шығаратын болды. Бірақ, оны да әрең, сұраныс бойынша ғана жасайды", – деп атап өтті Жасұлан.
Жалпы, Жасұлан – әділетсіздікке бойсұнбайтын, өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары үшін күресіп жүрген нағыз ер азамат. 2019 жылы ол Еңбек комитетінің департаментіне елорда әкімдігінің үстінен шағым жазды. Әкімдік ғимараты пандуспен жабдықталмаған болатын, ал мүгедектер арбасына таңылғандар онда жиі барады. Нәтижесінде әкімдікке 1 млн теңге айыппұл салынды.