Маусымдық аллергиялық ринит және астма – ең көп таралған аурулардың бірі. Қазақстандықтардың 25-35 пайызында мұндай аллергия бар және ол асқан қарқынмен өршіп келеді. Осы орайда 23 жыл тәжірибесі бар балалар және ересектер аллерголог маманы Нұргүл Ештаева маусымдық аллергияның пайда болу себебі мен емдеу жолын түсіндірді. Аллергологтың айтуынша, дәрігер салатын вакцинадан бөлек, аллергияны қоздыратын өсімдіктердің молекуласына ұқсас тағамдардан да бас тарту маңызды. Мұны жасамайынша, толық емделу мүмкін емес. Сондай-ақ, ол үйде аллергиядан емделуге не көмектесетінін атап өтті. 

– Маусымдық аллергияның белгілері қандай? 

– Маусымдық аллергия үшке бөлінеді. Біріншісі – наурыз бен маусым айының ортасында ағаштар гүлдеген кезде; екіншісі – мамыр айының ортасынан бастап Оңтүстік Қазақстанда қазан, Солтүстік Қазақстанда қыркүйек айына дейін шабындық арам шөптер әсерінен жүреді; үшіншісі – қыркүйек-қазан айларында дәнді дақылдар гүлдеген кезде өршиді. Барлығында дерлік мұрын мен көз қышып, су ағады, қызарады, құлақтың іші мен тамақ жыбырлайды және құрғақ жөтел болады, түшкіреді. Бір қарағанда бұл белгілер суықтаған адамдыкіне ұқсайды. Бірақ, суықтағанда адам өзін әлсіз сезінеді, ал аллергия кезінде ондай сезім болмайды, ары кетсе ойын жинақтай алмай қиналады. Маусымдық аллергия Шымкент, Қызылорда, Таразда ертерек басталады, ақпан соңынан бастап қазанға дейін ұласады. Солтүстік өңірлерде наурыз айында басталып, қыркүйектің соңына дейін жалғасады. 

– Оны қалай емдеуге болады? Аллергияны дәрілік препараттарсыз емдеу мүмкін бе?

– Кеңінен қолданылатын ем түрін "аллергоспецификалық иммунотерапия" деп атаймыз. Адамның не нәрсеге аллергиясы бар екенін қараша-ақпан айларының арасында шаң-тозаң әбден басылғанда анықтаймыз. Мысалы, оңтүстік өңірлерде жусанға аллергиясы бар адамдар көп. Сол кісілерге құрамында жусаны бар кішкенеден үлкенге қарай дозамен вакцина саламыз немесе тіл астына қоятын таблетка береміз. Осылайша бірте-бірте жусанға қарсы иммунитет пайда болады. Оны 5-60 жас аралығындағы адамдарға қолданамыз. Яғни вакцина түріндегі дәрі-дәрмек қолданылады.

Аллергия кезінде адам тек ауызбен демалады, ал бұл денсаулыққа аса қауіпті және адамның жақ сүйегі де өзгере бастайды. Осының әсерінен үстіңгі-астыңғы тістері бір-біріне дұрыс тимей, тамақты толық шайнай алмай қалады. Мұнымен қатар, адамның басы ауыра бастайды. Осы кезде адамдар өз бетінше дәріханадан келесі дәрілерді сатып алып қателік жасайды: називин, ксимелин, нафтизин, динаф, аллергонаф, алергозол секілді спрейлерге адам тәуелді болуы мүмкін. Бұл дәрілер керісінше мұрын қуысын бітеп, ауру бұрынғысынан бетер өршиді. Қан-тамырды ашып-жабатындықтан, адам қолы дірілдеп, жүйкесі сыр береді, қан қысымы жоғарылайды. Сол себепті аллергологтар бұл дәрілерді мүлдем қолданбауға тырысады. 


Оқи отырыңыз: Көктемде адамды неге ұйқы қысады және оны қалай жөнге келтіруге болады? 


– Аллергия кезінде гормональдық жақпа майларды қолдануға бола ма?

– Гормональдық жақпа майларды дерматит түріне байланысты қолданамыз, ол терінің қабынуын жазу үшін қажет. Десе де оны қолдана алмайтын кездер болады – мысалы, жаңа туған нәрестеге төрт айға дейін қолдануға болмайды. Синафлан, лоринден, флуцинар секілді мазьдарды кез келген жастағы бала түгілі, ересектерге қолдану қауіпті. Өйткені, үш күннен артық жағатын болсақ, адамның терісі осы дәріге тәуелді болып қалады. Яғни, гормональдық жақпа майды қолданудың өз орны бар. 

– Аллергия кезінде қандай диета ұстаймыз? 

– Маусымдық аллергиямен қатар жүретін аллергия түрін ескерген абзал. Мысалы, наурыз бен маусым айларында ағаштар гүлдей бастаған уақытта сүйегі бар жемістерді жеуге болмайды – өрік, шие, шабдалы секілді жемістерден аллергия өрши түседі. Өйткені, бұл жемістердің молекуласы ағаштардың тозаңдарына ұқсайды. Қайыңға аллергиясы бар адамға алма жеуге тыйым салынады. Мейлі қыс маусымында болсын. Осы маусымдық аллергиямен қатар жүретін аллергияны тудыратын себептерді алып тастамайыншы адам толық емделе алмайды.


Оқи отырыңыз: Көктемде қалай арықтап, дұрыс тамақтану керек? Нутрицолог кеңестері


Маған қазақстандықтар көбінесе маусымдық аллергия, дерматит, экзема, атопиялық дерматит, Квинке ісігі, шаш бояуы мен үй тазалайтын химикаттарға аллергиядан емделу үшін келеді. Анализдерді аллергологқа барғаннан кейін ғана тапсырған дұрыс. Маман нақты керек анализдер тізімін ғана жазып береді. Диета түрі де клиенттің жүгіну себебіне қарай өзгеріп отырады. 

Фото: depositphotos.com

– Аллергия кезінде қандай дәрумендер ішу маңызды?

– Д дәрумені аллергияға қарсы иммунитетті көтеретін №1 дәрумен. Осы дәруменнің ағзадағы мөлшерін анықтау үшін 6 ай сайын анализ тапсырып тұрған дұрыс. 70-100 арасы норма, бұдан төмен болса, дозасын көбейту қажет. 

– Үйде маусымдық аллергия басталған кезде өзімізді қалай сақтандырамыз?

– Маусымдық аллергия басталған кезде бөлмедегі аллергендердің барлығын алып тастап, терезенің алды мен маса кіргізбеуге арналған торды құры сумен күнде сүртеміз. Соңғы 15-20 жылда үй тазалайтын химиялық заттар түрі көбейіп, әрбір екінші адамда осыларға аллергия болып жатыр. Біз тазалық пен стерильдеу ұғымын шатастырып алдық. Екіншісі үйде бізді қорғайтын микробтарды да өлтіретінімен қауіпті, сондай-ақ химиялық заттар бауырға әсер етеді.

Мұнымен қатар, бөлмеде гүл өсірмеген абзал, себебі топырақ бетінде пайда болатын зең ауа арқылы таралып аллергияны қоздырады. Пердені де алып тастап, тек мақта матадан тігілген жапқышты пайдалану қажет. Сондай-ақ, телефонда ауа райын көрсететін жерде ауадағы шаң-тозаң көрсеткіші қатар тұрады. Сол көрсеткішке сай көзілдірік пен бетперде тағып қамданған артық болмайды. Ауылдық жерлерде кей азаматтар үшін шөп оруға шықпаудың өзі жеткілікті. 


Оқи отырыңыз: Көктемде бетімізге қалай күтім жасаймыз? Косметолог Алтын Сартаймен сұхбат