Маралдың мүйізі мен қаны қандай дертке ем? Бурабайдағы бұғы шаруашылығынан фоторепортаж
Дәрігердің айтуынша, табиғатта 22 түрлі аминқышқылы бар болса, олардың 18-і марал мүйізінен табылады.Әлемде маралдың мүйізі мен қаны емдік мақсатта кеңінен қолданылады. Қазақстанда да осы мақсатта құрылған шаруашылықтар бар. Марал мүйізінің тұнбасы қандай ауруларға ем? Марал қанын не үшін емдік мақтсатта пайдаланады және ол үшін маралдарды қалай баптайды?
Informburo.kz тілшісі ҚР президентінің іс басқармасы "Бурабай даму" ЖШС ұйымдастыруымен Бурабайдағы марал шаруашылығымен танысып қайтты.
Бурабайдағы "Ақ марал" сауықтыру кешеніндегі марал шаруашылығында 200-дей марал бар. Олардың мүйізі – пантотерапия, мүйізі мен қаны пентогематоген процедуралары үшін қолданылады. Сонымен қатар мұнда маралдарды тамашалап, қоректендіруге де болады.
Сауықтыру кешенінің реабилитолог дәрігері Ерлан Дәулетханұлының айтуынша, маралдың мүйізі мен қаны – артрит, артроз, остеохондроз сияқты тірек-қимыл жүйесі ауруларын емдеу үшін, сонымен қатар иммундық жүйені күшейтуге қолданылады. Қарсы көрсеткіштері: онкология, жүктілік, лактация және әртүрлі түйіндердің пайда болуы.
Дәрігердің айтуынша, табиғатта 22 түрлі аминқышқылы кездессе, марал мүйізінде оның 18 түрі бар.
"Жалпы, маралдың мүйізін жылына екі рет кесуге болады. Бірақ екі рет кессең, олар жүдеп кетеді. Сол себепті, біз оны бір рет – тек маусым-тамыз айларында кесеміз. Наурыздың аяғында олардың мүйізі өздігінен түсе бастайды да, орнына жаңа мүйіз өседі. Оларды ұстап көрсеңіз, губка сияқты жұп-жұмсақ болады. Сол мүйіздер 10-15 сантиметрдей өскен кезде кесіп аламыз", – дейді ветеринар фельдшер Михаил Ионов.
Ветеринардың айтуынша, маралдың мүйізінде жан болмайды. Сәйкесінше, оны кескен кезде еш ауырмайды. Мүйізді кесер кезде жануарларды қуып, қорада ұстайды. Тек сол себепті ғана олар күйзеліске түсуі мүмкін.
"Егер тырнағымызды түбінен алып тастасақ, ауырады ғой. Тура сол сияқты. Мүйізді де дұрыс өлшеп кессең, ауырмайды. Біз мүйіздің түбінен екі елі қалдырып кесеміз. Сондықтан маралдың басында мүйіздің түбі қалады", – деп түсіндірді Михаил Ионов.
Шаруашылықтың аумағы 600 гектарды құрайды. Мұнда буаз аналық, төлі бар аналық, аталық, жас малдарды бөлек-бөлек ұстайды. Десе де, олар еркін жайылады. Қыстыгүні боран болған кезде арнайы дайындалған қораларға өздігінен келіп паналайды. Оларға күн сайын жем-шөп, сұлы, рапс, бидай қоспалары, жазда жиналған көкөніс сыпырғыштары, қарағай бұтақтары және тұз беріледі.
"Маралдар бұл жерде тек емдік мақсатта қолданылады. Ет үшін өсірілмейді. Адамдар сияқты жануарларға да жылына бір рет қан тапсырып тұру пайдалы. Негізі, ересек маралдан жарты литрге дейін қан алуға болады. Бірақ, біз тек 200 миллилитр ғана қан аламыз. Бұл олардың денсаулығына пайдалы мөлшер", – дейді Михаил Ионов.
Жалпы, Бурабай мемлекеттік табиғи ұлттық саябағын 1 400-ге жуық бұғы мекендейді. Орманшылар оларды қыста қоректендіру үшін биыл 425 тонна шөп, 115 мың көкөніс сыпырғышын дайындаған. Екі күнде бір рет арнайы дайындалған қоректендіру орнына жем-шөп, тұз әкеліп тұрады. Орман бойынша осындай 110 орын бар. Оның 25-і Мирное орман шаруашылығына тиесілі.
Орманшы Бауыржан Мұқановтың айтуынша, Мирное орман шаруашылығын 750 бас бұғы, 273 бас елік, 260 бас қабан мекендейді.
"Қасқырлар да бар. Олар орманның санитары болғандықтан атпаймыз. Тек санын бақылауда ұстаймыз. Кейде шаруашылық сыртында браконьерлер де кездесіп тұрады. Бірақ, биыл тіркелген жоқ", – деді орманшы.
Орманшылар жабайы жануарлар ауырып қалса, ветеринарлар емдеу шараларын жасайтынын айтты.