Түркістанда жұмысқа жаңадан қабылданған өрт сөндірушілерге ең кем дегенде 230 мың теңге жалақы төленеді. Бұл туралы Informburo.kz порталына берген сұхбатында Түркістан қаласы №39 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Нұрболат Кенжебаев айтты. Ол сұхбат барысында өзінің қызмет жолы мен өрт сөндірушіге тән қабілеттер мен қасиеттер туралы әңгімеледі.

– Нұрболат Талғатұлы, әңгімені сіздің еңбек жолыңыздан бастасақ. Азаматтық қорғау саласында қашаннан бері қызмет етіп келесіз? 

– Төтенше жағдайлар саласындағы өмірім 2013 жылдан басталады. Сол жылы Көкшетау қаласындағы техникалық институтқа оқуға түстім. Төрт жыл білім алған соң, 2017 жылдан бері осы салада бірнеше бағыт бойынша қызмет етіп келемін. Бұл салаға келуіме себепкер болған адам – әкем. Ол әскери адам болғысы келген, бірақ түрлі жағдайға байланысты оқуға түсе алмаған. Содан өз ұлдарының осы салада қызмет еткенін армандап, маған әскери қызмет жайлы ұсыныс айтқан болатын.

Бала кезден мені тәртіппен үйреткені әсер етсе керек, әскери киім немесе арнайы киім киетін жұмыста қызмет етуді өзім де армандадым. Халыққа күндіз-түні қызмет ететін салалардың ішінде өзіме жақыны – өрт сөндіру, азаматтық қорғау саласы болды. Халыққа көмектесіп, олардың өмірін, еңбекпен жиған дүниесін сақтап қалу – жаныма жақын көрінді Сол себепті, осы салаға бейімделіп, өрт сөндіруші атандым. 

– Қызметтік жолды қай өңірден бастадыңыз? 

– Еңбек жолым Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы – ред.) Отырар ауданында басталды. Аудандағы №9 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болып, екі жылдан астам уақыт қызмет атқардым. 

Өңірдегі көптеген төтенше жағдайлар, апаттық құтқару жұмыстары, өрт кезінде оқу орнында үйренгенімізді тәжірибеде қолданып, шыңдалдық. Қарауыл бастығы лауазымын атқарып жүргенімде 2018 жылы әкімшілік өзгерістер болып, Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болды. Жаңа облыс орталығы болған соң, жаңа кадрлар қажет болды. Сөйтіп, 2019 жылы Түркістан қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалдым. 2021 жылы бөлім басшысы қызметіне жоғарылап, бұл қызметті бір жылға жуық уақыт атқарсам, кейін қаладан ашылған жаңа өрт сөндіру бөлімінің басшылығына ауыстым. 


Оқи отырыңыз: Өрт сөндіруші Әліби Сәрсенбай: Құтқарушының дайындығы кәсіби спортшынікінен кем болмауы керек 


– Түркістан облыс орталығы болғаннан бері көптеген жаңа ғимараттар бой көтеріп жатыр. Оған дейін де аудандағы жай-күйден хабарыңыз бар. Облыста ең жиі тіркелетін төтенше жағдайларды айтып өтсеңіз…

– Облыс аумағының үлкен екені белгілі. Бізде таулы аумақ бар болған соң, қар көшкіні болып, жолдар жабылады. Қалалар арасында қатынайтын көлік жүргізушілері жолда қалып қойып жатады. Қыста сондай азаматтарды құтқарамыз. Таулы аумақта адамдар көп жоғалып кетеді немесе суға кетіп те жатады. Тәулік бойы сол азаматтарды іздестіреміз. Жаңбыр көп жауса, арналар толып, су тасқыны да болады. Одан бөлек табиғи, орман, дала өрті де көп. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері көпқабатты үйлер көбейді. Соған сәйкес, өрт саны да артты.

Қауіп көп болғандықтан, сақтық та керек. Әсіресе, балаларға абай болған жөн. Түркістан қаласында қызмет ету барысында бір кішкентай қыз суға батып, жоғалып кетті. Оны бірнеше тәулік бойы судан іздедік. Барлық каналды, арықтарды аралап шықтық. Әр жеке құрам іздеу жұмыстарына жұмылдырылды. Өкінішке қарай, бірнеше тәуліктен кейін қыздың мәйіті табылып, туыстарына табысталды.

Тағы бір жағдайды еске алайын. Бір күні қаладағы үлкен үйдің бірінде өрт шықты. Оқиға орнына келген кезде үй лаулап жанып жатты. Ішінде кішкентай балалар барын білдік. Өртті сөндірумен қатар, балаларды құтқару жұмыстарын да қатар атқарып, оларды аман-есен сыртқа алып шықтық. Қазір сөзбен айту оңай, бірақ сол сәттегі сезім басқаша. Адамдардың өрттің ортасында қалғанын білген кезде әр минут бір сағатқа теңесіп кетеді. 

Осы салада жүрген соң өзімізден "менен басқа кім құтқарады?", "менен басқа кім көмекке келеді?" деп сұраймыз. Адамдар бізге сенеді, сол сенімді ақтау үшін бар күш-жігеріңді саласың. Бізге мүліктен бұрын адамдардың амандығы маңызды. 

– Қазақстанда, оның ішінде өзініңіз қызмет ететін өңірде өрт сөндірушілерге қандай жағдай жасалған? Жалақы мәселесі жиі сөз болып жатады. Өрт сөндірушілердің әлеуметтік мәселелері қалай шешіліп жатыр?

– Кейінгі жылдары өрт сөндірушілердің жалақысы өсті. Одан бөлек, төтенше жағдай министрі қолдау білдіріп, тұрғын үй төлемін төлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір оңтүстік өңір тұрғындарының өмір сүру жағдайына байланысты ең төменгі айлық жалақы 230 мың теңгеден басталады. Бұл – жұмысқа енді кіріскен маманның жалақысы. Одан кейін өзінің жұмыс тәжірибесіне, лауазымына байланысты өседі. Техника да, инфрақұрылым да жаңаланып, жақсарып жатқаны қуантады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан өңірлерінде 120-дан астам өрт сөндіру бөлімшесі жетіспейді 


– Өрт сөндіруші болу үшін жастардың бойынша қандай қасиеттер болуы қажет? 

– Өрт сөндірушіге қажет қасиет – ой жылдамдығы және физикалық қабілетінің жоғары деңгейде болуы. Өйткені, адам құтқару, өрт сөндіру жұмыстары ауыр дене еңбегін талап етеді. Дегенмен, оған қоса, қандай жағдайда болмасын дұрыс шешім қабылдай білу де қажет. Өйткені, жұмыс барысында әрбір минут, әрбір секунд бағалы. Нқсқау күтетін уақыт болмайды. шешімді дәл сол мезетте қабылдау қажет кездер болады. Бұған, әрине, тәжірибе септеседі. Өрт сөндіруші батыл шешім қабылдай алуы және сол шешіміне жауап бере алуы тиіс. 

Қазір салаға келіп жатқан жас мамандардың физикалық жағдайы жақсы деп айта аламын. Себебі, жұмысқа қабылдау барысында олардың бәрі арнайы комиссияның тексеруінен өтеді. Өрт сөндірушілер арасында әртүрлі спорт салаларының үздіктері көп. 

– Алматыда өрт сөндірушілердің оқиға орнына мотоциклмен баруы тәжірибеге енгізілді. Түркістанда мұндай қажеттілік бар ма?

– Алматы қаласында көлік көп болғандықтан, кептеліс те жиі болады. Ал Түркістан қаласында жағдай басқаша. Өрт сөндіру көлігімен оқиға орнына тез жетуге әзірге кедергі жоқ. Қаланың жолдары кең, көлік жүргізушілері де өрт сөндіру көлігін жедел өткізіп жіберуге үйренген. Дегенмен, тиімділігін көрсетіп жатса, болашақта мұндай бастамаларды қарастыруға болады.