"Электронды шылымда мың сан химикат бар". Темекі түтіні жастардың денсаулығына қалай әсер етіп жатыр
Қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және созылмалы респираторлық аурулар сияқты жұқпалы емес аурулар, сондай-ақ олардың қауіп факторлары (темекіні пайдалану, алкоголь ішу, дұрыс тамақтанбау және дене белсенділігінің болмауы) Қазақстанда даму және қоғамдық денсаулық сақтау саласында өсіп келе жатқан проблемалардың біріне айналып отыр. Бүгінгі таңда бүкіл әлемдегідей Қазақстанда да жұқпалы емес аурулар барлық өлімнің 84 пайызының себебі. Ұлттық денсаулық сақтау орталығы төрағасының орынбасары Салтанат Назарованың айтуынша, Қазақстанда инфекциялық емес аурулар проблемасын шешу үшін, әсіресе қауіп факторларымен (темекі шегу, алкогольді тұтыну, тәуекелдік мінез-құлық және т.б.) күресуге бағытталған жақсы әзірленген саяси және заңнамалық тетіктер бар.
Мысалы, 2025 жылға қарай жұқпалы емес аурулардың өсуіне ықпал ететін факторларды төмендету жөніндегі іс-шаралар "Дені сау ұлт" әрбір азаматы үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасының басым бағыттарына, атап айтқанда: "Салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін ұлғайту және бұқаралық спортты дамыту" базалық бағытының 4 (төртінші) бағытына енді: алкогольді, темекі өнімдерін, тұзды тұтынуды азайту, семіздікпен сырқаттанушылықты азайту, жарақаттанудың алдын алу, дене белсенділігі мен дұрыс тамақтануды насихаттау жөніндегі шаралар іске асырылып жатыр.
Нақты қандай шаралар қолданылып жатыр?
Қазақстанда алкогольге қарсы күрес жөніндегі ұлттық саясат бар. Ол 1997 жылы қабылданды, содан бері үнемі жаңартылып, толықтырылып келеді. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі № 429-I Заңына сәйкес, этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісін және айналымын мемлекет реттеп отырады, яғни (01.03.2022 ж. жағдай бойынша өзгерістермен және толықтырулармен) елдегі алкогольді тұтыну тәртібін айқындайды.
Оқи отырыңыз: Қорабы – 400 теңге: Қазақстанға арзан темекі қайдан және қалай келеді?
"Қазақстанда 2013 жылдан бастап араққа салынатын салықтар айтарлықтай өсті. Алкогольді жарнамалау және алкогольдік ішімдіктерге еліктейтін тауарларды жарнамалауға 2004 жылдан бастап тыйым салынған, алкогольді сатып алудың ең төменгі жасы 21 жасты құрайды және бұзушылықтар үшін айыппұлдар салыстырмалы түрде жоғары. Этил спиртінің көлемдік үлесі 30 пайыздан жоғары алкогольдік ішімдіктерді (мысалы, арақ, коньяк және басқа да спирттік ішімдіктер) сатуға келесі күні сағат 21.00-ден 12.00-ге дейін тыйым салынады, ал қалған алкоголь өнімдерін сатуға сағат 23.00-ден 8.00-ге дейін тыйым салынады. Сондай-ақ алкоголь компаниялары тарапынан іс-шараларға демеушілік жасауға рұқсат жоқ. Алкогольді ішімдіктерді көшелерде және кез келген қоғамдық орындарда (қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарын қоспағанда) тұтынуға, қоғамдық орындарда мас күйінде жүруге тыйым салынады, себебі бұл құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін", – деп түсіндірді орталық маманы.
2021 жылғы 1 шілдеден бастап "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 110-бабы 2-тармағының 16) тармақшасы темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекіні, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні жылытуға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін сатуға және оларға арналған сұйықтықтарды, оның ішінде темекі бұйымдарын ашық көрсетуге тыйым салу күшіне енді.
"Темекі өнімдеріне еліктейтін тауарларды өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынды. Бұл өзгерістер "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы "Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI кодексіне енгізілді. Темекі өнімдерін қоғамдық тамақтану орындарында, клубтарда, дискотекаларда, балалар алаңдарында, жерасты өткелдерінде және басқа да қоғамдық орындарда пайдалануға тыйым салынады. Алайда, бұл ереже темекі шегуге арналған арнайы жабдықталған орындар болған жағдайда қолданылмайды. 21 жасқа толмаған адамдарға темекі мен кальян сатуға тыйым салынды. Дүкендер енді темекі өнімдерін витриналарға немесе сөрелерге қоя алмайды және көрсете алмайды. Сондай-ақ, темекі өнімдерін бұқаралық ақпарат құралдарында, сыртқы жарнамаларда және интернетте визуализациялауға және аудио жарнамалауға рұқсат жоқ. Алкоголь мен темекіге акцизді енгізу Қазақстанда алкогольге тәуелділік пен темекі шегу деңгейін төмендетуге, қоғамдық денсаулықты жақсартуға және осы проблемаларға байланысты әлеуметтік-экономикалық салдарларды азайтуға мүмкіндік береді", – деп қосты Салтанат Назарова.
Электронды темекі қазақстандық жасөсіпірімдерге қалай әсер етіп жатыр?
Қазақстанда 2018 және 2022 жылдары аралығында жүргізілген сауалнама – HBSC зерттеуінің екі раундына сәйкес шылым шегіп көрген ұлдардың үлесі 1,5 пайыз (5,9%-дан 7,4%-ға дейін), сондай-ақ қыздардың үлесі 0,9 пайыз (3,7%-дан 4,6%-ға дейін) өсті. Мұнымен қатар, Қазақстандағы 13-15 жас аралығындағы жастардың 9,8 пайыздан астамының электронды темекіні тұрақты пайдаланатыны анықталды.
Сондай-ақ, күнделікті шегетін шылым мөлшерін көбейткен жасөспірімдер саны да айтарлықтай артқан. Соңғы 30 күн бойы үзіліссіз шылым шеккен ұлдардың үлесі 1,3 пайызға, ал қыздардың үлесі 0,7 пайыз артқан.
Оқи отырыңыз: Лобби және ақпараттық күрес. Майкл Блумбергтің темекімен күресі неге сынға ұшырады
Осы орайда, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова электронды темекі шегудің зияны туралы әңгімеледі.
"Салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру үшін елімізде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында мінез-құлық қауіп факторларының, оның ішінде темекі шегудің алдын алуды арттыру бойынша бірқатар шара қабылданып жатыр. Сондықтан бүгінгі таңда темекі шегудің және электронды темекі шегудің алдын алу бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, көптеген түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Адамдардың өз қолымен, өз еңбегімен тапқан қаражатты пайдаланып, құрамында никотин бар және басқа да зиянды өнімдерді тұтыну арқылы денсаулығын бұзатынын түсінуі маңызды. Вейпингпен күресті қалың жұртшылық, кәсіпкерлер, азаматтық белсенділер, ата-аналар, мұғалімдер қолдауы керек", – деді Ұлттық денсаулық сақтау орталығы төрағасының орынбасары Салтанат Назарова.
Мұнымен қатар ұлттық денсаулық сақтау орталығының маманы электронды темекі шегудің жасөспірімдердің денсаулығына қалай әсер ететінін айтып берді.
"Темекі шегетін жасөспірімдердің өсуі тежеліп, жыныстық даму және физикалық және психикалық дамуы баяулауы мүмкін. Себебі зерттеулер электронды темекі аэрозольдарының құрамында жүйке, тыныс алу, эндокриндік, ас қорыту, жүрек-тамыр және экскреторлық жүйелерді зақымдайтын аса қауіпті металдар, әсіресе никель мен қорғасын барын көрсетіп отыр. Қарапайым темекілердің де денсаулыққа зияны мол. Мысалы, электронды сұйықтықтың құрамында өндірушілер ашпаған 1000 белгісіз химиялық зат, соның ішінде ағзада жиналып, аллергиялық реакцияларды, іріңді процестерді тудыратын және бауырдың жұмысын бұзатын пропиленгликоль бар. Әдетте ол тұрмыстық химия өнімдерін өндіруде де қолданылады", – деді Салтанат Назарова.
Оқи отырыңыз: Темекі түтінінсіз болашақ: Оған 2030 жылға қарай қол жеткізу қаншалықты мүмкін?
Маман шылым шегу әрекетінен арылу үшін ерік-жігердің мықты болуы керектігін айтады.
"Егер ерік-жігеріңіз мықты болса, темекіні бірден тастауға болады. Ең бастысы кез келген сылтаудан бас тарту. Сондай-ақ күнделікті тартатын темекі мөлшерін біртіндеп азайтуға болады. Қатты темекі шеккіңіз келсе, сағыз шайнап, шай немесе кофе ішіп басуға болады. Есіңізде болсын темекі шегуге деген құштарлық ұзаққа созылмайды – ол небәрі 5-10 минут ішінде өтіп кетеді. Егер сіз барлық күш-жігеріңізге қарамастан, темекіні тастай алмасаңыз, үмітіңізді үзбеңіз. Есіңізде болсын, кез келген жағдайдан шығудың жолы бар. Бүгінгі таңда еліміздегі емханаларда темекіге қарсы 86 кеңсе бар, олар адамдарға никотинге тәуелділіктен арылуға тегін көмек көрсетуге дайын", – деп кеңес берді Салтанат Назарова.