Дәрігер: Оңтүстік Кореямен өндірісті дамыту медицина саласындағы ғылыми инновацияларға жол ашады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға сапары кезінде медицина, фармацевтика және биотехнология салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін зор мүмкіндіктерге жол ашылып отырғанын айтты. Кездесу барысында Қазақстанда дәрі-дәрмек және медицинаға қажет құрал-жабдықтар өндірісін ашу туралы келісімге қол қойылды. Осы орайда мемлекеттік емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Әсем Қасымбекова фармацевтика саласына қатысты өндіріс орындарының ашылуы халықты, білікті мамандарды жұмыспен қамтып қана қоймай, терең ғылыми зерттеулер жүргізіп, шетел дәрігерлерімен тәжірибе алмасуға көмектесетінін айтады.
"Pfizer, Roche, GE Healthcare және Philips секілді әлемге әйгілі компаниялар елімізде дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісін ашпақ. Оңтүстік Кореяның GL Rapha компаниясы Алматыдағы биофармацевтика зауытының құрылысына көп ұзамай кіріседі деп үміттенемін. Бұл нарық стандарттарын едәуір жоғарылатады. Сондай-ақ елімізде Оңтүстік Кореяның диагностика орталықтары мен көпбейінді зертханаларын ашудың келешегі зор", – деді мемлекет басшысы Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға сапары кезінде.
Дәрігер Әсем Қасымбекова мемлекет басшысының Корея Республикасы президенті және осы елдің ірі компанияларымен жасасқан келісімдерінің болашақта жемісі мол болатынына сенімді. Дәрігердің айтуынша, бұл біріншіден жергілікті өндірісті дамытып, жұмыс орындарын ашады. Екіншіден, шетелдік дәрі-дәрмекке деген тәуелділікті азайтып, денсаулық сақтау саласына оң әсерін тигізеді. Аз уақыттың ішінде Қазақстанның барлық аймағын қажет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"ХХІ ғасырда дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар өнеркәсібі фармацевтика саласының өзегі болып отыр. Себебі бұл сала барлық дерлік мемлекет экономикасының стратегиялық маңызы және асқан қарқынмен дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Оның үстіне бұл сала экономикалық өрлеуге немесе құлдырауға аз тәуелді өндірістің жоғары және тұрақты өсу қарқынымен сипатталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза айтқандай, жергілікті өндіріс орындарын ашу денсаулық сақтау, қаржыландыру, халықты жұмыспен қамту секілді өзге де оң өзгерістер алып келеді. Сондай-ақ фармацевтиканың арқасында химия, көлік жасау, ауыл шаруашылығы, биотехнология кешендері де өзара әрекеттесіп, дами түседі. Ең бастысы жергілікті өндірісті дамыту ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстар жүргізуге үлкен жол ашады. Бұл өз кезегінде елдің инновациялық әлеуетін дамытып, сауда байланыстары мен технологиялық инфрақұрылымды дамытады", – деді дәрігер Әсем Қасымбекова.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда Оңтүстік Кореяның үш университетінің филиалы ашылады
Маманның айтуынша, фармацевтика өнеркәсібіне өсімдік шикізатынан жасалған препараттарды, дәрумендерді, ферменттерді, антибиотиктерді, эндокриндік препараттарды, қан алмастырғыштарды және бактериялық медициналық препараттарды шығаруға маманданған ғылыми өндіріс орындары кіреді. Бұдан бөлек мұндай өнеркәсіптер жоғары өнімділік, өндірілетін дәрілік заттардың номенклатурасын жүйелі түрде жаңарту, ұзақ өндірістік цикл, технологиялық процестердің күрделілігі, өнімнің сапасына қойылатын талаптардың жоғарылауы секілді сипаттарға ие.
"Ең бастысы Оңтүстік Корея секілді озық технологиясы бар елдердің біздің елде өндіріс орындарын ашуы азаматтарымызды жұмыспен қамтып қана қоймай, дәрігерлердің өзара тәжірибе алмасуына, Қазақстанның медицина ғылымының дамуына жол ашады. Қазір елімізде Оңтүстік Корея оқу орындарының филиалдарының ашылуын толықтай құптаймын. Дәл қазір бізге бұл ауадай қажет. Тек медицина мамандары ғана емес, өндірісші, құрылысшы, есепші, логистика және бөлшек сауда маманы жұмыспен қамтылады. Бұл саладағы жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі экономикалық дамыған елдерге ғана емес, сонымен қатар орташа және төмен табысы бар елдерге де тән екенін жақсы білеміз. Фармацевтика саласындағы жұмыспен қамту әртүрлі оқыту және жаңа технологиялық процестерді енгізу арқылы қызметкерлердің білім деңгейін үнемі арттыруға ықпал етеді. Бұл сала денсаулық сақтаудың және жалпы мемлекеттің экономикасының инновациялық дамуына ықпал етеді, импортқа тәуелділікті төмендетеді және жұмысшылардың құзыреттілігін арттырады. Фармацевтика өнеркәсібі қазіргі уақытта мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып отыр, өйткені халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің көрсеткіші ретінде қызмет етеді. Ең бастысы – медицина саласындағы ғылыми инновацияларға жол ашады", – деді дәрігер Әсем Қасымбекова.
"Президенттің дәл осындай бастамаларын қолдауға негіз көп. Себебі сапалы, тиімді және қауіпсіз дәрі-дәрмектердің болуы халықтың өмір сүру жасын ұзартуға және оның әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін әлеуметтік саладағы мемлекеттің басым саясаты. Дәрілік заттарды сату мемлекеттердің экономикалық дамуына үлкен үлес қосады", – деп қортындылады дәрігер.
Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукен өзінің кезекті талдауында Қазақстанның Корея Республикасының Орталық Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі екенін айтқан еді. Сарапшының пікірінше, осы стратегиялық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту дәл қазір біздің елдің сыртқы саясатының маңызды мақсаты және бағыты. Оңтүстік Кореяның озық технологияларын Қазақстанға әкеліп енгізу қай салада болсын бәсекелістікті арттыруға септігін тиігезеді. Мысалға алсақ, кейінгі он сегіз жылдың ішінде Оңтүстік Корея Қазақстан Республикасына 9,2 миллиард доллар көлемінде инвестиция салды. Дәл қазір Корея елінің капиталымен жеті жүзден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Оқи отырыңыз: Корея мен Қазақстанның өзара мәдени алмасу жылы. Биыл қандай шаралар өтеді?
"Қазіргі таңда Қазақстан мен Оңтүстік Корея цифрлық технологиялар, электротехника, денсаулық сақтау, жасыл энергетика және креативті экономика сияқты алдыңғы қатарлы салалардағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Осыған байланысты сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея үкіметаралық комиссиясы және іскерлік кеңес сияқты құрылымдар маңызды рөл атқарады", – деп баға берді сарапшы Бауыржан Әукен өз талдауында.