"Біз семіртіп көбейтетін ферма емеспіз, жануарлардың өмір сапасы бірінші орында". Алматы зообағынан фоторепортаж
Қазір хайуанаттар бағында "Қарбызды жаз" акциясы болып жатыр. 25 тамыздан 10 қыркүйекке дейін кез келген адам қарбыз әкеліп, сүйікті жануарын өз қолымен тамақтандыра алады.
Хайуанаттар бағының коллекциясы үлкен, жануарлар жеке секцияларға бөлінген. Зообақта жануарлардың 362 түрі бар. Барлығы 3900-ге жуық бас мекендейді. Былтыр зоопарк 21 түрден 71 бас төл алған. Дегенмен хайуанаттар бағының әкімшілігі жануарлардың басын көбейтуді мақсат етпейді.
"Биыл 35 түрден 97 бас алдық. Жыл соңына дейін тағы төрт түрден төл болады. Сонда жалпы саны жүзден асады. Біз семіртіп көбейтетін ферма емесіз. Қаласақ 300 бас алуға болады. Бірақ саннан гөрі сапа маңызды. Қой-ешкіні емес, экзотикалық жануарларды көбейткіміз келеді", – деді хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбеков.
Биыл зообақта көптен күткен су сиыры төлдеді. Он жылдан бері аталық бегемот Джамбо жалғыз болған. 2018 жылы Франциядан аналық су сиыры Лотти келген. Джамбо мен Лотти достасып, зообақта 18 жылдан кейін бегемот төлдеді. Атын көпшіліктің шешімімен Глория деп қойды.
"Африкада су сиыры ең қауіпті жануар саналады. Қаншама адам зардап шегеді. Сол себепті біз оларға аса жақындамаймыз. 2018 жылы жұп жасадық. Аталық бегемот – Израильден, аналығы Франциядан әкелінді. Бес жылдан кейін, міне, төлін алдық. Зоопаркте соңғы рет 2005 жылы бегемот төлдеген еді. Глория үш айға жақындап қалды. Анасының жанында шапқылап жүр", – деді тұяқтылар бөлімінің меңгерушісі Балабек Махатов.
Зообақты жирафтардың отбасы мекендейді. Аталық – Хан, аналық – Сұлу, балалары – Ханзада мен Сұлтан. Жирафтар кепкен ағаш пен сәбіз жейді. Зоопарк қонақтары оларды өз қолымен тамақтандыра алады.
"Хан – 23 жаста, салмағы – 1100 келі, бойы – 4,9 метр, Сұлу – 23 жаста, салмағы – 750 келі, бойы – 4,4 метр. Екеуінен тараған Ханзада деген үш жасар қызымыз, Сұлтан деген бір жасар баламыз бар", – деді 8 жылдан бері зоопаркте жұмыс істейтін Гүлшара Сыдықова.
Хайуанаттар бағы жыл сайын шетелден жануарлар алдыртады. Биыл Мәскеу бағынан ақ аю әкелінген. Жануарларды алу үшін олар мекендейтін қоршаулар халықаралық стандартқа сай болуы керек. Жануарға барлық жағдай жасалмаса оны бермейді. Мысалы, ақ аюды әкелу үшін зообақ үлкен бассейн мен кондиционері бар үй-жай салған.
"Биыл наурызда Мәскеу зообағынан алты жасар ақ аю алдық. Оған арнайы бассейн дайындадық. Кондиционер қойылған бөлме бар. Апта сайын суын ауыстырып отырамыз. Бассейндерді суға толтырып қоямыз. Енді Швеция не Варшавадан оған серік болатын аталық әкелу жоспарланып отыр. Күніне бес келі тамақ жейді. Оның 3,5 келісі – ет, яғни балық. Жыл соңына дейін ақ аю кешенді жобасын әзірлейміз. Ақ аюды қосқанда поляр түлкісі, қасқыры және жапалағы болады", – деді ветеринар бөлімі жөніндегі директор орынбасары Ағыбай Әжібаев.
Алматы зообағы Қазақстан фаунасын әлемге танытуды мақсат етеді. Шетелде ақбөкен ғана емес, жыртқыш құстары да танымал. Әсіресе, қозықұмайға сұраныс көп. Биыл бір жұптан төрт төл алған.
"2015 жылдан бастап ақбөкендерді қолға үйретіп келеміз. Қазір төлдеп жатыр. Ұлар мен дуадақты да шетелге көрсетпекшіміз. Өз даламызда мекендеген аңдар қолға тез үйренеді. Ақбөкендердің төрт бас аталығы, бес бас аналығы бар. Емін-еркін жүрген жануарлардың қоршауға үйренуі қиын болды. Үйрету үшін қоршауларына қамыс қойдық. Ұрынып-соғылмасын деп қоршауды төрт бұрыш емес, дөңгелек қылдық", – деді директор орынбасары.
Ағыбай Әжібаев Алматы хайуанаттар бағында 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ару атты піл секілді сүйікті жануарлары бар.
"Жануралардың барлығы есте сақтайды. Зоопарктің ауасы таза, денсаулыққа жақсы. Әрі жануарлармен сөйлесемін. Төл алу үшін бір ай түнде кезекші болдық. Кезекшілікке үйреніп кеттік. Жұмысқа тұрғанда мерзімінен тыс жұмыс дегенмен келістік, сол себепті демалыста қажет болса қаламыз", – деді Ағыбай Әжібаев.
Алматы зоопаркі барлық елмен жұмыс істейді. Бірнеше қауымдастықтарға мүше. Хайуанаттар бағының коллекцияы шетелдегі зообақтар берген жануарлармен толығып отырады. Алматы зообағындағы жануарларды алғысы келсе өзара келіссөздер жүргізіп, жануарлар алмасады. Қазіргі таңда шетелдік зоопарктер ақбөкендерді көптеп сұрастырады.
"Даланы мекендейтін ақбөкендерді қолға үйрету қиын. Қоршаудан қашып шығуы мүмкін. Сол үшін ақбөкендер тұратын аумақты дұрыстап жасау керек. Біз әлемде ақбөкенді қолға үйретіп, төл алған алғашқы зообақпыз. Біріккен араб әмірліктері, Еуропа елдері сұрап хабарласады. Франция арнайы бағдарлама жасамақшы. Бізден екі ақбөкен сұрап отыр. Келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Келер жылы ақбөкендерді жіберіп, олардан басқа жануар түрін алатын шығармыз. Чехия мен Польшадан репродуктивті жұп маймыл алдық. Жақында ғана Жапония мен Әмірліктерге барып, серіктестік жөнінде шартқа қол қойдық. Оларда жануарлар төлдесе өзімізге алмасамыз. Жапониядан таза қоңыздар алдық. Халықаралық қатынастарсыз зообақ та болмайды", – деді халықаралық бөлімнің жетекшісі Айман Едгебаева.
Халықаралық бөлімнің негізгі жұмысы – шетелдік зообақтармен байланыс орнату. Зообақ – өзге елдерден әкелінген экзотикалық тірі жануарлардың коллекциясы. Алматы зоопаркі де жыл сайын коллекцияға қандай жануарларды қосатынын анықтап, жоспар жасайды. Жалғыз жануар түрлеріне репродуктивті жұп әкеледі. Олардан төл алған соң шетелдік зообақтарға шығып, жануарларды алмастырады.
"Ақ аюды әкелмес бұрын талаптар қойды. Солардың бәрін жасаған соң ғана бізге ақ аюды берді. Қаншама жылдан бері аталық Амур жолбарысына жұп әкеле алмадық. Биыл қолайлы жағдай жасаған соң ғана үш жастағы ұрғашы жолбарыс берді. Жануарларды тасымалдау өте қиын процесс. Кенгуруді әкелуге бір жарым жыл кетті. Кедендік одақтың ветеринарлық талаптары Еуропа мен Израиль үшін өте қиын. Нидерландыда қолайсыз жағдай болып, мүйізді қарғаны әкеле алмай жатырмыз. Келіссөздерге екі жыл кеткен еді. Өзімізе екі аналығы бар. Маған аталығы қажет. Басқа елден алатын шығармыз", – деді Айман Едгебаева.
Зообақ Израиль зообағы мен Автралиядағы Кенгуру орталығынан келген 28 кенгуру алған. Бүгінде жұптар пайда болып, бірнешеуін Шымкент зообағына берген. Қарағанды зообағы да алмақшы. Кенгурулер ашулы емес, тып-тыныш, қолға үйренген. Шөп, сәбіз бен картоп жейді. Алматы зоопаркі бұған дейін де кенгурулер алған. Ветеринарлар қанды алмастырып тұру керек екенін, әйтпесе жақын жануарлар қосылса дені сау емес төл дүниеге келетінін айтты.
Хайуанаттар бағының басшылығы келер жылы Қытайдан қызыл панда әкелетінін мәлімдеді. Ал Жапониядан гепард алмақ. 2025 жылы жануарлар түрін 500-ге, ал басын 5 мыңға жеткізуді жоспарланып отыр.
Алматы зообағында былтыр көлшіктердің құрылысы біткен. Бүгінде төрт көлшік бар: біреуі – үлкен, қалғаны – кіші. Көлшіктерде су тазалағыш тоғандары орнатылған. Биыл мамыр басында 3 мың бас майшабақ жіберілген. Олардың қырық пайызы тірі қалып, екі жылда 25-30 сантиметрге дейін өседі. Осылайша зообақ өсірген балықтарды аңдарға береді.
"Биыл 18 миллион теңгеге балық өнімдерін сатып алдық. Аңдарға ас дайындайтын ас бөлімі салынып жатыр. Жеміс-жидек сақтайтын қоймамыз болады. Байсерке ауылында қожалығымыз бар. Биыл 25 миллион теңгеге сәбіз, картоп, қызылша, капуста секілді көкөністер сатып алдық. Күзде баға түскенде жеміс-жидектер сатып аламыз. Ал өзіміз өсірсек ақша үнемдейміз де, артылған ақшаны зообақтың дамуына жұмсаймыз", – деді Алматы зообағының директоры Сейілхан Ақылбеков.
Зообаққа азық-түлік күн сайын жеткізіледі. 180-ге жуық азық-түлік түрін сатып алады: жылына 60-65 тонна ет, 9 тонна балық, 60-65 тонна сәбіз, 30 тонна картоп, 30 тонна қызылша.
Заң бойынша, қауіпті жыртқыш жануарларды үйде ұстауға тыйым салынады. Алайда Алматы зообағына тұрғындар жылына жүзге жуық жануарларды әкеліп тастайды. Ал парк қызметкерлері оларға барынша көмектеседі.
"Нарынқол ауданының тұрғындары әлсіреген барысты көріп, бізге әкелді. Екі ай бойы оңалтудан өтіп, он келі салмақ жинады. Қазір барыстың дені сау. Зоология институтына хат жаздық. Олар барысты жіберетін жерді анықтады. Адамдардың жыртқыш аңдарды ұстауға болмайтынын біле тұра қолға үйретінін түсінбеймін. Үш-төрт айдан кейін қауіпті бола түседі. Бізге сол кезде әлсіреген күйде әкеледі. Бойы өспей қалған, аяғын дұрыс баса алмайды. Көбінесе қанаттары сынған құстарды әкеледі дейді. Жақында омыртқасы сынған, артқы аяқтары қозғалмайтын түлкіні әкелді. Рентгенге түсірген соң оған көмектесе алмайтынымызды түсіндік. Қиналмасын деп эвтаназия жасайтын шығармыз", – деді директор орынбасары Ағыбай Әжібаев.
Оның айтуынша, зообақ оңалту орталығы емес. Бұл жерде қымбат жануарларды ұстайды. Сырттан тауып алған жануарда ауру болса, басқаларға жұқтыруы мүмкін.
"Далаға тастамаймыз. Ветеринар бөліміне берген соң жануарлар 21 күн оқшауланады. Сол кезде ауру белгілері анықталмаса, дені сау болса өзімізде алып қала аламыз", – деді Ағыбай Әжібаев.
Зообақта 290 адам жұмыс істейді. Кейде мамандар жетпей жатады. Зоопарк қызметкерлері біліктілік арттыру үшін шетелдегі зообақтардан тәжірибе алады.
"Көп адам жалақы қанша екенін естіп, жұмыс істегісі келмейді. Ал мұнда жұмыс істеп жүрген адамдар жануарларға көмектескісі келеді. Төлдерді тамақтандырамыз, дәрет алуына көмектесеміз. Лама баласын емізе алмады. Біз оны алып кетіп, қолмен тамақтандырып, бір аптадан кейін анасына апардық. Анасы иді. Төлін алмайтын сондай қырсық жануарлар бар. Оларға өзіміз қарап, кейін анасына қосамыз", – деді бас ветеринар дәрігердің міндетін атқарушы Виталий Сачков.
Алматы хайуанаттар бағында "Қарбызды жаз" акциясы болып жатыр. Қарбыз әкелген адамдар сүйікті жануарын тамақтандырып, фотоға түсе алады.