Жуырда отандық музыка индустриясы үлкен жаңалықпен қуантты. Отандық танымал әнші Еңлік Құрарбек әйгілі COLORS музыкалық платформасында өнер көрсеткен Қазақстаннан шыққан алғашқы әртіс атанды. Бұл оқиға бір жағынан мақтанышқа себеп болса, екінші жағынан ән мәтінінің сауаттылығына қатысты үлкен пікірталасқа ұласты.

COLORS жобасы және Yenlik-тің арманы

COLORS – әлемдік деңгейдегі Billie Eilish, Drake, Doja Cat сынды жұлдыздар өнер көрсеткен, жас таланттардың "жарқ етіп" шығуына көмектесетін халықаралық алаң. Еңліктің өзі бұл жобаға қатысуды көптен бері армандап, бірнеше рет өтініш бергенімен, бағы осы жолы жанғанын айтты.

"COLORS-тан шақырту алған сәтте қуаныштан жылап жібердім. Бұған дейін өзіміз бірнеше рет өтініш берген едік, бірақ нәтиже болмады. Ал бұл жолы олар мені өздері тауыпты", – деді әнші.

Платформада Yenlik-тің "Bipl" әні шырқалды. Минималистік фон мен қазақ тіліндегі музыкалық үн шетелдік тыңдармандардың да жоғары бағасына ие болды. Алайда, ән мәтініндегі кейбір жолдар отандық ақын-филологтардың сынына ұшырады.

Ақындар сыны: Мәтінді неге түсінбеді?

"Қазір қазақтың беделін көтеріп жатыр, әлемдік платформада бұл әннің таралымы да, қаралымы да кеңінен болып жатыр. Не деген музыка сферасындағы жаңалық!" деп бөркін аспанға атып жүрген ағайындардың әні. Мәтінін оқып берейін. (...). Мінеки, қазақтың абыройын көтеріп жатыр, әлемде хит болып жатырмыз" деген әннің мәтіні осы. Бұл қай ән екенін жаза кетіңіздер. Не түсінгендеріңізді көріңіздер өздеріңіз", – деп күледі Жандарбек Бұлғақов видеода.

Желідегі қызу талқы: Оқырмандар не дейді?

Осы сыннан кейін ақынның Threads желісіндегі парақшасында көптеген пікір жазылады. Бірі Еңлік Құрарбекке қолдау білдірсе, енді екіншілері айтыскердің пікірі де орынды екенін алға тартты. Арасында Жандарбек Бұлғақовтың жағымсыз пікірлерді өшіріп жатқанын жазғандар да болды. 

  • asem_qazaqstan: "Видеода келеке, күлкі еткені болмаса, қалғаны жөн ғой. Сөздің байыбына бармай, бірдеңеге қадалудың қажеті қанша? "Қарындас" деді, "ер адамды емес, қыз баланы сынады" деген пікірлер легі нақты айтылып тұрған мәселеден ауытқу, тырнақ астынан кір іздеу, меніңше. Ақын, филолог, тыңдарман ретінде бұл кісінің сын айтуға толық құқығы бар. Сын – аяқтан шалу емес, одан да жақсы болсын деген ниетпен айтылады деп түсінемін өзім. Оны үлкен масштабқа шыққан жұлдыз көтере ала ма, ол басқа сұрақ".
  • swan.289265: "Қазіргі қазақ қоғамында "сын" мен "міннің" айырмасын білмейді. Бізде "сын" айтсаң – ренжу, "мін" айтсаң – шындық. Екеуінің ара-жігін ажырата алмай жүрміз".
  • alikhanrakysh: "Оны қоя беріңізші, сынды қабылдау туралы әңгіме айтып, инстада блоктап тастау, комментті өшіріп тастау екіжүзділік емес пе?".
  • mazibay: "Өтірігі көп нәрсенің, түсіндіруі көп. (қытай мақалы). Хайп жинау ғой жай ғана атың шықпаса жер өртенің әңгімесі, инстаграмдарын қарап шықтым охваттарың азайып кетіпті. 400 мың оқырманың болса да, 10-20 мың ғана қаралым болғасын ба әлде Еңлікті әлем тыңдай бастағаннан кеттің ашуы ма кім білсін... әркім әртүрлі топшылар, жаның тілге ашыса сен тап осы мәселеден бастамас едің оданда өз бетіңмен жүре берсеңші өзіңе халықты жау қылмай".
  • nurdv_b: "Өзіңіз солай жетістім деп жүрсеңіз – мейлі, жүре беріңіз. Бірақ сіздің қазіргі жасап жатырған дүниеңіз қазақ тіліне, өлеңіне жанашырлық емес, жай арзан хайп қуу. Еңліктей кішкентай ғана қызың әлемдік деңгейге аяқ басып, қазақ әнін, тілін арқалап келеді. Сіз сияқтылар, қолдаудың орнына аяқтан шалуға талпынып, өларман болып жатырсыздар".

Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов желідегі парақшасында көптеген пікірге жауап беріп, өзінің сын айтуға толық құқылы екенін алға тартты. 

"Жарықтық Threads парақшам бір аунап түсіпті ғой. Ал, талаңдар мені, қазір жауап беремін. Біріншіден, "Бұл қай ән? Кім не түсінді?" деген сұрақ қойылды. Оған: "Бұл – Еңліктің әні, мағынасы осындай да осындай" немесе "Дым түсінбедім" деп сауатты, салқынқанды жауап бергендер бар. Негізгі шаруа сонымен бітті. "Қыз баланы сынадың" деп лағып жатқандар бар. Өнерпаздың жынысы, сыр-сымбаты, тұлғасы мен әншілігі туралы бір ауыз сөз айтылған ба? Тақырып мәтін емес пе? Ал әндегі мәтінді кім сынап, кім пікір айта алады? Тыңдарман, ақын, филолог. Мен қайсысына жатамын? Мен әуелі тыңдарманмын. "Мынау сәтті, мынау сәтсіз, мынау ұнайды, мынау ұнамайды" деп жеке пікірімді жеке парақшамда айтуға 100% құқығым бар. Ақын адам ретінде өлеңнің құрылымы мен сөз жүйесінің бұзылғанын байқау маған қиын емес. "Өлеңді сынайтындай филолог емессің" деп отырғандар. Бакалавр бойынша да, магистрлік білімім де – филолог. Дипломдық жұмысым – "XXI ғасырдағы поэзия", – деп жазды. ол. 

 

Ақынның білдірген сынына байланысты Еңлік Құрарбектің өзі де жауап қатты. Ол туындыны қайталап тыңдап, мәтіннің астарына тағы бір мәрте назар аударуды сұрады. Сонымен қатар, ақынға өзінің өзге де шығармаларын тыңдап көруге кеңес берді.

"Алуан, алуан адам бар ей қыз, Алдар, алдар алданба!" Осылай жазылған негізі, тағы бір тыңдап аласыз-ау! Басқа әндерімнің мәтінін оқып көріңіз, бұлай ішіңіз ашымас", – деді Еңлік Құрарбек. 

Өз кезегінде Жандарбек Бұлғақов та әншіге сәттілік тілеп, айтылған сыни пікірлерді байсалдылықпен қабылдай білуге шақырды.

"Қарындасым, бағың жанып, бақытың ашылсын. Орындаушылығың мен даусыңа басқа кәсіби мамандар пікір айтар. Бірақ дәл мына мәтіннің мағынасы жоқ. Мен оны сөз түсінетін қазақ ретінде айтып отырмын. Өнерге келген екенсің елдің асыра мақтауына да, жігеріңді жаныған сыни пікіріне де дайын бол. Ішіміз ашығаннан емес тілге жанымыз ашығаннан сөйлейміз", – деді ол. 

Еңлік Құрарбек өз кезегінде бұл тілектің көңіліне жақпағанын жеткізді. 

"Өтірік тілек жазбай-ақ қойыңызшы, менің шығармашылығымды толық қарап шыққан болсаңыз, бұлай бір әніме қадалып қалмайтын едіңіз. Сыныңызды осылай бастасаңыз да болар еді", – деп жауап берді әнші. 

Тараптардың диалогы мен Балғынбек Имашевтің рэп-үндеуі

Айтыскер мен әнші арасындағы қызу пікірталасқа танымал ақын Балғынбек Имашев те қосылып, өзіндік ерекше көзқарасын білдірді. Ол рэп форматында өлең жолдап, әріптестерін әнші қарындасының жеке басына шүйлікпеуге үндеді. Керісінше, жас таланттың ізденісіне түсіністікпен қарап, оны қолдауға және шығармашылығына демеу болуға шақырды.

Сендердікі, Жансырым, неғылған сөз?
Қызда нең бар, басқаларды сынай бер.
Қатты сынап қайтесің, жақсылап қолдасаң?
Өнер деген осылай басталады.
Bipl-ай, Не деп жүр бұл екі ұл-ай?
Керуенге үрген итім-ай.
Bipl-ай, Еңліктің хитын-ай! Bipl-ай, Bipl-ай.
Тигр, тигр – жолбарыстың таңбасы ол.
Ешқашан бітпейтін, дау деген – майда тірлік ол.
Әркімге соғылып, мәтінге налып,
Іштерің толып, сызданған қиын-ай.
Алаштың бір-бірін "бауырым" дегені,
Бірге бол, ағалық – Айтатын сөзім бұл.
Шу болған сол бір сөздерің болбыр,
Ренжімесең, Жансырым, бұл дауды сөндір.
Bipl-ай, Сөзіңе қой фильтр-ай.
Bipl-ай, бұл – әлемдік хитым-ай.
Bipl-ай, қалай менің клипім-ай? Bipl-ай, Bipl-ай.

Сырым Әуезхан: Сын – адамның жеке басын қорлау емес

Өз кезегінде Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан да Балғынбек Имашевтің үндеуіне бейжай қарамай, рэп стилінде арнайы бейнежауап қайтарды.

Желіде қызу талқыға түскен видеоға қатысты айтыскер ақын Сырым Әуезхан өз пікірін білдіріп, қалыптасқан жағдайдың мән-жайын түсіндірді. Ол сөз өнерінің өкілі әрі кәсіби филолог ретінде бұл мәселеге бейжай қарай алмайтынын жеткізді.

"Достар, ассалаумағалейкум! Сапарда болғаныма байланысты әлеуметтік желіге кіруге қолым тимей кетіп еді. Жандарбек екеуміздің сақтықпен салған видеомыз "пакеттей" сыбдырлап, желіні шарлап кетіпті. Соған қатысты өзімнің ойымды, сөз өнерінің азаматы ретінде айта кетейін. Біріншіден, "Еңлікке неге шықпайсыңдар?" деп жатқан азаматтарға айтарым: мен Еңлік қарындасымызға шықтым. Өзімнің жеке пікірімді ақын, филолог ретінде жеткіздім. Конструктивті сын болғаннан кейін, ол мұны шынайы қабылдады. Негізі, Еңліктің өзі қабылдаған сынды қарапайым халық қабылдай алмай жатыр. Бірақ әнді қыз баласы айтқаннан кейін, ол бізге: "Сіздер маған күлдіңіздер", – деп өзінің өкпе-назын білдірді. Біз де: "Егер артық кеткен жеріміз болса, көңіліңізге тисе, кешірім сұраймыз", – деп, өте әдемі келісімге келдік. Бұл – бірінші мәселе", – деп түсіндірді Сырым Әуезхан.

Сырым Әуезханның айтуынша, Жандарбек Бұлғақовпен бірге түсірген видеосы ешқандай мазақ ету мақсатын көздемеген. Ол әнші Еңлікпен жеке сөйлесіп, маман ретіндегі сынын жеткізгенін және өзара түсіністікке келгендерін айтты. Ақын өз уәжінде сынның негізгі нысаны әншінің тұлғасы емес, тек қазақ тілінің құрылымы мен мәтіннің сауаттылығы екенін баса көрсетті.

"Екінші мәселе: "Неліктен күлдіңіздер?" дегенге байланысты. Бұл жерде Еңлікті мазақ қылайық деген ойымыз болған жоқ. Егер оны мазақтағымыз келсе, арнайы көрсетіп, атын атап, әжуалайтын едік. Бірақ біздің түсімізге де кірмеген дүниені ойлап табудың қажеті жоқ. Видеода оның атын да атаған жоқпыз. Бұл видеоны саясатты түсінетін жандар біледі. Біз бұған дейін үлкен басшыларды да, әкімдерді де сынағанда, күліп отырып, қарқылдап отырып сынаған кездеріміз болған. Күлкі – ол адамның жеке басын қорлау емес. Бұл жерде сөздің мәніне назар аудару керек. Біздің айтқанымыз тек мәтінге қатысты болды", – деп сөзін жалғады Сырым Әуезхан. 

Сонымен қатар, ол өзінің де, әріптесі Жандарбектің де филология саласының мамандары екенін алға тартып, жас буынның шығармашылығындағы тілдік нормалардың бұзылуына алаңдаушылық білдірді. Ақын бұған дейін де көптеген ер әншілер мен мемлекеттік қызметкерлерді осылайша ашық сынап келгенін алға тартып, бұл жерде ешқандай кемсітушілік жоқ екенін мәлімдеді.

"Үшіншіден, "Сын айтатындай сіздер кімсіздер, ақынсыңдар ма, филологсыңдар ма?" деп жатқандар бар. Жандарбек те – филологияны бітірген маман, мен де – филологпын. Тіпті менің анам да – қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Қазақ тілінің стилистикасы, морфонологиясы деген ұғымдар бар. Өнер дамысын, рэп дамысын десек те, қазақ тілінің құндылығы мен құрылымы жойылмауы керек. Кейбіреулер: "Ақындар – ескі көзқарастағы адамдар, бұлар бәрінен айтыс стилін талап етеді", – деп жатыр. Олай емес. Біз өзімізден кейінгі жас буынның өнерін зерттеп жүрміз. Гитарадан бастап, De Lacure, Еңлік, тағы басқа орындаушылардың не айтып, қандай сөз қолданып жүргенін бақылап отырамыз. Шыны керек, олардың көбі көңілімізден шықпайды. Еңліктің әні қазір хит болып жатқандықтан, соны мысал ретінде алып, "түсіндіңіздер ме?" деп айтқан едік, содан үлкен хейт туындады. Бірақ мәселе – бүкіл жас буынның тіл құрылымын бұзып, әдепсіз сөздерді қолданып жатқандығында. Мен Еңліктің барлық альбомын жатқа білемін. Оны қорғап жатқандардың ішінен бірі де шығып: "Міне, оның мынадай сауатты сөздері бар еді, неге соны айтпайсыздар?" деп нақты мысал келтіре алмады. Тағы бір топ: "Сендер қаршадай қызға шамаларың жетеді, ер адамдарды сынамайсыңдар", – дейді. Біріншіден, біз бұған дейін үкіметті немесе түрлі тұлғаларды сынасақ, олардың барлығы ер адамдар болды. Екіншіден, әншілерге қатысты айтсақ: Raim, Ганвест (Kalifarniya), Shiza, Илхан, олардың мәтінін жазатын авторларды да бетіне айтып, арнайы бағдарлама арнап сынағанбыз. Ол видеолардың бәрі әлеуметтік желіде бар", – деді Сырым Әуезхан.