Қазіргі таңда қазақстандық білім саласына жаңа трендтер көптеп еніп жатыр. Соның бірі – STEAM білім беру әдісі. Ғылым, технология, инженерия, өнер мен математиканы біріктіретін бұл әдіс алғаш АҚШ-та пайда болған. Елдің ғылыми және технологиялық әлеуетін арттыру үшін 1990 жылдары америкалық мектептерге STEM әдісі енгізіле бастаған болатын. Уақыт өте келе бұл әдіс өз тиімдігін көрсетіп, оқушылардың ғылыми және инжернерлік ойлау машығы едәуір артқаны байқалған. Ал ХХІ ғасырдың басында STEM-ге өнер бағыты (А – Art) қосылған.

Жалпы алғанда, STEAM әдісі балалардың ғылыми және инженерлік машығын, креативті көзқарасын дамыту арқылы елдің бәсекеге қабілеттігін арттыруды көздейді. Бұл мақсат Қазақстанның да алдында тұр. Кейінгі 10 жыл көлемінде еліміздің мектептеріне STEAM білім беру әдісі кіріктіріліп, осы салаға маманданған педагогтар саны артып келеді. Алайда бұл бағыттағы жұмыс толыққанды жолға қойылды деуге әлі де ерте. Көптеген мұғалім бұл әдістің маңызын және оны жүзеге асыру жолын нақты түсіне бермейді. Олай болса, қазақстандық мектептерге STEAM әдіс не үшін қажет? Ол ел дамуына қалай ықпал ете алады? Оны мектептерге енгізуде қандай мәселелер бар?

Бұл сұрақтарды біз физика пәнінің мұғалімі, STEAM.KZ платформасының негізін қалаушы Айдын Тусюбжановқа қойдық. Оның айтуынша, STEAM білім саласымен ғана шектелмейді, ол елдегі адами капитал мен креативті индустрияны дамытуда маңызды рөл атқарады.

Айдын Тусюбжанов / Фото: steam.kz

"STEAM бағытымен 2013 жылы мектепте жұмыс істеп жүрген кезімде таныстым. Жетінші сынып оқушыларынан құралған командамен бірге халықаралық Carolina STEM Challenge байқауына қатысып, бірінші орынды иелендік. Сол кезде физика пәнінің мұғалімі әрі практик маман ретінде бұл бағыттың әлеуеті зор сала екенін түсіндім", – деп еске алды Айдын Тусюбжанов.

Педагогтың түсіндіруінше, егер бала кішкентай кезінен өз қолымен кішігірім нәрсе, шағын жоба жасай алса, онда ол есея келе үлкен бастамаларды қолға алып, күрделі мәселерді шешуге үлес қоса алады.  

"STEAM креативті дамытады деуден аулақпын, өйткені барлық бала креатив ойлай алады. Осы ретте есіме бір зерттеу түсіп отыр: зерттеушілер балаларға қағаз қыстырғыш таратып, онымен не істеуге болатынын айтып беруді сұрайды. Бірінші сынып оқушылары әртүрлі нұсқа ұсынады: қағаз қыстырғышпен ойнауға болады, сыныптастың назарын аудару үшін оған қарай лақтыруға болады, шашқа тағуға болады. Бұл сұрақты зерттеушілер 11-сыныпқа дейінгі әр сынып оқушыларына қойып шығады. Балалардың жасы неғұрлым үлкен болған сайын, жауап нұсқалары да соғұрлым азая түседі. Ал біз, ересектер, қағаз қыстырғышты қолданудың тек бір жолын ғана білеміз, ол – парақтарды қосу. Айтпағым, жас ұлғайған сайын креатив те кеми түседі, бұл білім беру саласындағы үлкен мәселе деп ойлаймын. Яғни біздің жүйе балалардың креатив ойлай алу қабілетін түбімен жоқ қылатын болып тұр ғой. Сондықтан, міндетіміз – креатив ойлауды дамыту емес, оны сақтап қалу, сөндіріп алмау", – дейді Айдын Тусюбжанов.

Фото: steam.kz

Педагог балалардың креативтік қабілетін сақтай отырып, олардың өз қолымен бірдеңе жасап шығаруына мүмкіндік беретін болсақ, көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын айтады. Айдын Тусюбжанов STEAM жобалардың көмегімен балаларды шынайы өмірге дайындап, ал жалпы алғанда Қазақстанды сапалы адами капиталға ие елге айналдыра аламыз деп сенеді.

"PISA сынды халықаралық зерттеу нәтижелері біздегі мектеп оқушыларының оқу сауатының, креативтік қабілеті мен сыни ойлау машығының төмен екенін көрсетеді. Сондықтан егер біз теорияны практикамен қоса ұсынып, баланың өз бетінше жоба жасауына мүмкіндік берсек, бұл әлдеқайда жақсы нәтиже беретіні сөзсіз", – дейді педагог.

Айдын Тусюбжанов бұл ретте көп нәрсе мұғалімдерге байланысты екенін айтады:

"Көпшілігі STEAM-ді өте күрделі әдіс деп ойлайды. Керісінше, STEAM жаратылыстану-математика пәндері мен шығармашылықты бір-бірімен байланыстыра отырып, қолда бар заттардан қызықты жоба жасап шығаруды көздейді. Яғни күрделі процесті балаға оңай, түсінікті түрде ұсынып, өзі жасап көру арқылы көз жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұл ретте мұғалімдердің көп уақыты материал іздеуге, жоба ойластыруға кететінін байқадым. Сондықтан 2018 жылы мұғалімдерге STEAM әдісін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қажетті контент ұсынатын платформа қажет екенін түсіндім".

Фото: steam.kz

Осылайша 2019 жылы Айдын Тусюбжанов командасымен арнайы платформаны жасақтаған. Онда физика, химия, биология пәндері бойынша жобалар ұсынылып, мұғалімдер жасай алатын қадамдар мен эксперименттер түгелдей түсіндірілді. Команда аймақтарға шығып, мұғалімдерге конференциялар да өткізді. Ал 2021 жылы мектептерден сұраныс түсе бастаған.

"Қазіргі уақытта steam.kz платформасында 200-ден астам жоба бар. Олар әр сыныпқа қарай бірнеше топқа бөлінген. Мысалы, 1-сыныпта әр бағыт бойынша 34 жоба бар. Ал 11-сыныпта кешенді 9 жоба ұсынылған", – деп түсіндірді Айдын Тусюбжанов.

Былтыр жоба өз өнімін Қазақстанның 224 мектебіне ұсынған. Айдын Тусюбжановтың ендігі үлкен мақсаты – республиканың барлық мектебін, яғни 7 мың оқу орнын барынша қамту. Биыл команда кем дегенде 1000 мектепке STEAM бағытын енгізуді жоспарлап отыр.

"STEAM дәл осы бағытта жұмыс істейді. Айтып өткенімдей, егер бала қолда бар нәрседен белгілі бір өнімді жасай алса, онда келешекте қолына қажетті құралдар мен ресурстар түскенде ол шынымен де керемет дүниені жасап шыға алады. Сондықтан біз елімізде шығармашыл, жауапкершілігі мол, үздіксіз дамуды мақсат ететін тұлғаларды көптеп қалыптастыруға ат салысқымыз келеді", – деп түйіндеді Айдын Тусюбжанов.