Алматыда қысқаметражды және дебюттік фильмдердің Х халықаралық "Бастау" кинофестивалі аяқталды. Бұл алаң Қазақстанның кино саласындағы жоғары оқу орындары студенттерінің арасында кең танылып, бірнеше көрнекі отандық кино қайраткерлерінің шығармашылығына демеу берді. Дегемен, жалпы қазақстандық киноның даму қарқыны әзірге көңіл көншітпейді.

"Бастау" фестивалінің продюсері және арт-директоры Диана Әшімова осындай шығармашылық алаңдардың отандық кино саласын дамытуға қандай үлес қосатыны жайлы айтып берді.  

– Диана, "Бастау" фестиваліне биыл 10 жыл толады. Отандық кинофестивальдердің көбісі мұндай жетістікке жете алмай отыр, мұның сыры неде?

– "Бастау" – бірінші кезекте, бұл шағын, бірақ өте ұйымшыл команда. Қаржылық, ұйымдастырушылық секілді қиындықтарға қарамастан жұмыс істеуге дайынбыз. Кинофестивалімізді адамдар, әсіресе, жастар күтеді. Себебі, "Бастау" – білім беруге бейімделген кинофестиваль. Ол адамдарды заманауи әлемдік кинотуындыларды көріп, білуге ынталандырады. Шетелдік кинематографтың өзекті мәселелерін көрсететін алаңдар көп емес.

– Байқауға арналған фильмдер төңірегінде белгілі бір стереотиптер пайда болған. Күн тәртібінде ең алдымен "әлеуметтік" мәселе болуы керек. Бұл тақырып кез келген фестивальде жоғары бағаланады. Сондықтан кинода қоғамның жағымсыз жақтарын көрсету керек деген пікір бар. Бұл үрдіс әлі де бар ма?

– Менің ойымша, жағдай өзгеріп жатыр. Халықаралық кинофестивальдердегі үрдістерді байқасақ, арт-мейнстримге қарай бет бұрып, таза артхаус киносы біртіндеп қалып жатыр. Кино көрерменге жақындай түсті. "Бастау" іріктеу комиссиясында жұмыс істегенде хоррор, триллерлер мен комедия секілді әртүрлі жанрдағы дебюттік жұмыстарды көрдік.

Айта кетерлігі, киноэкрандардан көріп үйреніп қалған комедиялар стилінде емес. Мұндай фильмдерде әлеуметтік мәселелер көзге көп түспейді. Көбінесе, олар қызықты оқиғаларды бастан кешкен адамдар туралы.

Дебюттік жұмыстар – режиссер үшін бар әлеуетін көрсететін мүмкіндік, өйткені авторды ешкім шектемейді. Туындыларды іріктегенде "ауыр артхаусты" таңдамаймыз. Картиналарынан режиссердің алда қандай стильде жұмыс істейтіні бірден білінеді.


Оқи отырыңыз: Режиссер Дархан Төлегенов: Кино – иррационал өнер, екі элементті қосқанда не шығарын білмейсің 


– "Бастау" арқылы аты шыққан бірнеше есімді атаңызшы...

– Бірінші кезекте, Шәрипа Оразбаева. Ол "Едоки картофеля" қысқаметрлі фильмімен фестиваль жүлдесін жеңіп алған. Кейін шетелде көптеген жүлдеге ие болған "Мариям" толықметражды фильмімен фестивалімізге оралды. Яна Скопинаның "Ты что-то прячешь в кулаке" туындысы "Үздік ойын фильмі" жүлдесін жеңіп алды. Ол Қазақстан тумасы, ВГИК-ті, Сергей Соловьевтың шеберлік оқуын тәмамдаған.

Биылғы фестиваліміз Янаның "Скоро кончится лето" фильмімен ашылды. 1990 жылы Алматыда болған оқиға туралы, жастардың алғашқы махаббаты, ажырасуы жайында. Барлық оқиғалар қайта құру, жаһандық өзгерістер, Виктор Цойдың өлімі аясында өрбиді. Айтпақшы, Яна жаңа туындысын Қазақстанда түсірмек.

Режиссерлер Отанына оралып, қазақстан қоғамына таныс тақырыпта жергілікті актерлермен фильмдер түсіріп жатыр. Бір қызығы, "Бастау" түлектері кейіннен өзге елдерде бас қосып, бірлескен фильмдер түсіруде.

– Бірнеше жыл қатарынан "Бастау" аясында көрсетілімдерде, мастер-класс пен шығармашылық кездесулерде студенттердің немқұрайлы қарап, құлшыныс танытпайтынын байқадым. Фестивальге "күштеп" келетіні көрінеді. Осылай мәжбүрлеу олардың кино шығармашылығына деген махаббатын оятуға көмектесе ме?

– Мұндай мәжбүрлеу тәжірибесінен бас тарттық. Бірақ осындай проблема бар. Жас көрермен үлкен экраннан кино көргісі келмейді. Бұған дейін оларды көндіруге тырыстық. Енді ешқандай мәжбүрлеу болмайды. Кино факультеттері мен мектептерде оқитын студенттерге фестиваль бағдарламасын таныстырамыз. "Халықаралық кинофестивальдерге шыққыларың келсе, онда қандай фильмдер экраннан көрсетілетінін, қандай деңгейге ұмтылу керек екенін көріңдер" деп түсіндіреміз.


Оқи отырыңыз: Қарызға батқан қазақ: "От" фильмінің айтар ойы қандай?


– Студенттердің фестиваль фильмдерін көріп, білуі отандық кинематографияның дамуына үлес қоса ала ма? Қазір экранда белең алған комедиялар (әсіресе, төмен дәрежелі) көңіл көншітпейді.  

– Иә, дұрыс айтасыз. Саны біртіндеп сапаға ауысып жатқанын атап өту керек. Шетелдік кинофестивальдерде танымалдыққа ие болып жатқан картиналарды көбірек түсіріп жатырмыз. Жақында Парижде өткен қазақстандық кино фестивалінде жергілікті көрермендер кезекке тұрды. Ал француз көрермендері – өте талғампаз. Онда артхаус та, артмейнстрим де көрсетілді.

Алайда, қандай да бір себептермен біздің кинопрокатшылар мұндай фильмдерді алуы қиын. "Бұны көрмейді" дейді. Иә, оны миллиондаған адам көрмейді. Бірақ мұндай киноны қажет ететін көрермендер де бар. Олардың саны аз емес, оларға да таңдау беру керек қой. Сондықтан кинофестивальдер біздің елімізге және қаламызға қажет.

Бірте-бірте көрерменнің осындай киноға деген сүйіспеншілігін ояту керек және прокатшыларға фильмдердің аудиториясы бар екенін ұғындыру қажет. Осы орайда, кино университеттеріне қатысты мәселе бар: білім алмасуды ұйымдастырған жөн. Студенттерді бұрынғыдай фестивальге келуге көндіріп әуреге түспеуіміз керек. Екі жылдан кейін авторлық киномызды көруге көрермендеріміз кезекте тұратындай болуға тиіс.