Жаңа оқу жылы басталды. Әр оқу жылының басында ата-аналар баласын қай мектепке берерін білмей дал болады. Өйткені, елімізде екі түрлі мектеп бар: бірі – мемлекеттік, екіншісі – жекеменшік. Қалтасы қалыңдардың бәрі бірдей жеке мектепке жүгіре бермейді. Мемлекеттік мектеп бітіріп те шетел асып жатқандар жетерлік. Ендеше қайсы мектеп дұрыс? Жеке ме, мемлекеттік пе? Саралап көрдік. 

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің мәліметінше, елімізде 7724 мектеп бар. Ауылдық жерлерде – 5279 мектеп, қалалық жерлерде – 2445 мектеп жұмыс істеп тұр. Ал жекеменшік мектеп саны 400-ден асады. 

Мемлекеттік мектепте оқу бағдарламасы тегін болғанымен, бүгінгі таңда баланы өз қабілетіне сай дамыту үшін ата-аналар қосымша ақы төлеуге мәжбүр. Елімізде Артспорт сияқты тегін бағдарламалар болса да, орын саны толып қалған жағдайда бала өзі қалаған үйірмеге бара алмайды. Оның үстіне барлық мектепте бірдей баланы үйден алып кетіп, қайта әкелу қызметі жоқ. Әсіресе, үлкен қалада тұратындарға баланы мектепке тасу оңай емес. 


Әсел Өтегенқызы, "Ақтөбе қаласының білім бөлімі" ММ "Благодар орта мектебі" КММ директоры:

"Мемлекеттік мектептер – әлемнің барлық еліндегі балалар үшін білім беретін, бюджет арқылы қаржыландырылатын білім ордасы. Мемлекеттік мектеп әлеуметтік, экономикалық жағдайына қарап бөліп-жармай барлық балаға бірдей базалық орта білім береді. 

Мемлекеттік мектептің негізгі ұстанымдары мыналар: тегін оқу, білім берудің әртүрлілігі, инклюзивті оқыту, мемлекеттік стандарттардың сақталуы. Мұнда еңбек ететін ұстаздардың білім деңгейі тест арқылы тексеріліп отырады. Ұзақ жыл бойы мектеп қабырғасында қызмет жасап, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаздар көп. Мемлекеттік мектепте әртүрлі бағдарламалар арқылы бала түрлі сайыстарға тегін қатысып, талантын шыңдауға мүмкіндік алады. Мектеп қабырғасында әртүрлі үйірме жұмыс істейді. Биылдан бастап мемлекет басшысының тапсырмасымен 1-4 сынып оқушылары 100 пайыз мектеп тамағымен қамтылды".

Қарлығаш Мешітбай, оқушы анасы: 

"Мен 2-сынып оқушысы Нұрлыжан Мараттың анасымын. Жеке мектеп пен мемлекеттік мектептің айырмашылығы – уақыттың тиімділігі. Қазіргі заманда бала жан-жақты даму керек деп ойлаймын.

Ата-аналарға жеке мектептер өте тиімді. Бала 08:00-ден кешкі 17:00-ге дейін мектепте гаджетсіз тек сабақ оқиды. Жеке мектептердегі методика бәсекелестікке жақын, аптаның соңында балаларды мұғалімдері кішігірім сыйлықпен қуантады.

Ағылшын тілін америкалық мұғалімнен үйренеді, баланың жеке формасы болады, әр сыныпта 18-20 бала оқиды. Шетелдік мұғалімдерді алып келіп жатыр. Бұндай мұғалімдердің алдынан өткен оқушы жаман болмайды деп ойлаймын. Жеке мектептің өз психологы бар, әр баламен жеке жұмыс істейді". 

Құралай Ошақбаева, психолог, көп балалы ана:

"Бұл сұраққа психолог ретінде емес, көп балалы ана ретінде жауап бергім келеді. "Күміс алқа" иесі, 6 баланың анасымын.Үлкен қызым 25-те, кішкентай ұлым 10-да. Үлкен қызым Венгрияда бакалавр, Парижде магистратураны тегін грантта бітірді. Екінші қызым Америкада грантта оқып жатыр. Үшінші қызым биыл Кореяның Сеул қаласына грантқа түсті.

Ақылы мектепте де, тегін мектепте де оқыдық, ана ретінде тәжірибем мол. Айтарым – ана өзінің баласын қалай көрсе, оған тура сондай ұстаз тап болады. Мен соны байқадым. Қай кезде қандай ана болып қалыптастым, ішкі ойым қандай болды, аналық мейірімім қандай болды, қандай жасымда қандай ана болдым, балаларымның алдарынан тура сондай ұстаздар шықты. Үлкен қызымда қатал болдым, сол кезде қыздарыма қатал ана кезікті. Егер балаңызға шын ықыласпен білім берем деп қаласаңыз, шынымен білімді ұстаздар тап болады екен.

Балаға ортасы және ұстазы қатты әсер етеді. Көбінесе балалар бастауыш мектепте қандай ұстаз сабақ берді, білім жағынан, қабылдау жағынан сол кісіге көп ұқсап кетеді. Соны байқадым. Әр бала әртүрлі. Алты баланың өзі алты түрлі болып жатады. Ең басты дүние – ана мен бала арасындағы қарым-қатынас.

Қазіргі таңда баланы телефоннан шығару үшін баламен ата-анасы көп сөйлесу керек. Көп ата-ана "жеке мектепке баламды берсем, мәселе шешіледі" деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Мектепті емес, мұғалімді таңдау керек. Ұстаз бен оқушы арасында байланыс жақсы болса, бала білімді болып өседі". 


Мемлекеттік мектеппен қатар, жеке мектептің де балаға беретін мүмкіндігі мол екені жасырын емес. Еліміздегі жекеменшік мектептердің бағасы әртүрлі. Ең азы 50 мың теңгеден басталып, айына 1 миллион теңгеге дейін жететіні жасырын емес. Оқу ақысы бойынша жеке мектептердің көшін Астана қаласындағы QSI халықаралық мектебі иеленіп отыр. Бұнда оқу бағасы айына миллион теңгеден асып жығылады.

Жеке мектептің артықшылығы – бала саны әдеттегі мектептен аз болады, сәйкесінше балаға көңіл бөлу мүмкіндігі жоғары, 3 мезгіл тамақ, түрлі үйірмелер айлық оқу ақысының құрамына енеді. Бала таңертеңнен кешке дейін мектепте жүреді. Осының арқасында бала жан-жақты өнерлі, бірнеше тілге жүйрік болып шығады.

Алайда бес саусақ бірдей емес, жеке мектеп бітірген баланың бәрі бірдей озат деген сөз емес. Ата-аналардың сөзінше, кей жеке мектептерде баланың сабағын мұғалімдері қадағалай бермейді, ай сайын ақшасы төленіп отырған соң оларға талап қоймайды. Бәріне бірдей баға қойып, уақыт өткізетіндері де бар.