"Алтын Мишабай". Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жеңісінде кімдердің үлесі бар
14 ақпанда Михаил Шайдоров Миланда өтіп жатқан Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. Қазақстан қысқы Олимпиададан соңғы рет 1994 жылы алтын алған болатын. Арада 32 жыл өткен соң Шайдоров бұл сеңді бұзып, оған қоса мәнерлеп сырғанаудан алтын жүлде алған алғашқы қазақстандық спортшы болды. Бұған дейін Денис Тен 2010 жылғы Сочи Олимпиадасында қола медаль алған еді.
Михаил Шайдоровтың жеңісі туралы бүкіл әлем жазды. Мәнерлеп сырғанау спортында ерлер арасында көшбасшы саналатын АҚШ спортшысы Илья Малининге ел-жұрт алтын медаль беріп тастаған еді. Алайда еркін бағдарламасын таза сырғанаған Михаил Шайдоровтың бабы мен бағы қатар шауып, алға шықты.
Осы орайда Информбюро порталы 21 жасында алғашқы Олимпиадасында чемпион атанып, Милан төрінде көк туымызды көтеріп қана қоймай әнұранымызды шырқатқан Михаил Шайдоровтың спорттағы жолына шолу жасады.
Алғашқы қадам
Михаил Шайдоров 2004 жылы 25 маусымда Алматыда дүниеге келді. Әкесі оны бес жасында "Рамстор" сауда орталығындағы мұз айдынға сырғанауға алып келген. Алғашында оған сабақ ұнамаған соң бір жылдай спорттық гимнастикамен айналысып көрген. Бірақ бір жыл өтпей мұз айдынға оралған. Михаилдің әкесі Станислав Шайдоров та мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған. Кейін Алматыда балаларға мәнерлеп сырғанаудан сабақ берген. Көп жыл баласын өзі жаттықтырған.
Шайдоров бала кезінде Денис Теннің мастер-класына қатысқан. Бұл видео Михаилдің жеңісінен кейін әлеуметтік желілерде тарап кетті.
Десе де ол екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған жапон спортшысы Юдзуру Ханюдің өнерінен шабыт алған. Аты аңызға айналған мәнерлеп сырғанаушының бағдарламаларын қайта-қайта көріп, сол сияқты өз ісінің үздігі болғысы келген.
Әкесі Станислав ұлын кәсіби спортшы болады деп ойламаған. Секіру элементтерін ақырындап үйрене бастаған. Тек 11 жасында мәнерлеп сырғанаумен кәсіби түрде айналысамын деп шешкен.
2017 жылы Шайдоров ресейлік бапкер Алексей Урмановпен танысып, Сочиде жаттыға бастады. Алексей Урманов мәнерлеп сырғанаудан 1994 жылғы Олимпиада чемпионы атанған.
"Сол жылы Урманов Йошкар-Олада (Ресей қаласы) жиын өткізді. Жаттығып жүрген қыздардың бірінің ата-анасы сапарыма демеуші болды. Миша ол жақта алғаш рет екі айналым аксель секірді. Кәсіби спортшылар осы элементті орындаған соң ғана өзін мәнерлеп сырғанаушы деп есептейді. Жарты жылдан соң Урмановқа тағы да келдік. Мишаның сырғанауы жақсарғанын айтты. Бір жылда үш айналым секіру элементтерінің бәрін үйрендік. Бірақ үнемі мұз айдынды ауыстыруға тура келді. 2018 жылы күзде Алматыда өз қалтамыздан ақша төлеп мұзды жалға алу не Ресейге көшіп, бапкердің қол астында жаттығу таңдауы тұрды. Алексей Урмановқа хабарласқанда "жақсы, келе беріңдер" деді. Дәл сол күні көлігімді сатып, ертеңіне билет алып, Сочиге ұшып кеттік. Миша мен бапкерінің бір-біріне үйренісуіне бір жылдай уақыт кетті. Ұлым алғаш төрт айналым тулуп секірген кезде қуанышымызда шек болмады", – деп еске алды Станислав Шайдоров.
2019 жылы Михаил Шайдоров Қазақстан чемпионы атанды. 2020 жылы алғашқы жарысы – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, 34 қатысушының арасынан 22-орын алды. 2020 жылы екінші рет Қазақстан чемионатында жеңіске жетіп, келер жылы өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын болды. Алайда коронавирус пандемиясы кезінде бір жылдай ешқандай жарыс өтпеген соң әлем чемпионатына қатысу үшін Халықаралық конькимен жүгірушілер одағына (ISU) бағдарлама видеосын жіберіп, жолдама алды. Алайда жарақаты болған соң әлем біріншілігінде жақсы өнер көрсете алмады. Әлем чемпионатынан кейін жарақатын емдеуге уақыт қажет еді. Болгарияда өтетін оқу-жаттығу жиынына қатыспай, дәрігердің кеңесіне құлақ асып, үйде қалуды жөн көреді. Алайда кейін ұлттық құрамадан шығып қалғанын біледі.
2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына лицензия алу үшін Шайдоров жарыстарға қатысу керек еді. Алайда Михаил жарақатынан соң қалпына келе қоймаған еді.
"Михаил өз қаржысына емделді, оңалды, қалыпқа келді. Олимпиада маусымына дайындалуға ешқандай көмек алған жоқпыз. Мәнерлеп сырғанауға жақсы қаржы бөлінетінін білемін. Михаил секілді деңгейі жоғары спортшыны баптау үшін көп қаржы керек. Оқу-жаттығу жиындары, жаттығулар, жарыстар, коньки, костюмдер – осының бәріне аз ақша кетпейді. Ұлттық құраманың нөмірі бірінші спортшысын жарақат алған соң құрамадан шығарып тастауы дұрыс емес", – деді мәнерлеп сырғанаушының әкесі.
Михаил Шайдоровқа басқа елдің атынан өнер көрсету туралы ұсыныстар келіп түскен. Қаржылай қолдау болмаса да, спортшы Қазақстан намысын қорғауды жөн санаған.
"Миша Қазақстанда туғаны үшін мақтанады. Алматыны қатты жақсы көреді. Патриотизм деген дүние бар. Десе де спортшыға көңіл бөлінсе екен деймін. 2026 жылғы қысқы ойындарға Қазақстан атынан Мишадан басқа кім лицензия ала алады?" – деген болатын Станислав Шайдоров.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері
Михаил Шайдоров 2021 жылы жасөспірімдер арасындағы Гран-при Польша жарысына қатысып, күміс медаль жеңіп алды. 2022 жылы Таллин қаласында өткен Төрт құрлық чемпионатында бесінші орынға ие болды.
Ол Францияда өткен 2022 жылғы әлем чемпионатына виза ала алмаған соң қатыса алмады. Бірақ дәл сол жылы Таллин қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында АҚШ спортшысы Илья Малининге ғана жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Қысқа бағдарламадан кейін 8-орында тұрған ол еркін бағдарлама нәтижесінде екінші орынға жайғасты. Қазақстанда жасөспірімдер арасында бұндай жетістікке бұрын-соңды ешкім жетпеген еді.
2023 жылы ол Канада Гран-приінде бесінші орын алды. Дәл сол жылы Қытай кубогында қола жүлдеге ие болды. Загребте өткен Golden Spin жарысында күміс медаль жеңіп алып, ISU Challenger сериясының алғашқы медалін иеленді.
2024 жылы Шанхайда өткен төрт құрлық чемпионатында алтыншы орын алды. Ақпанда Challenge Cup жарысында алтын жүлдеге ие болды. Маусымды әлем чемпионатындағы 4-орнымен қорытындылады.
Михаил 2024-2025 жылғы маусым басында Denis Ten Memorial Challenge жарысында жеңіске жетті. Франция Гран-при жарысында төртінші орын алды. Бұл жарыста ол тарихта алғаш үш айналым аксель мен төрт айналым тулупты орындады. Қытай кубогында күміс медаль иеленді. Гран-при финалына тұңғыш рет Қазақстан атынан жолдама алып, жарысты 5-орынмен аяқтады. Ол үш айналым аксель – ойлер – төрт айналым сальхов жасаған алғашқы спортшы атанды.
2025 жылы Харбин қаласында өткен Қысқы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды. Арада бір апта өткен соң Сеулде өткен Төрт құрлық чемпионатында алтын жүлдеге ие болды. Наурыз айында Бостон қаласында өткен әлем чемпионатында Михаил Шайдоров күміс жүлде еншіледі. Бұл жолы да Илья Малинин чемпион атанды.
Олимпиада алтыны
Михаил Шайдоров 2025-2026 жылғы маусымын Denis Ten Memorial Challenge жарысында қатарынан екінші рет алтын медаль жеңіп алумен бастады. 2025 жылы өткен Қытай кубогында қола медаль иеленсе, Skate America жарысында күміс медаль алды. Желтоқсан айында Гран-при финалында алтыншы орынға ие болды.
2026 жылы қаңтар айында Төрт құрлық чемпионатында бесінші орын алды. Маусым бойы Шайдоровтың комбинациялары сәтті шықпады. Десе де Милан-Кортина Олимпиадасына жолдама алып, 10 ақпанда қысқа бағдарламада өнер көрсетті. Нәтижесінде ол 92,94 ұпай жинап, бесінші орынға жайғасты. Михаил нәтижесіне көңілі толатынын, қолынан келгенін жасағанын айтты.
13 ақпан күні өткен еркін бағдарлама мәнерлеп сырғанаушылардың тағдырын шешті. Соңғы болып кіл мықтылар өнер көрсетті. Тұғырдан көріну үшін спортшылардың қиын элементтерді орындаудан басқа амалы жоқ еді. Қысқа бағдарламадан кейін бірінші орында тұрған Илья Малинин жеті рет төрт айналым секіруді жоспарлады. Михаил да тәуекелге барып, бағдарламасына қиын комбинациялар қосты. Ол үш айналым аксель – ойлер – төрт айналым сальхов, төрт айналым лутц, төрт айналым тулуп, төрт айналым тулуп – үш айналым тулуп каскад, үш айналым аксель, үш айналым лутц – екі айналым аксель секвенциясын секірді. Төрешілер Шайдоровтың өнеріне 198,64 балл беріп, жалпы есепте 291,58 ұпай жинады. Бұл оның жеке рекорды еді.
Шайдаровтан кейін мұз айдынға шыққан жүлдеден үмітті қарсыластары негізгі бағдарламаларын таза орындай алмады. Алтын жүлдеге басты үміткер саналған Илья Малинин болса бірнеше рет құлап, жүлдесіз қалды. Ол еркін бағдарлама нәтижесінде бірінші орыннан 8-орынға сырғыды. Жапония спортшысы Юма Кагияма 280,06 ұпай жинап, күміс жүлде алса, отандасы Шун Сато 274,90 ұпаймен қола жүлде иеленді.
Осылайша Михаил Шайдоров Милан төрінде әнұранымызды әлеуетіп, Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшы атанды. Оған қоса, 32 жылдан кейін қысқы Олимпиада ойындарының алтынына ие болған Владимир Смирновтың жетістігін қайталады.
Михаил Олимпиада чемпионы атанған соң сұхбат беріп, арманына жету оңайға соқпағанын айтты.
"Шынымды айтсам, әлі де сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін қиын болды. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді шамамен үш рет орындап көруге тырыстым, бірақ бірде-бір рет сәтті шықпады. Ал бүгін бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді. Бұл Олимпиадаға ұзақ дайындалдым. Маусым бойы бар ойым өз ісімді адал атқару болды. Енді еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Трибунадағы жанкүйерлердің қолдауы ерекше сезілді. Бәрі кино сияқты. Әзірше не болып жатқанын толық сезініп үлгермедім. Бұл медаль мен үшін де, еліміз үшін де аса маңызды. Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спорты дамуы үшін бар күшімді саламын. Жағдай жасалып, жастарға мүмкіндік берілсе екен деймін. Менің медалім жолымызды ашқан Денис Тен үшін де маңызды болар еді деп ойлаймын. Оның да жолы оңай болған жоқ, менікі де жеңіл болмады. Қазақ мәнерлеп сырғанауының дамуына қосқан үлесі үшін Дениске алғыс айтамын", – деді Миахил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанған соң.
Михаилдің жеңісінен соң әлеуметтік желіде спортшының шыққан тегі қызу талқыға түсті. Алайда ол өзін "ресейлік спортшы" деп атайтындарға былай деген еді.
"Алматыда туып өстіп және осында тұрамын. Уақытымның көп бөлігін Қазақстанда, сүйікті қаламда өткіземін. Маған көп уақыт арнайтын Алексей Урмановтың шәкірті болғаныма қуаныштымын. Мәнерлеп сырғанаушылардың көпшілігі конькимен сырғанауды "Рамстор" сауда орталығында бастаған. Денис Тен де, мен де. Десе де Ресейде көп уақыт өткіздім, жаттықтым, оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Бірақ қазір Алматыда көп жаттығамын. Мені "ресейлік спортшы" деп атап жатады. Алайда мұны мені құрметтемеу деп есептеймін", – деді Михаил Шайдоров бір жыл бұрын.
Олимпиада чемпионын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, II дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Михаил Шайдоров алтын медаль үшін мемлекет тарапынан 250 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы алады. Бұл – шамамен 124 миллион теңге. Одан бөлек споршыға жан-жақтан қымбат сыйлықтар беріліп жатыр. Танымал әнші Димаш Құдайберген спортшыға су жаңа көлік сыйлайтынын мәлімдеді. Михаил Шайдоров еркін бағдарламада Димаштың әнін таңдап, сонымен өнер көрсеткен болатын. Ал белгілі кәсіпкер Арсен Томский Михаил Шайдоровтың әкесі Станислав Шайдоровқа Audi Q8 маркалы көлік сыйлады. Ал қазақстандық Ulutau Group құрылыс компаниясы жас спортшыға Астана қаласында үш бөлмелі пәтер сыйға беретінін хабарлады.
Оқи отырыңыз: Сыйақы, пәтер, автокөліктер. Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты қандай сый-сияпат күтіп тұр
"Малинин Олимпиадаға дайын болмады"
Мәнерлеп сырғанау спорты туралы ұзақ жылдан бері жазып жүрген Лилиана Әлжанова Михаил Шайдоров қатысқан Олимпиада жарысын тікелей эфирде комментатор ретінде жүргізді.
Лилиана Әлжанова, спорт комментаторы:
– Мишаның чемпион атанған сәтін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы ойындарда ел қоржынына бір жүлде түссе ғой деп жүргенбіз. Қысқа бағдарламадан кейін қола алуымыз мүмкін екенін есептеп біліп алдық. Үшінші тұрған француз спортшысы Адам Сяо Хим Фадан он ұпайдай қалып тұрды. Бұл – жақсы орындалған бір төрт айналым секірудің бағасы. Француз бір секіруден шатасса, Михаил қола жүлде ала алады деп ойладық. Мишаның осы маусымдағы нәтижелеріне қарап, тіпті, төрешілердің сол қысқа бағдарламадан кейін 5-орын бергенін де жақсы деп ойладым. Себебі жарыстарда бес рет төрт айналымды секірем деп, бірақ дұрыс шықпай ұпайдан қағылып жүрген кездері болды.
Бір ғана төрт айналымды секіру үшін қаншама күш керек. Ал Миша Олимпиадада оны бес рет секірді. Кіп-кішкентай жігіттің бойында қандай күш жатыр.
Миша ешқандай қате жібермей сырғанағанда "қола жүлде болуы керек" деп ойладым. Италиялық Даниэль Грассль бірінші элементте құлағанда жүлдеге бір қадам жақын екенімізді білдім. Ал француз Адам Сяо Хим Фа құлағанда медаль болады деп қуандым. Бірақ күміс не алтын болады деп ойлаған жоқпын. Бірақ Юма Кагияма құлағанда Мишаның қысқы бағдарламадағы ұпайын қайта қарап, күміс болады деп күттім.
Қысқы бағдарламадан кейін "жүлдеден үміт бар ма?" деп сұрады. Михаилдің осы маусымдағы нәтижелеріне қарап "он процент бар, соны жұлып алса алады" деген едім. Соны алды. Оған, әрине, Кагияма мен Сяо, Малинин көмектесті. "Олар құламаса алмайтын еді" деген әңгіме шығады. Бірақ дер кезінде дәл сол жерде нәтиже көрсету нақ шебердің қолынан ғана келеді.
Илья Малинин өзінің осы Олимпиадаға дайын емес екенін көрсетті. Командалық сында қысқы бағдарламаға шыққанда бірінші секіруінен-ақ әріптесім Әсемге "Шайдоровтың медаль алатынына сенемін, себебі Малинин сыңғырлап тұрған жоқ" деген едім. Бейжің Олимпиадасында Нейтан Чен чемпион болғанда командалық сында қысқа бағдарламасында башпайынан басына дейін дайын екені, чемпион болатыны көрініп тұрды. Ал Малинин маусымның бірінші жарысында екі Гран-приде, Чэлленджерде, Гран-при финалында өте керемет өнер көрсетті. Ол 300-ден астам ұпай алып, әлем рекордын жаңартты. Маусымның екінші жартысында бірдеңе болғаны байқалады. Не жарақат алған шығар, не психологиялық тұрғыдан біреу бірдеңе деген шығар. Бұл Олимпиадада Малининді танымай қалдым. Аяп та кеттім, бірақ оның өте мықты қарсылас екенін мойындау керек. Әлем чемпионатында Миша екеуі тағы да кездессе, жеңісті жұлып алуы әбден мүмкін. Өйткені Малинин төрт айналымды бір емес, жеті рет секіре алады.
Әу баста Малинин – алтын, Кагияма – күміс, ал Шайдоров қола алады деп ойладым. Малининнің командалық сындағы өнерін көрген соң Кагияма алтын медаль алатын шығар деп топшыладым. Кагияманың бағдарламасы – хореографиясы да, музыкасы да, сырғанауы да келіскен нағыз Олимпиадаға арналған бағдарлама. Шыны керек, Миша дәл Юмадай жұмсақ сырғанай алмайды. Бірақ қысқа бағдарламадан кейін үздік саналған спортшылар командалық сынға бар эмоциясын салды. Жалпы Олимпиадаға қатысқанда эмоция мен энергияны дер кезінде көрсете білу керек.
Мишаның тілеуін қатты тіледім. Өзі сондай қарапайым жігіт. Кішкентай кезінен білемін. 2017 жылы Қазақстан чемпионатында Миланы алғаш көріп, әкесімен таныстым. Сол кезде жасөспірімдер арасында жалғыз өзі үш айналым лутц секірді. "Бұны қалай үйреткен, қатарынан оқ бойы озық тұр ғой" деп таң қалдым. Әкесі Станислав Шайдоровпен сөйлескенде сол кездегі қиындықтары, қаржы жетпейтіні туралы айтты.
Содан кейін 2024 жылдың күзінде сұхбат алдым. Аксель – ойлер – салхов бірегей үш айналым каскадты қашаннан бері жасап жүргені туралы сұхбаттастық. Өте қарапайым, ұяң, байсалды жігіт екені көрініп тұр. Содан кейін Мишаны қатты сыйлап кеттім. Ол кезде жарыстарда жүргенде жалғызсырайтынын, федерациядан ешкім болмайтынын айтты. Франция, Жапония, АҚШ секілді алпауыт елдермен бәсекеге түскенде олардың журналистері жүретінін, ал Михаил өзін ешкім іздеп бармағанын айтты. Олимпиада чемпионы болған соң енді оны бәрі іздейді. Алпауыт елдердің спортшыларында массажист, дәрігер, диетолог, акробатикадан, секіруден және сырғанаудан бөлек бапкер болады. Соның бәріне федерациялар демеуші тауып береді. Ал Миша былтыр әлем чемпионатында күміс медаль алғанша әкесі, бапкері үшеуі күресіп келді.
Алексей Урмановтан, Мишаның өзінен сұхбат алдым. Мәнерлеп сырғанау туралы қазақша жазып жүрген санаулы адамның бірімін. Мишаның өзі қазақ тілінде сұхбат бергісі келетінін, бірақ ешкім алмайтынын айтты. Ал бапкері Алексей Урмановтан ешкім сұхбат алмаған. Біздің халықтың әрбір спорт түрін тек Олимпиадада қарайтыны қынжылтады.
Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан Жапония, Америка, Франция секілді мықты елдермен иық тірестіріп тұруы – біз үшін жетістік. Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Геннадий Головкин Мишаға көп көмектесті. Головкинмен кездескенде Мишаны жақсы хореографтарға апаруын сұраған едім. Голвкиннің өзі Михаилді мақтап: "Уайымдамаңыз, көмектесеміз. Ол – жақсы жігіт" – деген еді. Мишаны Олимпиадада қарапайымдылық, еңбексүйгіштік, айтқанынан қайтпау алып шықты. Осылайша ол өз есімін мәнерлеп сырғанау тарихында атын алтын әріппен жазды.