Алматының бұрынғы Табаксовхозы – Панфилов ауылы жарты ғасырда қалай өзгерді?
Бұл жерге одақтың түкпір-түкпірінен адамдар жиналатын, мұнда тұратындар беделді саналып, ал темекі өнеркәсібінің жұмысшылары алған сыйақыларына автокөлік сатып алуға шамалары келетін еді. Қазір бұл Панфилов ауылы. Бүгінде бұрынғы атақты ауылдан тек ғимараттардың қасбеттері мен байырғы тұрғындардың естеліктері ғана қалған.
Лилия Штепа Панфиловта 56 жыл бойы тұрады. Табаксовхозда музыкалық мектептің ашылуына септігін тигізген, жүздеген адам оның қолынан білім алған. Кезінде күйеуі джаз кларнетшісімен бірге Алматының жанындағы бай совхозға баспана іздеп көшіп келген.
Жергілікті тұрғындар арасында ауылға нағыз музыканттардың келгені туралы әңгіме тез тарады. Олармен кездесуге ауылдың жартысы келді – адамдар музыканы үйренгісі келетін.
"Біз келгенде мұнда тек әуесқой музыкалық үйірмелер ғана болды. Олардың қолдарынан не келетінін көріп: "егер ойнағыларың келсе, үйренгендеріңді ұмытыңдар, бәрін басынан бастаймыз" дедім. Осылайша, бүгінгі күнге дейін қызмет етіп келе жатқан музыкалық мектептің негізі қаланды. Балалардың дарынды болғаны соншалық, ең үздіктерін таңдауға тура келді. Бірінші іріктеуге 100 адам – барлығы Табаксовхоздың балалары түсті", – деп еске алады Лилия Штепа.
Совхоз алғашқы директор Петр Томаровскийдің тұсында гүлденді. 1930 жылдардың соңында темекі және махорка ғылыми-зерттеу институты Алматы филиалының ғылыми қызметкері болған ол бұл жерге алдымен бас агроном, содан кейін директор болып тағайындалды.
Томаровский бұл аудандағы жерлердің темекі өсіруге қаншалықты бейім екенін бірден түсінді. Өлке соғыс жылдарында темекі өнеркәсібімен Қазақстаннан тыс жерлергеде де танымал болды. Ол кезде Одақтың көптеген зауыттары оккупация аймағында қалып, жаңа плантацияларға деген қажеттілік күрт өсті. Соғыс қимылдарының басталуымен темекі Қызыл Армияның азық-түлік нормаларына кірді: бір адамға тәулігіне 20 грамм махорка, айына 3 қорап сіріңке және 7 темекі шегетін қағаз кітапша белгіленді.
Тіпті, фашисттер ірі темекі фабрикалары шоғырланған Қырымды басып алғаннан кейін, Сталиннің өзі қазақстандық темекі өндірушілерге мемлекетке махорка жеткізуді міндеттегені туралы әңгіме болды.
"Күйеуім екеуміз 60-жылдардың аяғында осында келгенде, совхоздың кең аумағында темекі қоралары көп болды. Бұл – үсті шатырмен жабылған тіректер. Ал ішінде темекі жапырақтары жіпке ілініп, кептірілді. Бірнеше бригада жұмыс істеді. Таңғы сағат 4-тен бастап темекіні суару, тізу, кептіру және басқа да жұмыстар жүргізілді. Бұл ауыр жұмыс еді, бірақ жақсы ақша төленді. Мелиоратор совхоз директорынан көп алды. Ал жылдың соңында сыйақы беретін. Оған бірден көлік сатып алуға болатын еді. Бұл өте үлкен ақша болды. 90-шы жылдары барлығы қиратылып, жер учаскелерге бөлініп, адамдарға үй салу үшін берілді. Кезінде темекі кептірілген жерде қазір "Рублевка" орналасқан", – дейді Лилия Григорьевна.
1942 жылы бұл аймақтарда темекі өсіру мен өңдеуді қолға алған кезде адами ресурстар мәселесі өткір тұрды, себебі өндіріс технологиясымен таныс адамдар аз еді. Көбіне бұл іспен сол кезде Қырым мен Кубанды мекендеген гректер айналысатын. Осылайша, грек халқын эвакуация түрінде Краснодар өлкесінен Сібір мен Қазақстанға жаппай көшіру басталды.
Панфиловтың гректері армияны қамтамасыз ететін және экспортқа шығарылатын темекіні өсірді. Кейін көптеген диқаншы гректер өздері өсірген соя мен жүзім сорттарына патенттер алды. Жалпы, диаспора совхоздың дамуына үлкен үлес қосты.
Константин Муратиди Табаксовхозда қарапайым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған, кейіннен мәскеулік "Динамо" мен алматылық "Қайрат" сапында ойнаған талантты футболшыларды тәрбиелеп, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы болды, ауылда қазір оның есімі берілген бассейн мен стадионның ашылуына қол жеткізді.
Ал София Калдурмиди және оның отбасы 90-шы жылдары тарихи маңызды ғимаратты қиратудан құтқарды: 1952 жылы салынған Стахановшылар үйі. Мұнда КСРО-ның түкпір-түкпірінен өндірістің озаттары үшін демалыс орны, совхоздық шипажайдың бір түрі болды. Төменгі қабатта асхана, ал екінші қабатта қонақ үй болған.
"1990 жылдары біздің отбасымыз ғимаратты аукционда сатып алып, оны мейрамханаға айналдырды. Мұнда адамдар үйлену тойларын, мерейтойларды өткізеді және грек нанынан дәм татып, нағыз грек кофесін ішуге барады", – дейді үй иесі және аспаз София Калдурмиди.
30 жылдан бері Калдурмиди отбасы ауылды Грециядан келген өнімдермен және өздері пісіретін нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді, сондай-ақ қайырымдылықпен айналысады.
Стахановшылар үйіне қарама-қарсы қарсы Мәдениет үйі орналасқан еді.
Соғыстан кейін Петр Томаровский жұмысшылардың бос уақытын көбейтуге тырысты. Ол "жақсы жұмыс істеген адам жақсы демалуы керек" деген идеяны белсенді түрде қолдады. Азық-түлік алу үшін қалаға барудың қажеті жоқ еді. Совхозда дүкендер, наубайхана, ет комбинаты, жүзім алқаптары, тіпті, балық өсірілетін тоғандар ұйымдастырылды.
Ал 1952 жылы Томаровский Мәдениет үйін немесе клуб салу туралы шешім қабылдады. Құрылысқа ақша берілмеді, бірақ ауыр жұмыстан кейін адамдарға демалу қажет еді. Сөйтіп, Томаровский темекіні вакуумды кептіруге арналған қаражатты осы құрылысқа бөлу туралы ерікті шешім қабылдады.
Одақ бойынша мұндай алып ғимараттар екеу болған деседі: Шелек және Алматы Табаксовхоздарында. Мәдениет үйінің ғимараты кең танымалдыққа ие болды, оның бейнесі ашық хаттарға, пошта маркаларына және темекі қораптарына басылды.
Бүгінде қаңырап бос тұрған бұл ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді.
Сондай-ақ, ауылда жергілікті тұрғындардың күшімен салынған мешіт бар.
"Үш жыл бойы жер учаскесін алуға тырыстық. Мұнда үйінділер, кептірілген ағаштар жататын. 90-шы жылдардан кейін бәрі қараусыз қалды. Біз ислам дінін ұстанатын әртүрлі ұлттардың 9 адамынан құралған топ құрдық. Сөйтіп, 2017 жылы Меккедегі қасиетті бұлақтың құрметіне "Зәмзәм" деп аталатын мешіт салдық", – дейді отставкадағы подполковник Байрам Магоевич.
Жұма күндері мешітте 500-ге жуық адам жиналады. Айта кетейік, мұнда қазіргі уақытта көпшілікке танымал Нұрлан Байжігітұлы 5 жыл бойы бас имам қызметін атқарған.
Сонымен қатар, 1994 жылы мұнда алғаш рет православие ғибадатханасы пайда болды. Егер әдетте шіркеулер крест түрінде салынса, онда Панфилов шіркеуі часовняға ұқсайтын ерекше архитектуралық пішінге ие. Ғибадатхана аумағында қуғын-сүргін жылдарында қаза тапқандарды еске алуға арналған ғибадат кресті, купель, сондай-ақ жертөлелер орналасқан.
Алматы маңында темекі өсіретін алғашқы шаруашылық – Табаксовхоз 1930 жылы құрылды. Содан бері 100 жылға жуық уақыт өтті, көп нәрсе өзгерді. Бір кездері миллион адамды сыйдырған совхоз қазір миллиондаған шешілмеген проблемасы бар ауылға айналды.
Фотолар: С. Томаровский, Л. Степа, К. Муратиди, А. Меляковтың жеке мұрағаттары және КЖА