Алматыдан Ыстықкөлге тау арқылы жеткізетін қысқа жол қашан ашылады
Ұзақ жылдар бойы Алматыдан Ыстықкөл курорттық көліне апаратын қысқа жол салу жоспары жайлы айтылып келді, бірақ, жоба әлі іске асырылған жоқ. Себебі неде? Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, жаңа трассаның артықшылықтарына қарамастан, ол Қазақстан үшін тиімсіз болуы мүмкін.
Қысқа жол салу мәселесі көптеген сұрақтар туғызады: қай тарап жол жүру ақысын төлейді, бұл жоба екіжақты немесе біржақты түрде жасалады ма, қысқа жол екі көрші республиканың экономикасына қалай әсер етеді, соңғы маршрут қандай болады және бұл жолды жүріп өтуге қанша уақыт кетеді.
Кеңес заманынан бері Ыстықкөл қазақстандықтардың ғана емес, ТМД-ның басқа да тұрғындары үшін сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Алайда, көлге апаратын жол адамдарды шаршатады. Бұдан бөлек, шекарадан өтуге тағы да біраз уақыт кететіні белгілі.
Осы орайда, туристерге қысқа жол уақытты едәуір үнемдеп қана қоймай, сонымен қатар, жағажайда демалу мақсатында ғана емес, басқа да істермен Қырғызстанға жиі баруға мүмкіндік берер еді.
Айта кетейік, Ұзынағаш пен Кемин арқылы Шолпан-Атаға баратын жаңа жол 260 шақырымды құрайды. Ал қазіргі Бішкек арқылы өтетін жолдың ұзындығы – 460 шақырым, тиісінше, жаңа маршрут жол жүру уақытын екі есе қысқартады.
Экономист Айдар Әлібаев баламалы жол салу туралы әңгімелер Дінмұхаммед Қонаевтың тұсында да жүргізілгенін еске алды. Оның пікірінше, бұл жол Қазақстанға қарағанда қырғыз тарапы үшін әлдеқайда маңызды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Ыстықкөл аумағында үй мен демалыс орындарын сатып ала алады
"Мемлекет шағын, халқы аз, ресурстар, пайдалы қазбалар тұрғысынан бай емес екенін ескерсек, Қырғызстанға жазғы кезеңде Ыстықкөл көлінде демалатын туристер айналымы айтарлықтай экономикалық қолдау көрсетеді", – дейді сарапшы.
Экономист алматылықтар үшін курорттық аймаққа апаратын ұзақ жолдың кедергі келтіретінімен келіседі. Сонымен қатар, кеденнен өтуге де көп уақыт пен күш жұмсалады.
"Көптеген туристер Қырғызстанға осы ыңғайсыз жол үшін, қалыпты қызмет көрсетудің және қолайлы жағдайлардың болмауына байланысты барғысы келмейді", – деді Айдар Әлібаев.
Сарапшының пікірінше, жаңа жолдың ашылуы туристік ағымды едәуір арттыруға мүмкіндік береді, бұл, әрине, Қырғызстан қазынасын толықтыруға айтарлықтай әсер етеді.
"Мұндай шешім екі тарапқа да қосымша мүмкіндіктер әкелетінін нақты айтуға болады. Адамдар бұл бағытты демалыс күнгі тур ретінде таңдайды. Өзім де бұл бағытты қуана қолданар едім. Жаңа, қысқа трасса жол жүру уақытын едәуір қысқартады. Жоғарыда аталған барлық артықшылықтардан бөлек, бұл жолдың пайда болуы сауда нүктелерін абаттандыруға, барлық инфрақұрылымды құруға, адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге және т.б. мүмкіндіктер береді", – деп атап өтті экономист.
Ыстықкөлге жаңа, қысқа жол салу туралы өз пікірін Қазақстан туристік қауымдастығының өкілі Рашида Шайкенова да айтып өтті.
Оның пікірінше, жобаның жүзеге асырылатындығын немесе талқылау сатысында қалатындығын бағалау қиын, бірақ, бұл жоба туристер ағынын арттыратынын және екі жаққа да пайдалы болатынын нақты айтуға болады.
"Ең алдымен, Қырғызстан бұл жобаны жүзеге асырудан көп пайда көреді, өйткені Ыстықкөл отбасылық демалысқа, жағажай туризміне арналған ескі, сүйікті орын. Егер 2021 жыл Алакөл үшін рекордтық жыл болса, 2022 жылы барлық шекаралар ашылған кезде туристер Ыстықкөлге белсенді бара бастады. Әрине, бұл аймақ қазақстандықтардың туристік ағымының бір бөлігін өзіне тартатын болады. Бір жағынан, ішкі туризмді дамытуға мүдделі ел ретінде туристердің көрші республикада демалуы бізге онша тиімді емес. Бірақ, Ыстықкөлде қазақстандық ересектер мен балалар үшін демалу және сауығу мүмкіндігін ескерсек, нәтижесінде жол салуды жүзеге асыру біздің туристік саламыз үшін де жақсы жоба болуы мүмкін. Бұл туристердің өзара алмасуы болуы мүмкін, мысалы, қырғыз туристерін қазақстандық тау туризмі қызықтырады", – дейді Рашида Шайкенова.
Ол сондай-ақ жобада Қырғызстанның таулы жерлеріндегі туризмді қарастыратын Қазақстан мен басқа елдердің азаматтарына жағдай жасауға назар аудару маңызды деп санайды.
Оқи отырыңыз: Ыстықкөлге баламен бару үшін оның паспорты болуы керек. Туу туралы куәлігі жарамайды
"Қысқа жол салу өте күрделі мәселе, мұнда экономикалық және саяси контекст маңызды. Әзірге біз қырғыз үкіметі мен республиканың туристік нарығының тепе-тең негізде, жаңа туристік маршруттарды ашуға, жаңа туристік өнімдерді дамытуға тікелей мүдделілігін көрмейміз, бірақ уақыт көрсетеді. Әрине, жаңа жол көптеген мүмкіндіктер ашар еді", – деп қорытындылады сарапшы.