"Әйелім босанғанда жанында болдым". Перзентханаға серіктес болып кірген әкелердің хикаясы
Психолог босануға серіктес болып кіру туралы соңғы шешімді ер адамның өзі қабылдауы керек екенін айтты.Қазақстанда жүкті әйелдерге перзентханаға серіктес алып кіруге рұқсат етілген. Оған 18 жасқа толған отбасы мүшесі немесе жақын адамы кіре алады. Cоңғы жылдары серіктес ретінде күйеуін алып кіретін әйелдердің көбейгенін байқауға болады. Алайда, барлық әке бірдей баласының дүниеге келу сәтінің куәгері болуға құмар емес. Ел арасында әйелінң қалай босанғанын көрген ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы "бұзылып кететіні" туралы да аңыз бар. Десе де, бұл стереотипке қарамай, баласын бірінші болып құшағына алған әкелер де аз емес.
Информбюро материалында перзентханға серіктес болып кірген жас әкелердің хикаясын ұсынамыз.
"Екі рет серіктес болдым"
Астана қаласының 26 жастағы тұрғыны Диас – екі баланың әкесі. Ол екі баласының да өмірге келу сәтінің куәгері болған.
"Тұңғышым өмірге келерде перзентханаға серіктес болып кіруге өзім сұрандым. Оған нақты не әсер еткенін білмеймін. Ең бірінші себеп балама және әйеліме деген махаббатым деп ойлаймын. Сонымен қатар өзім ерекше құбылыстарға қатты қызығатын адаммын. Баланың өмірге келу процесі және өмірге келгендегі бірінші әрекеттері, дауысы қатты қызық болды. Әртүрлі мақала оқып, видеолар көріп, алдын ала дайындалдым. Әйелімнің толғағы басталып, перзентханаға кірген бойда дәрігерлермен сөйлесіп, жанында болдым. Себебі, менің ойымша, әйелді ер азаматынан артық ешкім түсіне алмайды. Екінші жағынан, баланың өмірге келу процесі өзім үшін де қызық болды. Барлығын дұрыстап, көз алмай қарап жүрдім. Сол үшін акушер: "Сіз кәдімгідей зерттеп жүрсіз ғой, шамалы тыныш тұрсаңызшы" деп ұрысқан еді. Қазір бәрін күліп еске аламын", – деді Диас.
Диас алғашқы тәжірибеде қызықтармен қатар қиындықтар да болғанын жасырмайды.
"Тұңғышымыз өмірге келерде көп сөйлеп, әйелімнің мазасын алмауға тырыстым. Керісінше, оны тыңдап, қолынан ұстап, қолдау білдіруге барымды салдым. Жаны қиналған кезде қолымды қатты қысып ұстап, кейде тіпті тырнап алған кезі де болды. Өмірге адам әкелу оңай процесс емес екен. Сол сәтте әйеліңе барынша қолдау көрсетіп, жылы-жылы сөйлеп, жігерлендіріп, жанында екеніңді білдіру маңызды", – деді жас әке.
Осыдан кейін екінші баласы дүниеге келерде әйелі Диастан перзентханаға бірге кіруді өзі өтінген.
"Ал екінші рет кіргенде бәрі жеңілірек өтті. Бұл кезде, керісінше, әйеліммен барынша сөйлесуге, көңілін аулауға, массаж жасап, фитболда жаттығулар істеуге көмектесіп, душта өзін жайлы сезінуі үшін музыка қосып, босану барысында қолынан ұстап, не істеу керек екенін айтып тұрдым. Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол жерде уайым да, қорқыныш та, қуаныш та болады. Бастысы үрейге берілмеу керек", – деді ол.
Диас барлық жас әкеге әйеліне босануда серіктес болып кіруді ұсынды.
"Ел арасында "босануға бірге кірсең, әйеліңе суып кетесің" деген пікір айтылып жатады. Мен онымен келіспеймін. Себебі, осы арқылы әкелік сезімді тереңірек сезінуге болатын сияқты. Қазір кей еркектер "балам бар екенін әлі сезіне алмай жүрмін" деп жатады. Сондай жағдай болмас үшін, әкелік сезімнің бірден оянуы үшін еркектерге сүйіктісіне қолдау білдіріп, перзентханаға бірге кіруді ұсынамын", – деді Диас.
"Барлық еркек бұл процеске шыдайды деп айта алмас едім"
Ал 27 жастағы Аңсар әйелінің серіктес болу туралы өтінішінен басында үзілді-кесілді бас тартқан.
"Әйелім перзентханаға бірге кіру туралы айтқан кезде бірден бас тарттым. Еркектер жүретін жер емес сияқты көрінді. Оның үстіне "әйеліңнің қалай босанғанын көрген соң, оған суып кетесің", "өмірің бұрынғыдай болмайды" дегендерді жиі еститінмін. Одан да әкелеріміз сияқты әйелімді перзентханаға апарып тастап, кейін терезенің түбіне келіп, "Кім таптың?" деп айқайлаған дұрыс сияқты көрінді. Себебі, біздің көріп өскеніміз – сол. Бірақ мен кірмесем, әйелім доула жалдайтынын айтты. Доула – босануға бірге кіретін серіктес. Оған сол үшін ақша төлейсің. Бөтен адам. Сол кезде барып "қалай баламның өмірге келу сәтін өзім еш танымайтын адамға сеніп тапсырамын" деген ой келді. Ойлана келе, серіктес болуға келістім", – деді Аңсар.
Алайда Аңсар әйелімен бірге босану туралы курстарға бармаған, ешқандай әдебиет оқымаған, видео-сабақтар қарамаған.
"Маған бәрі оңай болатын сияқты көрінді. Бәрінің әйелі босанып жатыр ғой деп ойладым. Бірақ әйелімнің толғағы аяқ асты басталған кезде ештеңеге дайын емес екенімді ұқтым. Таңғы сағат 6 шамасында әйелім "ауырып тұрмын" деп оятты. Тез-тез заттарымызды алып, перзентханаға бардық. Ол жерде мен қорыққан сайын әйелімнің де қорқынышы үдей бастады. Сол кезде барып есімді жидым. Қолдау көрсетіп, көңілін аулауға тырыстым. Арқасына, беліне білгенімше массаж жасап бердім. "Бәрі жақсы болады, сен мықтысың" деп жігерлендірген болдым. Ішімнен неге массажды қалай жасау керек екенін, не істеу керек екенін алдын ала үйреніп алмадым деп ойладым", – деді жас әке.
Аңсар баласы дүниеге келгенде қуаныштан жылап жібергенін де жасырмады.
"Қызымның "шыр" еткен дауысы шыққанда көзімнен ыстық жас парлап кетті. Акушерлер оны бірден әйелімнің кеудесіне жатқызды. Кіп-кішкентай болып, бүрісіп, жылап жатты. Сол кезде кеудеме өзіме бейтаныс бір сезім толып, аяқ-қолымнан әл кетіп қалды. Енді оның қорғаны болуым керек екенін түсіндім. Бірден есейіп кеткендей сезім болды", – деді Аңсар.
Десе де Аңсар босануға серіктес болып кіргісі келетін ерлерді арнайы дайындықтан өтуге шақырды.
"Бұл – өте күрделі процесс. Қазір айтқан кезде бәрі оңай сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ әйеліңнің қиналғанын көру, баланың өмірге келуін көру оңай емес. Психикаң мықты болуы керек сияқты. Өзі қиналып жатқан әйеліңнің барлық "еркелігін" көтере алуың керек. Сондықтан барлық еркек бұл процеске шыдайды деп айта алмас едім. Іштей дайын еркектер ғана кірсін. Оның өзінде алдын ала дайындық курстарына қатысып алу керек шығар. Ал, оларды міндеттеп кіргізу дұрыс емес деп санаймын", – деді жас әке.
"Іштей дайын еркектер ғана кіргені жөн"
Психолог Ләззат Қыпшақбаева да босануға серіктес болып кіру туралы соңғы шешімді ер адамдардың өзі қабылдауы керек екенін айтты.
"Әр адамның психикасы әртүрлі. Босану процесі де әр әйелде әртүрлі өтеді. Сондықтан ер адам өзі іштей дайын болып, психикасы шыдай алса ғана кіргені жөн. Әйтпесе, қазір күйеуін серіктес қылу сәнге айналып кеткендей. "Құрбымның күйеуі серіктес болды, сен де боласың" деу дұрыс емес. Бәлкім, сіздің күйеуіңіздің психикасы ондай жағдайға шыдамауы мүмкін, жүрегі нәзік болуы мүмкін. Күйеуіңіз есінен танып қалса, өзіңіз оған алаңдап, қиналып қалуыңыз мүмкін, дәрігерлердің де назары бөлініп кетеді. Сондықтан күйеуіңіз дайын болса ғана кіргізіңіз. Сонымен қатар қазір серіктеспен босануға дайындық курстары бар. Соларға міндетті түрде қатысқан жөн", – деді маман.