"Адал еңбек – адал табыс": Көпбалалы ана өз-өзін жұмыспен қамтудың тиімді тұстарын әңгімеледі
Алматы облысының тұрғыны Гүлнәз Қайыпова – төрт баланың анасы. Мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет еткен. Ол бүгінде 400 айлық есептік көрсеткіш есебінде мемлекет тарапынан грант алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Моншақ, гипс, жүн секілді түрлі материалмен жұмыс істеп, өз қолынан шыққан бұйымдарды саудаға шығарады. Осы орайда ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Еңбек адамын дәріптеу" идеясымен толықтай келісетінін айтады.
Оқи отырыңыз: Грант байқауы – 2024: Қандай квоталар бар және кімдер тегін оқи алады
"Өзім мектепте бастауыш пәнінен сабақ беремін. Балаларымды босанғаннан кейін декреттік демалыста ұзақ уақыт отырдым. Үйде негізінен бала тәрбиесімен айналыстым. Уақыт өте келе өз кәсібімді ашып, көп қаражат тапқым келді. Оның үстіне өзім де хобби ретінде қолөнердің түр-түрімен айналысып жүрген болатынмын. Ұзатылып жатқан қыздарға жасау жасадым, моншақтан түрлі бұйымдар тоқыдым, әртүрлі сурет салдым, кейін гипстен әдемі бұйымдар жасауды үйрендім. Осылай қалай жеке кәсібімді бастарымды білмей жүрген кезде мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант берілетінін естідім. 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде берілетін грантты иелену үшін алдымен өз бұйымдарыңызды ұсынуыңыз қажет. Мен осы күнге дейін жасаған қолөнер бұйымдарының үстіне жаңасын қосып, тиісті жерге алып бардым. Жасап алып барған заттарым толықтай ұнап, маған грант тағайындалды. Заттарымның барлығын алып жұмысқа кірістім. Бұйымдарым жоғары сұранысқа ие бола бастағанда жаныма көмекші қажет екенін түсіндім. Қасыма көмекші алғаннан кейін гипспен бірге смоламен жұмыс істеуді үйрендім. Смоламен де түрлі зат, сағат, картина жасай аламын. Бастапқы бір жылда жан-жақтан тәжірибе жинап, бүгінгі таңда үйренгісі келгендерге шеберлік сабағын өткізіп жүрмін", – деді кәсіпкер ана Гүлнәз Қайыпова.
Көп бала ана Гүлнәз Қайыпова гипс материалынан түрлі формада тиын жинайтын ойыншықтар жасап, аптасына бір рет келісімшартқа отырған компанияларға апарып өткізеді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Еңбек адамын ұлықтау, құрметтеу" және Ұлттық құрылтай кезінде айтылған "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" атты тұжырымдамасымен толықтай келісемін. Өйткені қазір өзім де адал еңбегіммен адал табыс тауып отырғандардың қатарындамын және осындай азаматтардың көбейіп келе жатқанын білемін. Мемлекет немесе жақындарымыздың тарапынан кішкене ғана материалдық, моральдық қолдау болса, еліміздегі мен секілді әрбір ананың өз кәсібін дөңгелетіп алып кететініне сенімдімін. Барша қазақстандықты, барша Қазақстан әйелдерін, әсіресе, үйде баламен отырған қыз-келіншектерді осы секілді гранттарды пайдаланып, кәсібін бастап кетуге шақырамын. Алдағы уақытта осындай гранттар тоқтап қалмаса екен, олардың көлемі ұлғая түссе екен деген ниет, тілегім де бар. Бұл ірі кәсіпорын ашып, жаңа бизнестің тізгінін ұстағысы келіп отырған көпбалалы аналарға, көпбалалы әкелерге тиімді болатын еді. Бұл біз үшін мемлекет тарапынан үлкен көмек. Қазақстанда адал еңбекпен адал күн көруге болады. Қазақ атам айтқандай, әр еңбектің түбі берекелі іспен бітеді, наны тәтті болады. Адал еңбек еткен адамға Қазақстанда жақсы өмір сүруге мүмкіндік көп", – деді жас кәсіпкер Гүлнәз Қайыпова.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 4,5 мың адамға кәсіп бастауға 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант беріледі
Кәсіпкер ана өзімен қатар бір істі қолға алып, бүгінде өз отбасын еркін асырап отырған қыз-келіншектер мен ер азаматтардың қатары көбейіп келе жатқанын айтады. Сондай-ақ ол халықтың еңбекқор болуы үшін психологиялық жұмыстар мен заң үстемдігін қамтамасыз ету қажет екеніне тоқталды. Мұнымен қатар Гүлнәз Қайыпова өзіңді өзің жұмыспен қамтудың тиімді тұстарына тоқталды.
"Өзіңе өзің жұмыс істеудің ұтымды жақтары мол. Бәлкім осы артықшылықтар енді кәсібін бастап келе жатқандарға мотивация болатын шығар. Біріншіден, демалыс пен жұмыс уақытын тікелей өзіңіз белгілейсіз. Бұл әсіресе мен секілді көпбалалы аналар үшін өте тиімді. Әрине, кей кезде тапсырыс көп болған кезде артық уақыт жұмыс істеуің мүмкін. Дегенмен бұл уақыт ақшамен өтеледі. Таңғы тоғыздан алтыға дейін жалғасатын жұмыстағыдай табысыңды ешкім шектей алмайды. Яғни, қанша клиент тапсаң және өнімің қаншалықты сапалы болса, соншалықты қаражат табасың. Осындай кішігірім болсын кәсібіңді қолға алған кезде жан-жақты маманға айналасыз: өзіңізге қажет сапалырақ материалды өзіңіз іздейсіз, өзіңіз адамдармен байланысқа шығасыз, өз қаражатыңызды өзіңіз есептейсіз дегендей. Уақыт өте келе жұмыстың көптігінен көмекші алсаңыз да, барлық жұмыстың қалай жасалатынын біліп тұрасыз. Ең бастысы, әрине – жауапкершілік те арта түседі. Жеңіл ешнәрсе жоқ екені рас болса да, осыншама еңбегіңіздің жемісін көресіз. Себебі, кәсіпте ең бастысы – тәжірибе", – деді қолөнерші Гүлнәз Қайыпова.
Дегенмен, көпбалалы ана өзгелерге жұмыс істеудің де оң тұстары бар екенін айтады. Бірақ басты шарт – өз ісіңнің маманы болу.
"Егер сұранысқа ие мықты маман болсаңыз, біреуге жұмыс істесеңіз де, өзіңізге қызмет етсеңіз де, табысты болатыныңыз сөзсіз", – деді Гүлнәз Қайыпова.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы халықты жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын іске асыру шеңберінде 943 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.
2025 жылға дейін алпыс тоғыз мыңнан астам Қазақстан азаматын жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл 2024 жылдың басынан бері нақты жүзеге асып келе жатқан жобалар шеңберінде жасалады. Дәлірек:
- субсидияланатын жұмыс орындарына (оның ішінде 9 мың грант беріледі) – 193,8 мың;
- бос жұмыс орындарына – 318,1 мың;
- Мемлекет басшысының "10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны" бастамасы шеңберінде – 341,3 мың;
- жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын кредит беру шеңберінде – 5,8 мың, "Ауыл аманаты" жобасы бойынша кредит беру шеңберінде – 15,2 мың.