Абай мен Шәкәрім, Махамбет пен Біржан салдың домбырасы сақтаулы Ықылас музейінен фоторепортаж
Қазақстанда 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Атаулы күн қарсаңында Информбюро тілшісі Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне барып, ерекше домбыралармен танысып қайтты.
1980 жылы ашылған музейде қазақтың ұлттық аспаптарымен қатар, елуден астам өзге елдердің де музыкалық аспаптары бар. Музейде барлығы 1354 аспап бар: негізгі қорда – 800, қосалқы қорда – 500-ден астам аспап сақталып тұр. Екі зал домбыраға арналған.
Домбыраның көне аспап екеніне бірінші залдағы тасқа қашалып салынған суреттер дәлел бола алады. Төрт мың жылды қамтитын таста домбыра мен оның айналасында бишілер бейнеленген.
Мемориалдық аспаптар залында танымал ақын, күйші, жыраулардың 23 домбырасы сақталған. Құрманғазының домбырасы ғана көшірме, ал қалғаны – түпнұсқа. Біржан салдың, Ақан серінің, Абай мен Шәкәрімнің, Жамбылдың, күйші Динаның, Махамбеттің, Қазанғаптың, Сүгіпдің, Естайдың және басқа да ірі тұлғалардың домбыралары қойылған.
Домбыраның екі түрі бар: қалақша пішінді және жұмыр шанақты. Қалақша пішінді домбыра Қазақстанның шығысында көп қолданыласа, ал жұмыр шанақтысы батыста кең таралған. Пішіні шағындау түрі көбінесе оңтүстікте, Жетісу, Сыр өңірінде қолданылған. Домбыраның ойығы кішкентай болса – әнге, үлкен болса күйге арналған. Күй мектебіне байланысты да домбыралар әртүрлі. Домбыраның ең үлкені бас домбыра болса, ең кішкентайын шіңкілдек деп атайды.
"Абайдың бір домбырасы Семейдегі үйінде сақталған. Екінші домбырасы ұрпақтан-ұрпаққа үш рет берілген. 1985 жылы туысқандары Ықылас музейінің қорына өткізген. Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы Абайдыкіне ұқсас қалақша пішінді. Құрманғазының домбырасы – көшірме, ал тұпнұсқасы Астраханьдағы Құрманғазы атындағы қорда сақталған. Көшірмесін 2018 жылы Едіге Нәбиев деген шебер жасады. Ең көне домыра – Махамбет Өтемісұлыныкі, ал ең жас домбыра – 1985 жылы тапсырған Мағауия Хамзиннің домбырасы. Домбыралар түпнұсқа болған соң келушілер көп", – деді экскурсия жетекшісі Әдемі Ерікқызы.
Айтуынша, Біржан сал өте бойшаң кісі болғандықтан домбырасы да ұзын болған.
Ақан серінің домбырасын ол туралы екі томдық роман жазған Сәкен Жүнісов Ақан серінің ғашығы Ақтоқтының ұрпақтарының қолынан алып қалған. Кейіннен оны жазушының туыстары музейге өткізген.
Дина Нұрпейісованың домбырасы қызыл ағаштан жасалған. Бетінде Жамбыл Жабаевтың суреті бейнеленген. Ішектері жылқының қылынан не малдың ішегінен жасалған. Кейіннен өзінің қалауымен лескаға ауыстырылған.
"Ортада тұрған Естайдың домбырасындағы ою-өрнектер ортекенің мүйізінен немесе маралдың сүйегінен жасалған. Көбінесе қайың ағашын қолданған. Ағаштың энергетикасы, яғни күші домбыраға берілсін деген оймен бір ағаштан тұтас ойып жасайды. Жылқының қылын да сондай мақсатпен таққан", – деді Әдемі Ерікқызы.
Мемориал залында "Қырымның қырық батырын" біздің заманға жеткізген Мұрын жыраудың домбырасы бар. Ал Сейтек Оразалыұлы домбырасын аурудан сақтайды деген ниетпен әртүрлі әйнекпен немесе айнамен безендірген.
Ахмет Жұбановтың домбырасын музейге қызы тапсырса, Нұрғиса Тілендиевтікін жары Дариға Тілендиева тапсырды.
"Мағауия Хамзиннің домбырасында 19 перне бар. Өзі қосымша 6 перне қосқан. Бет тақтайына ойық жасаған. Домбырада ойнағанда домбырашының қолы бет тақтайға тиіп, домбыраның дыбысын бұзады деп санайды. Эксперименті сәтті шыққан", – деді экскурсия жетекшісі.
Музейде төкпе күйдің негізін салушы, бір ғана "Қоңыр" атты күйімен қазақ еліне танылған Әбікен Хасеновтің де домбырасы тұр. Ал әнші Жүсіпбек Елебеков домбырасының шетін бисерге ұсқас материалмен безендірген. Гүлдің суреті ортекенің мүйізінен жасалған.
Ақжелең күйінің 62 нұсқасын шығарған Қазанғаптың да домбырасы музейде сақтаулы.
Әдемі Ерікқызының айтуынша, көп домбыраның жасалған уақыты мен шебері белгісіз. Көпшілігін музейге ұрпақтары әкеліп табыстаған.
"1980 жылы Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен домбыраларды сұрау, жинау басталады. Белгілі бір мөлшерде жинап біткен соң музейге қойылды. Туысқандары естігеннен кейін өздері әкеліп тапсыра бастады", – деді экскурсия жетекшісі.
Тарихи тұлғалардың домбырасын музейде қалай сақталатынын сұрадық. Әр дүйсенбі – санитарлық күнде музей жабық болады. Сол кезде музей қызметкерлері әйнек сөрені ашып, аспаптардың шаңын құрғақ матамен сүртеді. Мемориал залында температура жыл бойы бірқалыпты тұрады және жарық қатты түспейді. Бұл ағаш ашылып, терісі ортасынан ойылып кетпеуі үшін қажет.
Домбыралар мемориалдық аспаптар залынан бөлек шеберлер залына қойылған. Коронавирус пандемиясына дейін өткен шеберлер арасындағы "Үкілі домбыра", "Аңыз домбыра" атты сайыстарда жүлде алған шеберлердің домбыралары музей қорына табысталған. Мұнда қоссаз, екі жақты домбыра, үшем домбыра, рәш домбыра, қозықұйрық домбыра, кең шанақты домбыра, алмұрт пішінді домбыра, қуыс мойынды домбыра секілді ерекше пішінді домбыралар қойылған.
"Бұл жердегі домбыралар көп қолданылмайды. Үш ішекті шертер мен екі ішекті домбыраны қосқанда қоссаз деген аспап шыққан. Бес ішекті аспапты бір адам ғана ойнайды. Қазақстанда қоссаздың құлағында ойнай алатындар өте аз, өйткені бұл аспапты игеру өте қиын. Екі жақты домбыраның бір жағында ойық болса, екінші жағында ойығы жоқ. Екі жағын да тартуға болады. Көңіл көтеру мақсатында ойлап тапқан, көбінесе бай кісілердің үйінде болған. Ойығы барын күйге, ойығы жоғын әнге пайдаланған. Үшем домбыраның үш шанағы, үш ішегі және үш ойығы бар. Рәш домбыра түркі тілдес халықтардың аспабына ұқсас. Алты мың жылдық тарихы бар домбыраның бастапқы атауы қозықұйрық болған деседі. Музейден оны да көре аласыздар", – деді Әдемі Ерікқызы.
"Шертер" компаниясы музейдегі музыкалық аспаптарға реставрация жасауға көмектеседі. Сол компанияда жұмыс істейтін құлағында аттың бейнесі бар Асима Иманғалиева жасаған домбыра музейге қойылған. Дина Нұрпейсіованың домбырасын жасаған Қамар Қасымовты "қазақтыың Страдивариусы" атап кеткен.
Шетелде өтетін көрмелерге аспаптардың көшірмесі шығарылады. Көрмелерге міндетті түрде музей қызметкері баруы керек. Ал қор сақтаушы қорға келген аспаптарды қабылдайды. Сынған, бұзылған аспаптарды реставрацияға жөндеуге береді.
"Танымал тұлғалардың аспабын көрмеге көп шығара бермейміз, себебі олар көне болғандықтан қайталанбайды. Маңызды іс-шараларға ғана жарайтын аспаптың түпнұсқаны апарамыз. Жарамайтын аспаптар да бар. Мысалы, Жарас бақсының қобызы сүртуге де жарамайды. Оны сары майдай сақтап, қозғалтпауға тырысамыз. Ұшақпе не жеңіл көлікпен жеткізгенде аспапты қорабына саламыз. Көп жерді алатын болса пакетке нығыздап орап, қағаз қорапқа салып, жеңіл көліктерге тиейміз", – деді қор сақтаушы Айгерім Сағынбайқызы.
Қор сақтау бөлімінде екі зал бар. Музейдің әр залында температура, ылғалдылық қанша екені көрсетілген. 1908 жылы салынған ғимарат зәкке қарсы, жер сілкінісіне шыдас береді. Кондиционер жоқ, себебі қатты ыстық болса аспаптар кеуіп кетеді, ал қатты суық болса желімі ажырап кетуі мүмкін.
"Шетелге ерекшеленетін аспаптарды жібереміз. Боранқұл Көшмағамбетұлының домбырасын қабылдадық. Қалақша тәріздес, ескі домбыра. Бетінде 1938 жылы жасалған деп жазылған. Осындай аспаптарды ұрпақтары тегін өткізеді. Келген аспаптың сипаттамасын кестеге сай толтырып, нөмірлейміз. Бағалы, көне, тарихы бар болса негізгі қорға қабылдаймыз. Кей аспаптарды сатып аламыз. Сатып алынса құны белгіленеді. Аспап туралы мәліметтерді жазып, бізге қалдырып кетеді. Оларды тоқсан сайын комиссия отырысында қарап, музейге жараса нөмір береміз", – деді қор сақтаушы.
Музейдің ғылыми қызметкері Жансая Қожахан мемориалдық аспаптар залында домбыралар тұлғалардың жас шамасымен қойылғанын айтты. Олай болса бұл жерде ең көне домбыра – Махамбеттің домбырасы. Қызылорда қаласындағы Арыстан Баталов деген кісінің қолында болған домбыраны Сейтек Оразалы іздеп барып, ойнап көреді. Домбыраны ұнатқанымен оған бермейді. Арыстан Баталов өмірден өткеннен кейін домбыра туыстарының қолында болады. Олар Ресейге көшіп кеткенде Елеу деген қарт кісінің қолына өтеді. Елеу қайтыс болғаннан кейін ұрпақтары домбыраны қайтадан Қазақстанға алып келеді 1980 жылдары музей ашылған уақытта Мұстафа Исмагулов деген кісі Махамбеттің домбырасын музейге өткізеді.
"Домбыраның артына қарап желінгенін, кірленгенін, яғни көне екенін байқауға болады. Ал бет тақтайы – жаңа, ауыстырылған. Залда тұрған барлық аспап реставрациялық жұмыстан өткізілді. 2020 жылы "Жәдігер" деген антологияны жарыққа шығардық. Аспапатардың дыбысын шығару үшін оларды жөндедік. Залда тұрған барлық домбыра дыбысталып, әні-күйшілер атақты шығармаларын орындады", – деді Жансая Қожахан.
Музейде Құрманғазының нақ өзі ұстап ойнап жүрген аспабы емес, қолының табы тиген домбыра қойылған. Ыбыр Досалиев деген кісінің аспабын бір жиында Құрманғазы ойнаған.
"Ерғали Есжановтың домбырасы тұр. Күйші Дина екеуі Құрманғазының шәкірті болған. Құрманғазы түрмеден қашқан кезде Ерғалидің үйінде тығылып, оған домбыраны, күйшілік өнерді үйреткен. Шәкәрімнің домбырасы 2019 жылы алынды. Ахат деген ұлы сақтап келген. Кейін бірнеше адамның қолында болған. Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали меценат кісіден көріп қалып, "мұра халықтың алдында тұруы керек" деген оймен музейге алынды. Қай тұлғаны алсақ та бір ғана аспабы болмағанын ескерген жөн. Мысалы, Ұлттық музейде де күйші Динаның домбырасы тұр. Біздің музейдегі домбырасы Атыраудағы тарихи-өлкетану музейінен алынған", – деді Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ғылыми қызметкері.
Музейге жақында ғана Мағауия Хамзиннің қыздары келіп кеткен. Олардың айтуыша, ол кісі дайын аспапты сатып алып, түгелдей шашып тастайды екен. Оларды жылу батареяларына кептіреді де, қайтадан жинайды. Залда ерекше көзге түсетін аспап та сол кісінікі, өйткені бетінде қосымша бөліктері бар. Ол қолды қойғанда аспаптың дыбысы кедергісіз, тап-таза болып шығуына әсер етеді. Мағауия Хамзинді өнертапқыш деуге болады.
Музей коллекциясы мұнымен шектелмейді. Музей қызметкерлері атақты күйшілер мен әншілердің домбыраларын алып қалуды мақсат етеді.