Қазақстан шахмат федерациясы Жансая Әбдімәлікті "Дара" орденімен марапаттады
Жансая – ерлер арасындағы гроссмейстер атағына қол жеткізген тұңғыш қазақстандық шахматшы қыз.Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгін атақты қазақстандық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікпен кездесіп, оны кәсіби жетістігімен жеке құттықтап, Шахмат федерациясының ең жоғары наградаларының бірі – "Дара" орденін тапсырды.
Еске салайық, Гибралтардағы әйелдер арасындағы шахматтан Гран-при кезеңіндегі ойынының қорытындысы бойынша Жансая Әбдімәлік тарихи жетістіктің авторы болды. Бірде-бір ойында жеңілмеген шахматшы мәртебелі жарыста мерзімінен бұрын жеңіске жетіп қана қоймай, сонымен қатар халықаралық гроссмейстер атағын алған алғашқы қазақстандық, сондай-ақ Орталық Азия өкілі болды.
Оқи отырыңыз: Президент Жансая Әбдімәлікті ерлер арасындағы гроссмейстер атағын иеленуімен құттықтады
Бейбіт Атамқұлов спортшыны жетістігімен шын жүректен құттықтап, еліміздің спорт жетістіктері қазынасына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, шахматшыға жаңа жетістіктер тіледі.