Қазақстанның аумақтық даму жоспары 1 шілдеге дейін дайын болады
"Біз әр аймақтың жағдайы қандай екенін, әлеуметтік көрсеткіштерге қалай қол жеткізіліп жатқанын, тұрақты даму мақсаттары қалай орындалатынын, белгілі бір аймақтардың экологиялық жағдайын нақты түсінуіміз керек. Әр аймақтың өзіндік бәсекелестік артықшылығы бар. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары ірі өндірістерді технологиялық жаңартуға бейім. Кейбір аймақтар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Мұнай өңдеу – Қазақстанның батыс аймақтарында. Сонымен қатар, біз аумақтарды дамыту саясаты үшін агломерация құрып жатырмыз. Ең алдымен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент айналасында тиісті даму болуы керек", – деді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Бюджет саясаты, салық, әлеумет және инфрақұрылым саясаты қалай құрылады – мұның барлығы аймақтарға қатысты аумақтарды дамыту жоспарында көрініс табады.
"Біз оны Ұлттық экономика министрлігімен бірге дамытып жатырмыз. Біздің ойымызша, 1 шілдеге дейін бұл жоба реформалардың жоғарғы кеңесінің отырысында қаралады", – деп нақтылады Қайрат Келімбетов.