ҚР Салық кодексінің 166 бабының талабы сондай. Ол үшін кәсіпкер ең алдымен бақылау-кассалық аппаратын алып, оны салық органына тіркеуі шарт.

Онлайн жұмыс істейтін және мемлекеттік реестрде бар "кассаны" таңдаңыз

Бақылау-кассалық аппараттары екі түрлі болады:

  • Құрылғы түрінде (кассалық аппараттар мен регистраторлар);
  • Бағдарламалық (гаджеттерге бағдарлама мен қосымша жүктеу арқылы).

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің реестрінде 216 түрлі бақылау-кассалық аппараты тіркелген. Заң бойынша, кәсіпкер тек мемлекеттік реестрінде бар бақылау-кассалық аппараттарды пайдалануы тиіс. Яғни, бақылау-кассалық аппарат бұл тізімде болмаса, сіздің құрылғыңыз заңсыз саналады.

Реестрдегі тізімді толық көру үшін мына сілтемеге өтіңіз: https://cdb.kz/sistema/page/gosudarstvennyy-reestr-kontrolno-kassovykh-mashin/

Тағы бір айта кетерлігі, тізімдегі 216 бақылау-кассалық аппараттың 85-і ғана онлайн жұмыс істейді. Сол 85-тің 15-і мобильді құрылғыларға да арналған. Яғни, телефон немесе планшет секілді гаджетіңізге қосымшасын көшіріп алсаңыз жеткілікті.

Заң бойынша, егер сіз интернет бар жерде кәсіппен айналысатын болсаңыз, онлайн кассалық аппаратты пайдалануға міндеттісіз. Тек шалғай ауыл секілді интернет жоқ жерде ғана ол міндеттелмейді. Бірақ, онда да жоғарыдағы реестрдегі бақылау-кассалық аппараттың біреуін пайдалануға тиістісіз.

Бақылау-кассалық аппараттарының қызметі ақылы

Жүз пайыз тегінінен бастап айына 70-80 мың теңгеге дейін жететіндері бар. Ұсыныстары стандартты болғанымен, олардың ыңғайлылығы, қосымша қызмет түрі секілді кей тартымдылықтарына байланысты бағасы да қымбатырақ болуы мүмкін.

Келесі қадам – ФМО. Ол не?

Бақылау-кассалық аппаратты алғаннан кейін сіз фискалды мәліметтер операторын (ФМО) таңдайсыз. Қазір мұндай үш оператор бар:

  • "Қазақтелеком" АҚ;
  • "Транстелеком" АҚ;
  • "Кар-Тел" ЖШС.

Бұл компаниялардың міндеті әр түбіртек бойынша ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына жеткізу және оны бес жыл бойы сақтау.

Бұл компаниялардың қызметі де ақылы. Шамамен айына 1500 теңгедей.

Кәсіпкерлердің деректері сенімді қорғала ма?

Кәсіпкерлер бухгалтериясының барлық деректері мен коммерциялық құпияларының бәрін фискалды мәлімет операторы мен мемлекетке "сеніп тапсыруға" мәжбүр. Сондықтан дербес деректерінің өзге кәсіпкерлерге, жалпы көпшілікке жария болып кетуіне алаңдаушылық білдіріп отырғандар да бар.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, фискалды мәлімет операторы болуы үшін телекоммуникация компаниялары тиісті қауіпсіздік сертификатын орнатуы керек. Алайда, сертификаттың қандай талаптарға сай болуы керектігі нақтыланбаған.

Мемлекеттік кірістер комитеті Цифровизация және мемлекеттік қызметтер департаменті директорының міндетін атқарушы Заңғар Шындалиевтің пікірінше, операторлар кәсіпкердің мәліметтерін көре алмайды. Операторлардың міндеті осы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органына тапсыру. Сондықтан кәсіпкерлердің коммерциялық құпиясы тарап кетеді деп қауіптенуі орынсыз.

Бізге белгілі болғандай, бақылау-кассалық аппараттарды ұсынатын компаниялардың кәсіпкерлер деректерін сақтауда нақты міндеттері мен жауапкершіліктері айқындалмаған. Тіпті, ол жағынан ешқандай талап та жоқ.

Яғни, олар өз тұтынушылары туралы барлық деректерді, олардың табысы мен шығыны туралы мәліметтерге жүз пайыз иелік ете отырып, оны қашанға дейін сақтайтыны туралы міндеттеме алмайды. Нарықта осындай ірі компаниялардың бірінің маркетинг бөлімінің қызметкерінің мәліметінше, оларға ондай міндет жүктелмеген.

Екіншіден, спикердің мәліметінше, мемлекет тарапынан нақты қандай қауіпсіздік сертификатын пайдалану керектігі де айтылмаған. Бар болғаны, әр компания өздерінше қауіпсіздік сертификатын жасауы керек немесе сатып алуы тиіс. Яғни, ортақ бірыңғай сертификат жоқ.

Бақылау-кассалық аппарат алмағандарға қандай жаза беріледі?

Жаңа жылдан кейін бақылау-кассалық аппаратын сатып алып, оны мемлекеттік кірістер органдарына тіркемеген кәсіпкерге 7-25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

2020 жылғы бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) - 2 651 теңге.

Сонымен қатар, түбіртек бермеген, бір түбіртекті бірнеше рет берген, түбіртектегі сома қате көрсетілген жағдайға да айыппұл салынбақ. Дегенмен, Мемлекеттік кірістер комитетінде бұл айыппұл түрлерінің нақты сомасы әзірге көрсетілмеген.