Интернеті жоқ ауылдар әлі де көп. Білім беру ресурcтары қашықтан оқуға қаншалықты дайын?
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин Kun.kz бағдарламасында интернет мәселесі мен білім беру ресурстарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы баяндады.
Интернет мәселесін шешу үшін базалық станциялар орнатылады
Цифрлық даму министрлігі бес жылдан бері тұрғындар саны 250-ден астам ауыл-аймақтарға интернет жеткізу жобасымен айналысып келеді. Бағдат Мусиннің сөзінше, көп жерде оптика жоқ. Қазақстанда 6 341 ауылды мекен болса, 4 500-інде әртүрлі интернет бар. Бірақ 2 мыңында оптикалық интернет жоқ. Оның ішінде 250-ден астам тұрғыны бар 1 250 ауыл бар. Осындай елді мекендерге 2020 жылдың соңына дейін оптика тартылмақ.
"Адамдарға сапалы интернет беру үшін республика бойынша 20 мың шақырым оптика тартамыз. Содан кейін оны елді мекен ішінде тарату керек. Интернетті үйге жеткізу үшін одан да екі есе көп қаржы керек. Базалық станциялар орнатылып, 4G моблиьді интернеті беріледі. Қазірдің өзінде 928 ауылдың 60-қа жуығында базалық станция орнатылған", – деді ол.
Ол үлкен ауылдарда, қала шеңберінде интернет мәселесі барын жасырмады. Қала маңындағы ауылдарда интернет болғанымен, сыммен интернет тартылмаған. Көпқабатты үйлерге қарағанда жеке меншік үйлерге интернет тартуға көп қаржы кетеді. Сондықтан ол жерлерде радиоинтернет қолданылады. Министрлік радиоинтернет сапасын жоғарылату үшін базалық станцияларды көбірек орнатып жатқанымен, кейбір азаматтар бұған қарсы.
Оқи отырыңыз: Кезекші сынып, мұғалім жалақысы, мектеп жауапкершілігі. Пандемия жағдайында оқушылар қалай білім алады?"Үйдің айналасынан базалық станцияны шығарып тастау туралы өтініштер келіп түседі. Радиофобия деген мәселе бар. Қорықпау керек. Үйдің шатырында тұрған базалық станция пәтердегі адамға еш әсер етпейді. Зияны жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай. Бұл технология барлық елде қолданылады. Базалық станция жаныңызда болмаса мобильді телефоныңызбен интернетк қосылғанда көбінесе радио шығады. Радиотолқынның зияны көбірек. Одан да радиостанция жаныңызда болғаны жақсы", – деді Бағдат Мусин.
Білім беру платформаларына жаңа функциялар қосылды
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бюджет есебінен мемлекеттік бірыңғай білім беру платформасын жасаудың қажеті жоқ деген пікірде. Бәсеке орта құру арқылы 8-9 платформа дайын болған. Әр мектеп өзіне ыңғайлы ресурсты пайдалана алады.
"Бәсеке болса, бірнеше платформа дамып отырады. Білім беру ресурстары төртінші тоқсанда болмаған жаңа функцияларды қосып жатыр. Біз оларға әртүрлі талаптар қойдық. Сервері басқа елде болғандар Қазақстанға көшірді. Стриминг мәселесі, мұғалім өзі дайындаған сабақтарды енгізу, бағалау бойынша функциялар енгізіліп жатыр. Мұғалім оқушының сабаққа қанша минут бөлгенін, сабақ біткеннен кейінгі сұрақтарға қалай жауап бергенін көріп отырады", – деді министр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин төртінші тоқсанда 380 интернет ресурсқа байланыс операторлары арқылы тегін қосылу мүмкін болса, енді Білім және ғылым министрлігінің тізіміндегі 600 білім беру ресурстарына интернет трафик кетпейтінін атап өтті.
Қазақстанда ZOOM секілді өзіне видеостриминг қосқан білім беру платформалар пайда болды. Мысалы, мұғалім Bilim Land ресурсының ішінде ZOOM, Skype секілді видеоконференцияларсыз онлайн форматта сабақ өте алады.
Оқи отырыңыз: Мыңға жуық ауылда интернет жоқ. Шалғай елді мекендер қашан цифрланады?
"Пандемия әлем деңгейінде ашық ресурстар платформаларының пайда болуына ықпал етті. Жергілікті интернет конференциясы құрылды. Мемлекеттік мектептерге негізгі алаң ретінде пайдалануды ұсындық. Мұғалім ZOOM-ды қолданса, кейбір оқушы интернет трафигі болмай оған қосыла алмауы мүмкін. ZOOM-ға трафик көп кетеді. Қолданушының қалтасынан шығатын ақша. Сервері Америкада орналасқандықтан оған тегін қосылуға мүмкіндік жасай алмаймыз", – деді Бағдат Мусин.
Министрліктің ұсынысы бойынша ұялы байланыс операторлары 990 теңгеге арнайы білім тарифін енгізген.
"Бұрын SIM-картаны сатып алып, үш мың теңге төлеп интернетке қосылса. Қазір арнайы білім беру процесі үшін SIM-картаны 990 теңгеге сатып алып, оны планшетке немесе модемге салып, барлық білім беру ресурсын тегін пайдалануға болады", – деді ол.