"Ингавирин" қатерлі ісік тудыратын тыйым салынған дәрі ме?
Factcheck тілшісі Таңшолпан Төлеген "Ингавирин" препараты лейкоз тудырады деген ақпараттың анық-қанығын анықтады.
Коронавирус пандемиясы аясында мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде танымал вирусқа қарсы "Ингавирин" препараты лейкоз (қан қатерлі ісігі – ред.) тудырады деген видеоролик белсенді түрде тарап жатыр.
Ролик авторлары бұл дәрі-дәрмек құрамында сауда атауы "Витаглутам" деген, "имидазолилетанамид пентандио қышқылы" деп аталатын белсенді зат бар екенін айтады. Дәл осы белсенді зат Ресей онкологиясында қан қатерлі ісігін емдеу үшін қолданылып, 2014 жылы өндірісіне "тыйым салынған" "Дикарбамин" препаратында бар, өйткені ол, керісінше, лейкоциттердің шамадан тыс өсуіне әсер етеді екен-мыс.
"Ингавирин" ішу арқылы адамдар қан қатерлі ісігінің пайда болуын қоздырады деп болжанып отыр, өйткені препарат құрамы "Дикарбаминмен" бірдей. Тексерейік.
Үкім: Фейк
"Дикарбаминге" "тыйым салынбаған", оны өндірістен өндірушілердің өзі тоқтатқан. Сонымен қатар, “Ингавирин” тиімдігін дәлелдейтін толыққанды клиникалық зерттеулер жоқ, ал бар зерттеулер өндірушінің қатысуымен жүргізілген. Ғылыми қауымдастық бұл препараттың организмге мүлдем әсер етпейтініне сенуге бейім (олай болса, қатерлі ісік ауруын да тудырмайды).
"Ингавирин" мен "Дикарбаминнің" бірдей дәрі екені рас па?
Роликте "Дикарбаминнің" шығарылуы тоқтатылды, себебі ол пациенттерде қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал етті, оны емдемеді делінген. Ресми құжаттарға қарасақ, онда препарат өндірушінің 2014 жылғы 12 мамырдағы мәлімдемесі бойынша расымен Ресей Федерациясының дәрі-дәрмектері тізілімінен шығарылған. Дегенмен Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігі ресми хатында еш жерде қатерлі ісік ауруының пайда болуына байланысты препаратты өндіруді тоқтатқаны туралы айтылмайды. Препаратты өндірушінің өзі тоқтатқан.
Дегенмен бұл "Ингавирин" лейкоздың дамуына ықпал етеді дегенді білдірмейді. Белсенді заттың қатерлі ісікпен байланысы туралы клиникалық зерттеулер жоқ. Сонымен қатар, бұл препараттың шынымен емдік қасиеті бар екенін растайтын сенімді клиникалық зерттеулер де жоқ.
Бұл препараттың белсенді затын ресейлік пульмонолог Александр Чучалин жасайды және ол 2008 жылға дейін онкологиямен ауыратын науқастарда қан түзуші стимулятор ретінде "Дикарбамин" сауда маркасымен сатылды. Бірақ 2009 жылы елде шошқа тұмауы белсенді таралып жатқан кезеде Чучалин өзі жасаған, бастапқыда қатерлі ісік ауруын емдеуге арналған дәрі тұмау вирусымен күресуге қабілетті екенін анықтады. Бұл туралы ол Огонёк журналына берген сұқбатында айтты.
Осыған байланысты Ресей Медицина ғылымдары академиясының Формуляр комитеті төрағасының орынбасары Павел Воробьев “Ингавирин” толассыз жарнама арқасында ғана нарықта жетістікке жеткен қуыс-дәрі екенін алға тартты. Оның әріптесі, Ресей медициналық ғылымдар академиясының Формуляр комитет мүшесі Василия Власованың айтуынша, “Ингавириннің” тиімді екені туралы ешқандай дәлел жоқ.
Видео қайдан пайда болды?
Видео қазан айының ортасында интернетте тарала бастады. Содан кейін осындай видео мессенджерлерде тарады, ал күмәнді аноним сайттар ресейліктерде лейкоз ауруын тудыратын қауіпті препарат деп әйгіледі. Бірақ бір нюанс бар. Басында бұл видеоролик автор ретінде "Балалар мен қарттардың денсаулығын қорғау қоры" көрсетіледі. Бірақ осы қордың ресми сайты, әлеуметтік желілердегі парақшасы, тіркеуі немесе басқа да ресми ақпараты жоқ. Онда бар жалғыз нәрсе, ол – 2 мыңнан астам жазылушысы бар YouTube-каналы, бірақ бірде-бір видео жоқ.
Бір қызығы, дәл сол платформада осыған ұқсаса канал бар, бірақ ол "Балаларды және қарттарды қорғау қоры" деп аталады. Сонда онкологиялық ауруды тудыратын-мыс дәрі-дәрмектер туралы барлық "әйгіленген" бейнематериал салынған. Олардың каналдың безендірілуі бірдей, бірақ аттары әртүрлі екені таңғалдырады.
Ресей Федерациясы Федералды салық қызметі сайтында бұл қор туралы ақпараттың болмауы да күмән тудырады. Сонымен қатар, интернетте таралған видероликтің әртүрлі вариациясын таба аласыз, бірақ олардың барлығының екі бірдей ерекшелігі бар: видео "Балалар мен қарттардың денсаулығын қорғау қоры қолдайды" деп басталады және кадр сыртындағы дауыс. Тек видео реттілігі ерекшеленеді, бірақ ондай жағдай өте сирек. Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады: бұл видео бірінші кезекте ресейлік бұқаралық ақпарат кеңістігінде, негізінен күмәнді жалған жаңалықтар сайттарында белсенді таралып, содан кейін Қазақстанға жеткен кезекті тастау керек нәрсе.