Global Silk Road. ХХІ ғасырдың Жібек жолында Астананың рөлі қандай?
Астана күні қарсаңында елордамызда халықаралық Global Silk Road форумы өтті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, халықаралық іс-шараға әлемнің 60 елінен 3000 қатысушы және Жібек жолы елдеріндегі 73 қала басшысы арнайы шақырылған. Негізгі мақсат – "Бір белдеу – бір жол" жобасын талқылау.
Қытай үкіметінің инфрақұрылымдық инвестициясын қолдану механизмдерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған Global Silk Road форумында сарапшылар бірқатар маңызды мәселеге тоқталды
Айта кетсек, блокчейн технологиясы, "ақылды" қалаларды дамыту, ХХІ ғасырдың цифрлық Жібек жолы, "Бір белдеу – бір жол" жобасына ғылыми-сараптамалық қолдау жасау, транспорттық-логистикалық хаб құру мәселелері қаралды. Одан басқа, шараның басты бөлігі Жібек жолы транзиті бойында орналасқан қалалар әкімдерінің біріккен отырысына арналды.
Global Silk Road форумын ұйымдастыруды кім ұсынды?
Сарапшылардың басым бөлігі геоэкономикалық жобаны жүзеге асыру мәселелерін Астанада талқылауды қытайдың өздері ұсынғанын айтады. Олардың ойынша, мұндай форумның тек Астана имиджі үшін болмаса, басқа ешқандай тиімді жағы жоқ.
Расында Қытай үкіметі үшін "Бір белдеу – бір жол" жобасына қатысатын аймақтағы 68 елдің Қытайдан тыс территорияда жиналуы өте тиімді. Қытай үкіметінің нұсқаушы болғанына күмән жоқ. Бірақ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұл жобаны өткізуге 2017 жылы ынта білдірген еді.
Елбасы былтыр Қытайдың астанасы Бейжіңде мамыр айында өткен "Бір белдеу – бір жол" халықаралық форумына арнайы шақырылды. Осыдан 5 жыл бұрын Астанаға сапары кезінде Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзиньпин (Xi Jinping) "Бір белдеу – бір жол" стратегиясын әлемге ресми түрде таныстырған болатын. Сол себепті де, бұл жобаның даму барысын Астанада талқылау ол үшін маңызды.
"Астана – "Бір белдеу – бір жол" орталығы"
Global Silk Road халықаралық форумының қатысушысы, канадалық Media Guru PR агенттігінің атқарушы директоры Гарри Нанда (Harry Nanda) Informburo.kz тілшісіне Астана қаласы "Бір белдеу – бір жол" стратегиялық жобасының орталығы болуға лайық деді. Оның ойынша, Қазақстан астанасы – әлемдегі ең жас елорда ретінде таныла алады.
– Әлемде Астанадан жас ел орталығы жоқ. Небәрі 20 жылда қаланың қалай өзгергеніне қарап-ақ Астананың әлемдегі ең жас әрі заманауи қала ретінде әлемге таныла алатындығы жайлы сенімді айта аламын, – дейді Гарри Нанда.
Қыруар қаржы жұмсалатын жобалар қағаз жүзінде қалмауы керек
Канадалық PR маманның айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік бағдарламалардың қағаз жүзінде қалып қоюы жиі.
– Мысалы, Алматы қаласы әкімдігі өткен жылғы PR бағдарламасы аясында "Алматы – мың бояулы қала" жобаны қолға алды. Бір жылдан кейін ол туралы ұмытып кеттік. Себебі ол қағаз жүзінде қалып қойды. Ары қарай дамыған жоқ. Ал Астананың ел орталығы ғана емес, аймақтық сауда хабының ажырамас бөлігіне айналуы үшін қала басшылығына үнемі брендингпен айналысу керек болады, – дейді Гарри Нанда.
"Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлі қорының бас директоры Санжар Кеттебеков те Қазақстанда мемлекеттік секторге қатысы бар барлық мекемелердің қағазбастылықтан зардап шегіп жатқанын айтады.
– Бұл қор аясында құрылған Almaty Tech Garden орталығы ел үкіметі тарапынан қаржыландырылатындықтан, бөлінген капитал туралы есеп беріп отырамыз. Бұл стандартты жағдай. Бірақ 8 мың беттік жылдық есеппен біршама мамандарым бірнеше ай отырады. Уақыттың көбі тек сол есепті дайындауға кетеді. Оны оңтайландыру әзірге мүмкін болмай тұр, – дейді Санжар Кеттебеков Informburo.kz тілшісіне.
Санжар Кеттебеков – Болашақ бағдарламасы бойынша шетелде білім алған қазақ жастарының бірі. Ол АҚШ-тағы Пенсильвания мемлекеттік университетінде "Адам факторы мен жасанды интеллект" саласы бойынша бакалавр деңгейін алған. Кейіннен Массачусетс технология институтында Гарвард медицина мектебімен бірігіп, ғылыми-практикалық жобалармен айналысады. Сонан соң, ол Силиконды алқапқа көшіп, Segment Interactive және Receptive сынды онлайн коммерция және ақпараттық технологиялардың көмегімен медиа саласын табысты секторға айналдыруға бағытталған стартаптардың негізін қалайды.
Әлемдегі ең үлкен IT алқапта 20 жыл еңбек еткен қазақтың мақсаты – Іле Алатауының баурайында қазақтың "Силиконды алқабын" құру. Қазақ жастарының инновацияға құштарлығы бұны елге қайтуға итермеледі. Тек бюрократиялық мәселелерді шешуді барынша тезірек қолға алу керек.
Astana Hub
"Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жанында құрылған Astana Hub халықаралық IT орталығы адам өмірін жеңілдетуге бағытталған стартапттарға қолдау білдіру мақсатында құрылған. Бүгінге дейін "Startup Kazakhstan" аясында 113 жоба таңдалған. IT акселерациядан өткен барлық жобалар Astana Hub орталығына табысты компанияға айналғанға дейін бірдей мүмкіндіктермен дамытуға жіберілмек.
– Стартап жобаларының авторлары бірден өндірістік секторға барып, алып компанияларымен бәсекеге түсе алмайды. Сондықтан оның белгілі бір деңгейге дейін дамуына қолдау білдіру керек. Осы мақсатта Astana Hub құрылды, – дейді Санжар Кеттебеков.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда IT стартаптарға қолдау білдіретін 4 зертхана жұмыс істейді. Белгілі бір экономикалық сектордағы мәселенің шешімін ұсыну үшін жобалар осы зертхана сұрыптауынан өтеді.
Зерттеу және даму (R&D)
Экономикасы өркендеген елдерде ғылыми-технологиялық дамуға бағытталған зерттеу жұмыстарына жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 5-7 пайызына дейін жұмсалады. Атап айтқанда Оңтүстік Корея, Жапония, Швеция, Дания, Финляндия және Германия зертханалық зерттеулерге тіпті көп қаржы бөледі. Ал дамушы елдердің басым бөлігі жылдық табысының бір пайыздан аз бөлігін ғана бағыттайды.
Қазақстан 2013 жылға дейін зерттеу жұмыстарына ЖІӨ-нің 0,17 пайызын ғана жұмсаған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 2 пайызға жақындаған. Соңғы жылдағы күрт өсу мұнай дағдарысынан кейін ел экономикасын көпсалалық дамуға бағыттау мәселесі қарала басталғанымен байланысты.
Расында, тек мұнайдан түскен табыспен көп жылдық стратегиялық даму жоспарын құру тиімсіз екені белгілі. Сарапшылар қазақ үкіметі мұны шамалы кешірек түсінгенін айтады.
– Қазақстан "зерттеу және дамуға" дамыған елдер мен кейбір дамушы елдерге қарағанда аз көлемде қаржы бөледі. Бірақ қаржыны бірден көтеріп, оны босқа шашу да дұрыс емес. Сондықтан елдің мүмкіндігіне қарай қаржының бөлінуі ең тиімді жол деп білемін. Қазақстан осы үдеріспен бөлінетін қаржының көлемін арттырып келеді, – дейді Санжар Кеттебеков.
Жібек жолы – халықаралық абырой
Қытай үкіметі "Бір белдеу – бір жол" жобасына 4-8 триллион АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсайтыны туралы 2013 жылы мәлімдеген болатын. Бірақ кейбір қаржы мамандарының есептеуінше, 68 елді қамтитын жобаны жүзеге асыруға $22 триллионға жуық капитал керек.
UNESCO ұйымының Қазақстандағы өкілі Криста Пиккат (Krista Pikkat) Informburo.kz тілшісіне өткен ғасырдағы Маршалл жоспарынан кейінгі ең үлкен инвестициялық жобаға қатысу кез келген ел үшін тиімді екенін айтады.
– Бүгінгі әлем халқының 50 пайызы қалаларда тұрады. Бұл көрсеткіш 2050 жылға дейін 70 пайызға жетеді. Сондықтан ел үкіметінің қалалардың дамуына барынша қолдау білдіргені жөн. Қазақстанда республикалық маңызы бар қалалардың саны артып жатқанын ескерсек, бұл мәселе бойынша ел үкіметі дұрыс бағытта келе жатыр. Жақында Қазақстанның оңтүстігінде мегаполис пайда болды. Тағы біреуі батыста қалыптасатыны белгілі, – дейді Криста Пиккат.
Арнайы зерттеу жүргізген UNESCO маманы ХХІ ғасырдағы Жібек жолында орналасқан қалалардың урбандалуы әлдеқайда жылдам жүретінін айтады. Себебі сауда транзиті өтетін ел ордасы аймақтың қаржы орталығына айналуға жақын.
Блокчейн технологиясының мүмкіндіктері
Форум барысында Астана қаласы әкімдігі мен FinTech4Good цифрлық экономикалық хабы арасында меморандумға қол қойылды. Астана әкімдігі аталған хабтың көмегімен қаланы дамыту үшін блокчейн технологиясын пайдаланудың тиімді жолдарын іздейтін болады.
Блокчейн технологиясына "Астана" Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) да назары түсіп отыр. Мысалы, АХҚО жанында құрылған Astana Hub стартаптар орталығында блокчейн технологиясын пайдаланатын қаржы технологиялық (FinTech) компаниялардың реті көп. Солардың бірі – BITEEU.
Стартаптың негізін салушы Қайрат Амантаев Informburo.kz тілшісіне берген сұқбатында BITEEU платформасын Астанаға негіздеу ниеті барын айтты. Стартап атауы BITcoin Eurasian Economic Union тіркесінен қысқартырылып алынған екен.
– BITEEU платформасын қолданушысы ретінде Еуразия таңдалып алынды. Себебі бұл аймақта келесі онжылдықта айтарлықтай экономикалық серпін көрсететін елдер орналасқан. Әлемнің алып қаржы институттары мен халықаралық қорлар да Еуразияда шоғырланып жатыр, – дейді Қайрат Амантаев.
Оның айтуынша, Астана Еуразияның жаңа қаржы орталығына айналғалы жатыр. Сол үшін де блокчейн технологиясын осы қалада дамыту керек. Себебі Астана жақын болашақта инвесторлар үшін тиімді аймаққа айналады.
АХҚО биржасының басқарма төрағасы Тимоти Беннет (Timothy Bennett) блокчейн технологиясының болашағынан зор үміт күтетінін айтады. Сол себепті, АХҚО басшылығы уақыт жоғалтпай, бүгінгі қаржы жүйесінің баламалы түрі болған блокчейнді дамыта беру керек.
– Менің ойымша, алдағы 10 жылдың көлемінде блокчейнге сұраныс күрт өседі. Тіпті кейінгі 3 жылды алып, блокчейн платформаларын дамыта беру қажет, – дейді Тимоти Беннет.
Софиямен танысу
Халықаралық форумға қатысушылар Сауд Арабиясынан шақыртылған Софиямен кездесті. Айта кетсек, София – Сауд Арабиясының азаматтығын алған әлемдегі тұңғыш робот.
Осыған дейін, София жасанды интеллект бойынша халықаралық саммитке спикер ретінде қатысқан. Америкалық робот құрастырушы Дэвид Хэнсон (David Hanson) өз жұбайы мен танымал жұлдыз Одри Хепберннің (Audrey Hepburn) сыртқы келбетінен ортақ үйлесімді жерін алып, Софияның бейнесін жасаған екен. Гонконгтағы Hanson Robotics компаниясы құрастырған.
Әйел кейпіндегі робот Сауд Арабиясының азаматтығын алғаннан кейін танымал боп кетті. Ол аз уақытта бірқатар медиа компанияларға сұқбат беріп, әртүрлі ток-шоуларға қатысып үлгерген. Айта кетсек, Софияны құрастырушылар да Global Silk Road форумына келді.
– Мені Астана туралы бірнәрсе айту үшін қайта бағдарламалады. Астананың аз уақытта осындай деңгейде дамығанына таң қалдым. Қала көшелерінде серуендеп жүріп, оның сәулетіне тәнті болдым. Нұрсұлтан Назарбаев – қаланың ең басты сәулетшісі, – деді София.
Қала басшылары форум барысында өз ұсыныстары мен жаңартуларын айтып, жұмыла еңбек етуге ниетті екендерін білдірді. Сондай-ақ, өзара меморандумдарға қол қойылып, қала әкімдерінің клубы құрылды.
Мұның бәрі әзірге қағаз жүзінде. Ал оның шынайы нәтижесін уақыт көрсетеді.