Гиперинфляция: Қазақстан Венесуэланың тауқыметін тарта ма?
Ел валютасын құтқару мүмкін емес
Өткен жылдың екінші жартысында, Халықаралық валюта қорының (IMF) экономистері жыл соңына қарай Венесуэладағы инфляцияның 1 000 000 пайызға жететінін болжаған болатын. Ал, жыл соңында аталған елдегі тұтыну тауарларының бағасы 1 350 000 пайызға құнсызданғаны белгілі болды. Бұл жыл басында екі адамға бір күнге жететін нанның бағасы 150 боливар тұрса, қазір оның бағасы 2 025 000 боливар дегенмен тең.
Қарапайым венесуэлалықтардың қолында ақша көп, бірақ оның құны жоқ. Валюта банкноттарының артында нөлі көп нұсқаларын шығарып, ең төменгі жалақы көрсеткішін 30 есе өсіргенімен, инфляция тоқтар емес. Венесуэла Ұлттық банкінің шешімімен, 2018 жылдың тамыз айында бір түнде боливар 500 000 пайызға құлдырап, венесуэлалықтардың қолындаға 50 боливар 5000 есеге құнсызданды. Венесуэлалықтар үшін бұл дағдарыс 2010 жылы басталған.
Сарапшылар Венесуэлаға саяси дағдарыстың XXI ғасырдың басында келгенін айтады
Венесуэла өткен ғасырдың екінші жартысында Латын Америкасындағы ең бай елдердің қатарында болды. Бұл елдің 140 жылдық мұнай өндіру тарихы бар. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (The Organization of the Petroleum Exporting Countries, OPEC) құрылғаннан бері одан түскен табыс халық игілігіне жұмсалуы тиіс деп табылып, мұнай компаниялары үкімет басқаруына өтті.
Десе де, Венесуэла үкіметі ұлттық табысты жалпыұлттық дамуға жұмсайтын демократиялық күшті қалыптастыра алмады. Расында, қалыптастырғысы келмеген. The New York Times басылымындағы “In Venezuela, Goog Times are Coming” деген 1983 жылы басылған мақалада Венесуэла атқарушы билігінің соңғы жарты ғасырда мұнайдан түскен табысты еншілеп, ел экономикасын диверсификациялауға еш назар аудармағаны жайлы жазылды.
Америка басылымының тілшісі Венесуэла шотланд вискиін импорттайтын елдердің тізімінде көш бастағанын және Майамиде отбасымен демалатын венесуэлалық шенеуніктердің көбейгені жайлы жазады. Сараптама фиестаның (испан тілінен аударғанда "fiesta" тойлау деген ұғымды береді) аяқталып, экономикалық дағдарыстың басталғанына меңзейді.
Венесуэла XX ғасырда мұнай өндірісін дамытып, одан ең көп табыс тапқан елдердің қатарында болды. OPEC өз жұмысын бастағаннан кейін, Petroleos de Venezuela S.A. (PDVSA) ұлттық компаниясы құрылып, сол жылы мұнай өндірудегі рекордтық көрсетішке (тәулігіне 2,3 миллион баррель) жетеді. Сонымен қатар, 1980-жылдары PDVSA АҚШ, Германия, Швеция және Бельгия елдерінде мұнай өңдейтін зауыттары мұнайдың синтезделген өнімдерін шетел нарығында тікелей сатумен айналысуды бастайды.
Мұнай мен табиғи газдан түскен миллиардтаған табысқа қарамай, Венесуэла үкіметінің 1983 жылы голланд ауруына шалдыққаны белгілі болды. Сол жылдың ақпан айында Венесуэланың ұлттық валютасы 78 пайызға құлдырап, қарапайым халық ереуілге шықты. Себебі венесуэлалықтар тұтынатын тауардың 60 пайызы шетелден импортталатын. Сәйкесінше, девальвациядан кейін олардың бағасы бірден қымбаттап, халықтың табысы да азая түскен еді.
Венесуэла Экуадордың экономикалық саясатын қайталауға жақын
1983 жылы Экуадор билігі интервенцияға қаржы жұмсаудан бас тартып, ұлттық валютасының бағамын еркін айналымға жібереді. Экуадор сукресі 2000 жылдың басына дейін 100 000 пайызға құлдырап, 1 АҚШ доллары 25 000 сукреге тең болады. Ал, сол жылдың 9 қаңтарында Экуадор билігі сыртқы қарызынан ($103 миллиард – 2000 жылы) құтыла алмайтынын айтып, үкіметтің дефолтқа ұшырағанын жариялайды. Ал, ұлттық валюта айналымнан алынып, орнына АҚШ доллары ресми қолданысқа енеді. Бұл – долларландыру процесінің жүзеге асырылғанын дәйектейтін тарихи дерек.
Қазіргі Венесуэланың экономикалық көрсеткіші де дәл осы бағытпен келеді. Өткен жылы Венесуэла боливары 1 000 000 пайызға құлдыраса, IMF экономистері осы жылы бұл көрсеткіштің 10 000 000 пайызға жететінін болжап отыр.
Венесуэла экономикасындағы гиперинфляция 2016 жылдың қараша айында басталды. Оған дейін, мұнай құнсыздануы мен сырттан келетін инвестиция көлемінінің азаюына қарамастан, валюта құны жасанды жолмен тұрақтандырылып келген. Ал, 2016 жылдың ақпанында Венесуэланың бұрынғы қаржы министрі Уго Чавес билігі кезінде боливар интервенциясы үшін $300 миллиард жұмсалғанын жария етті.
Биліктің интервенцияға жұмсайтын қаржы тапшылығы девальвацияның қарқын алуына себепші болды. Мысалы, осыдан үш жыл бұрын 1 АҚШ доллары 10 венесуэлалық боливарға тең болса, 2018 жылдың басында 25 000 боливарға дейін құлдырады. Ал, сол жылдың тамыз айында боливардың АҚШ долларын сатып алуға бекітілген құны 249 000-ға жетті. Шынайы нарықта америкалық валютаның бағамы 4 010 000 боливарға тең болатын.
Франциско Торо есімді The Washington Post басылымының колумнисі Венесуэладағы дағдарыстың социалистік бағыттағы сәтсіз жүргізілген саясаттан, оның автократиялық билікке ұласуынан болғанын жазады.
Франциско Тороның ойынша, Оңтүстік Америкадағы елдердің дағдарыстан шыға алмауына социализм емес, билік басына келгендердің авторитарлық тәртіпті орнатуға тырысуы негіз болып отыр. Кез келген саяси идеология дұрыс құрылмаса, осындай нәтиже көрсетуі бек мүмкін.
Қазақстанның Венесуэлаға ұқсас жері қандай?
Қазақстан мен Венесуэланың бірнеше ұқсастығы бар. Екі ел де табиғи байлықтарға өте бай. Қазақстанда Менделеев кестесіндегі берлық элемент кездессе, Венесуэла боксит, көмір, алтын, темір, металл рудасы, мұнай және табиғи газ өндіру бойынша әлемдегі алдыңғы елдердің қатарында.
Соңғы екі жылда Венесуэла билігі инфляцияны бақылауда ұстай алмай, өндіретін мұнай көлемі азайып кетті. Айта кетсек, Венесуэлада 2016 жылы тәулігіне 2,4 миллион баррель мұнай өндірген болса, қазір бұл көрсеткіш 1,5 миллион баррельге дейін төмендеді.
2015 жылдан бастап Қазақстан OPEC елдерінің ұсынысы бойынша мұнай өндірісін бір деңгейде ұстап тұруға келісімін берді. Бірақ, соңғы екі жылда Қазақ үкіметі бұл көрсеткішті өсіріп келеді. Бұған мұнай бағасының төмендеп, оның сатылымынан ел бюджетіне түсетін қаржының азаюы себеп болып отыр.
Венесуэланың ұлттық қорындағы қаржы соңғы 10 жылда 30 миллиардтан нөлге дейін төмендеген. Қазақстан Ұлттық қорында 2015 жылдың тамыз айындағы есеп бойынша $79 миллиард болған. Теңге күрт құнсызданғаннан кейін небәрі жарты жылда (2016 жылдың қаңтар айына дейін) Қазақстан үкіметі қордан $13 миллиард қаржыны жұмсап үлгереді. Қазіргі таңда ұлттық қорда нақты қанша қаржының қалғаны белгісіз. Бірақ 2021 жылға дейін ұлттық қордан республикалық бюджетке 6,75 триллион теңге бөлу жоспарланған. Бұл осыған дейінгі трансфертке қарағанда 7 пайызға көп.
Қазақстан мен Венесуэла да экстрактивті институттар құруды таңдаған империалистік үкіметтің құрамында болған. Сарапшылардың айтуынша, осы фактор екі елдің үдемелі түрде дамуына кедергі келтіріп отыр.
Қай бағытта дамуды ел билігі өзі таңдайды
Венесуэла мемлекет ретінде 5 рет қайта құрылған. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң венесуэлалық саясаткерлер Испан империясы құрылымынан толығымен арылу үшін халықтың билікке араласуына мүмкіндік жасаған. Нәтижесінде либералдар мен консерваторлар халықпен санасып, федеративті басқару жүйесі енгізіледі. Билікке кейіннен келгендер басқарудың унитарлы формасына ауысты. Венесуэлада унитарлы билік авторитарлық формаға ауысып үлгерді. Болашақта тоталитарлық билікке ауысу қаупі бар.
Қазақстан үкіметі де КСРО құрамында автократиялық биліктің бір бөлігі ретінде дамыды. Алып социалистік держава ыдырағаннан кейін, Қазақстан унитарлы басқару құрылымын сақтап қалды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бір президенттің басқаруында болғандықтан, Батыс Еуропа елдерінде автократиялық биліктің формасына жатқызылады. Пост-кеңестік елдердің барлығы дерлік осы бағытты таңдаған.
Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсон есімді америкалық экономист-ғалымдар "Неге кейбір елдер бай, ал өзгелері кедей" ("Why Nations Fail") атты кітабында экстрактивті институттардың іргесіне сүйенген елдердің экономикасының ілгерілемейтінін жазады.
Ғалымдардың теориясына сүйенсек, ел экономикасы оның табиғи байлығына емес, саяси және экономикалық институттарына байланысты дамиды. Кітап авторлары институттарды екі түрге бөледі: Экстрактивті және инклюзивті.
Экстрактивтіге билікті мұраға қалдыру немесе қоғамдағы азаматтарды кастаға бөлу сынды институттар жатады. Аджемоглу мен Робинсон экстрактивті институттары бар ел билігі ұзақ мерзімді экономикалық өсімге қол жеткізе алмайтынын (қысқа уақыттағы өсім болуы мүмкін) жазады. Экстрактивті институттар биліктегі элитаның өз мүддесі үшін халықты пайдалануға көмектеседі.
Инклюзивті институттар қарапайым халықтың билікке араласуына мүмкіндік жасатып, ел үшін маңызды шешімдердің объективті түрде қабылдануына негіз болады. Бұған әділ сот шешімі және әр азаматтың таңдау құқығы сынды қоғамдық келісім теориясының оң нәтижесінен құрылатын институттар жатады.
Экстрактивті институттар адамдарды даму ынтасынан айырады. Сонымен қатар, мұндай елдегі билік өзгерістен алыстап, даму тәжірибесіндегі тиімсіз әдістерді қолдануды жалғастыра береді.
Экстрактивтіден инклюзивті институттарға
Экономистер тек инклюзивті немесе экстрактивті институттары бар елдердің өте сирек кездесетінін айтады. Тарихта тәуелсіз мемлекеттердің экстрактивтіден инклюзивті институттарға ауысу мысалдары көп.
Айта кетсек, Британия империясының XVII ғасырда экстрактивтіден инклюзивті институттарға ауысуы өндірістік төңкеріс пен технологиялық ашулардың осы елде өрбуіне себепші болды. Инклюзивті институттан бас тартқан Испан империясы бір ғасырдан кейін құлдырап, бүгінде Еуропадағы дамушы елдерінің қатарына түсіп қалды.
Аджемоглу мен Робинсонның теориясы бойынша, Венесуэла экстрактивті институттарға басымдық берген. Сол себепті де, аталған ел өткен ғасырдың екінші жартысында Латын Америкасындағы табысты мемлекеттерінің қатарында қалып, бүгін экономикалық құрдымға кетіп барады. Экономикасы да мұнай экспортына тікелей тәуелді Қазақстан экстрактивті институттарды таңдаған елдер қатарына жатқызылып отыр. Егер, Қазақ билігі инклюзивті даму институттарын дамытуға баса назар аудармаса, Венесуэланың тауқыметін тартуы бек мүмкін.
Экстрактивті биліктің алғышарттары Еуропадағы дамыған Нидерланды елінде де 1960 жылдары байқалған. Табиғи газдың саудасынан ел валютасы қуатталып, басқа секторлардың дамуы кейінге қалдырылады. Бірақ Нидерланды билігі (голланд) аурудың алдын алып, инклюзивті институттарға дер кезінде ауысып үлгереді.
Голланд ауруына Венесуэла (1980 жылдары) да, Қазақстан (2010 жылдары) да шалдықты. Бірі оны кеш түсініп, экономикасын түбегейлі құлдыратып алса, екіншісі, яғни Қазақстан, салыстырмалы түрде ерте пайымдап, экономиканы диверсификациялауға көшті. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанда инклюзивті институттарға ауысу байқалады. Дегенмен, либералды көзқарастағы азаматтардың билік басында болмауы, заңның кей жағдайларда шынайы күшіне енбеуі мен қазіргі билікті сынаушылардың мүмкіндіктерінің шектелуі әлі де көп. Бұл факторлар инклюзивті институттардың дамуын кешеуілдете бермек.