Ғылымды дамытудағы әріптестік мәселелері талқыланды
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев ЮНИСЕФ ұйымы өкілдігінің басшысы Артур ван Дизенмен кездесті.Жүздесу барысында тараптар ынтымақтастықты одан ары нығайту жолдарын талқылап, бірқатар мәселелерді ортаға салды.
"әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Қарашаңырақ ҚазҰУ білім беру, ғылымды дамытуға ерекше маңыз береді. 2014 жылдан бері университет БҰҰ Тұрақты даму бойынша "Академиялық ықпал" бағдарламасының жаһандық хабы болып табылады. Сонымен қатар білім ордасы көптеген халықаралық академиялық алаңдарда тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға өз үлесін қосуда", – деді Жансейіт Түймебаев.
Оқи отырыңыз:
- ҚазҰУ ғалымдары коронавирусқа қарсы қорғаныс экранын әзірледі
- Ғылымда даңғыл жол бар, ол – ізденіс пен білім жолы
Өз кезегінде Артур ван Дизен ЮНИСЕФ-тің маңызды міндеттері турасында әңгімеледі.
"ЮНИСЕФ үшін маңызды міндеттердің бірі – Қазақстанда және әлемде балаларға қолайлы орта қалыптастыру және білім алуға мүмкіндік тудыру. Осы орайда біздің Сіздердің университеттеріңіздің Ғылыми-технологиялық паркімен бірлесіп іске асырған "UniSat" білім беру жобасының мәні мен маңызы ерекше. 2020 жылы іске қосылған жобаның мақсаты – наноспутниктерді әзірлеу бойынша қыздардың білімі мен құзыреттілігін дамыту. Сондай-ақ жоба командада жұмыс істеу, көпшілік алдында сөйлеу, тайм-менеджмент және креативтілік сияқты дағдыларды жақсартуға ықпал етеді", – деді Артур ван Дизен.
Әлемдік ұйымның өкілі өз сөзінде ҚазҰУ-мен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын жеткізді.
Бір бұл ғана емес. Бүгінде ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінде ЮНИСЕФ-тің қолдауымен халықаралық жоба жүзеге асырылуда. "Әлеуметтік қызметкерлер мен мамандарды диплом алғанға дейінгі және диплом алғаннан кейінгі даярлау мен қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламаларын жетілдіру" атты жоба бойынша әлеуметтік қызметкерлерді дайындау қолға алынып отыр. Бұл жоба ЮНИСЕФ-тің балалар құқықтарын нығайту және сапалы әлеуметтік қызметтер – денсаулық сақтау мен сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету миссиясымен үндес.