Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семейдегі "Абай Арена" стадионына өзінің атын беруге қарсы щықты. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі парақшасында мәлімдеді.

"Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ШҚО белсенділерінің "Абай арена" стадионының атауын өзгерту туралы ұсынысы талқылануда. Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай "құрмет-қошеметке" қарсы. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, стадион қазақтың ұлы ақыны әрі философының атында қалуға тиіс", – деп жазды Айдос Үкібай. 

Айта кетейік, бұған дейін бастамашыл топ Қарағайлы шағын ауданындағы көшенің бірін Назарбаев даңғылы атап, ал "Абай арена" стадионының атауын "Елбасы Арена" деп өзгертуді ұсынған болатын. Семей мәслихатының депутаттары бұл ұсынысты қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қарастыруға бір ауыздан дауыс берген.